Қазақ руханиятының ой алыптары, дала данышпандары, дауылпаз ақын Дулат пен абыз хәкім Абайдың мұраларын парасат пайымы, зейінді зердесі, нағыз ғалымға тән әлеуетімен зерделеп, тек қос қайраткердің шығармашылығын ғана емес, жалпы,ұлттық әдебиеттану ғылымының дамуына үлес қосып келе жатқан ғалымдардың бірі – Бекбосынов Марат Нұрғазыұлы.
Әдебиеттанушы ғалым, ұстаз қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, академик С.Қирабаев атындағы қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасының доценті. Арналы ғылыми әрі пәндік сала саналатын «Абайтану» пәнінен дәріс беруші ғалым-ұстаз.
Даңғаза дақпырттан ада, ғылымға адал әдебиет зерттеушісі, дулаттанушы, абайтанушы ғалым, ұстазМарат Нұрғазыұлы еңбекқорлық, ыждағаттылық, ізденімпаздық, табандылық тәрізді шығармашылық иесіне қажетті қасиеттерді басшылыққа алып, қызмет етіп жүрген ғылымның нағыз еңбекторысы.
«Ғылым – Алланың бір сипаты» деп, хәкім Абай айтқандай, Алланың субутия сегіз сипатының бірі болған сакралды құндылық – ғылымды басты орынға қойып, саналы ғұмырын осы құндылыққа арнап, ғалымдық пен ұстаздық миссияны қатар атқарып келе жатқан болмыс иесі.
Мақаламызға арқау болған абайтанушы ғалым, ұстазды жақынырақ білу үшін оның өнімді еңбек жолы мен атқарған қызметтеріне тоқтала кетейік. Ол1986 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің филология факультетін тәмамдап, “Қазақ тілі мен әдебиеті” пәнінің оқытушысы, филолог мамандығын алып, бүгінгі күнде өзі жүрекпен қалаған саласыныңмайталман маманына, әдебиеттану ғылымының білгіріне айналды. Алғашқы еңбек жолын 1989-1990 жж. Семей облысы, Аягөз ауданы, Сергиополь ауылының С.Ғаббасов атындағы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімінен бастап, 1990 ж. Семей облысы, Жаңасемей ауданы, Шаған орта мектебінің оқу-тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасары қызметін атқарды. 1990-1992 ж.ж. Семей мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы. 1992-1994 жж. әл-Фараби атындағы Қаз МҰУ-нің ізденушісі. 1994-1998 жж. Семей облысы, Аягөз қалалық қазақ мектеп-лицейінің аға оқытушысы. 1998-2005жж. “Қайнар” университеті Семей филиалының аға оқытушысы, доценті. 2005-2010 жж. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттікуниверситетінің аға оқытушысы, доценті. 2010-2011жж. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы “Абайтану” ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері. 2011-2014 жж. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің «Халықаралық қатынастар» кафедрасының (журналистика пәні бойынша дәріс берген) аға оқытушысы, доценті, қауымдастырылған профессоры. 2014 жылдан бастапАбай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, академик С.Қирабаев атындағы Қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасының доцентіқызметін атқарып келеді. 2004 жылы қазақ әдебиеттану ғылымының қарашаңырағы, жетекші әрі іргелі ғылыми мекеме М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында “Д.Бабатайұлы және Абай шығармаларындағы отарлық езгіге қарсы әдеби сарын” атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Бұрын-соңды ешкімнің тісі батпаған сан қырлы күрделі, жұмбақ тақырыпты зерттеп, тыңнан түрен салды.
Дулат пен Абайдың дүниетанымын, шығармашылық мұрасын бүтін бір контекстесабақтастыра отырып, олардың туындыларындағы отарлық езгіге қарсы өлең тілімен өрнектелген мәселелерді айқындап, қос ақынның айтар ойы мен идеясын нақты дәлелдер арқылы тереңнен талдап, әдебиеттану ғылымының қазынасына өткен тарихтың оқылмай қалған ақтаңдақ парақтарын әкеліп қосты.
М.Нұрғазыұлы “Дулат Бабатайұлы және Абай шығармаларындағы отарлық езгіге қарсы әдеби сарын” монографиясында ХІХ ғасырдағы екі кезеңге бөлініп, сатылы да жүйелі түрде жүргізілген отарлық езгінің ел кемеңгерлері Дулат Бабатайұлы мен Абай шығармаларындағы суреттелу жайы әдебиеттің тарихилық принципі негізінде біртұтас әдеби сарын ретінде қарастырады.
Зерттеуші отаршылдардың елді рухани тәуелділікке түсірген кезеңінің қасіреті мен кеселдерін ашып көрсетіп, Дулат шығармашылығының маңызын сол дәуірдегі қоғамдық, әлеуметтік, тарихи жайлармен байланыстыра талдаған. Абай мұрасын сол кезеңнің тарихи жайларымен, отарлау саясатының астарлы мәнімен байланыста ала отырып, Абайдың туған елінің ұлттық бостандығы жолындағы хәкімдік, ақындық және қайраткерлік еңбектерінің тарихи және әдеби маңызын зерделеуі – ғалымның ғылымға қосқан зор үлесі деп білеміз.
М.Бекбосынов әдебиеттанушы ғалым болумен қатар, қазіргі қоғамдық өмірдің мәселелеріне қатысты, ұлт мүддесіне пайдалы ой-пайымдарымен бүгінгі таңдағы қоғамдық үрдістің ілгері дамуына да үлес қосып келе жатқан азамат. Бұған ғалымның әр кезеңде жазылған қоғамдық ой-пікірлерін айқындайтын ғылыми зерттеу еңбектерімен қатар, көптеген мерзімді басылымдарға жарияланған, жариялап жүрген тарихи, мәдени, әдеби, танымдық зерттеу мақалалары дәйекті дәлел бола алады. М.Бекбосынов еліміздің қоғамдық өміріндегі көкейтесті мәселелерді жаңаша көзқарас тұрғысынан саралап, ұлттық болмыс, ұлттық рух, ұлттық сана ұғымын насихаттау, сіңіру мақсатында еңбек етіп жүрген ұлтшыл тұлға. М.Бекбосынов көрнекті абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының шәкірті. Ұлт мүддесін бастапқы орынға қоятын өнегелі ұстазының ізін жалғастырушы. Ел мен жер тарихына, қазақ қоғамына пайдасын тигізетін қордалы ойларымен қоғамға әрқашан үн қосып, азаматтық әрі ғалымдық тұрғыдан сараптама жасап отырады.
Абайтанушы ғалым М.Бекбосыновтың нысаналы һәм мұратты саласы абайтану ғылымындағы өзекті әрі күрделі тақырып саналатын – Абайдың дүниетанымы, яғни хәкімдік болмысын зерделеу, насихаттау мәселелері. Бұл тұрғыдан келгенде де, мақсаттың үддесінен шыға білді. Сакралды құндылық саналатын ғылымға адал қасиеті мен қабілетін көрген, оған куә болған замандас, әріптестері М.Бекбосыновқа, оның ғылыми еңбектеріне берген бағалары бұл тұжырымымыздың айғағы.
Қазақ әдебиеттану ғылымының қарашаңырағы саналатын, еліміздегі жетекші әрі іргелі ғылыми мекеме М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті» бөлімінде қызмет етіп жүрген кезімде зерттеуші Марат Нұрғазыұлының ғалымдық болмысы, зерттеулеріжайында аға буын өкілдері С.Қорабай, Ш.Сариев, С.Дәуітұлы және т.б. ғалымдардың жылы лебіздерін, берген бағаларын талай рет естіген едім. Бұл пікірлер М.Бекбосыновтың ғалымдық қарымы мен қабілетіне «өзгелердің көзімен» берілген әділ баға деп білеміз.
Ғалым, ұстаз М.Бекбосынов ғылыми зерттеу еңбектермен қатар, 2011 жылы өзі қызмет етіп жүрген оқу орнында «Абайтану» пәнінің бағдарламасын жазып, оған белгілі абайтанушы ғалымдар мен жоғарыда тілімізге тиек етіп өткен жетекші ғылымиұйым М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы абайтанушы ғалымдардың оң пікірлерін алады. «Абайтану» пәніне қатысты бағдарлама мәтіні толықтай «Абай», «Қазақ тілі мен әдебиеті» (сол уақытта БжҒМ ұсынған журналдартізіміне енгізілген), «Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған болатын.
Белгілі бір ғылыми, пәндік саланың бағдарламасын жазу, оған өзге ғылыми-әдістемелік ұйымнан немесе мамандардан оң пікір алу жеңіл дүние емес екенін көзі қарақты ғалымдар, ұстаздар, әдіскерлер жақсы біледі. Себебі министрлікке ұсынылып, бекітілетін, республикалық масштабқа тарайтын бағдарлама тың мақсат, міндеттерді, теориялық-практикалық мәселелерді, олардың қолданылу аясын қамтып, көрсететіндіктен бұрын еш басылымдарда жарияланбауы қажет. Ғалым М.Бекбосыновтың «тыңнан түрен салып» жазған бағдарламасын бүгінде Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі ұйымдардың пайдаланып, ортақ мақсат – хәкім Абай есімі мен шығармашылық мұрасын насихаттауға қолдануы көңілге қуаныш сыйлайды. Бірақ М.Нұрғазыұлы авторлығымен жазылған «Абайтану» бағдарламасын кейбір мектеп ұжымыныңавторға бірауыз ескертпей, одан рұқсат сұрамай, туындыгердің келісімінсіз, өздері жазғандай, жалаулатып пайдаланып жүргенінен ол да хабардар. Дегдар ғалымға тән кеңдік, кішіпейілдік тәрізді қасиеттің жетегімен: «Илеп жүргеніміз, бір терінің пұшпағы емес пе, мен жазған бағдарламаның өзектілігі, мазмұны ол ұжымға ұнаған екен, игіліктеріне пайдалансын!» деп жымиып қана осы пікірін білдіруі тектілік емей немене?!
Марат Нұрғазыұлы ұлттық рух, ұлттық мүдде тәрізді рухани құндылықтарды дәріптеп, қазақ елінің іргесі берік, мемлекеттігі мығым ел болуына өзінің сан жылдық зерттеулері арқылы, өзіндік қайталанбасазаматтық үні арқылы үлес қосып келеді. Ұлтымызың мұраларын, кемеңгер тау тұлғаларын зерделеу нәтижесінде тарихтың бұлыңғыр, бұралаң тар жолдарын ғылыми дерек-дәйектер арқылы жан-жақты ашып талдайды. Ендігі кезекте ғалым, ұстаздың ғылыми еңбектері жайлы қысқаша сөз өрбітейік.
М.Бекбосынов “Абай дәуірі және Мәшһүр Жүсіп романтизмі” монографиясында Абайдан басталған қазақ жазба әдебиетіндегі романтизмнің көркемдік әдіс түріндегі принциптерін, бейнелеу тәсілдері менболмысты суреттеу ерекшеліктерін әлемдік және ұлттық әдеби-теориялық іргелі зерттеулер бойыншатереңнен қарастырады. Сөз өнерінде романтизм бағытын жаңа көркемдік сипаттармен дамытқан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығын сол дәуірдің әдеби процесімен байланысты талдайды.Ж.Көпейұлы мұрасын қастер тұтар көпшілік қауым бүгінде күн санап көбеюде, сондықтан аталмыш ғылыми еңбек әлеуметтегі сұраныс пен көпшіліктің қажеттілігін өтейтіні сөзсіз.
“Тәуекел мен батыр ой” монографиясында азаттықтың ақ таңын ұзақ уақыт аңсаған халықтың арман-тілегі, мақсат-мұраты, үкілеген үміті Махамбет, Дулат, Абай және Сүйінбай сияқты ұлтшыл тау тұлғалардың әдеби мұраларында өзінің айшықты көрінісін тапқан. Іргелі еңбекте М.Бекбосыновтың әдебиет тарихындағы азаттық ой-танымдары әдеби, теориялық, тарихи, хронологиялық бір бүтін контексте жүйелі тұрғыда, жан-жақты ауқымда зерделенген. Тарихтың күңгірт тұстарының сөз өнерінде, қазақ әдебиетінде суреттелуін әдеби, ғылыми деректер арқылы жан-жақты кешенді талдаған. Халық руханиятын қастер тұтар көпшілік қауым үшін монографияның маңызы зор. Ғылыми зерттеудің “Тәуекел мен батыр ой” деп аталуы (М.Нұрғазыұлының бұл монографиясына арқау болған атау Абайдың «Қуаты оттай бұрқырап» атты өлеңінің екінші шумағының бірінші жолынан алынған. Тамаша таңдау!) да хәкім Абайдың даналығынан сусындап, кемеңгер ақынның тағылымын болмысына сіңірген тұлға екенін аңғартады.
“Шəкəрім тағылымы” (Шаһкерім Құдайбердіұлы ғұмырбаянының ғибратты ізімен) ғылыми-педагогикалық көмекші оқу құралында XIX ғасырдағы ел тарихы мен әдебиеті, оның бағыт, ағымдары, көрнекті сөз зергерлерінің шығармашылықтары әдебиеттану ғылымының қазіргі таңдағы тың деректерімен толықтырылып, бүгінгі күннің тәуелсіздік, рухани жаңғыру бағытына сай құрылған. Шәкәрім шуағымен қазақ қоғамын жарықтандыратын “Шəкəрім тағылымы” сөз өнерін сүйер жандардың әдеби, рухани қажеттілігіне жарамды құнды еңбектің бірі.
Ғалымның “Абайтану”, “XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті”, “Әдебиеттану ғылымы”, “Шәкәрімтану”, “Әуезовтану” салаларына қатысты ғылыми зерттеулері бүгінгі ел руханиятының қазынасын молайтып, өз орны мен жоғары бағасын алып үлгерген. Ғалымдығы мен өнегелі ұстаздығының нәтижесінде қазақ қоғамына ел мүддесін жоғары орынға қоятын рухы биік, көкірегі ояу, парасатты шәкірттер тәрбиелеуде әрібұл асыл міндетті өзінің ғұмырлық ұстанымы деп есептейді.
Қорыта келгенде, шағын мақаламыздыдулаттанушы, абайтанушы ғалым, ұстаз Марат Нұрғазыұлының өз сөзімен түйіндесек: “Абайды біз не үшін оқып, неліктен түсініп қана қоймай, қал-қадырымыздың жеткенінше, түсіндіруіміз керек? Қанша жерден құбылтып, құйқылжытып, түрлі стильде, алуан терминдерді қолдана отырып сөйлесек те, Абай мұрасының күллі мазмұны адамды тәрбиелеуге, адамгершілік ілім бұлақтарынан нәр алуға жетелейді. Екінші сөзбен айтқанда, Абай мұрасы – адамгершілік ілімінің қайнары!”.
Дауылпаз ақын Дулат пен абыз хәкім Абай рухын, батылдығын, даналығын, тағылымын болмысына сіңірген әдебиеттанушы ғалым, ұстаз Бекбосынов Марат Нұрғазыұлына шығармашылық шалқар шабыт, қуатты денсаулық, ғалымдық миссиясын толық аяқтап шығуы үшін ұзақ ғұмыр тілейміз!
Дәурен Бақдәулетұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі