Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте осы сауаға жауап берген Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров: «Референдум өткізілген болып саналуы үшін референдумға қатысатындар тізіміне енгізілген азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге тиіс. Дауыс беру бюллетенінде екі жауап нұсқасы ғана болады. Қазақстандықтар жақтап немесе қарсы дауыс беруі керек. Егер екі жауап та таңдалса, мұндай бюллетень дауыс берілген деп есептеледі. Бірақ «иә» немесе «жоқ» деп көрсетілген бюллетеньдер қатарына қосылмайды. Егер бюллетеньде ешқандай белгі болмаса немесе түсініксіз болса, ол жарамсыз деп танылады. Сондай-ақ, Қазақстанның 51 шет мемлекеттегі өкілдіктері жанынан учаскелер құрылады. Бұл учаскелердегі тізімге сайлау құқығы бар, шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзімді шетелдік іссапарда жүрген және Қазақстан азаматы екенін көрсететін төлқұжаттары бар барлық азамат енгізіледі. Шет мемлекеттерге жеке шақыру бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапарларға кеткен қазақстандықтар учаскелік комиссияға жүгінсе, төлқұжаттары болса, тізімге енгізіледі. СІМ шетелдердегі азаматтарымыздың тізіміне енгізу үшін Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан учаскелік комиссияларға көмек көрсетеді», – деп түсіндірді.