М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің "Химия және химиялық технология" кафедрасының 4-курс студенттері республикалық инновациялық жобалар байқауында бірінші орынды иеленді.
Бүгін жас ғалымдарды қабылдап, химия өнеркәсібінің алыбы саналатын Жамбыл облысының абыройын асқақтатқандары үшін арнайы құттықтадым.
Біздің студенттердің ауыл шаруашылық қалдықтарынан және табиғи саздан мембраналық сүзгіні дайындау жөніндегі стартап-жобасы еліміздің түкпір-түкпірінен келген 90 жобаның ішінде ең үздігі атанды.
Енді бұл жобаны және жас ғалымдарымыздың басқа да ғылыми идеяларын жүзеге асыру маңызды. Бұл жөнінде студенттердің ғылыми жетекшісі Маржан Қалмахановамен ақылдасып, талқыладық.
Маржан Сейітқызы "Химия және химиялық технология" кафедрасының меңгерушісі және PhD докторы. Көптеген ғылыми жобалардың авторы, түрлі инновациялық конкурстардың жеңімпазы атанған.
Мен оған ғылымды, оның ішінде химия саласын дамыту мәселелері бойынша облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі болуды ұсынып, кәріз тазарту құрылыстарын салу бойынша жобаларды және ЖОО мен "Тараз химиялық паркі"АЭА ынтымақтастығының әлеуетін зерделеу бойынша бірқатар тапсырмаларды жүктедім.
Түпкі нәтиже – жас ғалымдар мен кәсіпкерлерді тарта отырып, ғылыми жобаларды табысты іске асыру. Бұл химия өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Кездесу барысында ЖОО қызметі мен студенттердің жетістіктері және шетелдік компаниялармен ынтымақтастығы туралы ректор Мұхтар Байжұманов баяндады.
Оқу орнының басшысымен жаңадан бой көтеріп жатқан кәсіпорындардың сұраныстарын ескере отырып, кадр даярлау және жаңа мамандықтар ашу мәселелерін талқыладық. Инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі 5 жылдық жоспар негізінде егжей-тегжейлі талдау жасау қажет.
Жақын арада мен ЖОО–ның материалдық-техникалық базасы, зертханаларымен танысу үшін арнайы барамын.