Түркістан облысында биыл Наурыз мейрамын 10 күн бойы атап өту жоспарланған. Мерекені атап өтуге арналған онкүндік аясында облыс аумағында түрлі мерекелік шаралар өткізіліп жатыр.
Бүгін, 16 наурыз - «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күні Ордабасы ауданында да кеңінен аталып өтуде. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары аудан орталығының бірқатар аумағында ұлттық құндылықтарға бай қойылым көрсетіп, тұрғындарға Наурыз кәде ұсынды. «Ана мен бала» аллеясының аумағында салты-дәстүрді дәріптейтін іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ойнатылды. Ақ жаулықты аналар сауда орталықтарында әннен шашу шашылып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Аталған іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов, зиялы қауым өкілдері, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, білім ұяларының жоғарғы сынып оқушылары мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Негізгі мақсат - ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын кеңінен насихаттау. Рухани құндылық саналатын асыл қазынамызды қайта жаңғыртып, жалпыхалықтық сипат алуына ден қою, жас ұрпақтың бойына сіңіру, ұлт құндылығын дәріптеу.
Айта кетейік, облыс аумағында Әз-Наурыз мейрамы әр күн түрлі тақырыпта 10 күн бойы аталып өтеді.