Құлдықтан оралғандар

Құлдықтан оралғандар

Тәуелсіздігіміз келгелі біздің өмірімізге мүлдем жат нәрселер, оқиғалар сұғына енді. Солардың бірі – адамдарды ұрлап, құлдыққа, күңдікке салу. Мұндай зұлымдықтар алдымен өз елімізде біртіндеп басталып, кейін шетелдерге барып кең етек жайды. Бұл да кейінгі 30 жылда болған жемқорлық пен тәртіпсіздіктің салдары деп білеміз. Әрине, тірі адамды қаншама қапаста ұстағаныңмен, ол күндердің күнінде қашып шығуы әбден мүмкін. Ондай оқиғалар бар. Мен құлдықтан оралған солардың бірнешеуімен кездестім. Бірнеше жыл қатарынан адамзат өркениетінен тыс қалған, оның үстіне ауыр жұмыс, зәбір, зорлық, зұлымдық көрсеткендіктен бе, олардың дені адамға тура қарай алмайтын міскінге айналады екен.

Оны біз «құлдық психология» деп жүрміз ғой. Бойындағы бар асыл мінезден жұрдай болған құл мінезділердің тек өздері ғана емес, олардың ұрпақтарына бұл міскіндік, бейшаралық қан арқылы дари ма деп ойлаймын. Біз ата-бабаларымыздың батырлығын, ерліктерін мақтан тұтамыз. Ол батырлық пен ерлік мінез бабаларымызға қайдан келді? Ат үстіндегі қазақ. Байтақ дала. Көк бөрі мінез. Еркіндік. Жаудан қайтпаған қайсар рух. Ұлттық салт-дәстүрмен суарылған жүрек. Алмас қылыштың жүзіндей жалт-жұлт еткен сайыпқырандық. Осындай қасиеттер баураған біздің бабамызда қандай құлмінез болсын! «Бізді құртқан – Көкшолақ» демекші, ешқандай жау жеңе алмаған батыр ата-бабаларымыз шалыс басып, қай жерде қателесті? Әрине, біздің түбімізге жеткені – алауыздық.

Жау кентауырлардың, көк бөрілердің әлсіз жерін тапты, олардың арасына от салды. «Бөліп ал да, билей бер!» деген қағидатты ұстанып, дізеге салып, құл ете бастады. Тіптен орыстың әйел патшасы Екатерина бұратана халықты құл етудің құнын да ресми түрде шығарды. Бұл бұрын төрткүл әлемді уысында ұстаған көк бөрінің ұрпақтары үшін қорлықтың қорлығы, зорлықтың зорлығы еді. Міне, сол құлдық психология осы күнге дейін жалғасып келеді. Олардың арасында бас көтергендерін ақ патша да, қызыл патша да аяған жоқ.

Кейінгі 30 жыл құлдық психологиядан арылып, еңсемізді тіктейтін тамаша мүмкіндік еді. Әттең... Жемқор НӘН-дер өз ұлтының тірілгенін қаламады. Жағымпаздық өрістеді, жемқорлық үстем етті, рух әлсіреді. Байлар адамдарды ұрлап құл, күң етті. Жастарымыз күнкөріс үшін шетелдерге ағылып, онда да олардың көбісі азапты жұмыстар істеді. Оларды шетелдіктер адам ретінде көрмеді.

Жақында шетелге күнкөріспен кеткен Жарас пен Исламбек атты қос ұланымыз аяқ астынан жоғалды. Әке-шешесі зар қағып іздеді. Шүкір, өткен аптада екеуі құлдықтан қашып шығыпты. Міне мұндай оқиғалар өте көп. Он мыңдаған шетелге кеткен сәбилеріміздің обалы кімге? Кім кінәлі? Әлбетте, өзіміз. Қазір елімізде үміт, сенім оянды. Әділетті Қазақстан құрамыз деп талпынып жатырмыз. Бәріміз де құлдықтан оралғандармыз. Енді өзімізді-өзіміз тәрбиелеп, құлдық психологиядан арылайықшы. Ешкімге жалтақтамай өмір сүріп, көк бөрі бабаларымыздай еркіндікке ұмтылайық. Я, Аллам, халқыма рух бер!  

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
26.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

«ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІНІҢ МАҢЫН РЕТТЕУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.05.2024 67
ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА КӘСІПКЕРЛІК ДАМЫП КЕЛЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.05.2024 65
КӨКТЕМГІ ЕГІН ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫНА ҚОСЫМША 300 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.05.2024 64
 СОЗАҚ АУДАНЫНДА 20 ЖЫЛДЫҚ ТҮЛЕКТЕР ТҰРҒЫН ҮЙ ТАРТУ ЕТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.05.2024 28

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1728
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7760
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11636
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7807
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7960