Қынадай қырылып жатса да қазақ неге бір-біріне кекшіл?

Қынадай қырылып жатса да қазақ неге бір-біріне кекшіл?

(Жалғасы. Басы өткен санда https://qazdauiri.kz/news/nurgali-mamyrov-qynadai-qyrylyp-zatsa-da-qazaq-nege-bir-birine-keksil )

 

Ұлылар ұлағаты ұққанға маржан

ХІ ғасырда өмір сүрген хорасандық ғұлама Кушайри: «Шынайы тақуаның қасиеті мынада: байлық бітсе, өзін пақыр сезінеді, билікке жетсе ұстамды болады, даңқы шықса жасырынып жүреді», – деген екен. Көкейге қона кететін әдемі ойларды қалай-қалай қиюластырған деңіз! Ішінде артық-ауыс сөзі болсайшы! Сағыздай созылған қойыртпақ ойдан ада. Естігенге де, елге жеткізгенге де жеңіл. Өте түсінікті. Ұлылықтың бір өлшемі – түсініктілік. Біздің бүгінгі саясаткерлер де қу, билікте отырғандар олардан өткен қу. Неше түрлі ел естімеген терминдерді жаттап алып, сағызша созылатын сөздерінің арасына қосып-қосып жібереді. Жұрт «бұл не өзі?» деп басын қатырады. Нұрағаңа осыны айтқым келіп еді... 

– Айналайын Талғат, біз саясатты қояйық. Ол өткінші, бүгін былай, ертең тағы басқаша боп түр-түсін құбылта береді. Біздің айтарымыз өз басымыздың әңгімесінен өрілсін. Әлгінде ауызға алған ортағасырлық ғұламаның ойларымен Абайдың ұлылығы жалғасып, жымдасады. Абай жарықтықтың қай өлеңін алсаң да, қара сөздеріне үңілсең де осы жағы бірден көзге ұрады.

Өз басым данышпан Абайдың өмірін екіге бөлемін. Оның әуелгі жастық шағы, билікке араласып, ел-жұртына әділетті қызмет етемін деген ойдың шылауында жүрген кездері дер едім. Өмірінің екінші кезеңі бар дүниеден көңілі қалып, түңілумен ой тербеген, ағайын-туыстан да, айналасынан да бөлектеніп, жалғыздыққа берілген жылдары. Адамдар неге адам болып өмір сүрмейді? Бұлар неге ой-түйсігін түземейді? Бір-біріне деген мейірім қайда, пейіл қайда, бұлар неге қайырымнан жұрдай?.. Осы сияқты мың сұраққа жауап іздеумен басын тауға да, тасқа да ұрумен өткізген уақытым.

Абай ғұмырының бірінші сатысын өмірді танып-білуге, оқып-тоқуға, ойы озық замандастарымен араласып-құраласуға арнаса, екінші сатысын кейінгілерге өмірлік рухани мұра етіп қалдырған дүниелерін жазуға жұмсаған.

Абай өлеңдерінде – ақынның өз тағдыры бар. Ішкі сезім түйсігі, тебіренісі, күйініш-сүйініші, өкініш, назы – бәрі-бәрі табылады. Осы жағынан алғанда әлі күнге дейін Абайдың деңгейіне бірде-бір ақын көтерілген емес.

Абайдың тілі ащы, себебі ойлары ащы. Екі ащы қосылған соң одан да ащылығы арта түспей ме? Бірақ арғы жағында халқына, жұртына деген жанашырлығы бұғынып жатыр ғой. Ол қазағын жек көріп, бәрі құрысын, құрдымға кетсін деп тұрған жоқ, қайта осы кінәрат, кесапаттардан тезірек арылса екен деп тұр. Осы жағынан бір «Сегіз аяғының» өзі-ақ ойымызға алтын арқау бола алады.

Басында ми жоқ, 

Өзінде ой жоқ 

Күлкішіл кердең наданның. 

Көп айтса көнді, 

Жұрт айтса болды –

Әдеті надан адамның.

Бойда қайрат, ойда көз

Болмаған соң айтпа сөз, – дейді. Кейбіреулердің жігерсізділігіне, арсыздығына, өсекшілдігіне, санасыз-уайымсыздығына налиды, жарместігінен жериді. Осының бәрі жатып ішер жалқаулықтан, есепсіздіктен, өз өміріңнің парқын ұқпағандықтан дейді. Бірдеңені білуге ұмтылсайшы, өршіл, намысқой бол деген ойларын өлеңіне өрнек етеді.

Болмасын кекшіл,

Болсайшы көпшіл, 

Жан аямай кәсіп қыл.

Орынсыз ыржың, 

Болымсыз қылжаң. 

Бола ма дәулет, нәсіп бұл? 

Еңбек қылсаң ерінбей – 

Тояды қарның тіленбей, – деп әлгі бар бәлекет, жамандықтың емін айтады. «Еңбек еткен адамда, уақытын пайдалы кәсіппен өткізетін жанда күпілдек мақтанға, орынсыз ойнап-күлуге мұрша болмайды. Осыны ұғатын кезің жетті ғой, қойсайшы енді!» дейді.

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде.

Адал бол – бай тап, 

Адам бол – мал тап. 

Қуансаң, қуан сол кезде.

Біріңді, қазақ, бірің дос

Көрмесең істің бәрі бос.

Бұрынғы-соңғыда бәрін дәл осылай санаға сіңіріп айтқан кім бар? Кәне, айта қояйықшы, қай ақынның аузынан шыққаны, жазғаны осындай? Таба алмайсың. Өйткені, жүрегіне жүгініп, тербеп айтқан бірі жоқ. Абай із салды. Құдай біледі, данышпан ақын қазақ бұл сырқатынан мәңгілік айықпасын анық сезген сияқты. Абай айтқан жаман мінез, ойсыздықтан әлі күнге дейін арыла алмай, ара-дара боп жүргенімізді ойлағанда, мәселен, өз басым еріксіз солай деймін.

«Біріңді, қазақ, бірің дос 

Көрмесең істің бәрі бос», – деп Абай айтқалы ғасырдан да көп уақыт өтті, алайда өзгерген қазақ болсайшы!.. Әйтеуір ұрандауға құмармыз. Абай сөзін радиодан күнде берсек те, теледидардан күнде сайрап, газет-журналды бет-бет қылып толтырсық та, бәрібір, сөз қонбайды. Қазақтың бірлігі кем. Тағдырдың таяғын жеп, қынадай қырылып жатса да бір-біріне кекшіл, бір-біріне жау... Өтірік пе? Егер солай демесеңіз, онда бұл сөзіме Әсет Найманбайұлының өлеңінен дәлел іздейін.

...Ойда орыс, қырда қытай не істеп жүр, 

Елдік құрсақ болмас па әуел бастан?!

Бұрынғы атамыздан із қалмаған, 

Бірлі-жарым болмаса көзін ашқан.

Айрылып ата қоныс, мал-мүлкінен, 

Ақыры бір шыбындай жан деп қашқан. 

Күйзелген ел, жығылған туды көрмей, 

Бір-біріне ойлайтыны әлі қастан...

Кең жерге сыйыса алмай, бір-бірімен тебісіп жүрген қазақтың бүгінгі күйі ше? Қызғаншақтық, көреалмаушылық, ішмерездік ұлттың соры болғандай. «Қызғанғаның қызыл итке жем болсын!» дейтін атам қазақтың өз қарғысы бүгінде бәріміздің алдымыздан шықты. Жер асты, жер үсті байлықтың рәтін өзгелер көруде. Қазақ аш, қазақ жалаңаш, қазақ арбакеш... Ат айдаушы емес, арба сүйреуші! Міне, өскен түріміз, жеткен биігіміз...

 

– Нұраға, бұл қазақты ең қатты сынаған – Абай, ең жақсы көрген де Абай. Енді түзеле алмай, ит өмірдің теперіш, тепкісінде жүрсек, оған кінәлі өзге емес – өзіміз. Билік өзімізде, байлық өзіміздікі еді... Сіз Абайға жүгіндіңіз ғой, мен Құран сүресіне үңілейін. «Әй, Мұхаммед (с.ғ.с.), сен пенделеріме айт, ниеті бұзылған халықты мен түзетпеймін, ниеті бұзылған адамды мен түзетпеймін, ниеті бұзылған халықты да, адамды да мен өзіне-өзін жазалатамын». Құран сөзі – Құдай сөзі. Бұған мойынұсын¬басқа бола ма?.. 

 

– Абай сөзінде де осындай қуат-күш бар ғой. Айтар ойлары Ахмет Яссауидың «Бүкіл бәле нәпсіңнен, нәпсіңе құл болып, мойның жар бермеуден. Алдымен кінәні өзіңнен ізде» деген ойына үндеседі. Айналасындағылардың біріне қаратып айтты, ұқпады. Бәріне арнады, сөздерін және ұқпады, тіпті ұққысы келмеді. Даусы жаңғырығып, жартастан қайтқандай болды. Сонан соң күйінді. «Мыңмен жалғыз алысты». Енді не істеуі керек еді?.. Жалғыздықтан жапа шекті Абай. «Сегіз аяғының» түйінін:

Атадан алтау,

Анадан төртеу,

Жалғыздық көрер жерім жоқ.

Ағайын бек көп, 

Айтамын ептеп, 

Сөзімді ұғар бірі жоқ. 

Моласындай бақсының 

Жалғыз қалдым, тап шыным! – деп, ішкі запыранын ақтарумен бітірді.

Айтшы, Абайға не жетпейді? Бай десең – бай, бар десең – бар, бәрі жетеді. Иен далада тып-тыныш, өзімен-өзі ішіп-жеп жайбарақат жүре бермеді ме? Даланың сөйтіп өмір сүрген сасық байлары аз ба еді? Ондайлар қазақтың әр ауылынан табылатын еді ғой. 

Бірақ Абайдың таным-түсінігі мүлде басқа болатын. Ол бықыған малды, әлеміш дүниені емес, рухани байлықты аңсады. Осы жұтаңдық жанын жұтатты, жабықтырды, ой азабын шектірді, кең далаға сыймай, тұншығып тірлік кешті. Абайдың жалғыздығының себеп-сыры осында. Ол сол үшін де көресіні айналасынан көрді. Сабалды, аты – адам, заты надан жандардың жаман сө¬зін естіп, қорланды... Сонда да әділетсіздікпен күресті, өмірінің ақырына дейін сол күресінен бір танбады. Ақ қағаз, көк сияның күшімен қалдырған ойлары арқылы бәрін жеңді ол.

Айта қойшы, бүгінгі ұрпақ мыңғырған қай байды, майға меймілдеп, кеудесі кекірек атқан қай болысты біледі? Ал, Абайды әлем біледі. Адамзаттың Абайы деп ардақтаймыз. Қалдырған өнегелі сөздері арқылы ұрпағын тәрбиелеумен келеді. Міне, дәл қазір өзіміз де Абайға, Абайдың ұлылығына жүгініп отыр¬ған жайымыз бар. Демек, адамзат барда, Абай жасай береді! 

 

– Қазағымыз ақыл-ойдың иелеріне кенде емес. Солардың бірі – Жамбыл Жабаев атамыз. Жәкең Абайдан бір-ақ жыл кейін туып, тура 99 жасында көз жұмған. Әуелі Абайдың 150 жылдығын атап өттік. Әлемдік деңгейде тойланды ол. Арада бір жыл өткенде Жамбылдың 150 жылдығын күллі қазақ жұртшылығы дүркіретіп өткізді. 

 

– Жамбыл жәкемді дұрыс ауызға алдың. Ойға жүйрік, санасы сергек ақын болған кісі. Әлдекімдер елге жақпайтын бірдеңелерді бықсытуға құмар-ақ. Әлем білетін Жәкең ондай пенде емес. Егер әлгілер айтатындай біреу болса, Абай туралы қайталанбайтын, оған дейін де, одан кейін де ешкім айта алмаған бағаны берер ме еді?! 

«Жәке, осы Абай қандай ақын?» – депті дейді сынағысы келген біреулер.

«Е, айтайын, айтайын, – депті сонда ұлы Жамбыл ойланып. – Абай ақын емес, ақындардың Пайғамбары ғой! Ол – ақындардың Пайғамбары!..»

Енді Кенесарыға байланысты ел аузындағы сөзді еске алайық.

Кене хан қара басының билігі үшін қырқысты, ажал құшты десек, онда оңбай қателесеміз. Ол тізгіннен кетіп бара жатқан қазақ елінің ел болып қалуы үшін, жерінің бүтіндігі үшін қару алды, қол бастады. Артынан ерген халыққа сенді. Күшінің аз, қаруының әлсіз екенін біле тұрып, соған барды. Өйткені, өршіл рухы мықты еді. Жәкеңнің оқуы кем десек те, тоқуы телегей-теңіз болатын. Сондықтан да екінің бірі айта алмайтын, атақты ғалымдардың, аузын айға білеген академиктердің айтып бере алмайтын асыл ойын бір-ақ сөзбен түйдектетіп жеткізді. «Кенесары жағадан алған жаудан жеңілетін ер ме еді?! Ол етектен алған иттерден жеңілді ғой!» – деді.

Жәкең айтқандай, етектен тартқан иттерден бұл қазақ көресіні көріп келеді... Әйтпесе біз әлемдегі ең бай ел болар едік. Дүниеге келген әрбір сәбидің атына, араб елдеріндегідей, шыр етіп дүниеге келе салысымен жүз мың доллардан ақша салынар еді... Ата-бабаларымыз қанымен қорғап қалған ен байлықтың рәтін бүкіл қазақ көрер еді... Алаңсыз өмір сүрер еді... 

 

– «Айт дегенді айтсаң арың төгіліп, айтпа дегенді айтсаң басың кететін...» деп Әбіш Кекілбай айтатын қызық заманда өмір сүріп жатырмыз-ау! Артының жақсы болғанын көріп, исі қазақтың «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай заманда таңғажайып тірлік кешетін дәуіріне де жетерміз, біз жетпесек ұрпақтарымыз жетер деп тілейік. Келешек жақсы болса екен деп, ұл-қыздарымыз қайғы-мұңсыз ғұмыр кешсе деп күресетін, қажет болса, сол қиын-қыстау жолда өзін құрбан қылатын қасиетті қазақтың ұрпақтарымыз ғой, аға. Бұл да мақтанарлық қасиет. Осы жолдан айнымаса, бұл қазақ мың жасайды. 

 

– Мың жасасын, мәңгі жасасын! Бұл бүгінде жетпіске аяқ артқан менің де көңілімнен кетпейтін көксеулі тілегім. 

 

Сұхбаттасқан – Талғат АЙТБАЙҰЛЫ
13.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН МЕРГЕНІ ЖАМБЫ АТУДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 22.04.2024 21
«ЖАСЫЛ АЙМАҚ»: СОЗАҚ АУДАНЫНДА 1500 ТҮП ГҮЛ КӨШЕТТЕРІ ЕГІЛДІ
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 22.04.2024 28
ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 13 КАНАЛДЫ БЕТОНДАУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 22.04.2024 25
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫ ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 22.04.2024 17
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 22.04.2024 19

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 935
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7005
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10849
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7071
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7210