Терістікті сөз шуағымен жылытқан нар қаламгер

Терістікті сөз   шуағымен жылытқан нар қаламгер

Нұрсайын Шәріп көп жылдан бері біздің газетте еңбек етіп келеді. Болмысы бөлек, сөзі салмақты, ойы терең азаматтың көзінен де, жүзінен де нұр төгіліп тұрады.

Төменде белгілі журналистің өмір жолын зерделей отырып, Нұрсайын ағамызға әріптесіміз Өмір Есқалидың берген шуақты портретіне біз де қосыламыз. Шынында да, ол мінезінде салиқалылық бар, жазуы нақты, тапсырманы айтсақ болды, тастай етіп орындайтын жауапты жан. Осындай еңбекқорлығы мен іскерлігі үшін Нұрекеңе ризашылығымыз мол.

Бүгін әріптесіміз Нұрекеңнің поэзиясына да біршама тоқталып өтіпті. Қарапайымдылығы сондай, оның осындай тамаша жырлары бар екенін көпшілік біле бермейді екен.

Нұрсайын ағамыз 75 жасқа толып отыр. Мерейтойыңыз құтты болсын, Нұр-аға! Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілейміз. Немере-шөберенің қызығын көріп, бақытты да берекелі ғұмыр кешуіңізге тілектеспіз.

«Qazaqstan dauiri» газеті мен 

«Мөлдір бұлақ»  журналы ұжымы 

 

Нұрлы жүзді Нұр-аға

Нұрекеңнің есімі  қаламы қарымды, ойы шалымды журналист, арқалы ақын ретінде Солтүстік өңір жұртшылығына жақсы таныс. Нұрекең деп  отырғанымыз – 75-тің биік белесіне шаршамай-шалдықпай  көтеріліп отырған Нұрсайын Шәріп.  «Жырлайды жүрек»  атты  жан жүрегін жарып шыққан жыр жинағының алғысөзінде «шынын айтқанда, мен ақын болайын немесе жырларыммен атымды шығарайын деген адам емеспін» деп ағынан жарыла отырып, поэзия өлкесіндегі тәй-тәй басқан алғашқы қадамын  «Ленин туы» («Soltustik Qazaqstan») газетімен байланыстыруы әбден қисынды. Ол  жазу-сызуға деген қарым-қабілетін  қапысыз танып, бағыт-бағдар берген редакция қаламгерлерінің тәлім-тәрбиесін алып  өссе де,  табиғатынан ұяң, қыз мінезді, ішкі сырын сыртқа шығара бермейтін түбіт мұртты бозбала журналист болсам деген асыл арманын былайғы жұрттан қанша жасырғанмен, әдебиетке деген ерен құштарлығы сол кезде-ақ берік  қалыптасқан болатын. Жас ұстаздың  ауылдың қырық қатпарлы тіршілігі жайлы жазған  мақалаларымен қоса өлеңдер  топтамасы өңірдегі бірден-бір қазақ басылымында  жиі жарық көретін. Шабыт қамшылаған оңаша сәттерде «Сезімнің берілген бір сәттерінде, Сыр айтып тұрғандаймын тәтті ерінге. Махаббат, бір өзіңе құмартамын, Түспеген жырларымдай дәптеріме...(«Махаббат»), «Таңымбысың сағынышпен атырған? Арманбысың қолын бұлғап шақырған? Жете де алмай, кете де алмай жүрмін мен, Тұңғиықтың тереңіне батырған...» («Елеспісің»)  секілді   марғау көңілдің өзін селт еткізетін, сырлы сезімге жетелейтін лирикалық жыр жолдары ақ бұлақтай атқылап қоя беретін. Сол екпінмен, ол кездері атынан ат үркетін, екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін журналистика ауылына қоңсы қонған қазақ филологиясына деген буырқанған көңілмен Қарағанды мемлекеттік университетінің табалдырығын аттады. Студент атануы мұң екен,  тіл жеткісіз ғажайып сезім құшағына бөленіп,  екінші тынысы ашылып сала бергендей болды. «Бұл қыстың кеткенмен мұз-қары, Қысып тұр көктемнің ызғары. Желіне қарасаң ысқырған, Маңайды борансыз қыс қылған» («Ызғарлы көктем»), «Қайыңы да қазақтың, Билеп тұрған сияқты. Қыр басынан ғажап тым, «Сылдыр қағып күй ақты» деп, басқа мәнермен, өзгеше ырғақпен жазуға  көшті.   

Жоғары білімін айғақтайтын диплом қолға тиісімен туған өлкеге жеткенше асықты. Ауылға деген сартап сағынышын жыр жолдарымен басты.  Кеудені кернеген толғақты ойлар керуені жүрек қылын шертіп, кәусар от болып төгілді.  «Сағым қалқып белестен, Сыбдыр қағып жел ескен. Күннің көзі күлімдеп, Тандырардай мені естен» («Ауылым-әнім»), «Балаң ем өскен жасынан, Күндерім көп қой тасыған. Кеулесе сезім жүректі, Ауылға қарай асығам...» («Ауылға қарай асығам») деген жыр жолдарынан өмір деген асау ағынның сан иіріміне жолықса да, «жусанын  сүйген даланың, ауылдан кеткен баланың»  кіршіксіз көңілі таза бұлақтай, желкілдеген құрақтай қалпы қалған. «Қалада күн кешіп жүргенмен, алаңсыз өмір сүргенмен», іргесінен күншуақ іздейтін атамекенін бір сәт те есінен шығармайды.  Ал «Алаш деген боздақтар»,  «Егемен ел біз енді», «Біз – қазақпыз», тағы басқа публицистикалық пафосқа толы  жырлары арқылы қиын-қыстау күндері  бір сүйем жерін жауға бермей, елін, жерін ардақ тұтқан қазақ халқына деген мақтанышы  ақ параққа маржан болып төгіледі. 

«Менде  өкпе жоқ, бәрі бауыр» деген бауырмалдылықтың анықтауышы іспеттес сөз біздің Нұрекеңе қарата айтылғандай. Ағамыз бір кіндіктен жалғыз болса да, еліміздің кез келген өңірінде таныс-туысы жетіп артылады. Жомарт жүректі, жайсаң жанды ел азаматына Алла Тағалам өзгелер тәлім аларлық адамгершілік қасиеттерді үйіп-төгіп бере салған.  Десек  те, бұл сипаттама «қой аузынан  шөп алмас момын» дегенге келе қоймасы анық. Талай алқалы топтарда,  аламан басқосуларда азаматтық ойларын бүкпесіз ақтарып, тура  айтудан  іркіліп қалмады. Ел мүддесі сынға түсер тұста  әлдекімдер құсап биліктің ығына жығылып, бүгежектемейтін.  Кезекті ұпай алу болмаса арзан бедел жинау үшін емес, ұлтына деген сүйіспеншілік атой салып, тұлабойынан жанартаудай атқылап, қыж-қыж қайнап жататын. Тіл басқармасында, «Қазақстан-Петропавл» телеарнасында, «Солтүстік Қазақстан», «Қазақстан ZAMAN»  газеттерінде  қызмет атқарған кездерде  талай рет куә болғанымыз бар. Бүгінде түркі әлеміне тарайтын халықаралық «Qazaqstan dauiri» басылымының өңірдегі меншікті тілшісі ретінде  кесек тақырыптарды, өткір мәселелерді көтеріп, салмақты ой тастап, өндіртіп жазу дағдысынан  айныған емес. Көп жылғы қаламгерлік еңбегі орынды бағаланып,  республикалық, облыстық дәрежедегі арнайы сыйлықтарға, басқа да марапаттарға ие болды.

  Бүгінде құдай қосқан қосағы Сәния жеңгей екеуі алтын асықтай ұл-қыздарынан  немере, шөбере, жиен сүйіп,  ен қызыққа кенеліп отыр. Нұрекеңнің нұрлы жүзінен нұр таймаған күйі алар асулары  одан әрі биіктей берсін демекпіз.   

 Өмір ЕСҚАЛИ,

Қазақстанның мәдениет қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысы

 

АҚЫН ЖАНЫН АҚЫН БОЛЫП БАРЛАСАҢ

 

Өнер керек ақын болу үшін де, 

От сезім бар  жыр-перзенттің күшінде.

Ақын жанын шабыт буып кетсе егер,

Жыр жазады  өңінде де, түсінде.

 

Аз ғана өмір

Болды соны ақтаса,

Жетіп жатыр тірлігінде мақтаса.

Керек жалғыз – отбасына баспана,

Қажет емес одан кейін бақ та аса.

 

Қалмай соңнан өсек-аяң ермесе,

Түймедейді түйедей ғып термесе,

Туған жерін көріп тұру – бір арман,

Ішкен асын қояр ақын ел десе.

 

Ақын жанын  ақын болып барласаң,

Білер едің  соқтыққанын жарға сан. 

Сәл-ақ жетпес көк тіреуге төбесі,

Еркелетіп, бір жылы сөз арнасаң.

 

Ақындардың бәрінің де жары асыл,

Күншілдердің  салған жазар жарасын.

Той-думанға шабыт үшін үйірлеу,

Шарап меңдеп алған деме санасын.

 

Бұл өмірдің керек қылмай атағын,

Бір басынан асырмаған «шатағын».

Жұлдыз, 

Аймен оңашада сырласып, 

Түні бойы жырға бөлер жатағын.

 

Шабыт керек ақын болу үшін де,

От сезім бар  жыр – перзенттің күшінде.

«Мінезі ерсі» деме жалғыз тілегім – 

Жүрсін ерке болып көптің ішінде... 

 

ҚАЛМАДЫМ  ДЕП  ӨКІНБЕН  ЕСІҢДЕ  МЕН

 

Үйретті өмір  болуға қарапайым,

Жұртты өзіме дегем жоқ қаратайын.

Қалтарыста қалыппын, 

Пысықайлар

Қамшыласа тойымсыз ала тайын.

 

Данасынып көрмеппін,

Айыбым ба?!

Ойламаппын терең деп Жайығың да.

Сабақ болды жүргенім кейде, әйтеуір,

Сатып кетер жандардың қайығында.

 

Құлай сендім құдайдай текті есімге,

Жарамаппын  жаманмен кектесуге.

Тәубе деймін, кезінде пасық жанмен

Жетпегенім үшін тек шектесуге.

 

Есіретін шақта да есірмегем,

Содан қиял қанаты кесілмеген.

Ер елімнің шашбауын көтерсем де,

Қалмадым деп өкінбен есінде мен.

 

Ас бар,

Бас бар тойлардан бұйырмаған,

(Бұқты талай көмейден құйылмақ ән).

Арбаладым асықпай,

Содан ба екен,

Арманымның желкесі қиылмаған.

 

Есте қалу үшін тек келмегемін,

Сіңсе болды терім тек жерге менің.

Көрмей өтсем жарар ед мына өмірден,

Достың сөзбен өлтіріп, жерлегенін...

 

«АЛАШ» ДЕГЕН БОЗДАҚТАР

 

Мағжан менен Сәкенді,

Демес ешкім жат енді. 

«Алаш» деген боздақтар

Егемендік әкелді.

 

Жастар болып тілегі,

Жырын тасқа біледі.

Шабыт-оттан оянды,

Жасыл Көкше сілемі.

 

Қамын ойлап Тұранның,

Күнін кешіп қыранның,

Маржан сөзбен әдіптеп,

Тілін тапты жыр-әннің.

 

Құшағында гәккудің,

Қуат алып,  бақ қудым.

Жазған қалай  жарыса,

Сұлулығын аққудың?!

 

Қара! 

Қара!

Түр қандай?!

Жазық емес құр маңдай,

«Қазақ осы!» дегенді

Бейнесі айтып тұрғандай.

 

«Отанымды  нұр  –  мекен, –

Деп  жүргенде, –  гүлді етем!»,

Нар тұлғасын қаскөйлер,

Көзі қайтіп қиды екен?!

 

Қам көңілде сызат бар,

«Жау», – деп таққан тозды ақпар.

...Өкініші тарихтың –

«Тар жол, тайғақ кешуден»

Оралмады боздақтар...

 

БІЗДІҢ ӨМІР ОСЫЛАЙ

 

Көпті көрген көне емен,

Кімге керек өнегем?!

«Жаңашыл» боп кеткесін,

Түк қалмады өреден.

 

Бәрін жаппай тәрік қып,

Жұт келгендей тарықтық.

Қайда  күндей табынған 

Ленин көсем – жарықтық?!

 

«Жүрсек, – дедік, –  сәл озық».

Кететіндей бәрі озып.

Өз әкесін «жау» қылған

Қайда  «кумир» – Морозов?!

 

Балға менен Орақ тек

Көкейге кеп қонад деп,

Өңеш жыртқан әніміз – 

«Батыр бала – Болатбек».

 

Біздің қазақ ел еді,

Хан көтерген Кенені...

Ана қалып жайына,

Сыйлап жүрміз енені.

 

Біткен істің  тосыны-ай,

Оған көрші шошымай?!.

Сенбеске де сендірген,

Біздің  өмір осылай...

Нұрсайын Шәріп

15.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бауырлас елдерді барласақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 15.01.2026 44

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22217
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21977
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 37689
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 35562
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 39619