Қазіргі заман талабы Қазақстан Республикасын шетелдерге танытуда тек ресми іс-шаралар мен мемлекет басшылары деңгейіндегі қарым-қатынастарды ғана емес, қарапайым қоғам деңгейіндегі ынтымақтастықты, әдеби байланыстарды, білім-ғылым саласын дамытуды талап етеді. Осы тұрғыда Қазақстан мен көрші Қытай мелекеті арасында тығыз байланыстар орнап, олар жоғары оқу орындары деңгейінде де жүзеге асуда.
ҚР Ұлттық кітапханасында қазақ-қытай әдеби байланыстары жайлы «Әдеби достық шуағы» атты халықаралық іс-шара өтті. «Шыңжаң газеті» редакциясы мен «Көршілес» журналының редакциясы, «Бейжің Шанс халықаралық мәдени алмасу» ЖШС, «Шығыс әдебиеті баспасы бірлесіп ұйымдастырған бұл кездесуді ақын, аудармашы Саят Қамшыгер жүргізді. Екі ел арасындағы мәдени байланыстың артуы ел әдебиеті мен тарихи мұраларды зерттеуге үлкен жол екенін сөз арасында Саят Қамшыгер айтты. Айта кету керек бес мың жылдық өркениет тарихы бар деп есептелетін қытай жұртының жазба әдебиет үлгілерінің қазірге дейін табылған ең ертедегі нұсқасы үш мың жылдың алдында жазылған жәдігерлер саналады. Қытайлар өте ерте кезден бастап өзінің төл тарихын жазып қалдырумен бірге өз елінің төрт төңірегіндегі көрші елдердің тарихын да жазып қалдыруды дағдыға айналдырған ел болғанына әлем тарихшылары көз жеткізіп отыр. Жалпы, көне қытай дерегінсіз қытай елінің төңірегіндегі елдердің, жалпы Шығыс Азияның, Оңтүстік шығыс Азияның, Орта азия мен Орталық Азияның көне заман тарихының тұтас сұлбасын елестету қиынға түсер еді.
Шарада алғашқы сөзді алған Алматыдағы Қытай бас консулдығының вице-консулы Люй И мырза іс-шараның маңызына тоқталды. Екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды қолдайтынын, қажет болған жерде демеушілік көрсетуге де дайын екенін жеткізді. Ақын, журналист, этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов қазақ-қытай мәдени байланыстары, атқарылып жатқан әдеби жобалар, танымал қаламгерлердің шығармалары жайлы сөз қозғады. Өз кезегінде сөз алған ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары Маралтай Райымбекұлы да екі елдің арасындағы байланыс тарихи еңбектердің зерттелуіне ашылған жол екеніне тоқталды. Ақын тебірене отырып оқыған өлеңдері де шараның мән-маңызын арттыра түсті.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан келген ғалым, қытайтанушы Қайрат Ғабитханұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті, қытайтану кафедрасының меңгерушісі Ержан Керімбаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жолдыбай Мұзафаров екі халықтың әдеби-мәдени байланыстары жайлы сөйледі. Шараға арнайы келген Жетігенші Тұрсынай Әлібекқызы қазақтың ұлттық әуендерін тамылжыта орындаса, дәстүрлі әнші Мадияр Өмірғалы «Дударай» әнін шырқап, көрші ел өкілдерін таңқалдырды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Таң дәуірі поэзиясын, Либайдың жырларын мәнерлеп оқыды. Іс-шараны «Шығыс әдебиеті» баспасының басшысы Жеңіс Омар қорытындылады. Іс-шара барысында Қытайдың шай рәсімі, қағаз қима өнері, қытай классикалық ертегілерінің суретті кітап көрмесі, Қытай тақырыбына қатысты қазақ тіліндегі кітаптар көрмесі өтті.
Шарада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қытай тілінде білім алып жатқан студенттері Қытайдың Таң дәуірі поэзиясын оқып, өнерін көрсетті.