Шерхан тойы - халықтың тойы

Шерхан тойы - халықтың тойы

Қазақ әдебиетінің алыбы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы халық жазушысының еңселі ескерткішінің ашылуымен басталды. Ескерткіш Жамбыл даңғылының бойындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты бас ғимаратының алдында орналасқан. Айтпақшы, жуырда ғана осы оқу ордасына Шерхан Мұртазаның есімі берілген.

Таразда еңселі ескерткіш қойылды

 Еңселі ескерткішті облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, танымал қайраткер Амалбек Тшанов, академик Ғарифолла Есім ашты.

Әулиеата жеріндегі әдебиет тойы

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Ақиқаттың алдаспаны, намыстың наркескені атанған ардақты Шер-ағаң саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнаған қарымды қаламгер, қайраткер тұлға еді. Сөз зергері Шерхан Мұртаза журналистикада тұтас бір буынды тәрбиелеп, таланттарға жол ашқан, өзіндік мектебін қалыптастырған қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі болды. Абыройлы азамат ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аянбай күресті. Жазушының қаламынан туған құнды туындылар уақытпен бірге жасап, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыра берері анық. Оның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды», – деп жазылған Президенттің құттықтауында.

Өз сөзінде Нұрлан Оразалин, Амалбек Тшанов, Жанғара Дәдебаев және өзге де азаматтар Шерхан Мұртазаның тұлғалық, қаламгерлік, қайраткерлік болмысына тоқталды. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева Шер-ағаның рухына арнап өлең оқыса, ақын, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов көпшілікке батасын берді. Ескерткіштің ашылу салтанатынан соң көпшілік гүл шоқтарын қойды.

Іс-шара «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі көрме павильонында «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен қазақ баспасөзінің даму тенденциялары» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Басқосуға ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, түрлі жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Алдымен жазушының өмірі және шығармашылығына қатысты танымдық дүние көпшілік назарына ұсынылды. Конференция облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың құттықтау сөзімен басталды. Облыс басшысы жазушының рухани мол мұрасы мен құнды туындылары бүгінгі ұрпағының рухын көтеріп, еліміздің баянды болашағына қызмет ете беретінін атап өтті.

Шерағаның тойы көне шаһардан басталып, Жуалыда жалғасты | BAQ.kz

 - Екі мың жылдан астам тарихы бар Әулиеата жері қазақтың маңдайына біткен жұлдыздарды дүниеге алып келген тарихи мекен, текті өңір. Мәселен, Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Бауыржан Момышұлы, қазақ руханиятының биік шыңына айналған Шерхан Мұртаза ағаларымыз күллі қазақтың мақтанышына айналған тұлғаларымыз. Бұл конференцияда жазушының көзін көргендер, шекпенінен шыққан азаматтар, үзеңгілес бауырлары ұрпаққа тағылымы мол дүниелер айтатыны сөзсіз. Шер-ағаңның есімі «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде орналасқан руханият және тарихтану орталығына, Баспасөз үйіне, төрт мектеп пен Халықаралық Тараз инновациялық институтына берілген. Облыс орталығындағы көшелердің біріне де жазушының есімі берілетін болады. Бұл мемлекет және қоғам қайраткерінің сіңірген еңбегіне көрсетілген шағын ғана құрмет. Шерхан Мұртаза халықтың мүддесі үшін өлшеусіз еңбек етті, – деген Нұржан Нұржігітов конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Мұнан соң Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жазушының өмірі және шығармашылық жолы халыққа аянбай қызмет етудің үлгісі екенін атап өтті.

– Халық жазушысы, тұтас ұрпақтың ұстазы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық тойы өзінің туған топырағы, алтын бесігі Тараз жерінде тойлануы заңдылық. Мемлекет басшысы арнайы жолдаған құттықтау хатында Шер-ағаңды қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегі, намыстың наркескені, шындықтың шырақшысы деп бағалады. Сонымен қатар ҚР Премьер-министрі де ыстық ықыласын жолдады. Қазақ баспасөзінің қалыптасуы мен өрлеуі жайында сөз қозғағанда біз Шерхан Мұртаза жайлы айтамыз. Шерхан Мұртаза ел руханиятының дамуына зор үлес қосты. Еліміздің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, мемлекет мүддесі үшін қызмет етті, – деді Д.Қыдырәлі.

 Сондай-ақ, конференцияда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясаттың құттықтау хаттары оқылды. Өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек Байгелді, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Уәлихан Қалижан, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Л.Гумилев атындағы ЕҰУдың профессоры Ғарифолла Есім, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, жазушы, публицист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әмірхан Меңдеке, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, М.Әуезов атындағы Түркістан облыстық өңірлік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Дария Қожамжарова, белгілі ақын, көсемсөз шебері және аудармашы Мейірхан Ақдәулет, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы, Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова, ақын Ақұштап Бақтыгереева, облыстық мәслихаттың депутаты, филология ғылымдарының докторы Ерболат Саурықов сөз сөйлеп, Шерхан Мұртазаның сан қырлы қызметі, елдің саяси және қоғамдық өміріндегі түбегейлі өзгерістерге атсалысуы, әдебиет пен журналистиканың дамуына қосқан зор үлесі туралы жан-жақты тоқталды.

Конференция барысында халық жазушысының 5 томдық шығармалар жинағы мен оның «Ауылды, сені сағынам...» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Жуалыдағы ұлы той

Халық даналығында «Заманына қарай адамы» деген нақыл сөз бар. Бұл сөз тіркесінің тура мағынасына үңілсек, көз алдымызға қазіргідей нарыққа бейімделген заманда күнкөріс қамы үшін заманына қарай амал етіп жүрген адамдар тобы елестейтіні анық. Егер біз ойлағандай өз заманының, өз қоғамының дегеніне халық түгел мойынсұнумен күн кешсе, тағдырымыз, талқанымыз баяғыда-ақ түгесілер еді. Ал мұндайда халық ішінен бас көтеріп, қолына байрақ ұстар бір перзенттің өмірге келуі заңдылық.

Жалпы, қазақ басынан талай құқайды, талай нәубетті өткерген тағдырлы халық. Сондай нәубетті жылдарда, бәлкім зарлы замандарда біздің ұлт ретінде жер бетінен жойылып кетпеуіміз үшін, яғни қазақ халқының мүддесі үшін бүкіл өмірін күреске арнаған айтулы тұлғалар қай заманда да өмірге келіп жатты. Ондай тұлғаларды ұлт құрсағы сол кездегі заман, сол кездегі қоғам қажет еткендіктен дүниеге әкелді. Олардың бір шоғыры ел мен жер үшін болған ұлы шайқастарда ерлік жасаса, тағы бірі қараңғы халықтың көзін ашу үшін ағартушылықпен айналысты. Осы тектес есімі халық жадында мәңгі жатталып қалатын ұлы тұлғалардың өмірге келуіне «сол заман, сол қоғамның қажеттілігі себеп болды» деуіміздің сыры осында.

Әулиеата өңірінде 90 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан қазақтың біртуар ұлы перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза да – халық үшін туып, бар өмірін ұлт мүдесіне арнаған, көзінің тірісінде-ақ «Шындықтың шырақшысы» атанған адам. Тәуелсіздігімізді қорғауда табандылық танытқан, ұлт болашағына, тіл тағдырына алаңдаған перзентіне деген халықтың құрметі де айрықша. Мұны біз Тараз төрінде басталған торқалы тойдың өзі туып-өскен қасиетті Тәңіртаудың етегіндегі Мыңбұлақ жайлауында орналасқан Талапты ауылында жалғасуы барысында байқадық. Онда алдымен аталған ауылдағы Шер-ағаның өзі тұрған үйі әдеби-мемориалды музей үй болып ашылып, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек ерлері Мұхтар Шаханов, Аягүл Миразова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Гүлдара Нұрымова, Ильяс Буларов, Мейрамбек Төлепберген, Жанарбек Әшімжанов салтанатты іс-шарада әдеби-мемориалды музей үйдің лентасын қиды

Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев Ш.Мұртазаның балалық кезі мен білім алған шақтары, студенттік жылдары, журналистика және жазушылық қызметі, саяси қызметке араласуы, жұмыс кабинеті мен инсталяциясы орналасқан әдеби-мемориалдық үйді республиканың түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушы, халық қалаулысы секілді зиялы қауым өкілдеріне кеңінен таныстырады. Жұртшылық әдеби-мемориалды музей үйдің кіре беріс қақпасынан бастап, алаңшаға дейін әріптесіміз, фотограф Алтынбек Қартабаевтың Шерхан Мұртазаға қатысты мұрағатынан және өзге де фототілшілердің еңбегінен құралған «Шынның жүзі – Шераға» атты фотокөрмесіне көз жүгіртті. Сондай-ақ Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған көрме де көпшілік көңілінен шықты. Өз кезегінде қадірменді қонақтар бұл үй болашақта өскелең ұрпаққа ұлт руханиятын насихаттайтын орталық ретінде қызмет ететініне сенім білдірді.

Бүкіл ғұмырын ұлттық мәдениет пен әдебиеттің дамуына арнап, кейінгі ұрпаққа рухани бай мұра қалдырған қаламгердің 90 жылдық мерейтойы барысында жұртшылық ашық алаңдағы сахнада А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры ұсынған Ш.Мұртазаның өмірі жайлы «Шерхан» спектаклінің үзіндісін тамашалады. Сахналық көрініс барысында Ш.Мұртаза рөлін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Жүніс Әлімбеков, ал бала Шерханды Жорабек Төлеген сомдады.

«Өлмейтұғын артында сөз қалдырған...»

Бұдан кейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов сөз алып, Шерхан Мұртаза есімінің ел жадында жатталғанына жарты ғасырдың шамасы болғанын, осы уақыт аралығында әдебиет пен журналистикаға небір таланттар келіп қосылғанын, олардың арасында Шер-ағаның шоқтығы биіктеп, жұлдызы еш көмескіленбей, қайта бұрынғыдан да жарқырап, әр жүрекке нұр құя түскенін тілге тиек етті. Жұлдызы биік Жуалы жері талай тау тұлға азаматтар мен дүлдүлдерді дүниеге алып келген қасиетті мекен екенін, Шерхан Мұртаза осы қасиетті топырақта өмірге келіп, ақиқаттың алдаспанына айналған тұлғалардың бірі әрі бірегейі бола білгенін айтар ойына тұздық етті

– Еш уақытта біреуден именіп, біреуге иіліп сөйлемейтін, қандай жағдайда да белі бүгілмейтін, қай кезде де сөзі үзілмейтін Шерхан Мұртазаны қазақта білмейтін жан кемде-кем. Шерхан Мұртаза – шындықтың шырақшысы бола білген алып тұлға. Оның шығармалары да өзі сияқты тағдырлы еді. Шер-ағаның туындылары қазақ халқының көркем әдебиетінің өркендеп өсуі жолындағы баға жетпес зор табыс болды. Ол өз халқымен бірге жасап, қатар тұрып қалыптасқан қайсар тұлға. Оның елге бергені, айтқаны, көрсеткен үлгісі, сілтеген жолы ұшан-теңіз.

Өзінің Бауыржан (Момышұлы) ағасына ұқсаған тұлғасымен, мінезімен, жеңімпаз, жасампаз рухты қалыптастырған қайраткер.

Көзі тірісінде баспасөздің баһадүрі, қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанды. Бүгінде қолына қалам ұстап жүрген қарымды журналистердің көбі «Шерхан ағамыздың шекпенінен шыққан шәкіртпіз» деп мақтанатыны ақиқат. Мұның айғағы – жақсылар мен жайсаңдардың басын қосқан алып тұлғаның бүгінгі мерейтойы.

Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің, «Жалын» журналының редакторы, «Қазақстан» телерадио компаниясының төрағасы сияқты аса жауапты қызметтер атқара жүріп, қоғам үшін аса маңызды тақырыптарды қозғады. «Қызыл жебе» романы арқылы қысқа ғұмырында ұлты үшін үлкен істер тындырған көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловты елімен қайта қауыштырды. Өзі айтқан, бүгінде халық арасында мәтелге айналған, оқырманды ойға жетелеп, өмірлік сабақ беретін «Бір кем дүниесі» халқының мәңгілік қазынасына айналды

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп хакім Абай айтқандай, соңына өлмейтін сөз, ұмытылмас із қалдырған Шер-ағаның қаламгерлік, қайраткерлік тұлғасы ел жүрегінде мәңгі сақталып, туындылары мәңгілік рухани азық болатыны сөзсіз, – деген Нұржан Молдиярұлы Шер-ағаңның мұрасын дәріптеу, ұлттық поэзиямызды насихаттау, ата дәстүр рухын ұлықтау мақсатында облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Шынның жүзі – Шер-аға» атты республикалық ақындар мүшайрасы мен «Ақиқаттың ақ туы» атты респубикалық қаламгерлер байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Марапаттау барысында бас-аяғы 12 ақын-жазушы диплом және алғыс хат пен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына келген белгілі қоғам қайраткерлері, мәдениет және өнер майталмандары мен қаламгерлердің ішінде сөз алғандар ақиқаттың алдаспанына айналған Халық жазушысының туған жеріне ұлы тұлға туралы ар алдындағы адал сөздерін айтуға келгендерін аңғартты. Мәселен, зиялы қауымның ішінде алғашқылардың бірі болып сахнаға көтерілген Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов бата беріп, ел-жұрттың тек шындық, елдік-ұлттық, рухани-парасат биігінен көрінуін тіледі.

– Мен осы ауданда туып-өстім. Сегіз айлығымда әкем өмірден өткен екен. Есімді біліп қалған кезде көрші тұрған бір үйде әкесі баласын сабап жатқан жайтты көріп, жылағаным бар. Сонда шешем «Сен неге жылап жатсың, ол сені емес, өз баласын ұрып жатқан жоқ па?!» деп маған таңдана қарады. Сонда мен өзімді ұратын әке жоқ екенін айтып көзіме жас алған едім. Бірақ осы Жуалы жұрты менің әкем де, шешем де болды. Осы жерде Баукеңдей батыр, Шерхандай шындық іздеген батыл тұлғалар өмірге келді. Біз осындай тұлғалармен бақыттымыз, осындай тұлғалармен мақтанамыз

Қайбір жылы Астана қаласында Бауыржан Момышұлының еңселі ескерткіші орнатылды. Жыл сайын желтоқсан айында сол ескерткішке барып, гүл шоқтарын қоюды дәстүрге айналдырғанмын. Бірақ Баукеңнің ескерткіші Елордада жалғызсырап тұр, маңайында басқа ешкімнің ескерткіші жоқ. Сол үшін оның қасына Шерхан Мұртазаның ескерткішін орнатсақ деген ұсынысым бар, – деді Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев.

Бұдан кейінгі сөзді академик, мемлекеттік сыйлықтың иегері Оразалы Сәбден алып, ҚР Парламенті Мәжілісінің екі бірдей шақырылымында Ш.Мұртазамен әріптес болғанын, ұлт мүддесі таласқа түскенде аз ғана топ қарсылық білдірсе, оларға Ш.Мұртаза бас болғанын, Парламенттің таратылуына Шерханның шындығы себеп болғанын тілге тиек етті. «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызы журналистика саласына өте кеш келгенін, әрдайым Шерхан Мұртазадан ағасы ретінде ақыл-кеңес алып, журналистикаға келуіне Шер-ағаның септігі тигенін айтты. Біз дүбірлі іс-шараның өтілу барысы жайлы қатысушылардың пікірін білуге тырыстық. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып мерейтой жоғары деңгейде аталып өткенін, аталған іс-шара Шер-ағаның қазақ журналистикасының, қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесін және кезінде үлкен әдеби орта қалыптастырған үлкен тұлға екенін тағы бір қырынан танытқанын атап өтті. Ардагер Журналист Бекет Момынқұл той өтерден бір күн бұрын күн суытқанда «Қар жауып кете ме?» деп күдіктенгенін, алайда ертесіне күн жадырап сала бергенін Шер-ағаның сесті, мінезді болғанымен, жүрегі жылылыққа толы болғанымен байланыстырып, қонақтардың республиканың әр өңірінен келуін Шер-ағаға деген сағыныш деп білетінін меңзеді. Іс-шара барысында «Жай отынан жаратылған намысы» атты облыстық ақындар айтысы жеңімпаздарының жұптық айтысы жұртшылық назарына ұсынылып, оның соңы облыстағы айтулы өнер жұлдыздары тарту еткен концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН, Рауан МУТАИР
29.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 37
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 93
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 29
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 37
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 42
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 36
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 88
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 93
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 289
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 283
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 904

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8982
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8376
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11602
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9360
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10586