Талас топырағы талантқа кенде емес. Бұл киелі өңірден өлкенің шырайын кіргізіп, халықтың қалаулысына айналған небір сөз зергерлері мен қоғам қайраткерлері түлеп ұшты. Әрбірі Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүріп, елдің өркендеуіне қызмет етті, етіп келеді. Сондай елеулі жандардың бірегейі – Балтабай Бекежанов. Ол – сонау соғыс өрті шарпып, ел ертеңі бұлыңғыр шақта дүниеге келген ұрпақтың өкілі. Ойықтай қастерлі мекенде кіндік қаны тамған болашақ ұлт қайраткерінің балдәурен шағы оңай өткен жоқ. Анасы Күнашық Бегалықызы сонау ашаршылықтың азабы арқаға аяздай батып, зұлмат жылдардың зобалаңы қазақ даласын зар илеткен кезеңде Арқадан Таласқа табан тіреген бай әулеттен шыққан. Осы аймақта отау құрып, берекесі ұйыған отбасының отанасы атанады. Алайда өмірлік серігінен қапыда көз жазып қалған Күнашық Бегалықызы ұлының бойына асыл қасиеттерді мейлінше молынан сіңіріп, жасқандырмай, жасытпай өсіреді. Әкеден екі жасында қалған Балтабай аға да әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған мінезбен талапты да табанды, қайсар болып өсті. Мектепті алтын медальмен бітіріп, Қазақ ауылшаруашылық институтының инженерлік-механика факультетіне оқуға түсті. Оқуға түспес бұрын еңбекке ерте араласып, трактор айдаған ол техника мен шаруашылықтың қыр-сырына сол сәттерден бастап-ақ үңілген болар. Себебі оқуын тәмамдай сала өз кәсібінің жетік маманы ретіндегі баспалдақтары басталып та кеткен еді.
Жамбыл ауданының «Сельхозтехника» бірлестігінде аға инженер, «Қаракемер» кеңшарында бас инженер-механик, «Ойық» кеңшарында бас инженер қызметтерін атқарып, «Кеңес» кеңшарында басшылыққа өрледі. Бұл қызметке орналаса салысымен ұйымдастырушылық қырымен ерекшеленіп, қызметкерлерін өндірістің дамуы жолында жұмылдыра білді. Тақыр жатқан далаға нәр кіргізген Балтабай ағаның еңбегі ұшан-теңіз. Құмды аймақтың көгі жайқалған, табиғаты құлпырған ұжмақтай мекенге айналарын ол тұста ешкім болжамаған. Кеңшар басшысының қайтпас қажыры мен түгесілмес төзімінің арқасында өңірді көгалдандырып, құм көшкінін тоқтатуға күш салды. Осындай үлкен жоспармен талай табалдырықты тоздырды, мақсатына жетті де. Терең құбырлы құдықтар қаздырып, ауладағы бақшаны ыңғайлы әдіспен суғаруға, көшеттердің көктеп өсуіне жайлы жағдай қалыптастырды. Халықтың ыстық ықыласына, ризашылығына бөленді. Өсімдіктер мен жеміс-жидектердің, көкөністердің жайқалып өскені сондай, аймақ жұртының берекесі артты. Аумақты жер қоршалып, сексеуіл, жиде, құмға төзімді ағаштар отырғызылып, тұрғындар жер асты суларының игілігін көрді. Осындай мол өнімділіктің нәтижесінде сауда-саттықта да егіншілк, шаруашылық өнімдерінің бағасы арзандады. Мұндай жағдай орнатқан басшыға қалай алғыс айтылмасын? Егіншіліктен бөлек, өңірде мал шаруашылығы да өркендеді. Ауыл төңірегіндегі 4 мың гектар жерге қыста су жайылып, ол жер жазда шабындыққа айналып, мал азығы әзірленді. Мал өнімдері де артты. Заман ағымы алға жылжуын тоқтайтпайды, әрине. Қоғам да қилы өзгерістерді бастан өткереді.
Бір кездері әпсәтте халық тіршілігін мүлде басқа арнаған бұрған жекешелендіру науқаны Балтабай аға басшылық жасайтын кеңшарды да айналып өтпеді. Мұндай алмағайып шақта келелі кеңес құрып, оңтайлы шешім қабылдай білу әлбетте басшыға жүктеледі. Күрделі кезеңнен ел еңсесін тік күйінде алып шықты. Қаратау қаласы мен Талас ауданы қосылған уақыттан қызметтік жолын аудан әкімінің бірінші орынбасары ретінде жалғастырды.
Бертін келе Талас ауданына әкім болып тағайындалды. Бұл қызметін де абыроймен атқарып, көптеген ауқымды шаруаларды жүзеге асырды. Мал шаруашылығымен ырысын кіргізіп отырған аудан жұртшылығының ахуалы төмендеп кетпеу үшін барын салды. Тауарлы несие беру тәсілі арқылы төрт түліктің санын арттырып, көптің жүзіне, аймақ тіршілігіне қан жүгіртті. Бұл әдіс бойынша, қожалыққа немесе жеке тұлғаға белгілі бір мерзімге дейін сандаған бас мал несие түрінде беріліп, мал санын көбейтіп алуға зор мүмкіндік туды. Пайдасы да мол. Осындай тауарлы несие алғандар төрт түлігін сай етіп, енді өздері тауарлы несие бере алатын жағдайға жетті. Сүт өнімдерінің қолжетімділігі артты. Жұмыс орындары көбейді. Аузы аққа тиген ауыл тұрғындары осындай несие айналымы негізінде қарыздарынан да арылды. Бірте-бірте ауданның мал саны айтарлықтай өсіп, облыс бойынша бірінші орынға көтерілді.
Деректерге сүйенсек, Қызыләуіт аймағындағы Мұрат шаруа қожалығы 1999 жылы тауарлы несиеге 200 бас тоқты алып, санаулы жыл ішінде оны өз төлі есебінен 460 басқа арттырса, Ақылбай шаруа қожалығы 1999 жылы 200 бас тоқты алып, 637 басқа жеткізген. Басқа да мысалдар өте көп. Мұның бәрі аудан әкімінің халқына деген кіршікісіз адалдығының жемісі еді. Ауыз су мәселесі де Балтабай Бекежановтың назарынан тыс қалған емес. Ауылдарда су құбырын жүргізуді бастама етіп көтеріп, жұмыс оң нәтиже көрсеткенше бәрін бақылауында ұстайтын. Жұбайы Сайлаукүл жеңгей ардақты ағамыздың әр қадамына қолдау білдіріп, қиындық туса, сабырға шақырып, қуанышта жанынан табыла білді.
Жалпы өмірге әрбір адам өзіндік миссиясын арқалап келсе керек. Сол миссия ізгілікке, жақсылыққа, жарқын болашаққа жұмсалса, қандай ғанибет! Балтабай ағаның ғұмыр жолы осындай ғибратқа толы. Оның қызмет барысында жасаған әрбір ісі қалың бұқараның игілігіне арналды. Ол адамдардың мамыражай өмір сүруін басты мұрат тұтқандай. Бала кезден бастау алған өнегелілік өмірінің әр сәтінде өзгелерге сәулесін шашып тұрды. Айналасына жақсы-жайсаңдарды жинаған ағаға кіші де, үлкен де үйір болды. Себебі ол әрбір жанға туғанындай қарайтын. Отбасының ұйтқысы, ортасының беттүзері болды. Кішіге аға болып ақылын айтып, үлкенге інілік ізетін танытатын қашанда. Ардақты ағамыздың ел алдында жарқырап жүріп, Ауданнан шыққан күллі қазаққа белгілі ақын Нарша Қашағановтың Балтабай ағаны өлеңіне арқау етіп:
«Жүректердің ұсынып тұрып жүз гүлін,
Қуанамыз, құттықтаймыз біз бүгін.
Алғаш рет перзенті боп Таластың,
Алып жүрсіз туған елдің тізгінін.
Ағайын мәз өсті деп бір өркенім,
Тағдыр желі бұрмасын деп желкенін.
Азаматтың бір арманы емес пе,
Басшысы болу өзі өскен өлкенің.
Мансапты кім мақсат етпей жүр дейміз,
Қол жетпейді, тағдырды сонсоң тілдейміз.
Бақыттысыз, бақыттысыз, Балтеке,
Бұл бақыттың бағасын тек білгейсіз», – деп жырлауы сондай алғаусыз көңілдердің дәлелі. Иә, көзі тірісінде елінің, тұрғыластары мен ізбасарларының шынайы құрметіне ие болған Балтабай аға расында бақытты.
Ақеділ ағаның өмірлік ұстанымдары мен ауыл тұрмысын көркейтуге бағытталған әрекеттері тағы бір көркем шығармаға айналған. Бас кейіпкер – Балтабай Бекежановтың өзі. Шығарма авторы – әкем, жазушы Оспанәлі Иманәлиев: «Бұл шығарма еліміз қазір өткеріп отырған өзгеріс басталар кезеңде туды. Талас ауданындағы «Кеңес» совхозы әбден тұралаған шаруашылық екен. Жолым түсіп еді, тым-тырақай көшуге кіріскен қауымды көріп, көңілім жүдей қалды. Бақсам, мұнда тиянақты басшылық болмаған, құм көшкіні жайлаған ауыл панасыз, бағдарсыз қалған. Жіберілген басшылар қиыншылыққа үрке қарап, тұрақтамай кетіп отырған. Тұрғын үйлерді құм басып, тіршілік атаулы біржола жойылуға шақ қалыпты.
Сол тұста шаруашылық тағдыры Балта аға Бекежановтың қолына тиді. Ол бірінші күннен білегін сыбанып, тәуекелді серік етіп, жұртқа жанашыр болуға ұмтылды. Балта аға бастаған дүйім ел табиғат дүлейі – құм көшкініне қарсы тұрды. Тал-дарақ отырғызып, ақ қайыңдар бой көтеріп, кешегі қауіпті күндер көзден таса болуға айналды. Бірте-бірте елге де, жерге де өң кірді. Жұрт қамқор басшысын «Балта аға» деп атап кетті. Шығарманың туу жолы осылай», – депті туынды хақында ақжарыла сөйлеп. Әкемнің алғыспен көгерген ер – Балтабай ағаның еңбекқорлығына, терең ойлылығына сүйіне отырып жазған романында сол уақыттың бедері дәл айшықталған. Таңданбасқа бола ма? Қиындықтан қашпай, бұлтарысы көп бұралаң жолдарда қия баспай, жоқтан бар жасап, тұл даланы гүлдендірген, құмды ауылды құтты ауылға айналдырған Балтабай Бекежановтың еңбегі, қадірлі есімі ауыл жұртының, елінің, келешек ұрпақтың жадынан өшпейді.
Елінің арқасүйері болған осынау асыл ағаның өмірден озғанына да жыл толыпты. Балта ағаның жылдық асына жиналған әр жанның жүрегінде ағаға деген сағыныштың табы бары сөзсіз.