Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 20 теңгеге қымбаттады. Қала әкімдігі тиісті қаулы жобасын «Ашық НҚА» сайтында жария талқыға шығарды. Қалалық мобилділік басқармасы 80 теңгелік тариф 2011 жылдан бері өзгермегенін және былтыр ғана 20 теңгеге өскенін хабарлады. Бұған дейін Алматыда қоғамдық көліктегі тарифтің құны қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеген кезде 100 теңге, ал қолма-қол төлеген кезде 200 теңге мөлшерінде белгіленген-ді. Бұл ретте ведомство осы жылы қоғамдық көлікте жол жүру үшін орташа тариф 310 теңге, ал кейбір маршрутта 400 теңгеге жететінін атап өтті. Осыған байланысты жыл сайын тасымалдаушыларға төленетін субсидия мөлшері өсуде. Егер 2023 жылы 68,7 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы субсидияның болжамды сомасы 97,3 млрд теңгеге дейін өсті. Осылайша, қазіргі тариф бойынша субсидиялау мөлшері үнемі өсіп отырады. Қала тасымалдаушылары қолданыстағы тариф тасымалдаушылардың автобус сатып алуға, жаңартуға және уақытылы қызмет көрсетуге, сондай-ақ жүргізушілердің жалақысын көтеруге жұмсаған шығынды өтемейді деп бірнеше рет мәлімдеді. Тасымалдаушыларға және жергілікті бюджетке жүктемені ішінара азайту мақсатында қалалық қатынастарда жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауға тариф белгілеу туралы қала әкімдігі қаулысының жобасы дайындалды. Жол жүру тарифі 120 теңгеге көтерілді. Тиісінше, азаматтардың жеңілдетілген санаттары үшін жол жүру құны тарифтің 50%-ы болады. Сонымен қатар қоғамдық көлікте жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол жүру ақысын қолма-қол ақшамен төлеуді алып тастау көзделген. «Бұл автобус жүргізушісіне көлік құралын басқаруға және ақша жинауға алаңдамауға мүмкіндік береді», – деп хабарлады қала әкімдігі. Қалалық мобилділік басқармасы жаңа тариф кезінде субсидиялаудың болжамды көлемі 2024 жылы 7 млрд теңгеден аса қысқаратынын атап өтті. Бұл қала тұрғындарының талабын ескере отырып, қоғамдық көлікте көп жүруді арттыруға қосымша қаржы жұмсауға мүмкіндік береді. 26 маусым Жолаушылар тасымалы кәсіпорындары қауымдастығы Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілері тапшы деп мәлімдеген. Қауымдастық хабарлауынша, қалада арнайы көлік жүргізуге рұқсаты бар кәсіби жүргізушілер аз. Бүгінде тапшылық 1000-ға жуық адамды құрайды. Мемлекет Алматыдағы көлік қаңқасын құруға 2,8-дан 4 трлн теңгеге дейін қаражат жұмсамақ. Бұл қоғамдық көлік қозғалысының орташа жылдамдығын 60%-ға арттыруға бағытталады. Осының нәтижесінде 2030 жылға қарай оңтүстік мегаполистегі қоғамдық көлікті пайдаланушылар саны жеке көлікте жүретіндер санынан асып түсу керек. Мегаполисте тәулігіне 2300-ден астам автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Алматыда қала халқының 38 пайызы ғана қоғамдық көлік пайдаланады. Бұл әлдеқайда төмен көрсеткіш. Қала көшелеріндегі бірнеше шақырымға созылған кептеліс, көліктерден бөлінетін зиянды қалдықтар кесірінен ауаның ластануы сынды мәселелер мегаполистің бірнеше жылдан бергі өзекті сұрағына айналғаны белгілі. Әкімдік осы мақсатта көлік жүйесін реттеуге көшпек. Ол үшін ауқымды бағдарламаның жоба-жоспарын бекітті. Онда метро жолдарын ұзарту, автобус жолақтарын көбейту мен ЛРТ құрылысын жүргізу сынды бірнеше бағыттар қамтылған.