Қазақстанның Украина, Ресей текетіресінде ұстанымы қандай?

Қазақстанның Украина, Ресей текетіресінде ұстанымы қандай?

24 ақпанда Ресей «денацификация» және «демилитаризация» жүргіземіз деген желеумен Украинаға қарсы соғыс бастады. Соғыс басталғалы БҰҰ Бас ассамблеясы Ресейдің әрекетін айыптайтын екі бірдей қарар қабылдап, екеуінде де Қазақстан қалыс қалған еді. Бірақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 наурызда «Екі мемлекетті келіссөз үстелі басында тіл табысып, келісімге келіп, ымыраласуға шақырамыз. Басқа жол жоқ. Жақсы ұрыстан жаман бейбітшілік жақсы. Бейбітшілік болмаса даму болмайды» деп, екі жақты «бейбітшілікке» шақырған болатын. Сонымен қатар Қ.Тоқаев Укрина президентімен де, Ресей президентімен де телефон арқылы сөйлесті. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Украина президентімен телефон арқылы сөйлескені – саяси аренада «Орталық Азия елдері арасында Қазақстан Ресей Украинаға басып кірген уақыттан бері В. Зеленскиймен диологта болған жалғыз мемлекет» ретінде бағаланып отыр. Яғни, әлем Қазақстанның Украина, Ресей текетіресінде қандай қадам жасайтынын «аңдып» отырғанға ұқсайды. Жақында еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның Донецк және Луганскіге қатысты позициясын айтты. – Біз қазір Луганск халық республикасын да, Донецк халық республикасын да мойындамаймыз. Барлық санкциялар Еуропалық Одақ пен АҚШ тарапынан Ресейге қарсы бағытталған. Біз бұл санкцияларға қосылмаймыз, – деді Мұхтар Тілеуберді. Сондай-ақ министр, «Біріншіден, бұл санкциялардың Қазақстан экономикасының дамуына кері әсерін тигізбеуі маңызды. Екіншіден, біздің территориямыз бұл санкцияларды айналып өту үшін пайдаланылмауы керек» деп, нақты ұстанымын білдірді. Бұған дейін Мұхтар Тілеуберді ««ЛХР» мен «ДХРды» мойындау мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ, яғни біз халықаралық құқық негіздеріне, БҰҰ жарғысының басты принциптеріне сүйенеміз және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) аясында Украинадағы соғысқа Қазақстан әскерін жіберу мүмкін емес» деген еді. Иә, Украина мен Ресей арасындағы жағдай ушыққалы бері Қазақстан халқының көбі соғысқа қарсы, яғни Украинаны қолдап отыр. Билік те Ресейге қатысты біржақты, әрі табанды ұстанымда болуға тырысып бағуда. Өйткені Қазақстанның мұндай позицияда болуы Ресей билігіне ұнамайды. Сондықтан Қазақстан билігі Ресей агрессиясынан «Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде қабылданған шешімдерді ғана құрметтейміз, БҰҰ жарғысының басты принциптеріне сүйенеміз» деп қана қорғана алатын секілді. Себебі «жау жоқ деме, жар астында» демекші, тәуелсіздікке қолымыз жеткен 30 жылдан бері Қазақстанға қатысты Ресейдің шовинистік пиғылы қандай екені белгілі. Жириновскийден бастап, Мәскеу думасының кешегі жап-жас депутаты Сергей Севостьяновқа дейін, тіпті өз ішіміздегі кейбір ресейшіл топ өкілдерінің де қазақ жеріне көз алартып, қоқан лоққы білдірумен келе жатқаны белгілі. Сондай-ақ Брюссельде «Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын, соғысты соғыс деп атайтынын және санкция салынған тауарлардың Ресейге өтіп кетпеуіне бар күшін салатынын» мәлімдеп, Ресейге салынған санкциялар кесірінен Қазақстанның экспорт мүмкіндігі шектеліп қалғанына қынжылыс білдірді. Ресейді айналып өтетін бағыттарға басымдық беріп, «экспорт жолдарын әртараптандыру қажет» екенін және Қазақстанды санкция салынған Ресей және Беларусь елдерімен бірге қарастырмауға шақырған Тимур Сүлейменовке ТМД елдері институтының әскери сарапшысы Владимир Евсеев «Қазақстан құтырды» деп қатаң жауап берді. Владимир Евсеев: – «Қазақстандағы кейбір шенеуніктер «АҚШ-пен» жақсы дос болайық деп Ресейге қарсы шығуда. Сіздер өздеріңізге нақты не керегін анықтап алыңыздар. Тағы «Қаңтар қырғыны» орын алса, біз сіздерге көмектеспейміз. Осы жылдың қаңтарында Ресей өзінің бітімгерлерін жібермегенде, Қазақстандағы жағдай драмалық сипатта болар еді», – деген. Владимир Евсеевтің айтуынша, Қазақстанда орыстарды жек көретін «русофобтар» көп. – «Қалай болғанда да, Ресей араласуға мәжбүр болады. Бірақ егер Қазақстанда Ресейге қарсы сөздер насихатталса, министр болып «русофобтар» тағайындалса, егер қаңтардағы қайғылы оқиғаға әкеп соқтырған бұрынғы көпвекторлы бағытты жалғастыруға талпыныстар болса, онда Ресейге оған кезекті рет көмектесу керек пе деген шешім қабылдау қиын болады. Бұл Қазақстанның өз таңдауы», – деп қоққан-лоққы көрсеткен. Алайда Қазақстан билігінің Украина мен Ресей арасындағы мәселеде ұстанымының қандай екені айқындалып келе жатқанға ұқсайды. Интернеттің ашық көздерінде АҚШ-тың беделді The National Interest басылымында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еуразиядағы құбылмалы жағдай Қазақстанның дамуын бәсеңдетпейді» атты мақаласы жарияланғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Ол мақалада Қ.Тоқаев қасіретті қаңтар оқиғасының қайталануына жол бермеу және өзінің басшылығымен қабылданып жатқан шаралар жөніндегі Қазақстанның жоспары туралы жазған. Сондай-ақ Президент Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс Еуропа континентінде ұзақ уақыттан бері болмаған трагедия екенін, әрі осы соғыстан екі ай бұрын Қазақстанда да зорлық-зомбылыққа ұласқан оқиғаның болғаны айтылады. Бірақ осы жараны емдеу үшін батыл шешім қабылданып, алға жылжуға бел буылғаны нақты көрсетілгені айтылуда. Мақалада «Еуразия әрқашанда серпінді аймақ болды. Оны бейбіт әрі ашық етіп сақтау үшін келісілген күш салу қажет. Қазақстан мен Ресей өзара ынтымақтастықтың ерекше байланысын қолдайды. Сонымен бірге бізде Украинамен достық қарым-қатынастың терең дәстүрі бар. Біз әлемнің көптеген елдері сияқты оның аумақтық тұтастығын құрметтейміз» деп жазылған дейді ашық дереккөздер. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз мақаласында Қазақстанды реформалау және жаңғырту жөніндегі негізгі бастамалары, ең алдымен, халық көтерген экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанына баса назар аударады. Әрі жаңа Қазақстанда биліктің тармақтары мен мемлекеттік органдар арасында өкілеттіктердің балансын басқаша қалыптастыру жоспарланып отырғаны, Қазақстан басқарудың «суперпрезиденттік» моделінен «нормативтік-президенттік» басқару түріне көшетіні де қамтылған. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасын монополиядан арылту мәселесі туралы айта келіп, «жүйе тек таңдаулы адамдар үшін ғана емес, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек» дейді. Сондай-ақ мақалада «олигархтар мен олардың монополияларына тиесілі орасан мол байлық еліміздің жұмысшы және орта таптарының игілігіне қайта жұмсалады» деп жазылғаны айтылуда. Не десек те әлемнің мазасын алған Украина, Ресей текетіресі еліміз үшін үлкен сынақ болғалы тұр. Әлемге әйгілі Черчилльдің «Британияның мәңгілік дұшпаны да, досы да жоқ, тек мүддесі ғана бар» деген сөзі бүгінгі Қазақстан үшін де өте өзекті.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
08.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 193
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 186
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 696
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 818
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 732

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8888
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8283
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11511
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9267
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10495