ҚР БжҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаменті басқарма басшысы Бахытжан Биекова: Мемлекеттік тапсырыс ақпараттық жүйе арқылы бөлінді

ҚР БжҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаменті басқарма басшысы Бахытжан Биекова:  Мемлекеттік тапсырыс ақпараттық жүйе арқылы бөлінді

Білім және ғылым саласы тәуелсіздік алғалы бері талай құқайды көріп келеді. Дегенмен Асхат Аймағамбетов келгелі (2019 жылы тағайындалды) ҰБТ-да біраз өзгеріс болды, «Педагог мәртебесі» туралы Заң қабылданып, бастауыш сыныптар «Әліппемен» қайта қауышты. Ұстаздарды «қол бала көретін» түсінік түзеліп, құқығы қорғала бастады. Алайда салада әлі де болса қордаланған проблемалар бар.

Әсіресе соңғы жылдары колледждерде сабақ беретін ұстаздардың мектептерге ауысу үрдісі артып, кадр тапшылығы орын алды. Педагогтардың мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын көтереді деп үміттенген «Педагог мәртебесі» туралы Заң тармақтарында колледж педагогтарына қатысты нақты сөз қозғалмаған. Сондай-ақ жылда мемлекет бөлген гранттардың игерілмей қалып жататыны тағы бар. Колледждерге қатысты осы және басқа да мәселелер жөнінде білу мақсатында ҚР БжҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаменті басқарма басшысы Бахытжан Биековамен сұхбаттасқан едік. 

– «Педагог мәртебесі» туралы Заң қабылданғалы бері колледж педагогтері мектептерге кетіп жатыр. Себебі мектеп мұғалімдерінің жалақысы өсіп, әлеуметтік жағдай жасалды. Колледж мұғалімдеріне де материалдық жағдай жасалуы керек шығар...

– «Педагог мәртебесі» туралы Заңға сәйкес, 2026 жылы Үкіметтің №11-93-1193 қаулысына өзгерістер енгізілді. Енді жалпы білім беру мектептерінің педагогтары сияқты колледж педагогтары да біліктілігіне байланысты үстемақы алуға құқылы. Мысалы педагог лауазымына қарай, педагог модераторларға 30 пайыз, ал педагог сарапшыларға 35, педагог зерттеушіге 40 пайыз, педагог шеберлерге 50  пайыз мөлшерінде үстемақы төленеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Педагог мәртебесі» туралы Заңды іске асыру шеңберінде педагогтардың еңбек ақысын 4 жылда екі есе арттыру көзделген. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мектеп және колледж мұғалімдерінің еңбек ақысы 25 пайызға артты. 2021 жылы қаңтарда жалақы тағы 20-25 пайызға көтерілді. Алдағы 2 жылда тағы 25 пайыздан қосылады. 

Бүгінгі күні 3 240 педагог Ұлттық тестлеу орталығында біліктілік тесттен өтіп, аттестаттау рәсімі арқылы тиісті біліктілік санаттары үшін үстемақыларын алып отыр. Атап айтсақ, педагог модератор біліктілігі санаты бойынша 1222, педагог сарапшы біліктілігі санаты бойынша 929 адам, педагог зерттеуші біліктілігі санаты бойынша 989 және педагог шебер 102 адам. Яғни мектептермен бірдей колледж мұғалімдерінің де санаты бойынша  жалақысына үстемақы қосылады. Сонымен қатар колледж басшылары мен олардың орынбасарларына басқарудағы шеберлігі үшін материалдық көтермелеу, яғни үстемақы қарастырылған. Бұл 30 пайыздан 100 пайызға дейін. Қазіргі уақытта елімізде 400-ден аса мемлекеттік колледж бар, соның 150-ден астамында директорлар үстемақы алып отыр. Мектептердегі сияқты топ жетекшілігі үшін (сынып жетекшісі) 50 пайыз, дәптер тексеруге, жалпы білім беру пәндерін ағылшын тілінде оқытуға да үстемақы қарастырылған.

– Колледжде сабақ беретін магистр дәрежесі бар педагогтарға үстемақы төленбейді. Неге?

– Колледжде сабақ беретін магистрлер мектеп мұғалімдері секілді үстемақы алмауының өзіндік себептері бар. Бұл министрліктің ішкі саясаты. Өйткені басты міндет – мектептегі білім сапасын арттыру. Әрине білім сапасы тікелей мұғалімнің білім сапасымен байланысты. Ұстаздың академиялық дәрежесі неғұрлым жоғары болса, оқушылардың білім сапасы соғұрлым жоғары болатыны ақиқат. Сондықтан мектепке магистрлерді тарту үшін үстемақы қосылады. Ал колледжге келетін болсақ, студенттерді еңбек нарығына қажетті құзыреттермен қамтамасыз ету өндірістен мамандарды тарту арқылы жүргізілуде. Қазіргі уақытта оларға үстемақы тағайындау мәселесі талқылануда. 

– Колледждердегі маман тапшылығын қалай шешпексіздер?

– Биыл колледждерде өндірістік оқыту шеберлеріне шамамен 220-дан астам маман жетпейді. Дегенмен бұл 2019 жылға қарағанда 38 адамға төмен. Жоғарыда атап өткендей, колледждерге кәсіпорындардан сапалы мамандар келген дұрыс деп есептейміз. Өйткені дуалды оқыту кезінде практика көлемі 60 пайыздан аса уақытты алады және оқу процесінде өндірістік оқытудың маңызы үстем болғандықтан, білікті мамандар болса, сол тиімді. Сондықтан биылдан бастап кәсіпорындарда практикаға барған студентке тәлімгер тағайындап, сол тәлімгерге үстемақы төлеу қарастырылып жатыр. Кәсіпорында бұрын жұмыс істеген немесе зейнетке шыққан кәсіби мамандарға кезектен тыс педагог сарапшы санатын беру арқылы үстемақы төлеу де қарастырылып жатыр. Осылайша кәсіби мамандардың қызығушылығын арттырып, колледждерде студенттерге сапалы білім беруді көздеп отырмыз. 

Сондай-ақ «Жас маман» жобасы шеңберінде көптеген жұмыстар жүзеге асып жатыр: колледждердің материалдық-техникалық базасы жарақтанып, білім беру бағдарламалары халықаралық стандарттарға сәйкес өзектендірілді. Мұнда да негізгі мақсат кәсіпорындардағы тәжірибелі  мамандарды тартып, бірлесіп сапалы білім беруге жұмылдыру. 

– Колледждерге қатысты тағы бір мәселе – мемлекеттен бөлінген гранттардың игерілмеуі. Биыл республика бойынша игерілмей қалған мемлекеттік тапсырыс  бар ма?

– Биыл колледждерге қабылдаудың «ақша студентпен бірге жүреді» қағидаты  бойынша жүргізілді. Жаңа механизмді енгізу үшін мемлекеттік тапсырысты қалыптастырудан бастап талапкерлерді қабылдауға дейінгі кешенді шаралар қабылданды және конкурстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін абитуренттерді бөлу арнайы ақпараттық жүйелер арқылы жүргізілді. Яғни алғаш рет барлық мектеп түлектеріне BTS Education платформасында білім басқармаларының ақпараттық жүйелері арқылы кәсіби диагностикадан өту мүмкіндігі берілді. Диагностика талапкерлерге мамандық таңдауда көмектесуге арналған және ұсынымдық сипатқа ие. Кәсіби диагностика қорытындысы бойынша талапкерлер мамандықтарды және колледждерді (4 колледж, 4 мамандық) өздері таңдады. Мемлекеттік тапсырысты бөлуді білім басқармалары автоматтандырылған 7 ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырды. Конкурс барысында құрылыс, электрмен жабдықтау, дәнекерлеу мамандығына бөлінген гранттарға сұраныс аз болғандықтан, игерілмеген гранттар қабылдау қағидатына сәйкес сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта бөлінді.

– Жазда конкурс кезінде қазақ тобына берілген грант бойынша орын толды. Талапкерлердің сұранысына сәйкес, кейбір мамандықтар бойынша екінші орыс тобын ашайық деп жатырмыз. Қазақ тобына қабылданбаған талапкерлер орыс тобына өтініш жазуына болады дегенді естідік. Сұрайын дегенім, мектеп бітіруші түлектер арасында қазақ мектептерінің үлес салмағы көп болғанына қарамастан, орыс топтарында оқуға өтініш берушілер саны қалайша көп болады?

– Ондай проблема болуы мүмкін емес. Жыл сайын қазақ тілінде білім алушылар саны артып келеді. Биыл колледждерге мемлекеттік тапсырыс негізінде 55 961 адам қазақ тілінде,  39 627  адам орыс тілінде оқитын топтарға қабылданды.

– Рахмет!

Сұхбаттасқан – Тілекгүл ЕCДӘУЛЕТ
28.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 110
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 122
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 213
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 213
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 350
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 351
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 582
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 525

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9230
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8626
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11851
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9621
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10834