Құмар ойынға құнықсаң, қор боласың!

Құмар ойынға   құнықсаң,   қор боласың!

Заман дамып, жағдай жақсарған сайын  адамдардың  бойында әртүрлі ойындарға деген  құмарлық артып барады. Бұл ғасыр дерті десе де болады. Қоғам ұзақ жылдар бойы маскүнемдікпен күресті, сосын соңғы кезеңде  нашақорлық пайда болды. Енді  құмар  ойын, одан тәуелділік деген жаңа ұғымдар шықты. Жалпы құмар ойындары қалай, қашан пайда болды десек,  өркениет басталған  кезден бастап бүкіл әлемде кең етек жайғаны жасырын емес.  Шетелдерден келген біреудің қаңсығы бізге таңсық болып, қазір үлкен де, кіші де құмар  ойынның соңына түсіп құрдымға кетуде. Бұған  Үкіметтің де, медицинаның да шамасы жетпей жатыр. 

Әуелде көңіл көтерейін деп бастаған жан құмар  ойынға қалай  тәуелді болып қалғанын өзі де білмей қалады. Содан ойыншы  өз тағдырына  ие бола алмайды.   Бүкіл өмірі ойынға айналады, бұны енді адам психологиясындағы ауытқушылық деп атауға болады. Ойынға құмарлық тез дамиды. Адам бір күн ішінде ойын ауруымен ауырып қалады, бір кезеңде  жиған-тергенінен  айырылып,  далада дымсыз қалуы да мүмкін. 

Қазір құмар ойынға  тәуелділік ауруы (лудомания)  қоғамның бас қатырар басты ауруына айналды. Ішімдікке құмарлық, нашақорлық пен құмар  ойынға тәуелділік бір-біріне  ұқсас. Себебі, ешкім мұндай сұмдыққа тап боламын деп ойламайды.  Алғаш ойнаған адам   (наша мен ішімдікті  татып көргендей) рахат сезімге бөленеді және алдағы кезеңде тағы да ойнағысы келіп тұрады. Ойынға құмар адамды танып-анықтау оңайға соқпайды. Ол біразға дейін,  яғни қаржылық қиындық туындаған кезде ғана көзге көрінуі мүмкін.  Дегенмен ішімдікке құмарлық пен нашақорлықты емдеудің әдіс-тәсілдері, түзету мекемелері бар. Ал  ойынқұмарлықтан емдеудің  айтарлықтай  бай тәжірибесі жоқтың қасы десе де болады.  Ойынқұмарлықтың тағы бір түрі – компьютерлік тәуелділік. Компьютерде ойнайтын ойынқұмарлар өз жеңісінің әрбірін тиынына дейін есінде сақтайды. Бірақ қанша рет жеңілгенін білмейді де, білгісі де келмейді. Қазіргі таңда оны пайдалануға еш шек қойылмайды және адам  жасына тәуелді емес. Әсіресе жасөспірім балалар, студент жастар ойынға тез елігіп, тез кіріп кетеді. Өмірде болған жағдай.  Танысымыздың баласы Әділ мектепте оқып жүргенде  компьютерлік клубтарға достарымен барып жиі ойнайтын. Ата-анасы оған мән бермеді. Кейін колледжге түсіп, студент болғанда да ойнауын қоймады. Жаңа достар тауып, бұны қолдайтын өз ортасы пайда болды. Енді ол футбол ойындарына ақша салып бәс тігіп ойнап жүрді. Алғашында 1-2 мыңдық аз ақшадан бастап, кейін ірі қаражат салатын болды. Университетке түсіп, тамамдаған соң, шаңырақ көтерді. Тәп-тәуір жұмыс істеп, табыс тапқанымен, оны ойланбастан ойынға салып жіберетін. Отбасына өтірік сылтау айтып, бәрін жасыратын болды. Мінез-құлқы да өзгеріп, әншейінде жайдары, момын жігіт сөз көтере алмайтын ашушаң, қызба мінезді жанға айналды. Айлығын сұраған әйеліне де айғайлап, қол көтеретін еді. Әділ жоғалтқан табысының орнын толтыру үшін есепсіз несиелер алды. Бірақ оны үй іші білмеді. Алайда «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген, бір күні жасырын сыры әшкере болады. Бірде банктерден толассыз қоңыраулар соғылып, тез арада өтемесе, темір тордың ар жағына тоғытылатыны айтылады. Бір үйдің құнындай миллиондаған қарызы бар болып шығады. Әбден былыққа белшесінен батқан Әділ жылап отырып, бәрін мойындайды, ата-анасы, жарынан кешірім сұрайды. Отбасы осындай қиын шақта көмек беріп, қолдау көрсете білді. Әділдің айдап жүрген көлігін сатты, жиған бар ақшаларын қарызға жұмсады. Қаншама миллиондаған есіл еңбек желге ұшты. Ойласаң ішің ашиды. Екі ортада оның отбасы зор шығынға ұшырап, зардап шекті. Әділ қалың ұйқыдан оянғандай, сілкініп жан-жағына қарап жаңа өмір бастады. Өзінің қылықтарына ұялды. Ақшасы бар кезде қасынан шықпайтын, өзін ұйыққа батырған «амал достарынан» қол үзді. Қазір жұмысын істеп, отбасын бағып жүр. Бірақ банкке көп қарыз болғандықтан, табысының 50 пайызын әлі де төлеп жүр. Оның қашан бітетіні белгісіз...

Компьютерге тәуелділік мынадай үлгіде көрінеді:

1. Интернетте жұмыс істеуге деген шектен тыс құмарлық – дәлірек айтсақ, ақпарат іздеу.  

2. Ақпарат алмасуға деген қолжетімділіктің шексіздігінен адам өз күшінен тыс қиял әлемін жасап алады.  Интернеттен тәуелді болу көбінесе компьютерлік желілерді бірден-бір әлеммен байланыс құралы деп есептейтіндер үшін әсіресе қауіпті.  

3. Бейне ойындарға шектен тыс тәуелділік.  Бақылаусыз компьютерлік ойын қызметі ойыннан шектен тыс тәуелділіктің қауіптілігін тудырады. 

4. Желі бойынша достармен қарым-қатынастың өзіне тартуы.  Бұл адамның өзіне барлық шарттарды қанағаттандыратын виртуалды сұхбаттасушыны табуына мүмкіндік туғызады.   Бұл жерде танысқан адамымен келешекте қарым-қатынасын үзбеуге ешқандай міндеттеме алмайды.

   Өз бетімен тәуелділіктен арылу көбінесе  қиындық тудырады. Ол депрессияға әкеледі. Өмірдің қалған мәселелері сүреңсіз тартып, өз мәнін жояды.   Дамыған елдердегі ойынқұмарлықтың таралуы 2-3% құрайды және ондай әдет көбінесе ер адамдарда болады. Ойыншылар  әр ойнаған сайын ұтатынына барынша  сенеді. Алдындағы  ұтылғанын есепке алмай, оңай олжа тапқысы келеді.  Олар үшін ақша басты мәселе болмайды. Бұл – ұтыс тігу мен ойынның басталуы арасындағы эйфориялық сезім.  Тіккен ақшасының  мөлшеріне қарамай  ойынды жалғастыра береді. Сөйтіп, өз бетімен ойынды қоя алмайды, ал тоқтатқысы келгендерге  қатты ашуланады. 

  Ойынқұмарлықтың  түбі қиын зардаптарға әкеледі.  Бар мүлкінен айырылып, қарыз, ұрлық, қылмыстық әрекеттер жасап, адам  азғындап немесе өзіне-өзі қол жұмсауына дейін баруы мүмкін.  Өздерінің ойынға тәуелділігінің арқасында көптеген әйелдер мен ер адамдар зор  зардап шегіп, қорлық өмір кешеді. Одан құтылу үшін реабилитациялау (ақтау) керек.  Жақын жандары  қолдау көрсетіп,  күрес жүргізгенде  неғұрлым тиімді және жылдам нәтижеге қол жеткізуге болады.  Адам өз өмірін өзгертуге, жарқын және қолайлы етуге ұмтылып, жағдаятты да өзгертуге болады. Алайда сүйекке сіңіп кеткен жаман әдетті қоя салу оңай   емес.  Ол үшін өзіңді тәрбиелеп, нәпсіңді тыйып, өміріңді өзгертуден баста.  Ойынға тәуелділікті жеңу жолындағы маңызды қадам – ондай мәселенің бар екенін мойындау және салауатты өмір салтын ұстану.    

 

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ
16.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1157
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7205
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11066
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7270
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7417