ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ОҚУЛЫҚТАРДЫҢ ТҰҢҒЫШ АВТОРЫ

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ОҚУЛЫҚТАРДЫҢ ТҰҢҒЫШ АВТОРЫ

«Адам – сөйлескенше, жылқы кісінескенше» дейді ғой қазақ. Шынында да бұл сөздің мағынасы терең. Кісі мен кісі қанша көзтаныс болғанымен, екеуара сөйлесіп, пікірлесіп, шүйіркелескенше бірін-бірі толық танып, араласып кете алмайтыны белгілі. Алысқа бармай-ақ қояйын, біраз жылдан бері бас изесіп сәлемдесіп жүргенім болмаса, қызмет бабымен көп араласпағандықтан болар, биолог-ғалым Жұмаділ Шілдебаевтың шын мәнінде қандай жан екенін біле бермейтін едім.

Ғылымның қия жолында

Осыдан 5 жыл бұрын педагогика ғылымдарының докторы, профессор  Жұмаділ Шілдебаев 70 жасқа толып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оның мерейтойына байланысты «Орта және жоғары мектептерде биологиялық және экологиялық білім берудің өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен еді. Осы жиында алыс-жақын  шетелдерден және Қазақстанның әр аймағынан келген ғалымдар Жұмаділ  Шілдебаевтың ғылымдағы және ғылыми-педагогикалық жұмыстағы жетістіктерімен қатар, оның адами қасиеттері туралы да жан жадыратар жақсы сөздерін айтып жатты.

– Профессор Ж.Б.Шілдебаев біздің оқу орнымыздың 1972 жылғы түлегі. Тіпті күні бүгінге дейін осы қарашаңырақта студенттерге, магистранттар мен PhD докторанттарға дәріс беріп келеді, – деген еді конференцияны ашардағы сөзінде университтетің сол кездегі ректоры, профессор Серік Пірәлиев. Оның айтуынша, ғалымның ғылымдағы, орта және жоғары білім беру жүйесіндегі еңбегін 3 бағытта қарастыруға болады. Алғашқы бағыты – ғылым академиясының Зоолгия институтындағы  ғылыми-зерттеу еңбектері. Атап айтқанда, зерделі ғалым Қазақстанның табиғатын, экологиясын, жан-жануарлар әлемін қорғау мәселелерімен, ауылшаруашылығы зиянкестеріне қарсы күрес тақырыбына байланысты іргелі экологиялық, биологиялық зерттеулермен түбегейлі айналысып, соның нәтижесінде дүниеге келген «Ауыл шаруашылығының жайылымдары, дәнді дақылдар, көкөніс зиянкестерімен күрес шаралары», «Арамшөптермен күрестің биолгиялық тәсілдері», «Табиғат қорғаудың экологиялық негіздері» және басқа да  мемлекеттік маңызы бар ғылыми еңбектері отандық ауылшаруашылық өндірісін дамытуға, өсімдіктерді залалсыздандыруға елеулі үлес қосты.

Ж.Шілдебаев қызметінің екінші бағыты – педагогикалық-әдістемелік бағыт: ол 1990 жылдардан бастап аталған оқу орнында мектептерге оқулық пен оқу-әдістемелік құралдар жазумен айналысып келеді. Қазақстанның оқу жүйелерінде ана тілінде жазылған жаңа буынды оқулықтар қажет болған сол кезеңде Ж.Шілдебаев биология оқулықтарын жазуға белсене атсалысып, көп еңбек етті. Өзі биология пәнінен 9,10 сынып және экологиядан 9 сынып оқулықтарын жазды. Қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек тілдерінде шыққан бұл оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер күні бүгінге дейін мектеп жүйесінде қолданыста жүр.

Ж.Шілдебаев мектепте оқытылатын биология пәнінің мазмұнын  экологияландыра отырып, оны жоғарғы мектептегі биологиялық және экологиялық білім берумен ұштастыруға қол жеткізді. Нәтижесінде «Экология», «Экология негіздері», «Экология және табиғатты тиімді пайдалану», «Биогеография», «Экологияны оқыту технологиясы», «Экология және тұрақты даму», «Биологияға кіріспе» сияқты оқулықтары жоғары оқу орындарында оқытылуда. Осылайша орта және жоғары мектепте биологиялық және экологиялық білім берудің үздіксіздік теориясы мен әдістемесінің тұжырымдамасын жасады.

Ж.Шілдебаевтың шығармашылық еңбегінің үшінші бағыты – педагогика. Ол кафедра меңгерушісі, факультет деканы ретінде жауапты қызметтер атқара жүріп, университеттте білікті маман дайындау жұмысына белсене атсалысты. Білім жүйесіне кредиттік технологиняның  енгізілуіне байланысты бакалавр, магистр және PhD докторант дайындауда жаңа инновациялық оқыту технологиясын қолдана отырып, тиісті нәтижелерге қол жеткізді. Бұрынғы Кеңес жүйесіне негізделген 3 ғылым докторына ғылыми кеңесші болды, 4 ғылым кандидатына, көптеген PhD докторына, 50-ден астам магистрге диссертация қорғатып шығарды, ҚР БҒМ тағайындаған «Жоғары оқу орынының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының 2 мәрте иегері атанды (2007,2015жж.). Жұмаділ Шілдебаев 1985 жылы Әзірбайжан Ғылым академиясының Зоология институтында «Оңтүстік Шығыс Қазақстанның жартылай қатты қанаттыларының фаунасы мен экологиясы» тақырыбында биология ғылымдарының кандидаты, 2007 жылы « Оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие берудің теориясы мен әдістемесі» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған ғалым. 

 

Жылан хикаясы

70-тің бел ортасына келсе де Жұмекеңнің еңсесі әлі тіп-тік, кәдімгі соғыс көріп әбден шыңдалған Кеңестің генералын көзге елестетеді. Жұмаділ Шілдебаев ағамыз жүрегі жұмсақ, иман жүзді, жаны жайсаң адам болып шықты. Сөйлесе кетсең, сөздің жөнін білетін нағыз шешеннің өзі. Өз өмірінен сыр шерткен Жұмекеңді мен нағыз абыз ақсақалға ұқсаттым. 

– Ой, Мырзеке, менің ғылымға келуімнің өзі үлкен комедиямен басталады, – деген Жұмекең алғаш «Жылан хикаясын» баяндап берді.

– Мен өзі Алматы облысы, Жаркент өңірінің тумасымын. ҚазПИ-ді бітірерде диплом жұмысыма «Қазақстанның жыландары»  деген тақырыпты алып, оны жақсы қорғап шығып едім. Енді аспирантураға түсіп, зерттеуді одан ары әрі жалғастырмақышы ойдамын. Бірде туған ауылым Айдарлыға барып, бір-екі жыл бойы жинаған жыландарымды кафедраға алып келуге аттандым. Бұл жолы зайыбым Әкімгүл де Қаракемерге баратын болып, менімен бірге ілесті. Жыландарды үш литрлік екі банкіде формалинде сақтап қойғам. Оларды қара сумкаға салып, жолға шықтық. Жоспарымыз бойынша алдымен Сарыөзек жолындағы Зылиха қарындасымның үйіне соғатын болдық. Күйеубала Қашеннің үйіне түнделетіп жеттік. Шамамен сағат  22.00. Бәрі жатып қалыпты. Үлкен жастағы құдағи бізді көріп, қуанып жатыр. Амандық-саулық сұрастық. Құдағи кеш болып кеткеніне қарамай, тегешін алып сыртқа шығып еді, біраз уақыт жоқ болып кеткені. Күйеу бала соңынан шығып, барғаны сол еді, ауыз үй у-шу болып кетті. Бәріміз жүгіріп шықтық. Міне қызық, құдағи шалқасынан түсіп, талып жатыр. Сөйтсек, ауыз бөлмедегі біздің банка ішінде оралып жатқан жыландарды көріп, талып қалыпты. Қыран күлкі, біреу су бүркіп апаны тұрғызып жатыр.  Мен сөмкемді алып едім, «ойбай, қарағым, сөмке толы жылан» деп жанайқайы шықты. Бәріміз үйге кіріп, езуімізді жия алмай ұзақ күлдік. Ертесіне қоштасып, Алматыға жолға шықтық. Сөмкедегі жыланның хикаясы тағы басталды. Автобуста адам лық толы, орын болмағандықтан Әкімгүл екеуміз ортада тұрып келеміз. Бірер сағат жүріп, Шеңгелдіге таяп қалған кезіміз. Біздің жанымыздағы орында отырған екі кемпір ауыздары жабылмай, келіндерін жамандап келе жатқан еді. Біреуі екіншісіне қарап : «Қыз-ау, көзімнен жас ағып, мен біртүрлі болып барамын. Құдай өзің кешір, келінімнің қасиеті барын сезуші едім, кешір», – деп бетіне қолын апара жатқаны сол еді, екінші апа да: «Құдай-ай, келіндеріміз жақсы ғой,  Аллаға шүкір, мен де біртүрлі болып барамын», – дегені. Ішім бірдеңені сезе қойды. Формалиннің иісі автобустың ішіне тарай бастапты. «Бұл не? бұл не, шопыр бала?» дегенше автобус тоқтап, біз елмен бірге түсіп қалдық. Алматы қайда, біз қайда, айдалада есімізді әрең жидық. Сөйтсек, жыланға толы екі банка бір-біріне соғылысып, біреуі сынып қалыпты. Формалин исі  содан автобус ішін жайлаған екен. Жыландарды  далаға тастап, жол бойы автобусқа қол көтеріп,  Алматыға жеттік-ау. Жылан хикаясы осымен аяқталды. 

 

Алғашқы қадам

Шетінен ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары, бәрі Кеңес үкіметіне танымал ғалымдар. Бір байқағаны, институт қызметкерлерінің дені орыстар (шамамен 90%), қалғаны басқа ұлттардың азаматтары. Қазақ жастарының ғылымдағы үлесін осыдан-ақ білуге болады.   Ғылыми жетекші ретінде профессор П.И. Мариковский мен Р.Б Асанованы бекітті. Екеуі де энтомолог мамандар. Аспирант болып қуанғанын қайтейік, орыс тілінен қатты қорлық көрді. Сорына қарай, қазақ ғалымдарының бәрі орыс тілді екен. Сонда да  көп нәрсені сол ғалымдардан ақыл-кеңес сұрап, жағалап жүріп, біліп алды.  Ғылыми жетекшілерінің екеуі де энтомологтар, яғни жәндік зерттеушілер. Ғылыми тақырыбы жәндік болатынына көзі жетіп іштей қиналды. Біздің қазақ түсіне ме? «Құрт-құмырсқа теріп, көбелек қуып кетіпті» деген сөз еститіні хақ. Одан да тышқан, жыланмен айналысқаным жақсы болар еді деп өкінеді. Шынында да, Жұмаділдің тақырыбы «Оңтүстік Қазақстанның жартылай қатты қанатты жәндіктердің экологиясы» болып шықты. «Білім инемен құдық қазғандай» деген қағиданың мәнін енді түсінгендей. Не керек, алда бірақ мақсат – ғылым кандидаты дәрежесін алу. Қолына «Омыртқасыздар зоологиясы», «Энтомология», «Насекомые мира», «Пайдалы және зиянкес жәндіктер» деген кітаптарды алып, ғылымды меңгеруге кірісті. 

Жәндіктер әлемін таныған сайын небір ойлар туа бастады. Әрбір 2 млн организм жеке-жеке тіршілік иесі, бір-біріне ұқсамайды. Қандай жұмбақ дүние! Ендігі Жұмаділдің хоббиі – табиғат, қоршаған орта, фауна мен флора әлемі, оның ішінде жәндіктер болды. Осылайша күннен-күнге табиғатқа деген құштарлық оны баурай түсті. Табиғат құпиясын білуге тырысты. Оның бір-ақ жолы – ғылым!  Көктем де келді. Кемінде 2-3 ай бойы экспедицияда болу жоспарланды. Ғылым Академиясы өзінің автобазасы, экспедицияны қамтамасыз ететін жабдықтау базасы, азық-түлік қоймасы, эксперименттік стационарлар және басқа да қажеттіліктері бар үлкен мекеме екен. Экспедициялық отряд құрамында 5 адам бар. Маршруты Оңтүстік Шығыс Қазақстан аймағы: Алматы – Тараз – Шымкент – Түркістан – Қызылорда бағыты. Бұл сапар 1,5 айға созылды. Жол бойы ландшафт, биоценоз өзгерген сайын тоқтап, зерттеу, бақылау жасап, қажетті жәндіктерді жинайды. Ол үшін барлық құрал-жабдық бар. Ұстаған жәндіктерін эфирмен өлтіріп, мақта қабаттарға салады. Жәндіктің даму кезеңдері, сандық және сапалық көрсеткіштері, қорегі, көбею мерзімі, белсенділгі туралы зерттеулер жүргізіледі.  Ұстаған жәндіктердің бәрі жаңа түр сияқты көрінеді. Кешкісін ғылыми жетекшісіне  көрсетсе, «ой, белгілі түр ғой» дейді де отырады. Онша таң қалмайды. Жетекшісі маман емес пе, микроскопсыз-ақ жәндік түрлерін ажыратып, латыншасын бірден атап береді. Зерттеудің 4-5 күндері жұмысы жемісті болды. Кешкісін материалды өңдеп жатыр, жетекшісі біразын қарап отыр еді, аяқ астынан жүгіріп келіп, оны қуанта бастады. Сөйтсе бүгінгі жартылай қатты қанаттылардың ішінен 3-4-і жаңа түр болып шығыпты. Бұл ғылымға әлі белгісіз, жаңа түр болып енетініне сендірді. Ол  қуанып қалды. 

 

«Көбелек қуу» хикаясы

Ақсу-Жабағылы шатқалы гүлге оранған керемет ландшафт. Күн шайдай ашық, мамыр айы. Екі-үш сағат бойы жәндік жинап, әбден шаршағанын сезінді. Иен далада ешкім жоқ, тірі пенде көрінбейді. Қолында жәндік ұстайтын ұзын сапты  мата қапшық. Бұл құралды «сачек» деп атайды. Бір қарағанда көпшілікке таныс емес құрал. Бір кезде алыстан атты кісі көрінді. Біраз әңгіме-дүкен құрып, демалайын деп Жұмаділ қолын бұлғап еді, ол да қолын көтерді. Бейтаныс кісі жүз метрдей жақын қалғанда бұрын ешкім  көрмеген сирек көбелектің шыға келмесі бар ма? Ай-шайға қарамай, соны қуа жөнелді. Сачекпен арлы-берлі сілтеп жүріп көбелекті ұстап алып, жан-жағына қараса, атты кісі көрінбейді. Сәлден соң әлгі бейтаныс кісінің атқа қамшы басып қашып бара жатқанын байқады. Алғашында түсінбей қалды. Содан соң түсініп, қолын бұлғап, айғайлап, қайта шақырды. Ол кісі ана жақтан айғайлап: «Есің дұрыс па сенің? Сарыжаздан емеспісің, аулақ, ары кет» дегені. Бұл да қайта жауап беріп: «Ей, менің есім дұрыс. Мен көбелек қуып жүрмін, бұл менің жұмысым, мен қазақпын, әңгімелесейік, қорықпа» деп барынша түсіндірген болды. Аздап алға жүріп еді, атының басын кері бұрып, зытқалы тұр. Әйтеуір, не керек, алыстан жөн сұрасып, қайта-қайта есі дұрыс екенін ұғындырған болды. Анау болса аттан да түспей әлі үрейленіп тұр. Жақындап келіп, қолыңдағыны таста деген соң, бұл көбелек аулағышын  лақтырып жіберді. Мұның таза қазақша сөйлейтінін көріп, жақындай түсті. 

«Бұл менің жұмысым, жас ғалыммын, көбелек жинаймын», – деп жәндіктердің көрсетіп жатыр Жұмаділ. Бейтаныс кісі енді көңілденіп: «Мен де сені көріп, қуанып, әңгімелесіп, темекі шегіп кетейін деп келе жатыр едім. Бір қарасам, дап-дардай адам көбелек қуып кеткені, бойымды үрей билеп қашқаным сол», – деп біраз күлді. «Мен білмейді екенмін, неге Сарыжаздан келдің бе деп сұрадың?» – десе, ол: Сарыжаз деген Алматы облысындағы белгілі жындыхана ғой, соны да білмейсің бе?» деді. Жұмаділ сонда ғана  түсініп, күліп алды. Есімі Сәрсен екен. Жылқышы, балалары бар, жақын жерде тұрады екен. Сәрсенді лагерге әкеліп, отрядпен таныстырды. Оқиғаны айтып, бәрі бір күліп алды. Сәрсеннің риза болғаны сонша, ертесіне үйіне  қой сойып, қонақ етті. Екеуі мекенжай алмасып, дос болып кетті. Көп жыл қатысып тұрды. Оны кейде «көбелек дос» деп қояды. Ол мұны «есің дұрыс па?» деп қалжыңдайды... 

Бірде ауылға келсе, шешесі біртүрлі болып жүр. Бірнәрсе айта алмай жүргенін сезді де, оны оңашаға шақырды. Анасы егіліп, жылап жіберді.  Сөйтсе, Жұмаділдің бір жолдасы оның шыбын-шіркеймен айналысып жүргенін, содан диссертация қорғайтынын елге жайып жіберіпті. Бір жолы шешесі: «Балам Құдай бұйыртса ғалым болады, Алматыда институтта істейді», – деп мақтаныш сезіммен айтқан ғой. Сол кезде ауылдың бір әйелі: «Балаң ешқандай да институтта мұғалім емес, елдерден естідім, құрт-құмырсқа теріп жүр дейді ғой, Алла сақтасын!» – депті. Бар болғаны осы. Бұл сөз ана жүрегіне қатты тиіп, ішінен баласының келгенін күтіп жүр екен. Анасына бәрін айтып, түсіндірген болды. «Келін екеуің бірге институт бітірдіңдер емес пе, балам? Келіп ең болмаса мектепте мұғалім болсаңшы, елден ұят қой», – деді анасы мұңайып. Шешесіне ауылдың машина мініп жүрген шенеуніктері ең қадірлі адам болып көрінетіні заңды ғой. Кейіннен Жұмаділ атақты ғалым болып елге келген сайын ауылдың шешесі пір тұтатын шенеуніктері, үлкен-кішісіне қарамай, оған  сәлем беріп, Әкімгүл екеуін үйлеріне шақырып, төбелеріне көтеретін болды. Тағы бір келгенінде шешесінің жүзі жарқырап жүр. Сөйтсе совхоздың директоры көшеде тоқтап амандасып, шешесіне «Сіздің балаңыз Жұмаділ біздің ауылдан ғана емес, ауданнан шыққан үлкен ғалым болды. Суреті Жаркент қаласының әкімшілік үйінің алдындағы «Құрмет» тақтасында тұр. Сондай бала тапқан Сізге рахмет, шеше!», – деп қуантып кетіпті... 

 

 «Колорадо» қоңызының әлегі

ХVІІІ ғасырдың орта шенінде Гавая аралдарына бай фермерлер сәндік үшін Опунция кактусын материктен алып келіп, өсірген. Бар-жоғы 10 жылдың ішінде кактус бүкіл Гавая аралдарына қаптап өсіп, тұрғындарды шұрайлы жайылымдарынан айырады. Фермерлер тікенекті кактусты өртейді, шабады, бірақ нәтиже жоқ. Ақырында Кёбеле деген аустриялық энтомолог фермерлермен келісім-шарт жасасып, 10-15 жылдың көлемінде кактусты жоюға міндеттеме алады. Амалсыз көнген фермерлер шарт бойынша келісілген қомақты қаражатты оған береді. Ал сонда энтомолог не істеген? Ол кактус әкелінген жерге барып, 1-2 жыл зерттеу жүргізеді. Байқап қараса, бір жерде кактус өсімдігін түбірімен опырып жеп жатқан көбелекті көріп, зертханаға әкеліп, оның қоректену аясын зерттейді. Көбелектің жаңа түрі опунция ақ көбелегі екенін анықтап, биологиясын, экологиясын әбден зерттеп, оның басқа өсімдікті жемейтнін дәлелдейді, 40 шақты өсімдікпен қоректендіріп, сынап көрген. Тамаша зерттеу, тамаша нәтиже! Алдымен Гавая жеріне эксперимент жасап, көбелек дернәсілін жіберген кезде ғылыми-теориялық болжам практика жүзінде 90 пайыз нәтиже береді. Ғалымның да күткені осы болатын. Енді кактус көбелегін Гавая аралына жаппай жіберуге шешті. Ол үшін арнайы лабораторияда кактус көбелегін миллиондап көбейтіп, аралға жіберді. Нәтижені жыл сайын бақылап, есеп жүргізеді. Ғылымның құдіреті осы болар, бас-аяғы 10-12 жылдың ішінде гаваялықтар кактустан біржола құтылады. Осылайша гаваялықтар энтомолог ғалым мен ғылымның құдіретіне бас иіп, Кёбелеге емес, кактус көбелегінің дернәсіліне (гусеницасына) биіктігі 3 метрлік қоладан бюст қойған екен. Бұл тарихи шындық. 

Картоп пен томаттың, баклажанның зиянкесіне айналған колорадо қоңызы 1970 жылдары Қазақстанға кездейсоқ жолмен келген. Ол ашаршылық жайлаған Еуропаға ХVІІІ ғасырларда Американың Колорадо штатынан картоп тауарымен бірге кеме көлігі арқылы келген. Содан ХVІІІ – ХІХ ғасырда бүкіл Еуропаны жайлаған. Қазақстанда колорадо қоңызының алғашқы популяциясы Қоғалы картоп шаруашылығынан табылған. Міне, қазір бұл қоңыз бүкіл Қазақстанға таралып, одан Қытай жеріне өткені ғылымға белгілі. 

Колорадо қоңызы АҚШ-та кортоп үшін зиянкес болып есептелмейді, тіпті оның аты да аталмайды. Себебі онда қоңыздың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан табиғи реттеушілері, яғни табиғи жаулары көп. Оның көбейюіне олар ешбір мүмкіндік бермейді. Бұл – табиғаттың өз заңы. Бір жылдары колорадо қоңызы Украина, Белорусия, Молдавия жерлерінде қаптап кеткені сонша, картоп өнімінің 50 пайызына дейін жоғалтатын шаруашылықтар болған. Институт директоры, б.ғ.д., профессор Т.Нұрмұратов Ж.Шілдебаевты Молдавияға, Кишинев қаласына іс-сапарға жіберді. Өсімдік қорғау институтын тауып алып, жұмысына кірісті. Мекеменің директоры жақсы қарсы алды, 5-6 күн картоп үлескісіне барып, эксперимент алаңдарымен танысып, ондағы ғалымдармен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізді. Колорадо қоңызының көкесін сонда көрді. Көл жағасындағы масаша қаптап жүр екен. 

Жұмаділде карантин мекемесі берген колорадо қоңызын ғылыми мақсат бойынша тасымалдауға рұқсат қағазы бар еді. Бірақ құжатта  қоңыздың мың данаға дейін жұмыртқасына ғана рұқсат берілген. Қолсөмкеге бұл колорадо қоңызының мың жұмыртқасын емес, үш мың данасын салып алды. Қой емес қой, ешкім санап жатпайтын шығар деп ойлаған. Содан соң үш литрлік екі банкаға картоп жапырақтарын толтырып, колорадо қоңызының 100 шақтысын соған жіберді де, аузын үш қабат мәрлімен жауып алды. Ұшақ Алматыға 5-6 сағат ұшады екен. Содан бұл қатты қобалжыды. Өйткені, карантиндік жәндікті алып жүру тәртібі өте қатал. Арнайы статья бар екенін біледі. Ойында қоңыз, ұйқы жоқ. Тыпыршып, сағатқа қарайды. Ұшақтың қонуына 1-2 сағаттай уақыт бар. Көзі бір сәт ілініп кетен екен, ояна келсе, алдыңғы орындағы жолаушының екі иығында екі колорадо қоңызы қонып отыр. Денесінен мұздай тер бұрқ етті, жүрегі лүпілдеп, тоқтап қала жаздады. Ептеп екі қоңызды алып, астындағы сөмкеге салайын десе, мәссаған, тізесінде, санында, алдыңғы орындықта қоңыздар қаптап жүр. Әйтеуір, ұстап, банкіге салып жатыр. Жыртқыш қоңыз емес пе, мәрліні тесіп, шығып кетіпті. Өзі қалтырап, қорқып отырғанда, алдағы әйел «Стюардесса, что за гадость» деп айқайлағаны. Жұмаділ түк білмегенсіп, көзін жұма қойды. Стюардесса онша шу көтермей, қазір қонамыз деп әйелді сабырға шақырды. Бұл кезде қоңыз әр жерден мен мұндалап өріп шығып, зәресін ала түскен еді. Артта отырған бір пысық: «Бұл колорадо қоңызы ғой, біреу әдейі таратып жүрген шығар. Стюардесса, милицияға хабарлаңыз. Бұл карантин жарияланған қауіпті зиянкес» демесі бар ма? Ұшақ та қонды, шу енді басталайын дегенде, бұл да жылдам басып, далаға шығып кетті...  Десе де осы Молдавияға барған сапары босқа кетпей, картоптың жауы – колорадо қоңызын химикатпен емес, биологиялық жолмен жоюдың ғылыми негіздерін өмірге әкеліп, сонау 80-ші жылдардың өзінде  еліміздің ауылшаруашылығына зор пайда келтірді. Ж.Шілдебаевтың егістікті арам шөптерден, зиянкес жәндіктерден биологиялық жолмен тазарту жолындағы жаңалықтары отандық ғылымға қомақты үлес болып қосылды.

 

Сөз соңы

1990 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер болды. Атап айтқанда, акдемик Әлия Бейсенованың бастамасымен мұнда жаңадан география-экология факультеті ашылып, ҚазПИ Кеңес Одағында бірінші болып экология мамандарын даярлауды қолға алды. Сөйтіп «Көпшілікке үздіксіз экологиялық білім мен тәрбие беру» ұлттық бағдарламасы  осы қара шаңырақта өмірге келіп, бүкіл кеңестер елін елең еткізді. Ал енді бұл мақсатты жүзеге асыру үшін академиалық ғылыми-зерттеу институтынан тәжірибелі мамандар шақырылды. Солардың бірі биолог және эколог ғалым Ж.Шілдебаев болатын. Ол барлық күш- жігерін болашақ эколог мамандар даярлауға жұмылдырды. Осы саланың жетекші маманы болғандықтан «География-экология», «Экология», «Биология-экология», «Химия-экология» мамандарын даярлаудың мемлекттік стандарттарын, үлгілі оқу жоспарын, оқулық пен оқу-әдістемелік кешендерін жазды. Оқу жоспарына сәйкес, ана тілінде алғашқы  арнайы оқулықтары мен оқу құралдарын, оқу-әдістемелік нұсқаулықтарын дүниеге әкелді.  «Табиғат қорғау және қорықтар ісі», «Биосфера туралы ілім», «Жалпы экология», «Экологияны оқыту әдістемесі», «Экомониторинг», «Экологиялық сараптама», «Экологияның теориялық негіздері», курстарының алғашқы типтік бағдарламалары мен қысқаша курстарын жасауға Ж.Шілдебаев белсене атсалысып, айрықша еңбек сіңірді.

 

Мырзахан Ахметов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Баспасөз орталығы
14.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 29
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 42
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 24
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 42
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 17
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 53
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 155
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 159
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 366
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 342
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 959

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9036
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8432
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11660
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9415
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10641