Елімізде мемлекеттен баспана алу деген бір «қиямет шаруа» бар. Бұл көбінесе айырықша мұқтаждығы бар адамдарға, соның ішінде Отан соғысы ардагерлеріне, 1-2 топтағы мүгедектерге, көпбалалы аналарға, АЭС-терде және радиациялық апаттар мен азаматтық немесе әскери мақсаттағы нысандардағы апат салдарын жоюға қатынасып, денсаулығынан айрылған азаматтарға арналған, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккендер, майданда қаза тапақан жауынгерлердің жақындарына, қызмет барысында қаза тапқан азаматтардың жақындарына, ұзақ жыл қызмет еткен әскерилерге қаратыла айтылып тұр. Мемлекет бұдан бөлек жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне, асыраушысынан айырылған азаматтарға да қамқорлық танытып, мемлекет есебінен тегін баспанамен қамтамасыз етіп жататындығы белгілі. Бұл заңмен бекітілген шаруа. Кей жағдайда түрлі мұқтаждықтарына байланысты жоғарыда белгіленген санаттарға кірмесе де өздері тұрып жатқан қала, елдімекендердің әкімшіліктеріне, мемлекет есебінен тегін баспана алу туралы өтініштер түсіп жатады. Тәлейі жанса баспана алады, болмаса жылдар бойы кезекте тұрады. Біздің сөз басындағы «қиямет шаруа» дегеніміз осындайларға қаратылған. Баспана кезегінде жылдар бойы тұрудың да түрлі себептері бар екені белгілі. Кейде ел арасында осы кезектердің, жең ұшынан жалғасқан алаяқтардың қитұрқылығы себепті, әділетсіздіктердің орын алып жататындығы айтылып қалатыны бар. Жасыратыны жоқ, мұндайға құлақ үйреніп те кетті. Бұл біздің қоғамның дертінің бір көрінісі. Үміті үзілген халық ондайда соттарға да, судьяларға да сенімсіздік танытып жататыны бар.
Біз төменде сондай жағдайға қатысты бір оқиғаны баяндай кетуді жөн көрдік. Дереккөзі: ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі. Анығын айтсақ, құзырлы мекеменің ресми сайтында («sud.gov.kz») «Жетімнің баспана алу құқығы қорғалды» атты жазба жарық көрді.
«Талапкер «жетім балалар» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға мұқтаждар кезегінде тұрған. Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бұйрығымен талапкер басқа облысқа тұрақты тұруға кету негізі бойынша кезектен шығарылған (№6001-21-00-6ап/74). Талапкер Басқарманың үстінен сотқа әкімшілік талаппен жүгіне отырып, тұрғын үй алуға мұқтаждар кезегінен алу туралы бұйрықты заңсыз деп тануды және оның күшін жоюды сұрады.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен бұйрық заңсыз деп танылып, оның күші жойылған. Жауапкерге талапкердің кезегін «жетім балалар» санаты бойынша есепке қойылған күннен бастап қалпына келтіру міндеті жүктелген. Апелляция шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу құқығын іске асырмаған жетім балалар тұрғын үй алғанға дейін есептен шығарылмайды. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 73-бабының талабы міндетті түрде орындалу тиіс.
Балалар үйінің тәрбиеленушісі болып табылатын талапкер елордада есепке тұрған сәтінен бастап, тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген. Ол мұнда тұрғылықты тұрып келген. Мұны жұмыс орнынан анықтама, еңбек шарттары, зейнетақы қорының ақпараты растайды. Ол Нұр-Сұлтан қаласынан іс жүзінде кетпеген. Оған Ақмола облысында уақытша тіркеуден өтуге тура келген, олай етпеген жағдайда әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін еді. Уақытша тіркеуден өткен орны бойынша баспана алу үшін кезекке тұрмаған. Кассацияның тұжырымына сәйкес, тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығару туралы мәселені шешу үшін мемлекеттік орган (жауапкер) талапкердің тіркеуден уақытша немесе тұрақты түрде шығу фактісін анықтамаған. Заң бойынша басқа өңірге тұрғылықты тұру үшін көшіп кеткен жағдайда ғана кезекте тұрған адам есептен шығарылады. Кассация жергілікті соттардың шешімдерін күшінде қалдырды».
Бұл жазбада жергілікті соттың әділ шешім шығарғандығы анық көрсетілген екен. Яғни «қарға, қарғаның көзін шұқымайды» деп, басқарма басшыларының шешімдерін қорғап қалу, немесе жеке тұлғалардың абыройына бола заңсыздықтарға бармағандығы бізді сүйіндіргендігін жасырмаймыз. Әрі аудандық соттың құзыретімен шешілген «шағын істі» Жоғарғы Соттың ресми сайтында жариялауы да құптарлық іс дер едік. Бұл өз кезегінде президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырып келе жатқан сот жүйесі қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету сынды маңызды нұсқауларының біртіндеп орындала бастағандығының көрінісі болса керек. Себебі сот орны мемлекеттік мекеменің бұйрығының заңсыз екендігін дәлелдеп, арыз беруші қарапайым азаматтың заңда белгіленген құқығын қорғап қалды.
Ақпараттық қоғамда кей кездері игі істердің көп дәріптеле бермейтіні бар. Есесіне ақ-қарасы анықталмаған ақпараттардың дәурені жүріп тұр. Сондықтан да «қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан», – дегеннің кебін киетін соттар көп. Яғни сотта әділдік болатындығына барша жұрт сенбей жататынын несін жасырайық? Дегенмен біздің елімізде заңның үстемдігі жыл өткен сайын зорайып, азаматтардың құқықтарының заңмен қорғалу жағдайы жақсарып келе жатыр. «Көш жүре түзеледі» дейді халқымыз. Өркениетті, демократиялы ел құруға талпынған Жаңа Қазақстанның сот саласы да біртіндеп кемелденуге бет бұрғаны қуантады.