Қазақстан – узурпацияланған мемлекет

Қазақстан –   узурпацияланған мемлекет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 18 наурызда өткен Президенттік жастар кадр резервінің форумында бір сөз айтты: «Біз зейнетке шығамыз, орнымызға сіздердей жалынды жастар келеді. Бірақ сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болуларыңыз қажет».

 Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл сөзін 15 наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда жасаған баяндамасында: «Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Көп ұзамай мемлекетті басқару ісі, яғни ел тізгіні бүгінгі жастардың қолына өтеді. Сіздер осы жауапкершілікті қазірден бастап сезінулеріңіз қажет. Өздеріңізге жүктелетін тарихи миссияны орындауға  қашанда дайын болуларыңыз керек», – деп, тағы қайталады.

Нағыз адал жүректен ақтарылып шыққан тамаша сөз!

Бұл туралы сәл кейінірек...

Қасым-Жомарт Тоқаев – Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы екінші Президент. 

Ал, Қазақстан – УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН мемлекет! Нұрсұлтан Назарбаевтың сол узурпацияланған мемлекеттің президенттігінен кеткеніне, оның орнына Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болып келгеніне, міне, тұп-тура бес жыл толды.

 

 

ҰКП, Құлыбаев және шексіз құзырет

 

 

Қазақстанды узурпациялаған топтың атамандары – Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов! Қазақстанды узурпациялау жұмысының сонау тоқсаныншы жылдардың басынан-ақ басталып кеткенін жұрттың бәрі біледі.

1995 жылғы Конституция қабылданған күннен бастап, Тұңғыш Президенттің айналасындағы топ мемлекетті узурпациялауға саналы түрде білек сыбана кірісті. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді. Сондықтан, ұяты кеткендердің талан-таражға салып жатқаны ашылып жатыр. Жай-жалаң сөз емес, нақты-нақты фактілермен айтты. Естіген құлаққа, түсінген миға бәрі жетіп жатыр. Осындай күдік көбіміздің көңілімізде бұрыннан жүрген. «Қайда кетіп жатыр бұл Қазақстанның байлығы?!» деген. Бірақ нақ басып, тап басып ешқайсысымыз айта алған жоқпыз. Қазір соның бәрі фактілермен ашылды. Мына жерде мынау табыс – кіріс көзі дейтінде бәрі бар – салықтан түсетін кіріс, анадан түсетін кіріс, мынадан түсетін кіріс, иә, астық сатудан түсетін кіріс. Ал, бірақ мұнайдан түсетін, көмірден түсетін, алтыннан, күмістен түсетін, мыстан түсетін кіріс деген жоқ мынаның ішінде...», – деп, атақты Шерхан Мұртазаның Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің төрінен күңіренетіні дәл осы тұс.

2007 жылы Кәрім Мәсімовтың Премьер-министр болып тағайындалуы – бұл процесті одан ары күшейтті және жылдамдатты. 

2013 жылғы 4 шілдеде «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңы қабылданды.

Араға екі ай салып, 2013 жылы 9 қыркүйекте ҚР Үкіметі және «Атамекен» Одағы» қазақстандық үкіметтік емес ұйымның бірлескен шешімімен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылды. Оның төрағасы болып Тимур Құлыбаев сайланды.

Сөйтіп, Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов басында тұрған топ Тұңғыш Президенттің тікелей ықпалы арқылы «Кәсіпкерлікті дамытуға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді», «Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды»... деген желеумен «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы» деген мемлекеттік емес ұйымға шектен тыс ерекше заңдық ҚҰЗЫРЕТТЕР бергізіп, Қазақстанды басы бүтін  узурпациялап алды.

Сонымен бірге, бұл коммерциялық емес ұйым аталған заңның «Қазақстан Республикасының Үкіметімен, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл» деген 5-бабы арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметімен, мемлекеттік органдармен, қауымдастықтармен (одақтармен), Ұлттық палата құрылтайшысы ретінде қатысатын заңды тұлғалармен өзара іс-қимылдарын  тастай қып бекітіп алған.

Құзырет дегеннен еске түседі, Қазақстан Республикасының Конституциясындағы Үкіметке берілген құзырет жеті баптан, 32 тармақпен бекітілген. Ал, «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңымен бекітілген Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құзыреті жеті баптан, 82 тармақ пен тармақшалардан тұрады. 

Үкіметтің құзыретінен үкіметтік емес ұйым ҰКП-ның құзыреті екі жарым есе көп.

Қарап отырсаңыз, Құдай-ау, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мұрнын тықпайтын саласы жоқ. Ылғи жіліктің ең майлы басы бар жерде Құлыбаев және оның командасы жүреді. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл Қазақстан осы «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы» деген үкіметтік емес ұйымның ашса алақанында, жұмса жұдырығында қалды.

Байқап отырсаңыз, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып келгелі, әсіресе соңғы уақытта «Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр...», «Өкінішке қарай, әкімдер жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады», «Президент әр оқиға сайын келіп, тапсырма береді деп күтіп отыруға болмайды», «Орталыққа жалтақтамай, жергілікті жерде мәселені шешуге дағдылану керек!..» деген сөздерді көп айтады. 

 

Мағауиннің тұжырымдамасы және Президенттің ескертпесі

 

Орталыққа жалтақтамай, батыл шешім қабылдау үшін атқарушы билік пен заң шығарушы органда, әрине, жеткілікті құзырет болуы керек қой. Біздің атқарушы билікте де, заң шығарушы органда да құзырет жеткіліксіз. Құзыреттің көбін Құлыбаевтың ҰКП-сы алып қойған.

Соның кесірінен, жазушы Мұхтар Мағауин ағамыздың сөзімен айтсақ, отыз жыл ішінде:

– ежелгi қазақ жерiнiң асты мен үстiндегi барлық қазына мен байлық талауға түстi;

– адал еңбек емес, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, заңсыз иелiк нәтижесiнде жемiт байлар тобы және бар мүмкiндiгi шектелген, күнкөрiс жағдайының өзi қиындаған тақыр кедейлер табы қалыптасты;

– қазақ ауылы қирап, тозып бiттi, үлкен шаһарлар төңiрегiне қайыршылық пен шарасыздық жайлаған, тұрмыстық қызметi тапшы, кембағал, қотыраш қалашықтар өсiп шықты;

– белгiлi бiр әулет, ұйымдасқан топ, билеушi тап аз ғана уақыт iшiнде қисапсыз байлық, барлық игiлiкке жеткен жағдайда, ел иесi, жер иесi жалпы жұрттың тұрмыс-ахуалы күн озған сайын төмендеп барады;

– ел iшiнде жаппай коррупция, жойдасыз жемқорлық етек алды;

– аса зор көлемдегi және ұсақ-түйекке дейiнгi парақорлық үйреншiктi, дағдылы тұрмыс кебi ретiнде қалыптасты;

– мемлекеттiк қызмет, кез келген мансап – мiндеттi парыз емес, тек қана iшiп-жеу, байлық құрау, жеке бастың қажетiн ғана өтейтiн тиiмдi тетiк деген түсiнiк орнықты;

– сот, прокуратура, құқық қорғау, заң мекемелерi әдiлет атаулыны аяққа басып, тек жоғарыдан түскен нұсқау, немесе жеке бас пайдасы тұрғысынан ғана жұмыс жасайтын болды;

– қылмыскердiң жазадан құтылуы, кiнәсiз кiсiлердiң бас еркiнен айрылуы  үйреншiктi құбылысқа айналды;

– күдiктiнi жауапқа тарту кезiнде, сотталғанның жазасын өтеу мезгiлiнде адамгершiлiкке қайшы әрекетпен азаптау, жанын қинау, тiптi ұрып өлтiру – совет тұсындағыдан да қатал, гестаполық тәсiлдермен үйлес тұтқын тәртiбi – әдепкi жағдайға саналды;

– ауыр тұрмыс, заңсыздық пен ұрлық-қарлық, адал еңбекпен мал табу мүмкiндiгiнiң қиындығы, бейсауат жүрген кiсiнiң өзiнiң жеке басының қатерлi жағдайы, арам байлар мен әкiм-қаралардың жүгенсiз мiнезi – жалпы жұртты аздырып, әдiлет, адалдық, кiсiлiк туралы ұғымдар аяқ-асты болды;

– үлкендер дүниеден түңiлсе, жастар үмiтсiз торығу дертiне шалдықты, ақыры кәмелет жасына жаңа толған, тiптi толмаған өрендердiң өзiне-өзi қол жұмсауы әлемде жоқ деңгейде өрiс алып отыр;

– мүлде бейкүнә, немесе көлденеңнен күдiктi жеке кiсiлерге, халықаралық деңгейде ешбiр терiс тiзiмде жоқ дiни, рухани топтарға қарсы, олардың отбасын, жақын туыстарын қоса қамтитын мемлекеттiк террор заң аясына сыйғызылды;

– үлп еткен наразылық, қарсылық атаулы аяусыз жанышталып жатыр;

– оппозиция қуғынмен, қудалаумен тозып бiттi;

– баспасөз еркiндiгi, жиын, ереуiл құқығы шектелген;

– үлкендi-кiшiлi әдiлеттi сайлау атаулының елесi де жоқ, демократиялық құндылықтар құрғақ сөзбен алмасты;

– үстем тап – бұрынғы компартиялық номенклатураның әдiс-амалы, iсi мен күшiнiң екпiнiмен Қазақстан шегiнде бiр ғана кiсiнiң өкiмi – сырттан сыпайылап айтылып жүргендей, авторитарлық билiк емес, тежеусiз диктатура орнады;

– осында айтылған және айтылмаған қаншама сорақы себептер нәтижесiнде Қазақ елi бүгiнде бүкiләлемдiк шикiзат отарына, ал Ресейдiң еркi кем, бұйдалы, шын мәнiсiндегi басыбайлы иелiгiне айналды (Мұхтар Мағауин, «Қазақсыз Қазақстан» мақаласы, 16 –20.ІХ.2013, Карловы Вары.).

Дәл осы Мұхтар Мағауиндей жіпке тізіп, бірден басқа ұрып тұрып көрсетпегенімен, осындай  сөздерді «Қасіретті қаңтар» көтерілісінен кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты: 

- Бірінші президент – елбасы тұсында елімізде өте табысты компаниялар тобы және тіпті халықаралық өлшемдер бойынша да өте бай адамдар пайда болды; 

- Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша  теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес...

Астарына үңіле білсеңіз, екі-ақ ауыз сөз болғанымен, Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл айтқандары жазушының осыдан он жыл бұрынғы тұжырымын нақтылаған, растаған қорытынды ретінде бағаланып, тарихта қалды.

Жалпы «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заң қабылданғаннан кейін, Қазақстандағы заң шығару үрдісі мүлде басқа бағытқа бұрылды. Әсіресе, экономикаға қатысты заңдардың бәрі Құлыбаевтардың құлқынын толтыру үшін қабылданатын болды.

Оған дәлел ретінде, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заңнамалық реттеудің шегі нақты айқындалғанына қарамастан, жекелеген мәселелердің маңызын жоғары қою үшін белгіленген шектерді бұзуға деген ұмтылыстар әлі де орын алуда. Соның салдарынан заң шығару қызметі тақырыптық жағынан тарылып, заңдар арқылы ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру үрдісі туындап отыр...» – деген сөзін де бүгін тағы бір мәрте еске алуға тура келеді.  

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл тарихи сөзді 2018 жылы Сенат Төрағасы болып тұрған кезінде өткен Үкімет сағатында айтқанын ескерсек, ҰКП-ның заң шығару ісіне емін-еркін араласып, ойына келгенін істеп жатқанын аңғару онша қиын болмаса керек.

Дәл осы жағдайды Жоғары билік басындағылардан бірінші болып ашық айтқан жоғары лауазымды басшы Қасым-Жомарт Кемелұлы екенін баса айтқым келеді...

 

Қаңтар оқиғасының себебі, жемқорлық жалғасуда

 

Міне, Қазақстанда президенттік биліктің ауысқанына, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болып келгеніне бес жыл толды.

Осынау айтулы күн қарсаңында не айтылар екен деп, БАҚ пен әлеуметтік желіні көз айырмай қарап отырдым. Ашық ақпарат құралдары мен былайғы жұрт бес жыл ішінде, жасыратыны жоқ, ештеңе өзгермегенін жазып, айтып жатыр.

Халқаралық сарапшылардың мәліметінше, Тоқаев билікті қабылдап алған 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, кедейлік көрсеткіші 4,3%-тен 5,1%-ке; жұмыссыздар саны 173 мыңнан 265 мыңға артқан. Қымбатшылық пен жемқорлық баяғыдан ары өршіп тұр.

Қысқасы, 2022 жылғы «Конституциялық реформа» Қазақстанды бұл узурпациядан алып шыға алмай жатыр. Соған байланысты, халықтың басым бөлігінің наразы көңіл күйде екені анық. «Тоқаев шын мәнінде өзгеріс жасап жатқан жоқ...» («Азаттық» радиосы) – деп, сынаушылардың қатары азаяр емес. 

Астын сызып тұрып ашығын айтайын, өз басым бұл топта жоқпын!

Мен бұрын да айтқам, қазір де сол сөзімді қайталаудан жалықпаймын, бұл узурпацияланған жүйені құрған Қасым-Жомарт Тоқаев емес, Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов!

Қасым-Жомарт Тоқаев – мемлекет әбден узурпацияланған соң Президенттікке келген тұлға!

Қазақстанды 2011 жылы да, 2022 жылы да қантөгіске апарып соқтырған – осы узурпацияланған жүйе!

Бұл туралы «Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады...» – деп, Президенттің өзі де айтты. Асқар Мәмин, Әлихан Смайылов екі мәрте басқарған Үкіметтің адымын аштырмаған да осы узурпация екені анық.

Ал, Олжас Бектеновтің тебіні жақсы. Бірақ, узурпацияланған жүйе оның да көсіліп жұмыс істеуіне мүмкіндік бере ме, жоқ па – ол жағы осы жылдың аяғына дейін белгілі болады. Сөйтіп, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа узурпацияланған мемлекетті табыстап кетті.

Енді Қасым-Жомарт Кемелұлының Президенттік жастар кадр резервінің форумында жастарға айтқан тарихи сөзіне оралсақ, алдымыздан келесі жас буынға біз «Қазақстанды тағы да сол узурпацияланған күйінде өткізіп береміз бе, әлде узурпациядан арылтып, жаңарған «Жаңа Қазақстан» етіп табыстаймыз ба?»  деген қатал сұрақ шығады. Түсінген жанға төбе құйқаны шымырлатып жіберетін өте қатал сұрақ бұл!

Иә, қазір Тимур Құлыбаев бар қызметінен шеттетіліп, «Атамекен» ҰКП-ның ықпалы сәл бәсең тартты. Бірақ узурпацияланған жүйенің көбесі сөгілген жоқ.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заң да және Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру үшін кезінде ҰКП-ның тұқыртуымен қабылданған заңдар да әлі күшінде жұмыс істеп тұр.

Шетелдегі активтерді қайтару науқаны басталғанымен, дәл сол шетел асқан байлыққа пара-пар қазына діттеген жеріне жетпей, қазір де көз алдымызда тоқтаусыз тоналып жатыр. Ол тонау «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» деген тағы сол Құлыбаевтар құрып кеткен схема арқылы жүзеге асуда.

Ал, біз болсақ, ескерткіштердің құлағанына мәз болып жүрміз...

 

Ащы шындықты мойындау және кемел тұлғаның рөлі

 

Сөз жоқ, бүгін Тоқаевтың айналасында жүрген тұлғалардың біреуі енді бес жылдан соң президенттік таққа келіп отырады. Сол тұлға «Атамекен» ҰКП-ға Құлыбаев секілді өзінің бір жақын адамын басшы етіп қойып, осы узурпацияны одан ары жалғастыра беруі әбден мүмкін. Келесі Президент олай етпейді деп, ешкім кепілдік бере алмайды. Біздің қазіргі мемлекеттік басқару жүйесінің қауіпті әрі қорқынышты жері – осы!

Дәл сондай жағдай бола қалса, Құдай оның бетін ары қылсын, ескі жүйе мен Президент сенім артқан жас ұрпақтың арасында тағы да ҚАНТӨГІС болуы ықтимал!

Жұрт қанша жазғырғанымен, Қасым-Жомарт Тоқаев – әлемдік деңгейдегі саясатшы. Интеллектуалды тұлға. Ол Президент болып келгенге дейін Қазақстан билігінің барлық басқышынан өтіп, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілген басшы. Кәсіби дипломат ретінде сонау жас кезінен бастап мемлекет басқарған ірі тұлғалармен, әлемдік деңгейдегі Ли Куан Ю, Дэн Сяопин, Нельсон Мандела секілді Ұлы реформаторлармен қол алысқан, дәмдес-тұздас болған, олардың өмірі мен еңбектері туралы өз кітаптарында сүйсіне отырып жазған кемеңгер. 

Әсіресе, ол кісінің Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатын қалыптастырудағы, орнықтырудағы орны бөлек, еңбегі ерекше зор! Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын қойып, әлемнің ең ықпалды үш державасының қазіргі президенттерімен салыстырсақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың шоқтығы биік тұрғанын есі дұрыс адамның бәрі мойындайды. Ал, өзіміз үнемі көріп жүрміз, Орта Азия басшылары  оған ықтап, не айтар екен деп, аузына қарап  отырады... Қазақша айтқанда, «Президентің қайсы?!» десе, «Мынау!» деп, мақтанышпен айтатын азамат! Ең әттеген-айы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік тағдырының узурпацияланған жүйеге дөп келіп қалғандығы ғана. Егер Жигули Дайрабаев немесе Қарақат Әбден Президент болып, ол басқарған мемлекет дәл бүгінгі жағдайда болса, мен осы күніме тәубе, шүкір дер едім.

Қазақстанның қазіргі жаңғыру, даму деңгейі Қасым-Жомарт Кемелұлының осынау ат көтергісіз беделі мен бай тәжірибесіне мүлде лайық келіп тұрған жоқ, тым олқы соғып тұр. Жұрт әлемдік деңгейдегі КЕМЕЛ ТҰЛҒА басқарып отырған «Қазақстан» деген алып, бай мемлекеттің мұндай жүдеу, жұпыны, әлжуаз күйде қалмауын қалап отыр! Ал, Қасекеңнің ешкімде жоқ осынау зор потенциалының өз деңгейінде толық пайдаланылмай жатқанына, жанашыр інісі әрі қолдаушысы ретінде, менің ішім удай ашиды!

Қазақстанды бұл қақпаннан шығарып, ендігәрі ешкімнің дара билеп-төстеуіне мүмкіндік берілмейтіндей ету үшін, Қазақстанның УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН МЕМЛЕКЕТ екенін ашық мойындауға, тағы бір мәрте «Конституциялық реформа» жасап, президенттік басқару нысанын парламенттік басқару жүйесіне өзгертуге тура келеді. 

Мемлекетті Құлыбаевтардың құрығынан құтылдырудың жалғыз жолы – осы! Басқа амал жоқ!! 

Ал, бұл өзгерісті жасау тек  Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғана қолынан келеді. Тоқаев кетсе, олар қайта күшейіп, көздері қанталап, азу тісін ақситып  шыға келуге дайын отыр. Келесі буынға ырық бермесі анық.

Қасым-Жомарт ағамыз, АҚШ-тікіндей демей-ақ қояйын, мына тұрған кешегі тағдырлас мемлекет, өзіміз секілді ежелгі көшпенді ел Моңғолияныкі секілді мемлекеттік басқару жүйесін құрып кетсе, біз үшін соның өзі үлкен олжа, зор секіру болар еді-ау, шіркін!

Сондай-ақ, «мұрагерлік дәстүр» осы екінші Президентпен аяқталып, келесі Президентті халық өзі таңдап алатын жүйеге көшсек, біздің Қазақстан томағасы тартылған қырандай самғап, шідерден босаған тұлпардай зымырап-ақ кеткелі тұр.

Қазақстан сонда ғана Қасекең айтқан жалынды жастардың қолына дін аман өтетін болады...

 

 

Ауыт МҰҚИБЕК, қоғам қайраткері
28.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

Абысын-ажындар сахнада сайысты
Кәмила САПАРХАЙЫР, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облысы Іле ауданы филиалының төрайымы - 25.09.2024 772
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 618
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 663
530 өлең жолынан  тұратын кітап
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 25.09.2024 596
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 621

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5595
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5039
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8206
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6020
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7233