Шеберлер ордасында – түркілік қолөнер шеруі

Шеберлер ордасында – түркілік қолөнер шеруі

 

«Ақтау – Түркі елдерінің мәдени астанасы» түбі бір түркі елдерінің тарихи туыстық арналарын жалғайтын жоғары деңгейлі жоба. Кең  қарымды, көпсалалы мәдени іс-шара түркі руханиятының темірқазығына баланған ұлы мұраларды ұлықтауға, адамзаттың рухани қазынасына мол олжа салған өнерпаз оғландарды дәріптеуге, жаһан жұртына түркі елдерінің терең мәдени тамырластығын жариялауға мол мүмкіндік ұсынады. Ауқымды жоба аясында Ақтау қаласы теңіз жағалауында жасақталған «Дархан дала» этноқалашығының символикалық мәні айрықша. Ен дала төсінде еркін көсілген ержүрек халықтың ата-ғұрпы, дәстүрі, өмірлік пәлсапасы өзара тоғысып, көрерменге  бағзының сарынын, дүлдүл дүбірін, тайпалмас рух тынысын сезіндіре алғаны шүбәсіз.  Этноқалашықта бой түзеген «Шеберлер ауылында» Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан елдерінен келген қолөнершілер ұлттық құндылықтарын көрермен назарына ұсынды. 

 

Әзербайжан:

Жезден өрнек түйіндеп, жібектен жіп иірген

Көне тарихи деректер Әзербайжан мәдениеті  мыңжылдықтардан бастау аларын дәйектейді.  Ежелгі өркениет ошағы өрістеген аумақта  даңқты державалар салтанат құрған,  сондықтан Әзербайжан адамзат дәуірінің әр  алуан алмағайып кезеңінде маңызды рөл атқарды. Әлі күнге дейін экономикалық әлеуетімен,   алуан түрлі табиғи архитектуралық ланшафтарымен,  мәдени жәдігерлерімен және ерекше тарихи оқиғаларымен әлем назарын аударып келеді. Әзербайжан аумағында ежелгі  өркениет  іздері сайрап жатыр, соның ішінде Нұх пайғамбардың кемесі тұрақтаған деген әпсана желісімен әйгілі Гобустан аумағы аса танымал. Әзербайжан халқының кілем тоқу өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне, ал ұлттық музыкалық жанры  «мугам» мәдени мұра тізіміне енгізілген.

«Ақтау – Түркі елдерінің мәдени астанасы»  іс-шарасы аясында әзербайжандық қолөнершілер көпшілік назарына  жез  самауырын,  құман-құмыралар, ою-өрнекпен көмкерілген кестелі орамалдар, жібек жіппен тоқылған картиналарды ұсынды. Дәстүрлі қолөнер бұйымдарының құнды үлгілерінің тарихы тереңге бойлайды. 

Баку шаһарының іргесіндегі Лагич ауылының тумасы Назар Алиев 30 жылға жуық ұсталықпен айналысып келеді. Бұл күнде бабадан мирас боп бойына дарыған текті өнерді өрістетіп, заман талабына сай түрлендіріп, кәсібінің аясын кеңітіп келеді.

«Бала күнімнен бұл өнерге бейім боп өстім. Көнеден үзілмей келген кәсіппен күллі әулетім айналысқан. Мен – жетінші буын өкілімін. Мына ерек бұйымдар көз майымның еңбегі. Лагич ауылына туристер ат басын жиі бұрады. Көбіне кәдесыйлар, мыс, жез, қола металдарынан күнделікті қолданысқа арналған түрлі тұрмыстық бұйымдар жасаймын. Әзербайжан халқының ұлттық  орнаменті – «бута»  «от» деген мағынаны білдіреді.  Мәселен тізбектей орналасқан «бута» әскер, бетпе-бет бедерленсе – махаббат, қарама-қарсы орнықса – дұшпандық, үш «бутаны» қосарлап бейнелеу – отбасы ұғымын білдіреді. Бұған дейін Астана төрінде өткен «Көшпенділер ойынына» атсалысып, жәрмеңкеге қатыстым. Бауырлас  Қазақ елінің Түркі әлемі кеңістігіндегі абырой-беделі аса зор. Біз ылғи жеңісіне сүйсініп, жетістігіне марқайып отырамыз»,дейді Назар Алиев.

Кестеден картина жасау шебері Гульнар Исмеева сәндік-қолданбалы өнер деңгейін жаңа сатыға жетелеп, шығармашылық қарым-қабілетін шыңдап келеді.   Табиғи жібектен кестеленген жасампаз бейнелер, портреттер мен пейзаждар бірегейлігімен ерекшеленеді.

«Кестелеудің бұл түрі «тякялдуз» деп аталады. «Бір қолмен кестелеу» деген мағынаны білдіреді. Ескілікте  халқымыздың салт-дәстүріне сәйкес  бойжеткенге құда түсіп, қызды айттырмас бұрын  оның кестесіне көз қырын салады екен. Қыздың көркі мен көркем мінезін, биязы болмысы мен іске ептілігін осылайша бағамдаған. Кесте өнерінің халқымызға тән көне түрлері бар, тарихы тым тереңде. Түркі мәдениетінің алуан тармағы тоғысқан ауқымды іс-шараға атсалысқаныма қуаныштымын»,дейді Гульнар Исмеева.

Әзербайжандық қолөнер шеберлерінің көрнекті өкілі – Матанат Мирзалиева «Bascali» брэндімен жібек мата өндірісімен айналысады. Жібек шәлілері мен  алуан өрнекті орамалдар талғамы жоғары тұтынушылардың  сұранысына ие.

«Әзербайжанда бойжеткендер қызыл-күлгін түстес шәлі-орамаларды иініне іліп тағады,  кейде басына салады. Ал келіншектер ақшыл, ала боз түске басымдық береді. Орамал – ұлттық киім үлгісінің басты атрибуты. Мен өз өндірісімде табиғи бояу, материалдарды пайдаланамын. Жібек мата өндірісімен менің ата-бабам айналысқан. Ескінің көзіндей аяулы мұраның қадірін арттырып,  әулет ісін жалғап жүргенімді мақтан тұтамын»,дейді Матанат Мирзалиева.

 

Қырғызстан:

Ұлттық киім – ұлт тарихы

 

Ұлттық қолөнер ұрпақтан-ұрпаққа мирас боп ұласқан ұлы жәдігер. Қырғызстандық қолөнершілердің  туындылары тамырлас халықтар мәдениетіндегі сабақтастықты негіздей түсті. Таза, табиғи материалдардан жасалатын қолөнер бұйымдары бүгінде қырғыздың ұлттық бренді екені шүбәсіз.

Құрманбек Сартыматов  тері илеп, таза қайыстан қамшы, ноқта жасап, жүген түйіп, ұлттық нақыштағы бұйымдарды дәріптеп жүрген қолөнер шебері. Мәдени іс-шараға  жиылған  жұртшылық назарын аударған құнды жәдігерлер қырғыз халқының көне мәдениетінен сыр шертетін күміс белдік пен ер-тұрман Құрманбектің қолынан шыққан асыл бұйымдар.

«Біз Бішкек қаласынан арнайы келдік. Былғары, қайыстан алуан түрлі ат әбзелдерін жасаймын. Жиырма бес жылдан бері теріні илеп-өңдеп,  түрлі бұйымдар жасап келемін. Сұраныс жоғары. Қазақ бауырларымның қатары қалың. Қазақтар секілді қырғыз халқы да күмісті ерек қадірлеген. Кұміс белдік әлеуметтік салмақ-дәрежені аңғартқан. Жұмысымда күмісті де қолданамын»,дейді шебер Құрманбек.

Баршаға мәлім, бауырлас елде  жеңіл өнеркәсіп ерек екпінмен дамуда. Жүн түту, киіз басу, кілем тоқу, тері өңдеу сынды салалары өрістеуде.

Қырғызстандық қолөнер шебері Нұржамал Асанғұлова қырғыз халқының қолөнер бұйымдарының ерекшеліктерін,  көне дәуірден қалыптасқан ұлттық бұйымдарды көркемдеуде қолданылған ою-өрнектердің пайда болуын, олардың түрлерін, нышанын, семантикалық мән-мағынасы жайлы мол ақпаратпен бөлісті.

«Біздер киіз үйді боз үй деп атаймыз. Боз үйдің жасау-жабдықтарының тарихи мән-мағынасы бар. Мәселен мынаны «тикче» деп атаймыз. Киім-кешектерді жинақтап қоятын жабдық, Қырғыз халқының ұлттық киімдері әр ұлыстың географиялық орналасу аймағына байланысты түрлі болып келеді. Белдемшені жас босанған ана өзінің анасынан  жасау ретінде алады. Қырғыздар кәжекейді «чыптама» деп атайды. Бұл да ұлттық киімнің маңызды құрамдас бөлігі»,дейді Нұржамал Асанғұлова.

Ал қырғызстандық қолөнерші Гүлсана Атамқұлова қырғыз әйелдерінің дәстүрлі бас киімі «Элечек» жөнінде құнды ақпармен бөлісті.  Оны дайындау үшін жеті метрден 40 метрге дейін жұқа табиғи мата пайдаланылады екен.

Оның сөзіне сүйенсек, бұл бас киімді  әйелдер  жасы мен әлеуметтік мәртебесіне  қарай киген. Онымен  салт-дәстүрлер де тығыз  байланысты. Элечектерді тек ақ матадан ғана бұраған. Бұл өмірдің, ананың символы. 

Ежелгі қырғыздар элечекті өмірлік түрлі жағдайларға да қолданған деседі. Адам қайтыс болған жағдайда оны кебін ретінде пайдалануға болады. Ал көшпелі тайпалар жаңа туған нәрестелерді элечектің матасына орап, құндақтаған. Сондай-ақ бұл мата жарақатты таңу үшін де қолданылған. Қырғыз әйелдері элечегінің 40 метрге дейін жетуінің себебі осы.

Түркі халықтарына  ортақ іс-шараны ұйымдастырып жатқан азаматтарға разылығымды білдіремін. Ең бастысы, дүниежүзінде тыныштық болсын! – дейді қырғызстандық қолөнерші.

Мәдени іс-шараға жиылған қауым қырғыз халқының  өмірімен, тұрмысымен етене танысып, тарихи ерекшелігі мен эстетикалық талғамына жоғары баға берді.

 

Түрікменстан:

Түркі өркениетіне ортақ құндылық

 

 «Шеберлер ауылының» төрінде түрікмен халқының қолөнер туындылары да сап түзеді.  Көз жауын алатын кілемдер, қалы-қалшалар, мыс құмандар, асыл тастармен безендірілген ат әбзелдері, сан түрлі тоқыма бұйымдары түрікмен халқының бай мәдени дәстүрі мен тамыры тереңге бойлаған тарихы турасында сыр шертеді.

Түрікмен делегациясының өкілі, қолөнер шебері Аватгүл Ходжабердиева Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болған Ақтау шаһарында түрікмен халқының материалдық мәдениетінің маңызды жетістіктерін дәріптеу үлкен жауапкершілік екенін мәлімдеді.

«ТҮРКСОЙ ұйымы мен бауырлас қазақ елі бірлесіп ұйымдастырған ұлы жиынға зор мақтанышпен, қуанышпен келдік. Біздер түп-төркіні бір, тарихы тамырлас елдерміз. Өнеріміз өзектес, рухымыз үндес. Бұл іс-шараға түрікмен халқының төл мәдениетін насихаттауға, ұлттық  құндылықтарымызды дәріптеуге келдік. Біздер киіз үйді «Ақ үй» деп атаймыз. Халық назарына ұсынған дүниелер ақ үйдің жасау-жабдығы, аса бағалы, құнды дүниелер, қыз-келіншектер жібек жіппен көз майын тауысып тоқыған текшелі өрнекті түрікмен кілемдер төрткүл дүниеге танымал. Түрікмендердің құрметті бас киімі қозы, тоқты терісінен (әдетте қаракөл теріден) тігілген телпек, сеңсең бөркі. Түрікмен халқының атбегілік өнері аса зор құрметке ие. Біз «атмұрат» деп білеміз. Соған байланысты ат әбзелдерін жасаудың теңдесіз тәсілдері дәуірлер бойы қалыптасқан»,дейді Аватгүл Ходжабердиева.

 

Өзбекстан:

Қыш қасиеті қонған

Халықаралық мәдени  іс-шараға Өзбекстаннан өнерпаздармен қоса қолөнер шеберлері келгені мәлім. Қыш адамзат тұрмысында алғашқы қолданыста болған материалдар қатарында. Қазба жұмыстары кезінде табылған қыш ыдыстар адамзат қоғамының әр дәуірінен мол ақпарат береді. Өзбекстанның көне шаһарларында көркем керамика өнерін керемет меңгерген ұсталар жиі кезігеді. Солардың бірі  Рустам Зафаров.  Қыш өнерінің құпиясына қанық қолөнер шебері    керамика киесі дарыған әулеттің жетінші ұрпағы.  «Шебердің мұрасы ортақ». Бүгінде Рустам Зафаровтың аталарының қолынан шыққан керемет туындылар  Эрмитаж мұражайында сақталған.

Атадан мұра боп жеткен істі лайықты жалғап келеміз. Мен – жетінші ұрпақ буынымын. Әр буынның өзіне тән түр-түсі болады. Біздің толқынға қызғылт сары түс тән. Бұл оттың түсі. Біз барлық өнімдерді қызыл саздан жасаймыз. Әр ою-өрнектің, әр элементтің өзіндік символикалық мән-маңызы бар.  Бұған дейін тек Өзбекстанда өткен түрлі фестивальдерге қатыстық. Бұл жолы  бауырлас  елге сапарлап келдік. Мәдени іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ақтау бізге өте ұнады, дейді Рустам Зафаров.

Жібектен кесте тігу шебері Насиба Исхакова мен оның суретші күйеуі Санжар Исхаков та өз туындыларын назарға ұсынды. Олар 24 жылдан бері осы іспен айналысып келеді. Жібек жіппен кестелеу өнерін өзбек халқы  «сюзане» деп атайды екен.  

Ал Шавкат Хамроходжаев ағашқа сурет бедерлеумен айналысады. Ол қораптарды, ағаш панельдер мен сағаттарды, ыдыстарды безендіреді. Жұртшылықтың шынайы қызығушылығын тудырған құнды дүние – жаңғақ ағашынан ойылған шахмат тақтасы

Мен мұны республикалық өнер колледжін бітірдім. 15 жылдан бері   ұсталықпен айналысып  келемін.  Каспий теңізіне ықыласым ерек. Көптеген елдерге сапарладым. Бірақ бәрінен де бауырлас қазақ ұлтының  мәдениеті бір табан жақынырақ – салт-дәстүріміз бен тұрмыс дағдымызда ортақ тұстарымыз көп, дейді шебер.

 

Түркия:

 

Қолөнершілердің шеберлік сағаты өтті

 

«Шеберлер ауылындағы» Түркия үйінде кесте тігу және мәрмәрмен жұмыс істеу бойынша шеберлік сабақтары өтті.

Измир жетілу институтының директоры Шуле Айдын түріктер мен қазақтардың ұлттық киімінде ұқсастық көп екенін ескеріп, кең ауқымды мәдени  іс-шара түп-төркіні тереңге бойлайтын тамырлас халықтарға ортақ құндылықтарды насихаттау үшін өте маңызды екенін мәлімдеді. Ақтау қаласына алғаш рет табан тіреген шеберлер қазақ ұлтының мәдениетімен жақын танысқанына қуанышты.

Ақтаудың Түркі әлемінің астанасы болғанына өте қуаныштымыз. Біз мұнда қолөнер туындыларымызды, яғни кестелерімізді, түрік тоқымаларын әкелдік. Біздің ортақ мәдениетімізді қазақтармен байланыстыратын көптеген өнер туындысы бар. Мәселен, біздің той көйлектеріміз қазақтардың киім үлгісіне ұқсайды. Әсіресе, жібек матадан кестелеп тігілген көйлектер өте ұқсас. Бұл іс-шараға Түркияның атынан қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Мен Ақтау қаласына алғаш рет келіп тұрмын. Қазақтардың мәдениетімен жақыннан танысып жатқанымызға өте қуаныштымыз, дейді Измир жетілу институтының директоры Шуле Айдын.

Шынында да әлемнің әр түкпірінен келген жүз мыңнан аса адам қатысқан бұл салтанатты шараны ұйымдастыруға қаншама күш-жігер, тәжірибе, шеберлік қажет екенін айтпаса да болар. Бұл ұлы мерекенің сәтті өтуі тек маңғыстаулықтардың ғана емес, бүкіл еліміздің абыройы болды. Елдің ынтымақ-бірлігі, көктем самалындай риясыз аста-төк ниет, ықыласы, өткізілетін тойдың жауапкершілігі – бәрі-бәрі осы салтанатта көрініс берді.  Қасиетті де киелі жердегі ақшағыл қала Ақтауға берілген осы биік мәртебе – бұл көзайым хабар халқымызды зор қуанышқа бөледі. Қазағымыздың даңқын бүкіл түркі әлеміне жайды. Біздің газетімізде «Түркі дүниесі» деген айдармен оқтын-оқтын туысқан елдер жайлы материалдар жариялап отырамыз. Алдағы уақытта Ақтау қаласы әкімшілігімен келісе отырып, бұл көтерілген тақырыпты жалғастырамыз ба деп отырмыз. Қуаныш құтты болсын! Еліміздің ынтымақ-бірлігі нығая берсін! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман болғай!

Голрох Жеменей

10.04.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 4377
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 4555
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 19503
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 18159
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 21606