Қытай халық санын өсіргісі келеді. Неге?

Қытай халық санын өсіргісі келеді. Неге?

Кеңес дәуірінің жетпісінші жылдары  Қытай коммунистік партиясы «Бір отбасы – бір бала» саясатын ұстанып, бала тууды шектеген еді. Осы қатаң саясатты 40 жыл бойы жүргізіп келген ел соңғы кездері соның зардабын тартты: ел халқы қартайып, жұмыс күші күрт азайып кетті. Бүйте берсе тақырға отыратынын сезген билік 2013 жылы «бір бала» саясатын жеңілдетіп, отбасыларға арнайы шартпен екі бала өсіруге мүмкіндік жасады, яғни ауылдық жердің отбасыларына бірінші баласы қыз болса, екінші бала өсіруге рұқсат беріп,  ерлі-зайыптылар әке-шешесінен жалғыз болса, екі бала тууға шектеу қоймайтын шешім қабылдады. Кезінде «Қытай әйелдерінің құқығы» ұйымын құрушы қытайлық әйел Чжан Цзин: «Нәрестенің туылуға қақысы бар: оған дүниеге келу құқығын компартия емес, Құдай береді. Сәбилердің өмірге келу-келмеуіне партия араласпауы керек. Компартия көп жылдан бері осылайша адам құқығын аяқ асты етіп келеді», – деп шырылдағанмен, саясатты қатаң ұстанатын билік алған бетінен қайтпады. Расында да «айттым – бітті, кестім – үзілді» деуге саятын саясаттың «жемісі» көңіл көншітпеді. Ел халқы қартайып, әйелдерге күштеп аборт жасату, жаңа туған қыздарды өлтіру фактілері үйреншікті нәрсеге айналды. Сөйтіп отбасына тек ер бала сүюге ғана таңдау берілді. 

Бұл шешім қытай халқын қуантқанмен, оның түйткілді жағы да бар-тын. Өйткені елдегі бала туу көрсеткіші билік жоспарлағандай қауырт өскен жоқ. Керісінше елдегі 60 жастан асқан қарттар саны 254 млн адамға жетті, бұл жалпы ел халқының 18,1 пайызын құрайды. Демографтар бұл көрсеткіш 2025 жылы 300 млн-ға жетеді деген болжам бар. Биліктің бұл уайымы тегін емес, себебі 2050 жылдарға қарай еңбекке қабілетті халық саны 200 млн-ға қысқарып кетуі мүмкін. БҰҰ есебі      бұдан да артық, олар 2030 жылға дейін Қытайда 67 миллионға жуық жұмыс қолы азаяды деген болжам жасап отыр. Қытай басшылығы халқы тез қартайып бара жатқанын, яғни демографиялық дағдарыс қаупі төнгенін кеш те болса мойындап, бала тууға шектеу қоюды мүлдем алып тастамақ ойда. Бірақ бұл шара халық санының күрт өсуіне жол аша ма? Бар гәп сонда. Өйткені заңдық тосқауыл алынғанымен көптеген отбасы көп бала сүюге пейілді емес:  себебі ата-аналар тұрғын үй, денсаулық, білім үшін көп қаржы жұмсайды, сондықтан ондай тәуекелге бара алмайды. Әлем халқының бестен бір бөлігіне жуығын құрайтын Қытай «бір отбасы – бір бала саясатының» арқасында халық санының өсуін 400 миллион адамға кемітіп, әлеуметтік мәселені азайтып, бұған қоса тамақ және өзге де жұтаң ресурстардың тапшылығын тежеуге қол жеткізгенімен, ерлі-зайыптылардың ұл балалы болуға ұмтылуы мен экономикалық және әлеуметтік қысым салдарынан гендердік тепе-теңдік бұзылды. Психолог мамандардың айтуына қарағанда, Қытайда 30 миллион жігіт бас құрауға жұп таба алмай, ақырында сүрбойдақтықтан қоғамдық тәртіпсіздікке бой алдырады екен. Жағдай өзгермесе, демографтардың 2015-2025 жылдар аралығында елдегі 15 пен 59 жастағылардың саны 24 миллионға азаяды, ал 65 және одан да кәрілердің саны 66 миллионға көбейеді деген болжамдары шындыққа айналуы ғажап емес. Қытайтанушы Нәбижан Мұхаметханұлы: «Қытайдағы бұл шектеуді алып тастауға басты себеп – Қытай халқы қартайып барады. Екінші, еңбек күші тапшы. Бұрын Қытайда еңбек ресурсы арзан болатын. Ал қазір еңбек күші қымбаттап кетті. Оған себеп – 30-40 жылдан бері Қытай халқы жалғыз бала саясатымен өмір сүрді. Бұл жалғыз бала өскенде еңбек еткісі келмейді. Өйткені әке-шешесі, ата-әжесі, нағашы ата-әжесі бар, алты адамның ортасында кішкентай патшадай өседі. Не керек, бәрін алып береді. Дайынға үйренген. Содан кейін де жалқау, әлжуаз балаға айналады. Оның үстіне әскер қатарында әлсіз, жігерсіз балалар қаптап кетті. Қытайдағы шетелдің ірі кәсіпорындары бұл елден Үндістан, Малайзия, Вьетнамға көшіп жатыр. Сондықтан үш жыл бұрын бала санын 2 балаға көбейтуді енгізген. Алайда 2 балаға рұқсат берсе де, қаладағы жас отбасылар бір бала да туғысы келмейді. Бұлар оны асырау, оқыту қымбатқа түседі деп ойлайды. Тіпті қыз бала болса ерте түсік жасату қалыпты құбылысқа айналды. Сондықтан мұнда ұл балалар 1,5 пайызға көп. Демек Қытайда болашақта ер азаматтардың отбасылы болып кетуі үлкен мәселе. Ал «Бір отбасы – бір бала саясатын» мүлдем алып тастау соны шешу үшін қолға алынған шара сынды», – деген болжам айтса, кезінде Қазақстанға аспан асты елінен көшіп келген тағы бір қандасымыз, қытайтанушы Дүкен Мәсімханұлы: «Қытайда отбасын жоспарлау, тууды шектеу саясаты 1970 жылдары басталып, 1980 жылдары үлкен мемлекеттік саясат ретінде жолға қойылды. Ол саясатты орындамағандарға, яғни өмірге бала әкелгісі келген ата-аналарға қатаң іс-шаралар қолданылды. Мысалы егіншіні – жерінен, малшыны – жайылымынан, қызметкерді – жұмысынан айырды. Бұл саясат 2010 жылға дейін жүріп келді. Қытайдың және әлемдік деңгейдегі әлеуметтанушы ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижесінде ұрпақ сабақтастығының үзіліп қалу және ұлттың қартаю қаупі бары анықталды. Әлеуметтік мәселелердің салдарын ескерген билік амалсыздан «бір бала – бір отбасы» саясатын босаңсытуға мәжбүр болды. Сөйтіп, қалалық жерлерде бір баланы екі балаға, аз ұлттарға екі баладан үш балаға көбейтуге рұқсат берді. Егер үш баланың үшеуі де қыз болса, өмірге ұл бала әкелуге мүмкіндік туғызды. Меніңше билік бұл саясатты мүлдем алып тастамауы мүмкін. Себебі қазірдің өзінде Қытайда ресми санақ бойынша 1,5 млрд халық бар. Мұнда арнайы тіркелмеген азаматтардың саны да аз емес. Бәрін есептегенде, Қытай аумағында 2 млрд-қа жуық халық тұрады. Осыны ескерсек,  Қытайдың жан басының саны өссе де, жерінің көлемі өспейтіні анық. Онсыз да халқы тығыз орналасқан Қытай жерден таршылық көріп отырғанда, бала тууды бетімен жібере қоймас деп ойлаймын. Ал билік бұл саясатты мүлдем жойса, мұндағы аз ұлттар жедел түрде өсері кәміл. Мұсылман халықтары діни тұрғыдан баланы өмірге әкелуге тырысады. Ананың құрсағына біткен перзентті Алланың сыйы деп есептейді. Қытай билігі мұны да ескермей қоймаса керек. Бұған дейін қытайландыру саясаты аз ұлттардың өсіп-өнуін шектеп келген-ді. Өз басым ресми Бейжің бала тууға деген шектеуді мүлдем алып тастаса, біздің қандас бауырларға тиімді болар еді деп үміттенемін. Мәселенің қай ауанда өрбуі алдағы уақыттың еншісінде болғандықтан, әліптің артын баққан жөн болар. Күтейік», – дейді. Несі бар, күтелік, онсыз да ұзақ уақыт қалған жоқ қой...

 

Ермек САХАРИЕВ
09.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 222
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 217
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 723
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 846
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 759

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8914
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8308
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11535
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9292
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10520