Қазақ тілін цифрландыруымыз қажет

Қазақ тілін  цифрландыруымыз қажет

Тіл жойылуының деңгейін ғылыми терминде бірнеше санатқа бөледі. Мәселен, сол тілде сөйлейтін бірде-бір адам қалмаған тілді «жойылған тіл», сол тілде тек қартайған адамдар сөйлейтін тілді «өле бастаған тіл», жасы елуден асқан адамдар ғана сол тілде жақсы сөйлесе, оны «қатты қатер төнген тіл», халықтың жас ұрпағы тілді аздап қана біліп, бірақ сол тілде сөйлегісі келмесе, оны «қауіп-қатер төне бастаған тіл», әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қажетсіз саналып, үлкен тілдің қыспағына түскен тілді «қауіп төнген тіл» деп жіктеген. Ұлттық құндылықтың негізгі күретамыры – оның ана тілі. Заман талабына сай тіл де жаһанданудың үрдісіне ілесіп, дамып отыруы керек.

 

Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Қазақ тілі цифрлық кеңістікке шығуы керек» деп, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан да осы мәселені көтерген болатын. «Кез келген тіл ғылым тіліне айналу үшін сол тілде сөйлейтін мәдени қауымдастықтың ғылыми санасы мықты болуы керек. Қазір ғылыми сана ойсырап тұр. Оны қайдан білдік? Қоғамның санасы тұтас болғанымен, бірнеше элементтердің өзара әрекеттестігінен тұрады. Қоғамдық сананың эстетикалық, тарихи, ғылыми, діни, құқықтық, экономикалық сияқты бірнеше элементі бар. Олардың барлығының деңгейін, сапасын тілдегі көріністерінен айқындауға болады. Қазіргі кезде қазақтілді қауымдастықтың ғылыми санасы әлемдік дамыған басқа ұлттардың ғылыми санасынан төмендеп тұрғанын тілдік фактілерден көреміз. Мәселен, қазақ тіліндегі жаратылыстану, техника, инженерия саласында терминдер саны аз. Бар терминдердің қоғамға түсініктілік деңгейі де төмен. Міне, бұл ғылыми сананың әлсіздігінің көрсеткіші», – деді Тіл білімі институты директоры. Қазақ тілінің заманауи тіл, қоғамның қазіргі сұраныстарына жауап беретін тіл болуы үшін оның цифрлық кеңістіктегі қолданыс сапасы жоғары және контенті кең болуы керек. Ол үшін ең алдымен әдеби тілде тіл қататын, ауызша және жазба қазақ тілін түсінетін, соған сәйкес жауап бере алатын ақылды қосымшалар, қазақ­тілді жасанды интеллект қажет. Осыларды жасау үшін ең бірінші қазақ тілінің өзін цифрландыруымыз керек. 

Сондай-ақ өткен аптада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жаңа президенті болып Рауан Кенжеханұлы сайланды. Айта кетейік, Рауан Кенжеханұлының бастамасымен интернеттегі қазақ тіліндегі мазмұнды дамыту және оған қолжетімділікті арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асқан. 2011 жылы оның бастамасымен құрылған WikiBilim қоғамдық қоры «Қазақша Wikipedia» жобасын іске асырды. Екі жылдық жұмыс нәтижесінде «уикипедиядағы» қазақша мақала саны 7 мыңнан 200 мыңға дейін артты. Қазір қазақша «уикипедия» бөлімі айына 14-15 миллион рет қаралады. 2014 жылы  Рауан   Кенжеханұлының   ұйымдастыруымен қазақ тілі Google Translate жүйесіне қосылды. 2017-2021 жылдары Р.Кенжеханұлы басқарған «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы  аясында әлемнің ең үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аударып таратты. Сонымен қатар қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясын БҰҰ-ның 6 тіліне, Абай Құнанбайұлының шығармалар жинағы әлемнің 10 тіліне аударылып, әлемнің 100-ден аса еліне тарады. 500 мың сөз бен сөз тіркесінен тұратын OXFORD QAZAQ Dictionary (Оксфорд қазақ) сөздігі жасалды. Сонымен қатар баспасөздегі қазақ тілінің аясы кеңейе  түспек.  Ақпарат және қоғамдық   даму   министрі    Дархан  Қыдырәлі «Масс-медиа» туралы жаңа заңның жобасында мемлекеттік тілге қандай басымдықтар беру ұсынылып отырғанын айтты.

«Бұған дейін баспасөз тілі 50/50 қағидатымен жұмыс істегенін білесіздер. Біз оны өзгертіп, қазір 70/30 болсын деп жатырмыз. «Масс-медиа» туралы жаңа заң қабылданса, бүкіл ақпарат, жалпы еліміздің бүкіл масс-медиасының тілі 70 пайызы қазақша болады», – деді министр халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс құрылтайында.      

Лингвист-ғалым Д.Кристал әлемдегі 6 мыңнан астам тілдің 600-іне ғана жойылу қаупі төнбейтінін айтады. Сол қауіп төнбейтін тіл өзінің ұлттық тілі болса екен деп талай мемлекет ойланады. Сол ойдың жетегінде тиісті қадамдар жасайды, бағдарламалар қабылдайды, заң шығарады. Біз де сол жолдамыз. Тек шығарған заңдар орындалса...

 

 

 

Жансая САҒЫНБАЙ
14.06.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 144
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 142
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 656
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 776
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 689
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 699

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8838
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8236
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11463
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9220
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10447