Өскемен қаласындағы А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына, Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған «Желтоқсан жаңғырығы» тақырыбында желтоқсаншылармен кездесу өтті.
Жиынға 1986 жылғы жастар толқуына қатысқан желтоқсаншылар ШҚО «Желтоқсан – 86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов, Бекжан Камалиев, Тезеков Тоқтархан, Роза Кенжеханова, Әсел Қанапина, Роза Раисова, Шыбынтаев Дүйсенбек және Рақымжанова Анар қатысты.
Еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізуінің бірден-бір себебі болған – Желтоқсан оқиғасы. 1986 жылы 17-18 желтоқсан күндері Кеңес билігіне наразылық көрсеткен қазақ жастарының қаһарлы империядан сескенбей, Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тігіп, орталық алаңға шығып өз талаптарын қоюы ата-бабамыз арман еткен, аманат еткен Тәуелсіздігімізге жол ашты. 1991 жылы егемен ел атанып, тұңғыш Президентімізді сайладық. Осынау тарихи кезеңде дүниеге келген сәбилер бүгінгі күні ел ертеңін ойлар азаматтарға айналды-дейді «Желтоқсан – 86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов.
Кездесу барысында Қазақстан тарихындағы ең маңызды кезеңнің куәгерлері, елімізге егемендік сыйлаған сол кездегі өрімдей қазақ жастары бүгінгі Тәуелсіздік ұрпақтарының «Қазақ жастарын алаңға қандай күш айдап барды?», «Орталық алаңдағы көтеріліске қатысуларының салдары қандай болды?», «Желтоқсан оқиғасына белсене қатысып, аты аталмай қалған жастар бар ма?», «Желтоқсан құрбандары өз лайықты бағаларын алды ма?» сұрақтарына жауап беріп, естеліктерімен бөліседі.
Сондай-ақ, шараға қатысушыларға Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына, Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған ауқымды «Сындарлы 30 жыл – 30 асу» атты әдебиеттер көрмесімен ұсынды.