Қант өнімі көпшілік күнде тұтынатын ас мәзірі құрамында болғандықтан, ол стратегиялық азық-түлік тауары санатына жатады. Мысалы еліміз жылына 400 мың тонна, оның ішінде, әрбір адамның аталған мерзім ішінде 26 келі қантты қажет ететінін ескерсек, осы статистикалық цифр арқылы-ақ бұл өнімнің жоғары сұранысқа ие екендігін білеміз. Осы жерде айтпағымыз, әлгі айтылған 400 мың тонна қанттың 90 пайызы (!) еліміз үшін онсыз да қат – валюта төленіп, шетел асып келген қант құрағынан алынса, қалған небары 10 пайызы ғана отандық таза қант қызылшасы шикізатынан өндіріледі екен.
Былтырғы жылы ауданымыз бойынша 1905 гектар алқапқа қант қызылшасы орналастырылып, одан 55,7 мың тонна балтамыр жиналған. Ол арғы жылмен салыстырғанда 5,1 мың тоннаға артық болып, облыс бойынша жиналған қант қызылшасының 1/3 меркілік шаруаларға тиесілі болды.
Ал биылғы 2021 жылы ауданымыз бойынша 40 ірілі-ұсақты шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары барлығы 2021 гектар жерге қант қызылшасын екті. Өкінішке қарай, биылғы табиғаттық-климаттық қолайсыздықтың басты факторы – жауын-шашын болмай, ағын судың да жеткіліксіз болуына, сонымен қатар жаздағы аптап ыстықты ауа-райына байланысты әлгі айтылған 2021-дің 1251 гектары ғана толық игерілді.
Осы ретте аудан әкімі Руслан Нұрсипатовтың облыс, қала берді, жоғары билік өкілдеріне түртсең топырағынан түгі шығар жерімізді толық әрі тиімді пайдалану үшін су қоймаларын салуды кешеуілдетпеу мәселелерін жиі көтеріп жүр. Сонымен қатар Руслан Маратұлы зерттеулер көрсеткендей, мол суы бар жер асты бассейндерін қолдану мақсатында шаруа қожалықтары өздеріне тиесілі жер алқаптарынан ұңғыма қазу (Үкімет кеткен шығынның 50 пайызын субсидиялайды) керектігін де айтып-ақ келеді. Сондықтан шаруалар келер жылы табиғатқа тәуелді, суға сұраншақ болмау үшін тығырықтан шығудың бірден бір жолы – жер асты суларын пайдалануды қолға алулары керек. Бұл бойынша Ақаралдағы «Гүлдер» шаруа қожалығының қарапайым ғана 2 жер асты құдығымен ондаған гектар алқапты жайқалтып отырған, көпке үлгі болар тиімді тәжірибесі жеткілікті болар деп ойлаймыз.
Биылғы жылы 5-қазаннан, яғни қант қызылшасының қазығы басталған сәттен қақпасы ашық Меркі қант зауытының қант қызылшасын қабылдау пунктіне өткізілген өнімнің әр келісіне үкіметтік субсидия бойынша 14 теңге төленсе, қант зауыты 10 теңгесін шаруаның қалтасына салмақ, яғни барлығы 24 теңгені құрап отыр (былтыр бұл сома 20 теңге болатын).
Шаруашылықтар бойынша өсірілген өнімді толық қамбаға тоғытып алу – алдағы уақыттың еншісінде. Десек те, ағын судың аздығына қарамай, барынша күтіп-бапталған жердің байлығын, елдің ырысын шашау шығармай түгел жинап, мол өнім алған шаруа қожалықтары да бар. Олардың арасынан Ойтал ауылдық округіндегі Е.Ережеповтың «Кудрат» шаруа қожалығы 40 гектар қант қызылшасы алқабынан 4345,74 тонна өнім алған, яғни, олар әр гектардан 1088,44 центнерден балтамыр жинап, 20-қазандағы көрсеткіш бойынша ауданда көш бастап тұр. Ал андасбатырлық Б.Садықовтың «Шаукет» шаруа қожалығының 10 гектар алқабынан жиналған өнім әр гектарға шаққанда 884,88 центнерден айналған.