Қазақстан демократиялық жолды таңдаған ел. Ғасырлар тоғысында егемендігін алған елдің жаңа саяси бағдарға деген талпынысы мен ізденістері үздіксіз кемелдену сатысында десек қателеспейміз. Осы арада ең әуелі құқықтық саясат деген маңызды тақырыпқа айырықша көңіл бөлген жөн. Себебі мемлекеттік биліктің легитимдігін құқықтық саясаттың биік тұғыры арқылы ғана қамтамасыз етуге болады. Тәуелсіз мемлекеттің дамуы, мемлекеттік басқару жүйесінің қызметі, экономиканы және азаматтық қоғам институттарын дамыту, жаһандық қауымдастық алдында ынтымақтастық үшін жаңа құқықтық негіз қалыптастырылды.
Құқықтық саясаттың негізгі қорытындылары ұлттық заңнаманың негізгі салаларын елеулі түрде жаңартуы болды. Біз құқықтық саясат сөзінің ауқымы барынша кең екендігін білгеніміз жөн. Оның қамтитын аумағы мен салалары өте ауқымды болып табылады. Әрі жыл сайын кемелденіп келе жатыр.
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары жас мемлекетіміз түрлі заңдар мен қаулыларды қабылдап, егемен елдің азаматтарының құқықтық мәртебесін конституция арқылы кепілдендіруге баса назар аударды. Көпұлтты Қазақстан үшін бұл маңызды қадам еді. Осы саясаттың нәтижесінде өмірге келген Қазақстан халықтары ассамблеясы арысы әлемге, берісі ТМД аумағына үлгі болған таңдау болды. Біздің еліміз барлық ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатқан берекелі мекенге айналды.
Жас мемлекетіміз өзінің демократиялық даму жолында құқықтық саясатты дамытуға айырықша назар аударып келеді. Қазақстан Республикасы Президентінің қаулысымен ҚР Үкіметі 2002 жылы қабылдаған «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САЯСАТ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ» аса маңызды құжаттардың бірі болып табылады. Оның нәтижесінде қоғам мен мемлекет дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап берген, адам мен азаматтың негiзгi құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ мемлекеттiк институттардың жаңа жүйесiн бекiткен Қазақстан Республикасы Конституциясы қабылданғандығын айта кету керек. Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігі көрсеткен заңды құжаттарда «Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасында көзделген шараларды орындау Қазақстанда демократиялық, зайырлы, әлеуметтiк, құқықтық мемлекет құруға ықпал етедi. Тұжырымдаманы iске асыру дәрежесi, тиiмдiлiгi құқықтық саясаттың, құқықтық нормалардың мазмұнын, қоғам мүшелерi секiлдi мемлекеттiк органдардың да, сонымен қатар олардың лауазымды тұлғаларының қаншалықты жете түсiнуiне де, нормативтiк құқықтық актілердiң нұсқамаларын ықыласты және адал орындау дайындығына да байланысты.
Осы Тұжырымдаманың базасында Республиканың құқықтық саясатының түрлi бағыттары бойынша (сот жүйесiн, құқық қорғау органдары қызметiн, заңгерлiк бiлiмдi жетiлдiру жөнiнде және т.б.) салалық бағдарламалар әзiрленiп, қабылданатын болады» деп анық көрсетілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқықтық саясаттың жүзеге асырылу барысын өзінің маңызды саяси шешімдері арқылы дәлелдеп келе жатыр. Соның бір мысалы сот жүйесінің жаңғыртылуы. «Жоғарғы Сот төрағасы судьялардың біркелкі жағдайда әртүрлі шешімдер қабылдайтыны жөнінде маған бірнеше рет баяндаған. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Соның салдарынан қоғамда наразылық туындап, соттардың бәрі жемқор деген жағымсыз ақпарат тарайды. Осы орайда Жоғарғы соттың нормативтік қаулылары мен сот тәжірибесіне жасалған шолуларды басшылыққа алу қажет. Сондай-ақ ІТ қызметтерінің талдау жасау мүмкіндігін пайдаланған жөн. Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу органдарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық. Қылмыстық қудалауға түскен азаматтардың құқықтары да лайықты қорғалары сөзсіз», – деген еді Мемлекет басшысы.
Президентіміз бұдан бөлек Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобын құру жайлы маңызды нұсқау берген болатын. Міне бұл да еліміздің даму жолындағы құқықтық саясаттың іске асырылу барысындағы шағын ған бір көрінісі десек қателеспейміз.