Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер байқалады. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәжілісіне қатысқан аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова баяндады.
Аудан әкімі өз баяндамасында Мемлекет басшысының биылғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру бағытында жасалған жұмыстарды атап өтті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімдеген аудан басшысы:
– Осы жылы ауданымызда әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша көптеген жетістіктерге қол жеткізіліп, көптеген ауқымды игі істер атқарылды. Ауданның даму қарқыны бірінші кезекте мемлекеттік бюджетке тікелей байланысты екені белгілі. 2022 жылы аудан бюджеті 6 млрд 968 млн теңгені құрап отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда аудан бюджеті 36 пайызға өсті. Сонымен қатар жыл соңына дейін аудан бюджетіне 492 млн теңге көлемінде салық түседі деп күтілуде. Аудан тұрғындарының орташа айлық жалақылары 26 пайызға ұлғайды. Биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, аудан халқының саны 14480 адамды құрап отыр. Аудан әкімшілік-аумақтық құрылысы бойынша сегіз ауылдық округтен, 25 елдімекеннен тұрады, – деді. Бұдан әрі Әлия Биғазықызы жер қатынастары, инвестиция, ауылшаруашылығы, ветеринария, кәсіпкерлік, әлеуметтік қамту, білім беру, мәдениет және спорт, құрылыс, абаттандыру, автокөлік жолдары салалары бойынша атқарылған жұмыстарды саралап өтті.
Бүгінгі таңда Шыңғырлау ауданының жалпы жер көлемі – 722 мың гектар. Оның ішінде 372 мыңнан астамы – ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер, 123 мыңы – елдімекендерге тиесілі, қалған 198 мыңы – қосалқы жер телімдері. Бүгінгі күні конкурс бойынша 71 шаруа қожалығына 36 мың гектар жер телімі берілген. Нәтижесінде 28 жаңа шаруа қожалығы ашылған. Аудан басшысы бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасатынын, жерді мақсатты пайдалану бойынша шаруалармен тиісті түсінік жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
– Экономикалық өсім қарқынына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – ауданға инвестиция тарту. Осы жылы жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялық жобалардың жалпы сомасы 2 млрд 637 млн теңгені құрайды. Ал жеке инвестиция мөлшері 2 млрд теңгеден астам болады деген болжам бар, – деген әкім биылғы жылы кәсіпкерлер қоғамдық монша, жанармай құю бекеті, супермаркет, кемпинг сынды нысандардың құрылысын қолға алғанын жеткізді. Сонымен қатар португалиялық инвесторлармен ауданда құс фабрикасын ашу жөнінде жоспарлы жұмыстар басталғанын айтты.
Шыңғырлауда мүйізді ірі қара және ұсақ мал, жылқы, құс өсіру шаруашылықтары даму үстінде. Аудан бойынша тіркелген 200-ден астам ауылшаруашылығы тауарын өндіруші кәсіпорындарда еңбек шарттары базасы бойынша 350-дей адам жұмыспен қамтылған. Аудан аумағындағы 26 ауылшаруашылығы тауарын өндіруші асылтұқымды шаруашылықты дамытуда. Соның 21-і – етті бағыттағы асылтұқымды ірі қара мал, үшеуі – асылтұқымды қой, ал бір шаруа қожалығы асылтұқымды Көшім жылқысын өсірумен айналысады екен. Сонымен қатар аудан басшысы мал азығын дайындау, бау-бақша, көкөніс өсіру бойынша жұмыстарға да назар аударды.
Қолдағы төрт түлік малды ветеринарлық қадағалау да басты назарда. Аудан бойынша ветеринария саласында 24 ветеринар мамандар жұмыс жасайды. Сегіз ауылдық округ орталығында ветеринарлық бекеттер орналасқан. Бес ауылдық округте жеті мал сою алаңдары бар. Әкім аудан бойынша ахуал қалыпты екенін, аса қауіпті жұқпалы мал аурулары тіркелмегенін мәлімдеді.
Аудан басшысы Әлия Мұханбетжанова жыл санап ауданда жаңа бизнес нысандары бой көтеріп жатқанын, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бірқатар шаралар жүзеге асырылғанын, аудан мектептері толықтай бейнебақылаумен және интернетпен қамтылғанын, бұқаралық спортты дамытуға барынша көңіл бөлінетінін, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында да игілікті істер қолға алынғанын, аудан аумағын абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанын, жол мәселесі де күн тәртібінен түспейтінін баяндады.
– Ел Президенті «Мемлекеттік аппарат біртұтас құрылым ретінде жұмыс істеуге міндетті. Солай болған жағдайда ғана біз көздеген мақсаттарымызға қол жеткіземіз» деген болатын. Ауданның бүгінгі келбеті мен жеткен жетістігі – әр азаматтың қосқан өлшеусіз үлесінің көрінісі. Алдымызда тұрғындардың әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жетерлік, – деп сөзін түйіндеді Әлия Биғазықызы.