Қыздың ары тапталған қоғам – арсыз қоғам

Қыздың ары тапталған қоғам – арсыз қоғам

Күнде  еститініміз азғындық жайлы әңгіме. «Зорлап кетіпті, қорлап кетіпті, өлтіріп кетіпті» дегенге селт етпейтін халге жеттік.  Ең сорақысы педофилдер болып тұр. Олардың айтуға ауыз бармайтын қылмыстарынан жан түршігеді.

Қыз намысы – ұлт намысы емес пе еді? Арсыздық, қансыздық, жамандық ұлт таңдамайды ешқашан. Қай ұлтты алсаң да тексізі, тәрбиесізі, арсыздыққа жақыны болады. Салтына берік, дәстүріне адал, қыз бен ұл өсіріп отырған  халық қана өзгелерге  өзіндей қарайды. Құдайдан қорқады.  Айырмашылық осыда ғана. 

Ислам десе арамызда өре түрегелетіндер көп. Бәрі оның ұлы құндылығына бойламауда жатыр...   Қысқаша ғана айтайын, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ә.у.) бір кісі келіп: «Ей, Мұхаммед,  айтқаныңның бәрін орындаймын. Аллаға бойсұнамын. Бірақ мен зинадан қайта алмаймын. Оны істеп жүре берейін», – депті. Сонда Елші: «Сенің анаң бар ма?» – деп сұрайды. Анау: «Бар», – дейді. «Оған біреу зина жасағанын қалайсың ба?». «Ондай сөзді айтпаңыз. Басын кесіп аламын».  Алла елшісі тағы да сауал қояды: «Қызың бар ма?». «Бар». «Оған біреудің тиіскенін қалайсың ба?». «Тиісіп көрсін, қолында өлемін».

Пайғамбар (с.ә.у.) тағы да: «Қарындасың бар ма?». «Бар». «Оны біреудің күштеп зорлағанын қалайсың ба?». «Жоқ. Ол менің көзімнің қарашығы. Оны көргенше өлгенім артық». Сонда адамзаттың ардақтысы: «Сен неге өзің қаламайтын нәрсені өзгеге істегің келеді?» – дегенде әлгі кісі сасып қалып, райынан қайтқан екен.

Салт-дәстүрі, даналығы исламмен қабысқан қазақ жұрты қызын аялап өсірген.  Қазір одан алыстадық. Нәпсіге құл бола бастадық. Бұлғақтап бойжетіп келе жатқан қарындасы бар, әлпештеп өсіріп отырған қызы  бар, қаншама қазақ (жасы  бар, жасамысы бар)  бойжеткен қыздарды алдап, арбап жылатып кетіп жатыр. Зорлық-зомбылық көрген қыздар қаншама.  Білмейтініміз тіптен көп. 

Әлеуметтік желіде өзге ұлтты кінәлап өре түрегелу үшін алдымен өзіміз күшті болуымыз керек. Сонда бізді еш жау ала алмайды. Қыздың арын бағалағанда ғана біз ұлт болып ұйысамыз. Елді шулатқан, кіп-кішкентай бүлдіршінді қорлап өлтірген Сарыағаштағы қанішер  бұрын сотталған көрінеді. Одан босап шыққасын да бірнеше қылмыс жасаған екен тағы... Осы оқиғаны естігенде жарты ғұмыры түрмеде өткен (қазір марқұм)  ағам ойға оралды. Ертеректе Арқалықта кездейсоқ кездесіп қалып әңгімелесіп едік. Өте сауатты еді жарықтық. Заң тармақтарын, баптарды шемішкеше шағатын. Қағілез ғана қара кісі. Анау айтқандай Аплотон күші де байқалмайды. Бірақ рухы мықты екенін, намысы арда екенін қасында отырғанда сезінесің. Тік қарайды. Көзі қаршығаның көзіндей өткір!  Сөзінен ұққаным, алғаш рет 18 жасында сотталыпты. «Әлі ештеңе білмейтін бірінші курстың студентімін. Жатақханада қырғын төбелес болды. Бәріміз ішіп алғанбыз. Қате болайын десе аяқ астында ғой, жоғары курстың бір баласын ыңғайы келген сәтте күрестің әдісіне салып шалқалай лақтырдым. (Ауылда күреспен шұғылданғанмын). Ол бейшара сол жатқаннан тұрмады. Жұлыны үзіліп кетіпті. Он жылды арқалап кете бардым. Анам аңырап қала берді. Түрменің де өз заңы бар ол кезде. Өтірік айтуға болмайды. Болған оқиғаны бүкпесіз айтасың.  Жігіт болсаң, қасқайып жүресің. Мігіт болсаң, мазақсың! Он жыл отырып елге оралдым. Мінез-құлық өзгерген. Анам бақилық болып кетіпті. Ағайын-туыс баяғыдай емес, салқын қарсы алды. Ол кезде сотталған адамға жұрт шошып қарайды.  Сөйтіп уақыт өте берді. 

Сол жылдары елге келімсектер жан-жақтан құйылып жатты. Ішінде тау халықтары көп. Өздері әпербақан. Қалталарынан пышақ түспейді. Ел іші гу-гу әңгіме. Өсек-аяң. Сыпсың сөзден ұққаным, олардың басынғаны сонша, ауылдағы қыз-қырқынға тиісіп қана қоймай, оңашада жолықса топ болып зорлап жіберуді әдетке айналдырыпты. Обалы нешік, елдегі атпал азаматтар оларды ұрып-соққанымен, олардың «жыны» басылмағанға ұқсайды. Біршама уақыт өтті. Тракторға отырдым. Шөп шабамын. Тар қапастан шыққан адамға ауыл тірлігіне үйреніп кету қиын екен. Қайтемін, төселіп келе жатқам. Бір күні ауыл шу ете қалды. Үй салып жатқан келімсектер мектеп жасындағы қызды тапа-тал түсте  ұстап алып зорлағалы жатқан жерінен ауыл жігіттері үстінен түсіп құтқарып қалыпты. Намыстанған жігіттер кешкілік сыбағаларын берейін деп барса, бәрінің қолында бір-бір пышақ дейді жалақтаған. Көздеріне қан толған. Өздері удай мас. Жақындатпаған.

Мұны мен кеш естіп қалдым.  Әй, намысымның қозғаны-ай! Түннің бір уағында әлгілердің жатақтарына жалғыз бардым.  Етігімнің қонышында қос қол араның темірінен арнайы істеп алған қара пышық. Барсам, бәрі «гәр-гәрді» беріп жатыр. Көпшілігі удай мас. Ағаш үстелдің үстіне бастарын қойып қылжиып жатқандары біраз.  Қуықтай бөлменің іші көк түтін. Әбден құтырғандары сондай, сақтық дегенді мүлде ұмытыпты. Отырғандар мен кіріп келгенде шоршып-шоршып түсті. Төрде отырған «төбедейінің» түсі суық екен. Алара қарайды. Мен көп мыжып отырмай жаргондата сөйледім. Істеп жүрген істері үшін жауап беретіндерін, түрмеде қыз зорлағандарды аямайтынын ескерттім. Қазақ халқын бұлай басынуға болмайтынын, егер бұл әпербақандық жалғаса берсе, арты жақсы болмайтыны айтылды. Сөйтіп орнымнан тұрғалы жатқанымда басым ду ете қалды... (Арттан келіп біреуі табуреткамен ұрыпты).

Есімді ауылдың шетіндегі қалың қамыстың арасында жидым. Күн шыжып тұр. Басым сынып барады. Тұла бойым қан-жоса. Тәлтіректеп көлшікке барып әрең жуындым. Сүлдерімді  сүйретіп  шоқ талдың арасына  барып жан шақырдым. Не болса да тапжылмай түнді күттім. Мені шарқ ұрып іздеп жүрген адам көрінбейді. Қонышымдағы пышақ жоқ. 

Іңір де түсті-ау.  Ұры қасқырдай ұрланып ауылға кірдім. Үйге де соқпай тура  тарттым. Кіріп келсем, сол кешегі көрініс. Сүйретілген сұлбалар. Арсыз күлкілер. Әр жерде қылжиған міскіндер. Кешегі дәу сол орнында қалғып-шұлғып отыр екен. Алдындағы үстелдің үстінде қара пышағым қадалып тұр. Мені көре сала таңырқағандай кейіпте  ұмсына беріп еді,  шалт қимылдап жетіп бардым да көкірегінен теуіп жібердім. Шалқалай барып құлады. Қара пышақты үстел үстінен жұлып алып, боқтанып аюдай қорбаңдап тұра бергенде  жүрек тұсына кірш еткіздім. Кірш еткіздім де, пышақты бұрап жібердім.  (Егер пышақты денеге салғанда бұрап жібермесең, алынбай қалады. – Бұл маған кейін айтқаны). Артыма жалт бұрылсам, кешегі мені қапыда  ұрып құлатқан  неме болса керек, тағы да табуретканы көтеріп төніп келеді екен, оның да өкпе тұсынан ұрдым келіп.  Өкіріп барып құлады. «Жындыны жынды басады» демекші, менің айбарымнан қаймыққан болар, бөлменің іші сілтідей тынды. Бәрінің көздері бақырайып кеткен. Шығып жүре бердім.

Сөйтіп тағы да он бес жылға сотталдым» деген еді ағам. Бір қызығы, сөзінен өкініш табын сезбедім.  Қайта мақтаныш лебі еседі. «Мен ауылымның қыздарының ары мен абыройы үшін сотталдым. Түрмеде  сол үшін беделді болдым», – деді маған.

Сәл үзілістен кейін әңгімесін жалғаған ағам: «Ол кезде түрмеге қыз зорлап түскендерді аямайды. Қорлықтың көкесін көреді. Қапас түрменің өзінде қыз абыройы ардақты!» – дегені есімде қалыпты. Қазіргі түрмеде қалай екен? Әй, ол кездегідей емес шығар. Әйтпесе бүгінгідей малғұндар жер басып жүрмес еді ғой. 

Сөз соңында айтарым, қыздың ары тапталған қоғам – арсыз қоғам. Қаншама ібілістер адам кейпінде жүр. Ол оңбағандар менің де, сенің де, оның да маңайында жүруі мүмкін. Сондықтан абай болайық, ағайын! Ізгілікке шақыратын Исламмен алыса бергенше, иманымызды күшейтіп, обал мен сауапты білетін ұрпақ өсіруді қолға алайық!

 

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
17.08.2023

Ұқсас жаңалықтар

Таза Қазақстан республикалық акциясы
Тараз қаласының әкімдігі - 28.04.2024 6
ҚАБЫЛДАУ
Сарысу ауданы әкімдігі - 28.04.2024 7
Бірлік жарысы
Тараз қаласының әкімдігі - 28.04.2024 5
Тараз таза қала
Тараз қаласының әкімдігі - 28.04.2024 5

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1087
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7132
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10983
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7197
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7341