Соңғы жылдары интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер күрт өсіп, қоғам үшін елеулі проблемаға айналды. Жеке деректерді ұрлау, банк шоттарына заңсыз қол жеткізу, инвестициялық жалған ұсыныстар – бұлардың барлығы қазір адамдардың қаржылық қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіріп отыр. Киберқылмыскерлердің айла-тәсілдері күн санап жетіліп, түрлі амалдар арқылы сенгіш азаматтарды алдап, олардың ақшасын жымқыруда.
Алаяқтар көбіне адамдардың психологиясын пайдаланады. Олар тез шешім қабылдауға итермелеп, үрей немесе сенімділік тудырып, өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органдарының өкілі немесе белгілі бір ұйымның маманы ретінде таныстырады. Әсіресе, телефон арқылы жасалатын алаяқтық түрі кең таралған. «Сіздің атыңыздан несие рәсімделді», «Карталық шотыңыз бұғатталды», «Жақын адамыңыз қиындыққа тап болды» деген мазмұндағы қоңыраулар азаматтардың қорқынышын тудырып, алаяқтардың тұзағына түсуге мәжбүрлейді.
Қаржылық алаяқтықтан бөлек, интернетте жалған инвестициялық платформалар, жұмыс ұсынатын күмәнді сайттар мен тауар сатып алуға арналған фейк дүкендер де көбейді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қомақты табыс табуға шақыратын жарнамалар, криптовалютаға инвестиция жасауды ұсынатын сілтемелер жиі кездеседі. Мұндай схемалар арқылы көптеген азаматтар өз жинақтарынан айырылып, қылмыскерлердің құрбанына айналуда.
Бұл мәселеге қоғам да, билік те бей-жай қарап отырған жоқ. Банктер мен қаржы ұйымдары азаматтарды ақпараттандыру жұмыстарын күшейтіп, клиенттерге арнайы хабарламалар жіберіп, алаяқтардың ең көп таралған тәсілдері туралы ескерту жасап келеді. Қазақстанның Ұлттық банкі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де қаржы пирамидаларына қарсы күресті күшейтіп, азаматтарға сенімсіз компанияларға ақша салмау керектігін ескертуде.
Билік тарапынан алаяқтықпен күресу мақсатында заңнамалық өзгерістер енгізіліп, қылмыстық жауапкершілік күшейтілуде. Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі онлайн алаяқтықпен күресу үшін арнайы топтар құрып, алаяқтардың әрекетін бақылауға алуда. Сонымен қатар, азаматтардың жеке деректерінің қорғалуын қамтамасыз ету үшін жаңа цифрлық қауіпсіздік шаралары енгізілуде.
Дегенмен, кез келген технологиялық және заңнамалық шараларға қарамастан, ең басты қауіпсіздік кепілі – азаматтардың сақтығы. Бейтаныс адамдарға жеке деректерді бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, қаржылық операцияларды тек ресми арналар арқылы жүргізу – өзіңізді алаяқтардың әрекетінен қорғаудың басты жолдары. Егер күмәнді қоңырау алсаңыз немесе күдікті сайтқа тап болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарлап, алаяқтардың әрекетін тоқтатуға көмектескеніңіз жөн.
Алаяқтықтың алдын алу – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қоғам белсенді түрде ақпараттанған сайын және сақтық шараларын күшейткен сайын алаяқтардың әрекет ету мүмкіндігі азая түседі. Қаржыңыз бен жеке деректеріңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әрдайым сақ болыңыз!
Камила ТАСТАНБЕК