Маусымның 29-ы күні ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде СҚО әкімі Құмар Ақсақалов баспасөз жиынын өткізіп, БАҚ өкілдерін облыстың жағдайымен құлағдар еткен еді. Құмар Іргебайұлы баяндамасынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді.
«5 айда облыс экономикасының өсімі 3,3% құрады. 5300 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды, мұны жыл соңына дейін 10 мыңға жеткіземіз. Жалпы 5 жылда бюджет 2,2 есе өсіп, 429 млрд теңгеге дейін жетті. Оның жартысынан көбі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Биылғы жартыжылдықта облысқа 100 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Оның 87 %-ы жеке инвестициялар болып табылады. Президентіміз Жолдауында «агроөнеркәсіп кешенінің басты міндеті – елді негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ету» дегені бар. Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қауқары бар аймақ. Қазір әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 15-і біздің облыста өндіріліп жатыр.
Облыстың потенциалы өнімге деген қажеттіліктен әлдеқайда жоғары. Мысалға, біз өзімізді сүтпен 8 есе, макаронмен 18 есе, картоппен 10 есе, жұмыртқамен 4 есе, қырыққабатпен 3 есе, сәбіз және етпен 2,5 есе, сары маймен 1,6 есе көп қамтамасыз етеміз. Ал мемлекет бойынша айтатын болсақ, біздің өңір бидайдың төрттен бірін, майлы дақылдардың үштен бірін, жұмыртқаның 11%-ын, сүт өнімдерінің 23%-ін өндіріп отыр. Осындай қажырлы еңбектің арқасында 5 жылда ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,8 есе өсіп, 902 млрд теңгеге дейін жетті. Мұндай көрсеткішке әртараптандырудың арқасында қол жеткізілді. Майлы дақылдар дәнді дақылдарға қарағанда көбірек пайда береді. Мысалы, биыл зығырдың (лен) бір тоннасының бағасы 340 мың теңгеге жетті. Ал бидайдың бір тоннасы – 170 мың теңге. Майлы дақылдарды өндіріп қана қоймай, оны қайта өңдеу де маңызды жұмыс. Қазір облыста майлы дақылдарды экстракциялау зауыты салынуда. Бұл елдегі ең мықты кәсіпорын болмақ. 15 млрд теңге инвестиция тартылуда. Зауытта 200 адам жұмыс істейтін болады. Жаңа нысан майлы дақылдардың 90 пайызын өңдеуге мүмкіндік береді.
Петропавлда 3,7 гектар аумақта заманауи жылыжай кешені салынуда. Жоба құны – 7 млрд теңге. Жаңа жылыжай облысты 2700 тонна көкөніспен қамтамасыз етпек. Қияр мен қызанақ қажеттілігінің 30 %-ы жабылады. Малшаруашылығы бойынша айтар болсақ, облыста сүт фермаларын салуға арналған бағдарлама жүзеге асуда. Әрі жеңілдетілген несие берілуде. Осындай құлшыныстардың арқасында жыл сайын 10 кешенді ашу жоспарын орындап келеміз.
Өткен жылы 10 ферма іске қосылды. Биыл тағы 11 кешен салынуда. Осы жылы тағы 10 нысанның құрылысы басталады. Барлығы 2 мыңнан астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ. Бір ауылда ашылған ферма 30 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл – 30 отбасының табысы өседі деген сөз. Тағы да қайталайын, біз жылына 10 ферма ашамыз. Жаңа фермалардың арқасында ұйымдасқан шаруашылықтарда 5 жылда сүт өндірісі 30%-ға өсіп, 227 мың тоннаға жетті (2017 жылы – 174 мың тонна)
Қайта өңдеу бойынша. Президенттің «аграрлық секторға дәстүрлі қолдау көрсетумен қатар, ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге барынша мән беру керек» деген тапсырмасы бар. 5 жылда облыста сүтті қайта өңдеу 55 %-ға (2017 жылы – 221 мың тонна, 2021 жылы – 347 мың тонна), ал етті өңдеу 50 %-ға (2017 жылы – 8,2 мың тонна, 2021 жылы – 12,3 мың тонна) өсті. Елімізде осы күнге дейін сырттан әкелінетін сүт өнімдері бар. Мысалы, ірімшікті қарастырсақ. Қазақстанда жыл сайын 23 мың тонна ірімшік өндірілсе, осыншама көлем импортталады.
Облыста импортты алмастыру үшін осы өнімнің өндірісі өсуде. 2021 жылы өңірде ірімшік өндірісі 2300 тоннаны құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 43 %-ға көп. Өңірде жылына 2,5 мың тонна ірімшік өндіруге бағытталған «Евразиан милк» жаңа сүт зауыты іске қосылды. Инвестор жобаға 13 млрд теңге құйды. Сонымен қатар қосымша 120 жұмыс орны ашылды. Жалпы, 2021 жылы өндірілген сүттің 55 %-ы өңдеуге жіберілді. Жаңа зауыттың іске қосылуымен бұл үлесті 60 %-ға жеткіземіз. Құсшаруашылығы бойынша айтар болсақ, өткен жылы елімізде құс етінің сұранысы 427 мың тоннаны құрады. Бұл көлемнің 64 пайызын отандық құс фабрикалары қамтамасыз етті. Қалғаны импорт.
Солтүстік Қазақстанда жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалар импортты азайтпақ. Қазір облыста үш бройлер құс фабрикасы салынуда. Оның екеуін жыл соңына дейін іске қосамыз. 200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Біздің облыстың құс етіне деген қажеттілігі 8,5 мың тоннаны құрайды. Қазір облыста 2,5 мың тонна шығаратын бір құс фабрикасы бар. Үш жаңа фабриканың қуаттылығы – 16 мың тонна. Яғни облыстың қажеттілігін толық жауып, басқа өңірлерді өніммен қамтамасыз етеміз. Аграрлық секторда атқарылып жатқан жобаларды атап өттім. Жұмыс көлемі ауқымды. Осының арқасында биыл ауылшаруашылығының жалпы көлемін 1 трлн теңгеге жеткіземіз».
Құмар Іргебейұлы бұдан әрі журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Жұртты мазалайтын сауалдардың қатарында жол мәселесі, ауызсу және өңірдің демографиялық ахуалы секілді маңызды мәселелер бар еді.
СҚО бойынша биыл 663 шақырым жол жөнделген екен. Оған бюджеттен 22 млрд теңге бөлініпті. «Қазір облыс бойынша сапасы жақсы жолдардың үлесі 81%-ға жетеді. 2026 жылға дейінгі Кешенді жоспар аясында 2 мыңнан аса шақырым жол жөнделмек. Осылайша, біз облыстың барлық жолдарын қалыпқа келтіруге жақындап қаламыз. Ауызсумен қамту бойынша. Биыл су желісін тарту және жаңарту 55 ауылда жүргізіледі. 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Осылайша ауыл тұрғындарының 84%-ы сумен қамтылады. 2026 жылға дейін ауыл халқы сумен 100% қамтамасыз етіледі», – дейді әкім мырза.
«Облыста 2 жылда 148 ауыл интернетке қосылған. Бұл елдімекендерде 35 мың адам тұрады. Қазір 635 ауылдың 491-і түрлі технологиялар арқылы желіге қосылған. 250-ден астам тұрғыны бар ауылдарды қосу жобасы орындалды. Енді 250-ден аз тұратын 69 ауыл мобилді интернетке қосылады». Былтырғы жаңалықта Қызылжарда компьютер өндіретін орталық бар екенін естігеніміз есімізге түсті. Бұдан бөлек Солтүстік Қазақстан облысында мектептер құрылысына күрделі жөндеу жүргізу, тұрғын үйлер салу жағында да айтарлықтай нәтижелер бар екен.
Сөз кезегі келгенде көкейімізде жүрген бір-екі сауалымызды Құмар Іргебайұлына қойып, жауабын алдық. Оның бірі былтырғы қуаңшылық кесірінен болған жем-шөптің тапшылығы еді. «Биыл солтүстікте жауын-шашын көп болғандықтан, былтырғы жағдай қайталанбайды деп ойлаймын», – деді облыс басшысы.