ЖАУ ОҒЫМЕН КЕТКЕН
ҚАЙРАН, ӘКЕ!
Бүгін әкемнің өмірден өткен күні. Жарықтық мына жарық дүниеде бар-жоғы 63-ақ жыл ғұмыр кешіп, Құдай қосқан қосағы- анамыздың арттынан кете барды.
Қайран әке, өмірінде не көрмеді? Бала кезінде ұлы зұлмат -ашаршылықты, есейе келе қан майданды басынан өткізді. Бейбіт өмірде соғыстан кейін тұралап қалған колхозды, кейіннен совхозды өркендету жолында тынымсыз еңбек етті. Елдің еңсесін көтерудегі еңбегі зор. Соғыс мүгедегі едім демеді. Майданда барлаушы болған әкем сол қолына қадалған жау оғында өзімен бірге ала кетті.
Сан қатерден аман қалып, бүгінге жетсем, әркез еске алып, тағзым етіп отыратын Әке-Ана рухтарының жебегені шығар. Былтыр 100 жылдығына отбасымның атынан ас беріп, Сарысудағы қара шаңыраққа барып құран оқыттық. Туған ауылдың іргесіндегі ата-әже, әке-шеше, бауырлар жатқан қорымда болып, рухтарына тағзым еттік. 50 жылдығыма орай шығарған кітабымның атын «Әкені аңсау» деп қойдым. Одан кейінде әкем мен анама арнап мерзімді басылымда, әлеуметтік желіде үздіксіз естелік жазумен келемін.
Мекеге арқалап алып бара алмадым. Сом бейнесін мыстан сомдап ескерткіш орнату қолымнан келмеді. Менің бар тындырған тірлігім-естеліктен ескерткіш орнатып, қайтқан күндерінде, құрбан айт, жұма күндері құран түсіру.