Теңізге талпыныс

Теңізге талпыныс

Теңізден шалғай жатқан, әлемдегі ең ірі ішкі құрлықтық мемлекет болып табылатын Қазақ елі егемендік ала салысымен, мұхитқа шығар жол үшін, алыс-жақындағы елдердің біразымен келіссөздер үстеліне отырғаны белгілі. Солардың қатарында Қытайдың Ляньюньган портынан терминал ашу туралы 1995 жылдары ортақ мәмілеге келген екі ел, алғашқы жүк тасымалын 2013 жылы жүзеге асырды. Осылайша Азияның кіндігінде жатқан Қазақ елі Тынық мұхитқа шығатын бір қақпаны ашты. Ляньюньган портынан аттанған жүктердің алды жер шарының арғы бетіндегі Канадаға, алыстағы Аустралияға дейін жетеді дейді дереккөздер. Ал алғаш рет 1992 жылы қолға алынған Каспий құбыры желісі қыруар еңбектің нәтижесінде көрші Ресей арқылы Қара теңізге маңдайын тіреп тоқтағаны белгілі. Бұдан бөлек қазақстандықтарға тиесілі Батуми портындағы мұнай терминалы да жақсы жұмыс істеп келе жатыр. Қазір біздің елде өндірілген шикі мұнай мен мұнай өнімдері, мемлекеттік келісімдердің нәтижесінде Араб теңізі, Қара теңіз секілді су айдындары арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп жатыр.

 

Ауғандар асу берсе...

 

Қазақстанның экспорттық әлеуетін асырып тұрған тау-кен өнімдерінен бөлек ауылшаруашылығы өнімдерінің де көлемі жақсы көрсеткішке ие. Қазірге дейін қазақ даласында өндірілген ауылшаруашылығы өнімдерін айналамыздағы Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан және Иран елдеріне көптеп сатып келе жатырмыз. Осы бағыттағы экономикалық қатынастарды онан ары дамыту, қазақстандық тауарларды алыс шетелдерге дейін тасымалдап сату жағында теңіз тасымалына иек артпай болмайтыны тағы бар. Міне, осы қажеттілікке байланысты қазақ Үкіметі әлемнің біраз мемлекеттерімен талай хаттамаларға қол қойып, талай келісімді бекітті. Осылардың ішінде былтыр қараша айында өткен Пәкістан Үкіметінің делегациясы мен ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринның кездесуінде тағы да пысықталып өткен Гвадар портынан терминал ашу ісін пәкістандық тараптың мақұлдауы еді. Бұдан бөлек Пәкістанның мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарға серпін беретін Түркіменстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үндістан газ құбыры жобасына да айрықша көңіл бөліп отырғандығы айтылған болатын. 

Гвадар порты – Пәкістанның Белуджистан өлкесінің Гвадар қаласында орналасқан суы терең, стратегиялық орны өте маңызды порт. Ол Ормуз бұғазына іргелес орналасқан. Пәкістанның Парсы шығанағы мен Араб теңізіне шығатын қақпасы. Бұл маңызды портқа қазір көз тігіп отырғандар көп. Порттың басқару құқығы 2007-2012 жылдар аралығында сингапурлық компанияның құзырында болған. 2012 жылы Пәкістан соты басқару құқығын Сингапур компаниясынан алып, қытайлық компанияға беріпті. Сонымен қоса 2013 жылы Пәкістан Үкіметі екіжақты келісімдер арқылы порттың 130 гектар аумағын Қытайға 43 жылға жалға берді. Қытайлар қазір Гвадардан Шыңжаңның Қашқар аймағына жол тартып, теңіз арқылы тасымалданатын жүктің жолын қысқартуға кірісіп жатыр. 

Міне, осы арада қазақ билігі де аталмыш портқа көз тікті. Гвадарға жетер жолда мүдделер тоғысы мен алауыз топтардың соғысы толастамай тұрған Ауғанстан жатыр. Ауғаннан аман-есен асар болсақ, Гвадарға жету қиын емес. Қазақ елі Ауғанстандағы ішкі тұрақтылықты сақтау, қиыншылық қыспағында қалған халыққа гуманитарлық көмек жеткізу ісін естен шығарған емес. Алғаш Ашраф Ғани билікте тұрған кезде осы төңіректегі мәселелер қозғалған еді. Кейінгі жылдардағы өзгерістер кезінде де Қазақстан билігі Ауғанстанмен болған ара-қатынасын суытқан жоқ. Осы қатардағы ауқымды істердің бірі жақында өткен қазақ-ауған іскер топ өкілдерінің кездесуі болды. Бұл туралы газетіміздің алдыңғы нөмірінде «Талибанмен тіл табысудың астарында не жатыр?» атты мақаламызда егжей-тегжейлі тоқталған болатынбыз. Кездесулер нәтижесінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи ниеттер туралы хаттамаға қол қойды. Онда мүдделі тараптар екіжақтылы сауданы дамыту, Ауғанстан мен Қазақстан арқылы өту үшін артықшылықтары бар көлік және транзиттік тарифтер ұсыну, Қазақстан және Ауғанстан нарықтарына өнімді жеткізудің баламалы және неғұрлым тиімді бағыттарын, сондай-ақ «Батыс-Батыс» форматындағы ынтымақтастықты пысықтауға келісіп қайтты. Бұл жерде министрлер арасында хаттамаларға қол қойылғандығын ерекше айта кету керек. Яғни бірлесіп атқаратын жұмыстардың ауқымы белгіленді. Ендігі жерде осы негізде іске кірісу, нақтылы келісімдер жасау басқышы тұр деген сөз. Қазақтардың мақсаты Ауған нарығына өнімдерін көптеп шығару, делдалсыз сату, сонымен қоса ауған жерінен ары қарай теңізге бет алу болмақ. Өйткені Ауғанстан Орталық Азия, Үндістан және Парсы шығанағы елдерін жалғайтын айрықша географиялық аймақта тұр.

 

Бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер

 

Қазақ елі үшін ашық теңізге шығатын тағы бір жол Иран арқылы өтетін болды. Биыл сәуір айында ҚР Премьер-министрінің Иранға сапары кезінде Құрық порты мен Иранның Әмірабад порттары арасындағы тасымалдарды дамыту туралы келісімге қол қойылған еді. Мұндағы негізі бағыт астық тасымалына қажетті терминалдар ашу болатын. Осында уағдаласқан шаруаларды ары қарай жалғастыру үшін жақында ғана Парсы шығанағындағы жетекші кеме басқарушы компания саналатын  Simatech Shipping & Forwarding атты компаниямен келісімдерге қол қойылғаны белгілі болды. 7 тамыз күні Abu Dhabi Ports компаниясымен (Simatech Shipping & Forwarding атындағы AD Ports Group бөлігі саналады) бірлескен кәсіпорын құру үшін Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Simatech Shipping & Forwarding (ADP тобына кіреді) басшысы Давуд Тафти кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады. Мұндағы мақсат Қазақстанның ауылшаруашылығы өнімдерін Парсы шығанағы, Таяу Шығыс, Пәкістан, Үндістан және Шығыс Африка жағалауындағы елдердің нарықтарына экспорттау үшін жүк тасымалдаудың ең қысқа тікелей жолын ашу еді. «Simatech Shipping & Forwarding компаниясы Ираннан араб елдеріне, Үндістанға, Африка және Қытайға жүк тасымалдаумен айналысады. Компанияның араб елдерінде бірқатар коммерциялық порты мен терминалы бар» дейді ашық дереккөздер.

Ендігі жерде Құрық портынан кемелерге тиелген жүктер Иранға жеткізілгеннен кейін ары қарай құрлық жолын басып, Әмірабад және Бендер-Аббас (Иран) порттарына шығатын болады.

«Жаңа бағыт қазақстандық экспорттаушыларға бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ашпақ: үш күнде Иран арқылы Әмірабад, Бендер-Аббас, Бендер-Хомейни, Чабахар порттарына, БАӘ-лік Халифа, Фуджейраға және әрі қарай Үндістан, Пәкістан, Қиыр Шығыс, Африканың шығыс жағалауындағы барлық портқа жол ашады. Бұл ретте басқа тауарларды Еуропа елдеріне жеткізу мүмкіндігі де  қарастырылуда. Құрық (Қазақстан) және Халифа (БАӘ) базалық порттар болады. Бұл екі порт барлық қажетті инфрақұрылыммен және техникамен қамтылады. Сондай-ақ компанияның жүктерді біріктіру және қайта жинау үшін екі құрғақ порты бар. Мұның бәрі қазақстандық экспорттаушыларға Ираннан 2-3 күнде өтуге мүмкіндік береді», – деп хабарлады ҚР Премьер-министрлігінің ресми сайты. 

Бұл жерде Парсы шығанағына шығудың Ауғанстан арқылы өтетін жолы туралы да жұмыстар істеле беретіндігін айта кету керек. Себебі Ресей арқылы өтетін Каспий құбырындағы бір жылда бірнеше рет жүз берген «шырғалаңдар» Қазақ Үкіметіне сан тарау соқпақтармен жүруді ескерткендей... «Римге баратын жол біреу емес» дейді кең таралған бір нақылда.

PS: Ауғанстан аумағын транзиттік дәліз ету мәселесінде Түркіменстан, Иран және Тәжікстан елдері де айрықша мүдделі болып отырған жайы бар. Соның бір мысалы Түркіменстаннан басталып, Ауған шекарасына кіріп тоқтап тұрған «Имамназар – Акина» теміржолының құрылысы. Алдағы уақытта бұл жоба қайтадан жанданатын болса, Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың дамуына айрықша пайдалы болады дейді мамандар. 

 

 

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ
17.08.2023

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 24
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 151
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 60
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 188
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 55
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 184
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 151
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 298
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 296
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 516
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 469

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9170
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8568
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11796
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9564
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10776