Қош бол, Құрманғали бауырым!

Қош бол, Құрманғали бауырым!

Белгілі ұлтжанды азамат, ел мен жердің өткені мен бүгінінің білгірі Құрманғали Ашанұлы өмірден өтті деген суыт хабар көзі қарақты қауымды есеңгіретіп тастады. Жолығысқан сәттері жан шуағын шашып, тарихтың терең түкпірінен тарта әңгіме қозғайтын, қазіргі қазақ қоғамының бағыт-бағдары жайлы келелі пікір өрбітетін Құрманғали бауырымызбен жолымыз түйіспейтіні туралы опасыз  ой сананы сансыратты. 

Құрманғали Сыр сүлейлері елінен-тін. Көнекөз, шежіреші қарттардың әңгіме-әпсаналарын жастайынан тыңдап, құлағына құйып өскен ол республиканың Қаржы және Сауда министрліктерінде шенеуніктік қызмет атқарса да, кәсіпкерлікпен айналыссада ата-баба тарихына деген адалдықтан айнымады. «Арғын болсаң, Алтай бол, Керейт болсаң, Жартай бол», «Ел қорғаны – Мәті би», «Атан мініп, жауға шапқан Манақ батыр», «Әкелі-балалы Күздеубай мен Сүлеймен мүддәріс» сынды сүбелі зерттеулері, басқа да зерделеме мақалалары баспасөз беттерінде жиі көрініп жатты. Құрманғалидың қазақтың тұңғыш пірі, дін көсемі Мүсірәлі Жәдікұлы туралы, сондай-ақ керейт пен керей тайпаларына қатысты ой-пікірлерін кезінде академик-тарихшы Манаш Қозыбаев қолдап, қуаттаған болатын. 

Бұдан тура 15 жыл бұрын, халықаралық «Қазақстан-Zaman» газетінің бас редакторы, жазушы Ертай Айғалиұлы бізді таныстырғанда, менің ең бірінші қойған сауалым «Керейт шежіресінің соңғы нұсқасы бар ма?» болды. Бұл тақырыпқа қызығуымның себебі марқұм әжем Шәрипа Жаппасбайқызының руы керейт. Үлкен ағасы алпысыншы жылдары өмірден өтіп, соңында қалған немерелері ру шежіресін жазып алуға үлгірмеген ғой. Сонымен, керейт екендіктерін, Сыр бойынан келгендерін ғана біледі, басқа деректерден беймағлұм. Ағам, Торғай елінің сыйлы азаматы Кәрімжан Бекболатұлы Алматыға бір келгенде осы сұрақ өзін көптен мазалап жүргенін айтып, шежіреден хабардар білікті тарихшылардың бар-жоғын сұрады. Құрманғалиға жиі қоңыру шалып, хат-хабар біліп отыратынмын, «іздегенге сұраған деген», дереу ағам екеуін жолықтырдым. Ұзақ әңгімелесіп, жүлге-жүлгені қуалай отырып, нағашылы-жиенді екі азамат діттеген жеріне жетті. Мен мұны Құрманғалидың жан-жақты терең білімдарлығының көрінісі ретінде бағаладым. Ақиқатында, Құрманғали бағзы замандар мен бүгінімізді жалғастырған дуалы ауызды азамат болатын.   

Ғылыми жұмысымды «кәсіпкерлік экономикасы» бағытында қорғағандықтан, мені еліміздегі кәсіпкерліктің дамуы және белгілі кәсіпкерлердің іс-тәжірибесі қызықтыратын. Ол кезде Құрманғали «Қазақ кәсіпкерінің әліппесі» атты кітап жазып, телехабарларда жиі көрініп, бүкіл қазақ еліне мәшһүр болып қалған-ды. Алғашқы капиталды қалай құрағандығын жалықпай айтып, Алматының қақ ортасындағы кеңсесін, өндірістік цехтарын аралататын. Осы әңгімемізді арқау қыла отырып, республикалық «Экономика» газетіне Құрманғали жайлы суреттеме шығардым, ондағы тұжырымдарды студенттерге оқитын дәрістеріме өзек етіп, семинар сабақтарында пайдаландым. Ал, Құрманғалидың қаламынан туған, болашақ экономистер кәдесіне асып жатқан «Замана көшінен қалмаймыз десек, менталитетімізді нарыққа бейімдеуіміз қажет» және «Дағдарыстың пайдасы-ысырапшылдыққа жол бермеу» атты талдама мақалалары уақыт өтсе де өзінің мәнін жоймайтын, замана шындығын боямасыз бейнелейтін  үздік туындылар екендігі әріптестеріміз тарапынан мойындалды да.  

Абзал азаматтың еліне бергенінен берері көп еді. Тағдырдың жазуына қайран жоқ, жатқан жері жәннатта болсын, соңында қалған ұрпағына ғұмыр берсін дейміз. 

Қош, Құрманғали бауырым! 

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ
28.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 78
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 600
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 717
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 629
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 639

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8775
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8175
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11404
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9158
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10389