ҚҰЛДЫҚ САНА «ҚАМЫТЫ» ҺӘМ «ЕВ», «ИН», «ОВ»-ТАН ҚАЙТСЕК ҚҰТЫЛАМЫЗ?

ҚҰЛДЫҚ САНА «ҚАМЫТЫ» ҺӘМ «ЕВ», «ИН», «ОВ»-ТАН ҚАЙТСЕК ҚҰТЫЛАМЫЗ?

Бауыржан Момышұлы кезекті бір қанды қырғыннан соң, көрсеткен ғаламат ерлігі үшін наградаға ұсынылады. Күндердің күнінде жоғары командованиенің бұйрығы шығып, «Қызыл ту» орденін омырауына қадайды. Қаздай тізілген солдаттардың алдында өзін салмақты ұстаған Баукең, бұйрық қағазға көзі түскенде түсі сұрланып сала беріпті. Жалма-жан омырауындағы орденді ағытып алған батыр: «Кешіріңіздер, бұл орден менің адресіме жіберілмепті», – дейді жайбарақат.

 «Қалайша? – дейді саяси жетекші, – Сіздің фамилияңыз жазылып тұр ғой».

 «Қазақта Момыш деген есім жалғыз менің әкемде ғана емес шығар. Бауыржан деген ат та жалғыз маған қойылмаған. Мен Бауыржан Момышұлымын. Ал мына бұйрықта Бауыржан Момышовқа деп жазылған. Сол себепті орденді алудан бас тартамын», – депті батыр Баукең.

Бейресми деректерге жүгінсек, еліміздегі он миллионнан аса қазақтың сексен пайызы «ев», «ин», «ов»-ты әлі күнге «қастерлейді» екен. Одан айырылса ырысы қашатындай, баласымен немерелерінің туу туралы куәліктеріне ойланбастан «ев», «ин», «ов»-ты қонжитуға құмар көрінеді. Осы жерде елдің көз алдында жүрген, әр ісі ұлтқа үлгі, сөзінің «салмағы» бар, тұлғалық имиджі қалыптасқан көкелеріміздің «ев», «ин», «ов» сияқты Кеңес дәуірінде жұққан «шаңды» әлі күнге сілкіп тастауға мойындарының жар бермей жүргендерін айтпай кетуге болмас. 

Тәуелсіздіктің бастауына шөліркеп жеткен жылдары фамилияға да «төңкеріс» жасау жайлы бастама көтергендер болған. «Темірді қызған кезінде соққысы келген» кей азаматтар «шырылдап» жатқанда, жоғарыдағы көкелер «жайшылықта ауыз жаппас, керек кезде өлең таппастың» кебін киіп, үнсіз қалғанын халық ұмыта қойған жоқ. Фамилияны өзгерту туралы сыбыстың «бұрқ» ете қалғаны сол екен, қалыптасқан дағды бойынша телеарналарда пікірсайыстар ұйымдастырылып, газеттерге сала құлаш «буы бұрқыраған» мақалалар басылып, әй, бір қызу науқан жүріп берген. «Сүт бетіне шығар қаймақтар» өз ой-пікірлерін ұсынып, тықпалағаны есте қалыпты. Содан бері қаншама жыл өтсе де заңмен бекіп жүйеленбеген «тегі атауын» (фамилия) әркім өз қолайына икемдеп, көкпарға тасталған серкедей жан-жаққа тартқылап жұлым-жұлымын шығарды. Бәзбіреулер «ев», «ин», «ов»-ты «қысқартып», әкесінің атында қалса, енді біреулері «тегі», «ұлы», «әулеті», «түбі» деген тіркестерді «жекешелендіріп», «патенттеп» алды. Қызды-қыздымен кейбір қасқалар «тегінің» артына туған қаласын «тіркеп», «қозы көш» атауды «сүйретіп» арабтарға ұқсап шыға келмесі бар ма? Біздің еліктегіш қазақтардан бұдан да зорын күтуге болатынына осының өзі-ақ жарқын мысал.

Келешекте «ақылы кіріп» «ев», «ин», «ов»-ты «талақ» ететіндер кездесіп жатса, Бауыржан атамыз секілді «ұлы» болып қала ма, жоқ әлде ата-бабасының «құлы» болып жазыла ма, ол енді өздерінің жүрек қалауы. Былай деп жөн сілтеу біздің құзырымызда емес. Десек те, бар қазақтың тұтастығы сақталып, ынтымағы арту үшін «тегімізді» заңмен бекітіп, бір жүйеге түсіруге тиіспіз. Әйтпесе,  халық шатасуға айналды.

Жоғарыда Момышұлын бекер сөз еткен жоқпыз. Қылышынан қан тамып тұрған кеңестік дәуірдің өзінде адами құқығын қорғап, әкесінің ғана ұлы емес, барша қазақтың нұры бола білген батырдан алар тағылым көп. Бүгінгідей «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» мамыражай заманда «ев», «ин», «ов»-қа талақша жабысып айырылмай жүргендерге батырдың ғибратты ғұмыры үлгі болса, кәнекей!

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
21.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда шөп орағы басталды
Жанысбек Арыстанбеков Әшір Бүркітбаев ауылы - 27.05.2023 88
АГРОСАЛАДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы - 27.05.2023 34
Әскери міндеттілермен кездесу
Қордай ауданының әкімдігі - 27.05.2023 71

Топ жаңалықтар

1
Шыңғысханның төр мен босағаны сынауы
Show more
- 2023-05-27 60
2
Қарағанды да бос орындар жәрменкесі өтті
Show more
- 2023-05-27 59
3
Оралдық оқушы республикалық білім додасында жеңімпаз атанды
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2023-05-26 149
4
Жарты ғасыр тарихы бар - Маңғыстау газеті
Show more
Голрох Жеменей - 2023-05-25 309
5
Вейп пен электронды темекіге тыйым салу керек пе?
Show more
Нартай Сарсенғалиев, ФБ парақшасынан - 2023-05-23 491