(Отпан тау – ұлттық рух пен ғылым сабақтастығының символы)
Үнсіз үн қату қағидаты:
Алдағы уақытта Отпан таудағы мәдени шаралардың символдық философиясына аса мән беріп, ұлттық рухымыз бен болмысымызды ерекше салтанатты жағдайда айшықтап, «үнсіз үн қату» қағидатын қолдану керек.
Қазақ халқының болашағы – ортақ мүдденің үндестігінде.
ОТПАН ТАУДА ӨТЕТІН АМАЛ МЕРЕКЕСІНЕ ДАЙЫНДЫҚ
Амал – жыл мен жанның, рух пен дәстүрдің жаңаруы.
Бұл мерекені тек табиғаттың емес, рухтың көктемі ретінде ұғыну қажет. Сондықтан да, Отпан тау төрінде өтетін Амал мерекесінің дәстүрлік, этномәдени және рухани-философиялық мәніне ерекше назар аударған жөн.
- ҰРАН ОТ ЖАҒУ
(Бірліктің, ұлттық рух пен тұтастықтың
салтанаты)
От – мәңгілік өмір мен елдік намыстың нышаны. Отпаннан тұтанған ұран оты – бүкіл қазақ даласына рух сыйлайтын, бірлік пен елдік санаға шақыратын киелі рәсім. Бұл сәт – ұлттың жанын тазартатын, тұтастығын бекемдейтін рухани ант алаңы болмақ.
Димаш Құдайбергеннің орындауындағы ән ұранды көрсетіп, көк туды көтерудің өзі бір салтанат.
2. КӨРІСУ, БАТА БЕРУ, ДҰҒА ЖАСАУ
(Үш жүздің ақсақалдарының атынан жастарға салтанатты түрде бата беру)
Бата – ел жадындағы аманат, ұлт жанының үні.
Үш жүздің абыз ақсақалдары жастарға ақ тілек арнап, бірлік пен білімге, тарихқа тағзымға, ұлтқа адалдыққа үндейді. Бұл – рухани сабақтастық пен ұрпақтар үндестігі.
3. АЛТЫН АЛҚАЛЫ АНАЛАРДАН ДӘМ ТАРАТУ
(Салт пен сәлем мәдениетін дәріптеу)
Үш жүздің алтын алқалы аналарының атынан дәм таратылып, келіндеріміздің сәлем ету мәдениеті дәріптеледі. Ұлдарымыздың ел мен ерлікке, білім мен бірлікке ұмтылуы, ұрпаққа аманатқа адалдық көрсетуі осы мерекенің өзегі болмақ.
4. ЭТНОМӘДЕНИ ЖӘНЕ АҒАРТУШЫЛЫҚ ҮЙЛЕР
(Киіз үйлер – рухани мектептерге айналуы тиіс)
Тігілген киіз үйлер тек ас ішу ортасы емес, ұлттық құндылықтарды сөйлететін, этномәдениет пен рухани мұраны танытатын, ағартушылық және танымдық бағыттағы кеңістікке айналуы қажет. Бұл арқылы мереке халықты білім мен дәстүр сабақтастығына жетелейді.
5. ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТҰҒЫРЫН АСҚАҚТАТУ
Амал мерекесі – тәуелсіздік рухының жаңғыру алаңы. Халықтық салт пен жаңа дәуірдің тоғысқан тұсында ортақ ұлттық намыстың туын асқақтату үлгісін қалыптастыру – басты міндет. Бұл бағытта ғылымның ақпараттандыру, бейнелеу, жоспарлау тетіктерін өркениеттік әдістемелермен үйлестіріп іске қосу маңызды. Сонымен қатар, жасыл желек пен көгалдандыру жұмыстарына белсенділік таныту – халықтық шараның рухани өзегін табиғатпен үндестірудің айқын көрінісі.
ДӘСТҮР МЕН ҒЫЛЫМДЫ САБАҚТАСТЫРУ
Амал мерекесі – елдің елге, жүректің жүрекке бет бұратын рухани жаңа бастауы.
Бұл күн – достық пен бірліктің, жаңару мен жарасымның символы. Осы қасиетті мерекеде жас ғалымдар мен рухани ізденіс иелерін Маңғыстаудың мәңгілік шырағы – Отпан тауға шақыру – ұлттың болашағына деген сенімнің айғағы.
Отпан тау – үш жүздің басы қосылған, тәуелсіздік пен тұтастықтың нышаны. Сондықтан да, алдағы жылдарда Амал мерекесіне орай жас ғалымдардың көрнекті өкілдерін Отпан тауға шақырып, үш жүздің ақсақалдарынан ақ бата алып, ұлтымыздың үмітін үкілеп, ұрпаққа аманаттап отыруымыз керек.
Бұл – баба дәстүрін ғылыммен сабақтастырып, рухани мұра мен жаңа сананы ұштастыратын ұлы рәсім.
Бүгінгі аманат – ертеңгі елдік,
Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі үміт.
Отпан таудан тұтанған рух оты жас ғалымдардың жүрегіне шырақ болып жағылсын!
Ғылым мен иман, сана мен сенім бір арнада тоғысқан күні Қазақ елі – әлемдік өркениет көшінің рухани жетекшісіне айналмақ.