Қазақтың дерті-енжарлық

Қазақтың дерті-енжарлық

Адамзат баласы өзінің даму тарихында жаратқан хақтан берілген  аманат – ұрпақ өсіріп, оның амандығы мен өсіп-өркендеуі үшін талай мехнатты бастан өткеретіні  ақиқат. Басына төнген қауіп-қатерлерге қайсарлығын қарсы қойып, күрескерлік жолды таңдап, алдағы ұлы мұраттарына жеткенше жанкешті ғұмыр кешетіндігі әлімсақтан белгілі. Осы күрес жолында жеңістер мен жетістіктерге жетіп, іргелі ел болып ұйысқан мемлекеттер аз емес. Бір мақсатқа жұдырықтай жұмылған елдің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмаса керек. Патриоттық сезімі аса жоғары, рухтары сынбаған халықты ешбір жау алмайды, сағын сындыра алмайды. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Дүниеде осы қасиеттермен қатар, енжарлық деп аталатын кеселдің қоса-қабат ілесіп келе жатқандығын жоққа шығаруға болмайды. «Жаудан қорықпа, азар болса өлтірер. Достан қорықпа, азар болса сатып кетер. Бәрінен де енжардан, енжарлықтан қорық. Ол өзі өлтірмес, өзі сатып та кетпес. Бірақ екеуін де үндемей-ақ тындырар» деген ертеден айтылып келе жатқан нақыл бар.

Байқасаңыз, дүниедегі кесапаттың бәрі енжарлықтан. Сталиннің қолына шексіз билік беріп қойған енжарлық – жиырмасыншы жылдардағы саяси көсемдердің енжарлығы болатын. Содан кейін өкімет басына келген Хрущев сол кездегі жеке басқа табынушылықтың зардабын әшкерелеп, бүкіл әлемге жариялады. Гитлерді де өкімет басына әкелген сол енжарлық болатын.

Күрескерлік пен енжарлықтың жолы екі басқа екендігі сөзсіз. Қазіргі қоғамда болып жатқан өзгерістер мен құбылыстардан шет қалып, оған бей-жай қарап, «қай жеңгенің менікі»  деп қарап тұру нағыз енжарлықтың белгісі. Белсенді ұстанымы жоқ, айқын көзқарасы қалыптаспаған, өмірлік тұжырымы кенжелеп қалған, қоғамның диалектикалық дамуы туралы түсінігі шамалы кейбір енжар адамдардың мемлекет ісіне араласпайтындығы жасырын емес. Әсіресе, еліміздегі түрлі саяси науқандарға қатыспай, азаматтық ұстанымдарын білдірмей, қоғам дамуына ықпалы тиер ой-пікірлерін ортаға салмай, тысқары қалатын енжарлықты неге айтпасқа.

Алдағы 6 қазанда қазақ жерінде атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты республикалық референдум өткелі отыр. Міне, осы аса маңызды мәселе жөнінде ел тұрғындары тереңірек ойланып, таразыға салып, науқанға белсене қатысуға даяр ма? Жоқ әлде баяғы енжарлықтарына салып, «маған бәрібір» деген қасаң қағидамен қалатын болса, дауыс беруден жалтарып, ел мен жер тағдырына жеңіл-желпі қарайтын болса, онда Қазақ елінің көші қандай бағыт алып, қай қиырға қарай қадам баспақ? Кемел келешегімізге бастайтын ұлы мұраттарға қалай қол жеткізбек? Мемлекет ісіне араласу дегеніміз міне осындай маңызды оқиғаларға белсене атсалысуы болса керек. Өйткені бұл референдумда халық пікірі ескерілетіндігі даусыз. Бұл науқаннан шет қалу – енжарлыққа жол беру деген сөз.

Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов Семей полигоны жөнінде шырылдап, тер төккені қатесіз шындық. Қазақ даласында полигонды болдырмауға қарсылық білдіріп, Мәскеуге барып, Сталинге айтпақ болады. Ол қабылдамай қойған соң, Берияны бетке алады. Ол кісіден де үміт үзіледі. Екі азаматтың ең соңғы сенім артқан адамы Курчатов болатын. «Отпен ойнап жүрсіңдер», – депті атақты ғалым. Кетерінде «Жер үстіндегі жарылысты ғана азайтайын. Одан басқа қолымнан ештеңе келмейді», – деп шығарып салыпты.

Міне, жүрекжұтқан қазақтың қайсар ұлдары енжарлықтан жерініп, туған жерінің астаң-кестеңін шығармақ болған қызыл империяның  қиямпұрыс әрекетіне қасқайып қарсы тұра білді. Бірақ олардың бұл талап-талпыныстары мәскеуліктерге ұнамады. Ел тағдырына енжарлық пен немқұрайдылық танытпаған екі қайраткер алған беттерінен қайтпады. Ұлты үшін шыр-пыр болып жүрген Алаштың екі арысының өмірлері ұзаққа бармады.

Қаныш ағамыз тұңғыш президенті болып сайланған Қазақстан Ғылым Академиясы еліміз тәуелсіздік алған жылдары өз мәртебесінен айырылды. Яғни жұмысы тоқтап, қоғамдық ұйымдардың біріне айналды. Осы тұста ғылыми атақтары бар, мүйізі қарағайдай талай ғалымдар енжарлық танытып, үнсіз қалды. Академиктер ай мен күннің амандығында жұмыссыз қалды. Солардың бірде-біреуі «Қазақ еліне ғылым ауадай қажет, ғылымсыз күніміз жоқ. Жаңа технология мен инновацияны өндіріске енгізіп, жаңалық ашатын ғалымдарға арқа сүйемей, еліміздің болашағы жоқ» деген сөздерді айтуға жарамады. Терең талдау жасап, ғылыми мақалалар жазбады. Енжарлықтың үлгісін сол жылдары атағы дардай ғалымдарымыз көрсетті. Жазушы ағамыз Дулат Исабеков Ғалымдар үйіндегі ахуал туралы өз естелігінде баяндап,  ойларын ортаға салғаны бар.

«Төртеу түгел болса – төбедегі келеді, алтау ала болса – ауыздағы кетеді» деген нақыл бар қазақта. Осы төртеу дегеніміз кім? Бірінші топ – басшы, екінші топ – ғалымдар, үшінші топ – байлар, төртінші топ – тақуалар екен. Осы төртеуді  халқымыз аса жоғары бағалап, қасиетті топтар қатарына жатқызған. Осыларға имандай  сенім артқан. Қандай қиын-қыстау заман болмасын бар ауыртпалықтан алып шығар елдің наркескен тұлғалары деп білген. Осы төртеу түгел болса, төбедегі келеді екен. Бүгінде төртеудің арқасында төбедегі келіп жүр ме? Халық осы төртеуге үміт артып, сенім білдіре ме? Сенімге лайық іс-қимылды көріп  отыр ма?

«Ғылым мен мәдениет жоқ жерде дін төрге шығады. Дін қазір тарамданып бөлініп жатыр. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс – зерттеп, зерделеп, елге түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Кейде біз осы отыз жылда не бітірдік деп ойласам, мешіт пен тойхана салуды үйреніппіз. Той тойлауды меңгеріппіз. Бүкіл дүниежүзінде той туралы, би жайлы, құда жайлы ән шығарудан бізге ешкім шақ келмейді. Әңгіме – ертеңге немен барамыз? Болашақ ұрпаққа нені аманат етеміз? Мемлекетімізді қалай өркендетеміз? Ең басты құндылық Адам екенін қайтіп көрсетеміз? Тілімізді қалай сақтап қаламыз? Дарынды, оқыған жастарымызды қашан, қалай елге қайтарамыз» деп кім ойланар екен?» Қазақстанның халық әртисі, кинорежиссер Талғат Теменовтің дәл осылай толғанып, осылай алаңдауын түсінуге болады. / «Дат» газеті, №26, 15 тамыз 2024 ж./ «Осының бәрі енжарлықтан болып жатқан жағдайлар емес пе?» деген ойға жүгінесің.

Қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шахановтың ұлтының ұлы қорғаушысы болып,  тер төгіп жүрген толассыз күресін қалай айтпасқа. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін қаралап жатқан тұста  Кремль билігіне қарсы атқа қонғандардың бірі Мұхтар ағамыз болатын. КСРО халық депутаттарының съезінде «Арал теңізі туралы айтамын» деп сөз алған ол Желтоқсан көтерілісінде зардап шеккен қазақ жастарын шырылдап тұрып қорғап сөйледі. Мемлекеттік комиссия құрылып, бұл оқиғаға әділ баға  берілуін, тұтас халқымызға қазақ ұлтшылдығы туралы жабылған жаланы алып тастауды табанды түрде талап етті. Кезінде жер аударылған халықты бауырына басып, барынша қамқорлық жасап, бар көмегін аямаған қазақтың қайырымдылығын жиналғандардың жетесіне жеткізіп тұрып айтты. Оның бұл талабы орындалды. Қайсар ақынымыз енжарлықтан бойын аулақ салды. Қазақ енжар емес, патриот ұлт екендігін дәлелдеді. Ұлттық намысты бәрінен биік қойып, озбыр биліктің теріс әрекетіне батыл тойтарыс берді. Басына қауіп-қатер төніп тұрса да, осындай ерлікке барды.

Осыдан 33 жыл бұрын 15-16 қыркүйек күндері Қазақстанның дербестігі мен аумақтық тұтастығына дау айтып, Орал облысын бөліп әкетпекші болған Ресей казактарының арандату әрекеті бой көрсетті. Бұл оқиға қазақ жұртын дүр сілкіндірді. Казактар одағы «Орал казак автономиялы облысының егемендігі» туралы декларациясын жариялаған болатын. Сондай-ақ, казактардың патшалық Ресейге қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтпекші болған. Арам пиғылды казактардың мерекесін болдырмау үшін еліміздің әр аймағынан ер-азаматтар атқа қонды. Солардың сапында Абдолла Бақбергенұлы бастаған «Азат» партиясының бір топ мүшелері Тараздан Оралға аттанды. Жамбылдық азаматтар сан жағынан да, белсенділік жағынан да көш ілгері екендіктерін көрсетті. Сап түзеп, шеру өткізбекші болған жүздеген казактармен бетпе-бет келіп, текетіресіп жұдырықтай жұмылды. Кері қайтпай табандап тұрып алды. Қақтығыс болып қалу мүмкіндігі де жақындап қалған. Қазақтың ақын қызы Айсұлу Қадырбаева екі топтың ортасына ақ орамал тастап, аналық ақ тілегін айтып, қақтығыстың алдын алған. Осыдан кейін екі жақ та амалсыз тарқаған. Қазақтың қайсар жігіттері осы бір айтулы сын сәттерде  көзсіз ерліктерімен көрініп, жалпақ елінің ыстық ықыластарына бөленді. Диванда жайбарақат жатып алмай, енжарлық деген кесапатты кейін серпіп тастап, ұлтының ар-намысын ту етіп ұстап, асқан қаҺармандық танытты.

«Ұлттың атасы – тарих, ұлттың анасы – тіл, ұлттың қаруы – салт-дәстүрі» екендігі әлімсақтан белгілі. «Құдайдан кейін қорқатын нәрсе, ол – дәстүр бұзушылық», – дейді Ахмет Байтұрсынұлы.  «Мен қазір дәстүр бұзғандардан қорқамын. Мен мың қазақтың ішінен шын қазақ іздеп жүрмін. Өйткені қазір біздің бойымыздан қазақы қасиеттер жоғалып бара жатыр», – деп жазады белгілі актер Бекжан Тұрыс. Осы айтылғандардың растығына бүгінде көз жеткізу қиын емес. Күнделікті өмірде айна-қатесіз көріп жүрген көріністер осы сөзіміздің дәлелі.

Осыдан сегіз жыл бұрын көпқабатты тас үйден жер үйге көшіп келдім. Қалың қазақ тұратын  көшедегі жаңа қонысқа келіп жайғастым. Қазақтың салт-дәстүрінде жаңадан орталарына келіп жатқан көршіге «қоныс құтты болсын» немесе «көш көлікті болсын» деп жақсы тілек айтатыны бар емес пе? Бұрындары жылы шырай танытып, «көрші ақысы – тәңір ақысы» деп жақсы араласып, туысқандай жарасып кететіні бар еді ғой. Ерулік беріп, үй көрсететін. Біраз уақыт өтті, көршілерім тым-тырыс. Ешкімнің ойына кіріп-шықпайтын, тіпті ұмытылып кеткен  дүние  сияқты. Іштей мазаландым. «Бұл қазақтарға не болған? Ата салтын ұмытқан якут, тува, саха секілді ұлтқа айналғаны ма?» – деген ойға берілдім.

Бірнеше айдан кейін шыдай алмай көршілерді өз үйіме шақырып, дәм бердім. Кім екенімді, қайдан келгенімді айттым. Не істеп, не қойып жүргенімді баян еттім. «Алты күн аш болсаң да, ата жолыңды ұмытпа» деген ата-баба дәстүріне тоқталдым. «Заңдардың арғы атасы – салт-дәстүр. Арғы атасына тартпаған заң – тексіз, шата» деген Нарша ақынның сөзін естеріне салдым.  

Арада біраз уақыт өткеннен кейін Ораза айт және Құрбан айт күндері келіп жетті. Көршілер үйге келер деп үміттендім. Тағы да тым-тырыс, өлі тыныштық. Көршілерге  өзім барудың ретін таппадым. Өйткені олар шақырып, «ерулік» берген жоқ. Ақыры шыдамым таусылып, «айттап шығыңыздар» деп көршілерді екінші қайтара үйіме шақырдым. Төрден орын беріп, құрмет көрсеттім. Ата жолын тағы да ауызға алдым.

Осы күні адамдарға не болған? Неге бір-бірінен суып барады? Ештеңеге қызығып, ештеңеге зауқы соқпайтын сияқты. Енжар, селқос, қабақтары түсіңкі. Қарақан бастарының қамын ойлаған күйбең тірліктен қолдары босамайтын тәрізді. Бір-бірімен істері болмай, күн көрудің мехнатымен өмір кешкен бұларға қандай өкпе айтарсың? Бір-бірінің есігін ашпақ тұрмақ, сәлем беруге ерінетін, сәлем бергісі келмей теріс қарап тұратын, сәлемді зорға алатын немесе салқын амандасатын кейбір кісілерді көріп қынжыласың. Неге олай? Оған кім кінәлі? Ер Түріктің баласы, Ұлы даланың текті ұрпағы мен қайсар ұлдары енжарлыққа қалай бой алдырды?  Рухани дағдарыс дегеніміз осы ма? Енжарлық етек алған заманға тап болдық па? Енжарлық бізді қайда апарады?

Енжар адамнан спортшы шықпайды, патриот та шықпайды. Ал спортшы болған адам ешқашан енжар болмайды. Оның жүрегі Отан деп соғады, ұлт мүддесі үшін белін буып, күреске шығады. Париж олимпиадасына қатысқан дзюдошы қызымыз Әбиба Абужақынова туралы осылай десек те болады. Айтулы аламан жарыста орысша сұрақ қойған журналиске қазақша сұхбат берген де осы Әбиба! Оны кешегі батыр Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларының жолын жалғаған жұрнағы десек те жарасады. Жеңіске жетіп, кимоносындағы қазақ елтаңбасын көрсетіп, қолымен жүректі бейнелейтін қайсар қыз да елінің мақтанышы. Әбибаның қазақ қызына тән намысын бәрінен биік қойғаны барша қазақтың рухын оятып, мерейін асырды.

Ал, кейбір телеарналарда екі қазақтың орыс тілінде шүлдірлеп сұхбат жүргізгенін көргенде көңілің жабырқайды. Атағы жер жарған тұлға болса да, көргің келмей теріс бұрыласың. Туған тілінде сөйлеп, туған тілін қорғай алмағаннан қандай үміт күтесің? Бұл енжарлыққа бойын үйреткен дүбара адамдардың ғана қолынан келетін шаруа демеске амалың жоқ.

Елдос Сметов Париж олимпиадасында алтыннан алқа тағынып, барша Қазақ елін қуантты. Жеңімпаздың құрметіне еліміздің көк туы көтерілгенде Елдос көз жасына ерік берді. Елдостың көз жасы – елге деген сүйіспеншілік пен құрметінің белгісі. Туған елі үшін шын патриоттар ғана жылайды. Нағыз елім деп еңіреген, жұртым деп жүрегі соғатын спортшылар жылайды. Ал енжар адамда жеңіске жетелейтін күш-жігер бола ма? Көз жасын ағызып, жан жүрегі езіліп, толғана ма?

Бүгінде кез келген мейрамхана мен кафелерге барсаңыз, қазақ тілінде жазылған ас мәзірін көрмейсіз. Сауда орындары мен дүкендерде де осындай көріністі көретінің анық. «Неге мемлекеттік тілде жазылмайды?» деген сауалыңа иықтарын қиқаң еткізіп, үнсіз қалады. Кейде «түзейміз» деген құрғақ уәдесін де аямай бере  салады. Ана тілімізге жасалған мұндай қиянатты көріп қапа боласың. Енжарлықтың көкесін көріп түңілесің.

Астана қаласындағы «Алаш» тас жолы бойындағы №37 үйге орналасқан «Әнуар» супермаркеті туралы айрықша айтуға болады. Мұнда барлық жазу қазақ тілінде жазылған екен. Сатушылар ана тілімізде мінсіз қызмет көрсетіп, келушілердің алғысын алады. Тіпті тауардың чегі де мемлекеттік тілде жазылып беріледі.  Бұл ұжымның енжарлық деген пәлекеттен арылып, тіл мәртебесін көтерген, абыройын асырған ерен еңбектерін бүкіл елімізге үлгі етуге әбден болады. Әлеуметтік желіде осыны хабарлаған бауырымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.  

Маңғыстау облысындағы әскери полигонда қайғылы оқиға орын алды.   Оқу-жаттығу кезінде 19 жасар сарбаз кісі қолынан, яғни лейтенанттың атқан оғынан қаза тапты. Ай мен күннің амандығында Отан күзетінде жүрген жас ұланның өмірі қиылды. Бұл оқиға туралы ақпарат елді елең еткізді. Мұндай сұмдықтың орын алуы алаңдатарлық, әрине. Ата-анасының айтуына қарағанда, әскердегі ұлы апта сайын ақша жіберіп тұруды өтінген. Соңғы кездері бұл өтінішін жиілеткен. Не үшін керектігін сұрағанда  жігіттермен бірлесіп қажетті бір зат алатындарын айтқан. «Ауылдан әкеліп беремін» деген әке сөзіне көнбеген. Шамасы командирлердің  бірі нашақор болуы мүмкін. Сарбаздар ақша жинап, әлек болып жүргендері содан болар деп топшылайды жауынгердің әкесі.

«Батыс» өңірлік командованиясының қолбасшысы Бауыржан Артықов сарбазды жерлеу рәсіміне қатысқан. «Қылмыс жасаған адам тиісті жазасын алады. Сондай-ақ, осы трагедияны болдырмауға тиісті, соған жол берген әскери қызметкерлер де тәртіптік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады» деген болатын қолбасшы. / «Время» газеті, 12.09.2024 ж./ Демек, әскери бөлімде теріс әрекеттер мен былықтар жалғасып келген. Ондағы адамдар көрсе де көрмеген, білсе де білмеген қалпында немкеттілік танытқан  секілді. Түптің түбінде әскердегі енжарлық осындай кісі өліміне алып келіп отыр. Енжарлықтан асқан кесапат болмаса керек.

Жаратқан жанымды алсаң,  алшы менің,

Бір түйір жерге түскен тамшың едім.

Мұқағали жоғалса қайтер дейсің,

Артымда қалсын жерім, қалсын елім.

Осылай жырлаған ақиық ақынымыз Мұқағалидың азаматтық үнін қапысыз ұғасың. Ел мен жер тағдырына енжар қарамаудың үлгісін көрсетіп кеткен даналығына сүйсінесің. Азамат ретінде еліңе иелік етіп, ұлан-ғайыр міндеттерінің бір қанатында жүріп, оның өркендеуіне тамшыдай болса да өз үлесіңді қосудан артық не бар?! Енжарлық пен немкеттілік деген ескі психологиямен өмір сүрудің заманы өткен. Сол психологияны өзгертіп, санамызды оятып, қоғамдық белсенділікке бет бұратын кез келді. Сенің енжарлығың мемлекет ісіне, халық пен қоғам тағдырына енжарлығың болып табылады. Ендеше, енжарлықтан арылатын заман туды, ағайын!

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ, Қазақстанның құрметті журналисі
25.09.2024

Ұқсас жаңалықтар

СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 200
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 1071
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1110
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1091

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 6083
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5525
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8712
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6516
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7723