Санжардың лирикасы

Санжардың лирикасы

Көптен бері тұщынып оқыр лирика кездеспей жүруші еді... 

Бүгін соған жолығысып, бір мұңлы сезім тербей жөнелді. Өлең сөздің тұнықтығы мен мөлдір сезімнің шықтай тазалығы жалғансыз жанға жылу сыйлайды. Жас жігіт Санжар жырында сол бар екен. 

– Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?

– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.

Әлі ауылды көресің, көркейтеді

–  деген мендік көңілде бозала үміт.

Көңілі кіршіксіз жас шайыр алғаусыз ақ сезімі мен аппақ ойын Мұқағалиша қарапайым ғана ақтаруға тырысады. Думанды дүр-дүние орнында болса да, баяғыдай емес екені ақын көзіне анық шалынады. 

Дүниеде анадан артық адам жоқ ақын жанға... Ақын анасын айрықша сезінеді, ерекше адам бейнесінде көретіні белгілі. Ол барда жаны – жайлауда, ой-сезімі – қиян қыр кезген, сыбызғы сыр шерткен, сұлу да пәк сезімге малтыққан ғажайып кеңістікте. Сондықтан да,

Апа, сен болмасаң:

Сұлулықты көрмей кетер едім ғой,

Жылулықты бермей кетер едің ғой...

Күлемін бе? Күлу болмас еді ғой!

Жүрегімде жылу қалмас еді ғой.

 

Жетімдердің күйін кешер едім ғой,

Жетімдердің үйінде өсер едім ғой… – дейді. 

Өз жүрегі мен өмір езуіне үңіле білген жан сөзі. Санжар жан әлемін жадыратқан ана бейнесіне жиі соғады. Оның да өз себебі бар-ау!.. Әкеден гөрі анасының жөні бір бөлек болғандай көрінеді лирикасынан. 

Қайғырсаң – жоқты қайғыр,

Тоңазымай таңдар да атты қайбір.

Орнына енді ойсырап олқы түскен,

Осындайда көкемнің 

                                жоқтығы-ай бір.

Көкесінің жоқтығы өзінен гөрі анасына ауыр тигенін ақын көңілі ащы демімен өзіне балай отырып тамаша жеткізген. Жалпы, Санжар жырларының өзегінен шерге толы сезім арқауы бір үзілмей отырады. Оның жан жарасындай үзілмес мұң өлеңдерін оқыған жанды бірден үйіріп алары анық.

«Нан» деген өлеңі – аса тағдырлы өлең. Дәл бүгінгі күннің тағдырлы жыры десем артық емес. Бүгінде бір жапырақ нанға қазақ баласының қолы жетпей отырмағаны белгілі, бірақ кешегі 90-жылдар баласының бір үзім нанға зар болған күндердің куәлігіне Санжар жыры салауатты дәлел. Сенбесеңіз – оқыңыз! Сезініңіз!

Шарбағына көршінің артылам кеп,

Ал жеңгей нан бере ме?

Ол күмән боп.

...Бүтін нанға жарымай қойдық па, 

                                                     ана,

Кешке дейін қарызға жарты нан жеп.

Айтамын күз деп соны,

Сол күздің жібімейтін мұз боп шері.

«Жарты нанды қайтар» деп жеңгей

                                                  сосын,

Кеш кірместен келетін іздеп сені.

Бір нан артық аламын бүгіндер мен,

Сұрап қалса берем деп бір балақай...

Шешем солай өмірге өкпеледі...

Жағдайын бар демеді ол, жоқ демеді.

Нан іздетпей анаңа, менен сұра,

...Менің анам нан іздеп кеткен еді,

                             содан соң оралған жоқ.

Бұл сұрапыл шындық еді. Жарты нанға кіріптар болған қазақ ауылдарында шаңырақтар кездесті. Дүние аумалы-төкпелі. Сол сұм уақыт сүреңі ақын жанын найзадай түйреп өткені де ақиқат.

Көрші жеңгей жарты нан бере ме деп шарбағына артылған, көз сүзе телмірген күндер де өтті... Ақын жүрегіне қорғасыннан ауыр салмақ артқан кезең де артта қалды. Ал бірақ өткен өмір оралмаса да, саф сана мен сезімтал жүрек әлі күнге сыздауын қоя алмай бебеулейді. 

Анасы «... бар демеді, жоқ демеді». Үнсіздікпен көтерді. Сол заман жүгін көтерген де аналар еді ғой, ал кей ер-азамат морт кеткен-ді. Оны көзімізбен де көрдік біздер. Ақын анасы «нан іздеп кеткен еді, содан соң оралған жоқ»... Ащы шындық. Ақын жанының – азамат жанының терең күйзелісі. Сол күйзеліс арқылы сергек сананың жырға қосқан серпілісі де. 

Ұнайтын ауылымның кеші маған;

Еркелеткен жалғызын есіл анам.

Егін салып ентіккен еңкіш шал мен

Еміренген кемпірді есіме алам.

Санжар санасы – сергек һәм ыстық-суығы басылған, содан да сабырға бой алдырған ойлы. Жас бала кезінде «есіл» анасы мен әкеден тұлдыр жетім қалып, өзін мына жарық дүниеде адам қылып жеткізген қартаң апасына:

Қартаймауың керек, Апа,

Сен үшін –

Құдайменен жасап келем келісім!.. – деуінде терең қасірет дағы жатыр.

Әзіз жан үшін «құдаймен де келісім жасаған» ақын жүрек – аса сезімтал, үлкен жүрек. Осыншама тағдыр талқысына бала шағынан тап келіп, өмір илеуіне ерте түскен ақын жаны аяулы апасын аялаумен өткісі келеді. Құдайға жалынбай, онымен келісім жасағысы келеді. 

Сен о баста қайсар, қатал, өткір ең,

Өмірге өткен өкпең менен өкінішің 

                                                көп білем.

Одан қалды сағынышың сарысудай 

                                            тұр әні,

Ал жүрегің қаншама рет қайғы 

                                 жұтып, жылады...

Одан қалды жан-жағыңа көзіңді 

                                   ылғи алартып,

Отырасың үнемі сен оймағыңды 

                                         жоғалтып...

Құйған, Апа, шәйің неге сондай

                                   тәтті десем мен,

Ұсынады екенсің ғой бар 

                                мейірім-кесеңмен.

Жалған дүниеде бар мейірімін төккен, анасынан артық болған апасын қарлығаштай қорғағысы келеді. Оның әжім түскен маңдайының қыртысын өлеңімен жазғысы келеді. Жас ақын жарадар жанын солай жазғысы келеді.

Осынау шерлі көңіл, шерлі жыр шынайылығы оқырманын еріксіз өзіне магниттей тартары айқын. Санжар үшін өлең жазу – тағдырды жазумен тең. Оның жыры сонысымен сәулелі де.

Ауылда қалған қайда,

Жеңгем де өзі қаланы армандайды, ә?

Әжеммен шәйдеспеген әжелер мен,

Атаммен дәмдес болған шалдар 

                                                    қайда?

Қала мұнаралы,

Көгіндегі көк туы – тұман әні.

Көк түтіннен қашқанда, 

                                        қоңыр жолдан,

Көк күшігім қарсы алып шыға ма әлі?

Ауылда қалған жеңгесі де қаланы армандайтыны жайлы жымиып қояды. Көк түтін жұтқан, алыстан мұнарға батқан, көгіндегі көк ту да тұман арасынан көрінбейтін қаланы несіне армандайсың дегендей сыр жасырады. Шахардың шымқай «көк түтіннен қашқанда» ақын жас «көк күшігі қарсы алар ма» деп алаң көңіл болады жеңгесіне жәутеңдеп... Иә, жеңгесі көңілі даланы емес, қаланы аңсайды. Әлде кімді күтетіндей! Ол да жұмбақ. 

Көке, ауылға қайтайық биыл енді,

Биыл ауыл қарттарын жиі көмді.

Сиыр өлді, қара атың қалып қырда,

Ескі қосың өзгенің үйі болды...

Ол да кетіп, тағы да алмасады ел,

Тіршілік қой, қайтеді, жалғасады ол.

Сары уайымға салынбас 

                                    едім ғой мен,

Сағыныштан өзгесі қалмаса егер.

Санжар лирикасындағы сағыныш та бөлек. Бұл әйгілі Төлеген Айбергеновтің сағынышы емес, жас жүректің анаға деген сағынышы. Саумалдай сағыныш емес, қымыздықтай қышқыл тиер сағыныш. 

Сағыныштан өзгесі бос ой демек.

Бала шақ та айтпады есейме деп.

Қарғыс сынды қаладан қажығанда,

Қарғам-ау деп қоятын шешей де жоқ.

Тағдыр тауқыметін жастайынан тартқан Санжар жас азамат болып қалыптасуында ешкімге де өкпе артпайды. Пешенесіне жазылған сыбағаны сабырмен қара нардай көтеріп алады. Өмір айдынында өксігін білдіргісі келмейді, ерге тән мінезбен жастықпен ғұмыр кешуді мақсат тұтады. Сағын сындырмайтын жыр жолына түседі.

Иә, Санжар ақын, тағдырлы шайыр. 

Асқар АЛТАЙ, жазушы,

Халықаралық «Алаш» 

әдеби сыйлығының лауреаты

03.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27553
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27063
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44403
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40146
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44747