ТІЛ және МІНЕЗ. Тіл жанашыры, үлгілі ұстаз Мақсат Алтынованың іс-тәжірибесінен

ТІЛ және МІНЕЗ.  Тіл жанашыры, үлгілі ұстаз Мақсат Алтынованың іс-тәжірибесінен

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Халыққа қызмет ету білімнен емес – мінезден» деген екен. Шындыққа негізделмесе өміршең болар ма еді.

Белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбай: 

– Мен кеше ерекше бір ұстазбен кездестім. Мені батылдығымен тәнті етті.  

– Мәке, ол кім?..   

–Алматыдағы № 74 аралас орта мектептің директоры Мақсат Шаймерденқызы Алтынова. Оның орыс сыныптарына «Қазақ тілін» оқытудағы жанкешті күресі ерлікпен бара-бар. Сен сол туралы жазшы. Ондай тіл жанашырын жұрт білуі керек.

Алтыноваға телефон шалдым. Байқаймын, сұхбаттасуға аса құлқы жоқ. Уақытының тапшылығын айтып, кездесуді кейінге қалдыра берді. Соның сәті өткен оқу жылының соңында түсті. 

     

***

 

Мақсат Шаймерденқызы Алтынова 1998 жылы Үржардан Алматы маңындағы Ащыбұлақ ауылына қоныс аударған. Айнабұлақ шағынауданындағы №137 қазақ орта мектебінің директоры Баян Жұмашева оны «Қазақ тілі» пәні маманы ретінде жұмысқа қабылдады. Бір айдан соң-ақ оқу ісінің меңгерушісі Елеукен аға «ашық сабақ» беретінін ескертті. Сенің әуселеңді көрейік дегендей, мектептегі әккі «Қазақ тілі» мамандары түгел қатысты. Мақсат сын көздерден жасқанып, сасқан жоқ. Берілген академиялық уақыт ішінде сабаққа қатысты жоспарлы бағдарламаны толық игерді. Сабақты талдау кезінде Елеукен тіл мамандарын көзімен шолып шығып: «Мен сендерді сынаушы едім. Ал мына Алтыноваға айтарым жоқ. Осынша аз уақыттың ішінде балалардың жүректеріне жол тапқанын, бүгінгі 45 минуттағы сабақ беру шеберлігінен анық байқадыңдар, – дей келіп, тосын сауал тастады. – Сендер Мақсат Алтынова келгелі осы мектептен қандай өзгерісті сездіңдер?». Олар: «Мына кісі нені меңзеп тұр?» дегендей бір-біріне иек қағып, иықтарын көтеріп, бастарын шайқады. Елеукен ілкім сәт үнсіз тұрды да  үзілген сөзін қайта жалғады. – Мақсаттың сынып оқушылары үзілістерде бір-бірімен қазақ тілінде сөйлесіп жүр. Міне, жаңалық!». Залда отырғандардың ешқайсысы ұлағатты ұстаздың сөзін жоққа шығара алмады. 

Алтынова тәуелсіз басылымдардың бірінде Италияның «Ренко» компаниясының президенті Ренальдо Гаспаринидтің: «Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде тұрып, өз ана тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол – қазақ халқы» деген сөзін оқып, жанға батып, намысты қамшылайтын ащы шындықтан екіұдай ойда қалды. 

Жауабы жоқ сұрақтар қаншама күндер бойы жанын жегідей жеп, түн ұйқысын қашырды. Ойы тұйыққа тіреліп, ілкім сәт салғырт күй кешіп, сам-соз тұрып қалған сәттері аз болған жоқ. Ақыры құрдымнан шығар жол тапқандай мұң басқан қаяу көңілі жадырап шыға келді. 

«Ал орыс мектебінің оқушыларына «Қазақ тілі» пәннен сабақ берсем ше. Үржардағы мектепте жинаған азды-көпті тәжірибем бар. Меніңше, бар гәп сонда секілді. Сан жағынан аз болса да өзгелердің бетін бері бұрмай іс оңға баса қоймас. Менің күрес жолымның мәні осында тәрізді. «Құласаң нардан құла». Алдағы оқу жылынан бастап ойымды жүзеге асыруға күш салып көрейін. Ендеше бұған да белді будым, нар тәуекел!».

Алматы қаласындағы Түрксіб аудандық оқу бөлімі оны №50 орыс орта мектебіне жіберді. Директор Елена Решетникова құжаттарыммен танысып, оқу ісінің меңгерушісі Ләйла Сламбекованы шақыртып: 

– Бізге «Қазақ тілі» маманы құтаймай-ақ қойды. Мына Мақсат Шаймерденовнаның шыдамы қанша уақытқа жетер екен. Байқап, сынымыздан өткізіп көрейік, – деп езу тартты да орынбасарына. – 1-ші және 5-ші класстардың пәндерін беріңіз. 

Мақсат киіп кетті. 

– Кешіріңіз, мен қазақтың қызымын. Басқа ұлтқа түрім мүлдем келмейді. Оның үстіне «Қазақ тілінің» маманымын. Неге менің тегім сіз атағандай Шаймерденовна болуы керек. Мені Шаймерденқызы деп атауларыңызды өтінемін. 

Оның тосын сөзі директордың қолайына келмеді ме,  сұстана қарап, тіксініп қалды. 

– Қалауыңыз болсын, солай-ақ атайық, – деді енжарлау кекесін үнмен. 

Қараша айының соңында 5-класс оқушыларының ата-аналар жиналысы өтті. Олардың біразы өре түрегеліп, қызу қандалыққа салынып: «Қазақ тілі» пәнінің мұғалімі Мақсат Шаймерденқызы тым қатал. Біз балаларымызға басқа мұғалімнің сабақ беруін талап етеміз», – деп жарыса даурығып жатқанда сол мектептің «Орыс тілі» пәнінің мұғалімі Елена Искина жұрт алдына шығып бипаздап сөйлесін бір. «Мен күйеуімнің қызмет бабымен Ресейге қоныс аударып бара жатырмын. Қызым сіздердің балаларыңызбен бірге Мақсат Шаймерденқызынан сабақ алды. Мені педагог ретінде оның таңғалдырғаны қызымның айналдырған екі-үш айдың ішінде қазақ тілін жап-жақсы меңгеріп, сауатты жазуы. Ал бұл – ұстаздың маңдай терімен келген нәтиже. Қазір қоғам өзгерді. Талап та басқа. Қазақ – бауырмал халық. Сіздер осы елде тұрасыздар. Енді балаларыңыздың болашағы да осы елге байланысты. Сондықтан олардың қазақ тілін білгендері жөн. Менің Мақсат Шаймерденқызына алғыстан басқа айтарым жоқ. Иә, ол талапшыл. Бірақ сіздер айтып отырғандай қатал ұстаз емес. Сенгіш баладай аңғалдығы да бар. Өз жұмысына адал, шынайы педагог». – Айтыс-тартыстың түйіні осы болды. Жүйелі жөн сөзден екпіндеп өрекпігендер су сепкендей басылды. 

Уақыт зымыранда тоқтау бар ма. Жылдар жылжып өтіп жатты. Коморов Александр Алматыдағы авиация университетіне түсті. Студенттерді топқа бөліп жатқанда қазақ тобының саны жеткіліксіз болып қалған. Сонда Александр:

– Мені қазақ тобына жазыңыз, – деп өтінді. 

Декан аң-таң. Орыс баласы қазақ тілінде таза сөйлеп тұр. 

– Қай мектепте оқыдың? 

– №50 мектепте. 

– Ол орыс мектебі ғой, – деді декан жұлып алғандай. Александр: 

– Сіз дұрыс айттыңыз. Бірақ бізді «Қазақ тілі» пәнінен Мақсат Шаймерденқызы оқытты. Менде тілден мәселе жоқ. Қазақ тілінде шығарма  жазу да маған қиын емес, – деді ол. Декан:

– Сол апайыңның түрін көру керек екен өзі, – деді сүйсініп. 

2003 жылы мектеп басшылығында өзгерістер болды. Жаңа директор Андрей Геннадьевич Абраменко келген бойда ұжымдағы мұғалімдердің жұмыстарымен танысып, Мақсат Шаймерденқызы Алтынованы методикалық әдістер бірлестігінің жетекшісі және 05-ке оқу ісінің меңгерушісі етіп тағайындады. Алтынова жүрексініп: 

– Андрей Геннадьевич, мен Мақаншыда қазақ мектебін бітіргенмін. Орыс тіліне аса жетік емеспін. Меңгеруші болуға шамам келмес, – деп бас тартты. 

Директор езу тартты. 

– Келгелі бері байқағаным, сіздің мына мұғалімдерді басқаруға сол білгеніңіз де жетеді. Бұйрықты шығарып қойдым. Қайта қарап, өзгерте алмаймын. – Оның кесімді сөзді осы болды. 

Көп ұзамай Абраменко өзіне шақырып: 

– Мақсат Шаймерденқызы, 6-шы классқа колледжді бітірген жас қыз жетекші екен. Оқушыларды игере алмай сарсаңға түсіп жүрген көрінеді. Әсіресе Саша Шулиманың сабаққа келгенінен келмегені көп. Онымен мен өзім де сөйлесіп, тәртіпке шақырып көрдім. Қыңырлығы соншалық, айтқаныма құлақ асып, мойынсұнар түрі жоқ. Сіздің қиқарларды жөнге салуда тәжірибеңіз бар. Сол классқа сіз жетекшілік етсеңіз, – деп ұсыныс жасады. 

Жаңа аптаның басында Татьяна Владимировна Лобастова мектеп директор қызметіне тағайындалды. Сұр тартқан түр-әлпеті, шегір көздері суық. «Адамды танығың келсе, қолына билік бер» деген сөз бекер емес-ау. Келген бойда-ақ көкейіндегі пейілі көрініп қалды. «Қазақ тілі» пәні десе қанын ішіне тартып тұратыны бірден көзге ұрып, дөрекілігі атойлап шыға келеді. Неткен өшпенділік, неткен қыжыл! Шерін басу үшін пән мұғалімдеріне алара қарап, қит етсе қасқырдай талап тастауға бар. Алайда Мақсат Алтынованың мінезінен, беделінен хабардар болса керек. Ол аудандық оқу бөліміне жиналыстарға кеткен кездерде тырнақ астынан кір іздеп, жоқ жерден ілік тауып, «Қазақ тілі» мамандарын тұқыртып, кемсітіп отыру әдетіне айналған. 

«Мың асқанға, бір тосқан». Бір жолы Лобастова жұрттың көзінше Алтыноваға да ықпалын жүргізіп алмақ ниетпен тілінен қағынып, сес көрсетті. 

– Тек «Қазақ тілі» пәнін оқытумен қоғамның көсегесі көгермейді. Орыс тілінсіз алға басу мүмкін емес. – Ол басын кекжитіп лекігені сол еді, орынсыз ділмәрі әлгіден үнсіз отырған Мақсат Шаймерденқызының шымбайына қатты батты. Көңіл сөзден азады, шыдамның да шегі бар. Ол ет жүрегін от қарып алғандай ыршып тұрып: 

– Татьяна Владимировна, қазақта «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген ұлағатты сөз бар. Сіз елеп-ескермей жүрген қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің қатарында тұр. Ол ғылыми тұрғыда дәлелденген. Қоғамда оның дамуын қолдан тежеп отырған сіздей шовинистердің көрсоқыр көзқарасы, солақай саясаты. 

Алтынованың ашынған ащы дауысы, жалтармай тура қараған батыл жанары мен қарымта соққы сөзі Лобастованың биік дәрежесін аласартып жібергені соншалық меселі қайтып, жүні жығылды. Ол сөзін сонымен тамамдаған жоқ. Ойын педагогикалық кеңесте жалғастырды. Лобастованың басқа да жөнсіз оғаш істерін әшкерелеп, текірек қаққан көкірегін басты.  Содан бері директор педкеңестерде «суға кеткен тал қармайдының» керімен Алтыноваға жалтақтап сөйлейтін болды. 

Алматыға күз келіп, жапырақтар сарғайып, салқын түскен. Кабинеттегі телефон қоңыраулатты. Мақсат Алтынова тұтқаны көтерді. Арғы жағындағы бейтаныс жан өзін қаладағы №80 аралас мектептің директоры Мұхтар Ілиясұлы Тажыбаев деп таныстырды. 

– Сіз жайында Андрей Геннадьевичтен естідім. Мүмкін болса біздің мектепке келіп кетсеңіз. Сөйлесетін маңызды шаруа бар еді. 

Ол директорды кексе тартқан үлкен кісі шығар деп топшылаған. Алайда  өзінен әлдеқайда жас көрінді. Мұхтар Ілиясұлы жұмыс жағдайын айтып, өтініш жасады. 

– Мақсат Шаймерденқызы, бізде қазақ сыныптарынан гөрі орыс класстары бірнеше есеге көп. Солардың ықпалы басым. Мен сізді орынбасарым ретінде шақырғым келеді. Маған мектептің оқу ісін, ішкі ахуалын жөнге салып беруге көмектессеңіз. – Ол қобалжыған көңілімен ұсынысыма қалай қарар екен дегендей аңтарыла қарады. Шын қиналып жүргені жиырылған қалың қабағынан, бозғыл тартқан көңілсіз түрінен көрініп тұр. «Неге көмектеспеске? Соншалық қорқатындай не бар?». Алтынова келісімін берді. Қуанғаннан Ілиясовтың өңінен қан ойнап шыға келді. Аудандық оқу бөлімі қарсы болмады.

Ол қызметке кірісер алдында Мұхтар Ілиясұлы оңаша кеңескен. Басшы өз ойын астарлап жеткізді. 

– Мақсат Шаймерденқызы, орыс мұғалімдерінің астамшылығы өздеріне білінбейді. Жылдар бойына солай қалыптасып қалған. Мен директор ретінде сол оғаш істеріне қатты айта алмаймын. Мұнда «Қазақ тілі» пәнінің аздаған мұғалімдері де бар. Солардың құқын қорғап сөйлесем, мыналар жоғарыға «Тажыбаев ұлтшыл» деп шағымданып шыға келеді. Сондықтан сыпайы сөйлеуден арыға бара алмай жүрмін. Сіз «Қазақ тілі» пәнінің маманысыз. Мен айта алмағанды сіз Мемлекеттік тілдің Заң шеңберінде талап етуіңізге болады. – Директор ойын солай түйіндеп, ісіне сәттілік тіледі.

Алтынованың ұлы Ринатқа көршісі Айбол: «Шынымен-ақ сенің мамаң қатал екен», – деді таңданып. Ол: «Ал сен бір айдан соң біздің мектептен безіп кетеді деп сенбеп едің», – дегенде анау: «Айтқаным рас, өйткені біздің мектеп орыстанып кеткен. «Қазақ тілі» сабағына орыс балалары пысқырмайтын. Класста өз тілдерінде сөйлесіп, телефондарымен ойнап, сағыздарын шайнап отыратынын сен де көрдің ғой. Тіпті көбісі сабаққа қатыспайтын да. Қазір соның бәрі мүлдем болмағандай. Сабаққа түгел келіп, «Қазақ тілі» пәнінің апайларын сыйлайтын жағдайға жетті. Біз енді ғана өзіміздің қазақ екенімізді сезіне бастадық», – деді жымиып. 

Мақсат Алтынова апта сайын он тоғыз класс жетекшілерінің журналдарын да парақтап, өзінің ескертпелерін арнаулы бетіне қазақ тілінде жазып жүрді. Ертеңіне Галина Петровна келді. 

– Мақсат Шаймерденқызы, журналға жазған ескертпелеріңізді біз түсіне алмадық. – Қыбыжықтап, қымсына сөйледі. Ол байсалды үн қатып: 

– Галина Петровна, сізді түсінемін. Мен қазақ мектебін бітірдім. Бірақ орыс тілін білу керек болған соң жанымды салып үйрендім. Қазір жүз пайыз болмаса да жетпіс бес пайызға білемін. Сіз де шын көңіліңізбен талаптансаңыз, әлі-ақ қазақ тілін игеріп кетесіз. Түк те қиындығы жоқ. Мемлекеттік тіл барлығымызға ортақ. Негізінде, үйренетін уақытыңыз әлдеқашан болған, – деп шығарып салды. Солай өз табақтарын өздеріне тартты. 

Галина Петровна «Қазақ тілі» мұғалімдеріне барып, өтініш жасаған. Қауырт жұмыстарына мұрындарымен шаншылып жатқан олардың түсіндіруге мұршасы қайдан болсын. Қиналғаны соншалық ауа жетпегендей екі иінінен дем алып, амалсыздан директорға барады. 

– Мұхтар Илиясович, журналдағы Мақсат Шаймерденқызының қазақша жазған ескертпелерін түсінбей басымыз қатты. – Күмілжіген үнінен не шағым, не өтініш айтып тұрғанын ажырату қиын. 

Мұхтар Тажыбаев жымиып: 

– Мемлекеттік тілде жазса, мен Алтыноваға мынауыңыз жөнсіз дей алмаймын. Сіз сөздік кітапты алып аударып көріңіз. Кезінде біз де сөздікпен жұмыс істеп, орыс тіліне қалыптасып кеттік. Қорқатын ештеңе жоқ, ынта-ықылас қойсаңыз, тез үйреніп кетесіз. Сыйластығымыз жарасқан Қазақстанда тұрып жатырмыз ғой, – деп сыпайы ізет жасады. «Басқа түссе баспақшыл» деген осы-ау сірә. 

Ол әдеттегідей класс журналдарындағы оқушылар үлгерімін қарап шықты. Әсіресе 11 «а» классының көрсеткіші өте төмен екен. Жетекшісі Валентина Евгеньевна Гороховадан себебін сұрап еді. 

– Мақсат Шаймерденқызы, әскери қалашықтан келетін оқушылардың оқуға аса ынталары жоқ. Бәрі емес, әрине. Сыныпты солар кері тартып отыр. Ал мына Сейітбекованың бір емес, бірнеше сабақтан үлгерімі нашар. Әкесінің полковник шені бар екен. Қызының сабағы туралы сөйлесіп едім, басым пәлеге қалды. «Оқыта алмайсыңдар» деп өзіме тап беріп, мұғалімдерді кінәлап шыға келді, – деді шарасыздық танытқан жабырқау күймен. 

Мақсат Алтынова: 

– Бұлай болмайды, Валентина. Оқушылар келер жазда ҰБТ-дан емтиханды қалай тапсырмақ? Ренжімесең бұл класстың жетекшілігін өзім қолға алайын, – деді жүзіне барлай қарап. 

Горохованың көздері шырадай жайнап шыға келді. 

– Мақсат Шаймерденқызы, мені басқа классқа ауыстырыңыз деп сізге ебін тауып, айта алмай жүр едім. Бүгін өзіңіз орайын келтіріп, мені құтқарғаныңыз қандай жақсы болды?! – Ұстаздың ақшыл сары өңіндегі көкшіл жанары жайнап, шаттанып шыға келді. 

Ол Мұхтар Ілиясовқа келісілген жайды баяндап, жетекшілікті өз қолына алатынын ескертті. Директор қабағын шытып, жабырқау үнмен: 

– Мақсат Шаймерденқызы, алдын ала ескертіп қояйын. Әскери қалашықтың милиция бөліміндегі ОБХС полковнигі Сейітбековпен сөйлеспей-ақ қойыңыз. Ол кісі тік мінезді, өрескел адам. «Аш бәледен, қаш бәле» деген. Қақтығысып қалсаңыз, қыр соңымызға түсіп, аудандық, қалалық оқу бөлімдеріне, қала берді министрлікке шағымданудан тайынбайды.  Сау басымызға сақина тілеп алмайық. Бізден бұрынғылар да одан әбден зәрезап болған, – деп сақтандырды. 

Желтоқсан айы бел ортасынан асқанда қыс күшіне мінді. Кеше қар тағы жауып, бүгін аяз атойлап тұр. Мақсат Шаймерденқызы екінші ауысым сабағынан соң жанына жас мұғалімнің бірін ертіп, әскери қалашыққа жол тартты. Күн батып, қас қарая бастаған шақ. Олар табан асты қалың қарды сықырлата басып, үйді-үйлерге кіріп, ата-аналармен кездесіп, балаларының оқу үлгерімі туралы пікір алысты. Мақсат Алтынова: «Әдейі келген соң Сейітбековтың дөрекілігінен тартынып, қалай кездеспей  кетемін? Қанша өрескел болса да ат-тонымды шешіп алып қалмас», – деп, солай қарай бет түзеді. 

Серігі үй сыртында қалып, өзі баспалдақпен ентіге көтеріліп, үшінші қабаттағы пәтердің қоңырау тетігін басты. Есік ашылып, арғы жағынан үстінде милиция үлгісіндегі киімі бар, алпысты алқымдап қалған кісі оған ит көрген ешкідей едірейе қарады. Мақсат Алтынова амандасып, өзінің мектепте оқу ісінің меңгерушісі екенімен таныстырды да:

 – Бүгіннен бастап кіші қызыңыздың сынып жетекшісімін. Сізбен кездесіп, оның оқу үлгерімі  жайында пікір алыссам ба деп келдім, – деді сабырлы үнмен. 

Сейітбеков қабағын түйіп, сәлем жоқ, сауқат жоқ көзін алартып:

– Ты кто? – деп өктем үнмен күңк етті. 

«Қиқарын-ай мына кісінің. Бәрін естіп тұрып, жорта қайта сұрап тұрғанын қарашы. «Сіз» демей «сен» деп маған доқ көрсетіп, жасқап алмақшы. Оныңыз бола қоймас. Ендеше еруліге қарулы болсын». Ол тік қарап: 

– Мен үйсізбін, қайырым етсеңіз, сіздікіне түнеп шығу үшін келіп тұрмын, – деді тайсалмай. 

Полковник тіксініп, сөзіне қарап сөз қайырғанын іші сезді. Сонда да айылын жимай баждиып: 

– Маған келген шаруаңызды қысқа, нақты айтыңыз, – деді кергіп. 

Мақсат Алтынова сөмкесінен класс журналын шығарып, қызына бірнеше пәннен өте төмен баға қойылғанын көрсетті. 

– Тіпті басқа сабақтарды былай қойғанның өзінде «технологиядан» да екісі бар. Тігінге машықтануға қажетті «биссер» құралы да жоқ. – Ол қабағын шытып, ренішін білдірді. Полковник журналға шұқшиды. 

– «Технологияны» да сабақ деп тұрсыз ба? – Миығынан мырс етті. – Демек, сіздер қызыма аса көңіл бөлмейсіздер. Қысқасы, дұрыс оқытып, үйретпейсіздер. Ертең бұл жөнінде оқу министрлігіне хабарласып, сіздердің мәселелеріңізді қозғаймын. – Сейітбеков сенімен сөз бітті дегендей есігін жабуға ыңғайлана берді. Мақсат Алтынова өңін суытып. 

– Тоқтаңыз!.. Тыңдаңыз!.. Сіз министрлікке телефон шалып біздің үстімізден шағымданатындай кімсіз? Мені Ай қарап қалады деп ойлап тұрсыз ба? Онда қателесесіз! Ал мен Ішкі істер министрлігіне телефон қоңыраулатып, сіздің осы уақытқа дейін қызмет бабын өрескел пайдаланып келгеніңіз жайында шағымданамын. Оқу Заңының 49 бабында оқушы тәрбиесі мен оқу үлгерімі ата-ана мен мұғалімдерге тікелей байланысты деп жазылған. Осы жағынан менің де айтарым аз емес, – деді қатқыл үнмен. 

Полковник үнсіз. Сөзі талмау жерінен тиді ме, бет-аузы жыбырлап, аз-кем состиып тұрып қалды. Алтынова сөзін жалғады.

 – Мен мына қыстың көзі құрауда, қалың қар кешіп, сізге еріккеннен келіп тұрғаным жоқ. Ащыбұлақтағы үйімде от жағылмай, тамақ істелінбей балаларым күтіп отыр. Сіздің әйеліңіз осындай жылы пәтерде отырып, оқу үлгерімі нашар қызыңызға неге көмектеспейді?.. 

«Сасқан үйрек артымен жүзеді». Полковниктің екпіні басылып, пәті қайтып, бірден жуасып сала берді. Әлгіндегі дауылдай дүлей жуан дауысы енді жібек самалдай майда есілді. 

– Сіздің аты-жөніңіз қалай еді? – деді тұтығып. 

Ол өзін қайта таныстырды. Полковник: 

– Мақсат Шаймерденқызы, есіктің алдында тұрып қалдыңыз. Үйге кіріңіз, – деп басын иіп, ізет жасады. Оны төргі бөлмеге жайғастырған соң, әйелі мен қызын шақырды. Әйеліне журналдағы пән сабақтарынан нашар бағаларын сұқ саусағымен шұқып көрсетіп, аш арыстандай ақыра сөлесін бір. 

– Мақсат Шаймерденқызы дұрыс айтты. Сен неге жылы үйде отырып, қызымның оқу үлгеріміне қарамайсың. Дүкеннен неге «биссер» алып бермегенсің? Соған да мен жүгіруім керек пе? 

Екеуін жерден алып, жерге салды. Әйелі көз жасына ерік беріп, тұншыға егілді. Қызы басын кеудесіне түсіріп, мөлиген күйде диванда отыр. Алтынова кетуге ыңғайланды. Полковник оған мойнын бұрды. Алабұртқан жүзінде өкініштің табы бар. 

– Мақсат Шаймерденқызы, ескертпеңізден қорытынды шығарып, бәрін ретке келтіремін. Мен әлгінде асылық кеттім. Айыпқа бұйырмаңыз. – Оны төменгі қабаттағы сыртқы есікке дейін өзі шығарып салды. 

Ертеңіне Сейітбеков директорға телефон шалған. «Мен осыған дейін Мақсат Шаймерденқызындай өз ісіне жан-тәнімен берілген, шәкірттеріне шын жанашыр жанды көргенім жоқ. Батыл талап қоя біледі және оның мүлтіксіз орындалуын қадағалайды. Міне, нағыз педагог! Ол қандай да бір құрметке  лайықты». – Полковник оның жауабын күтпестен телефон тұтқасын қоя салды. 

Ана бір жолы Мақсат Алтынова №17 мектепке де барып, «Қазақ тілі» пәнінің қалай оқытылып жатқанын көріп, іші қанжылап қайтқан-ды. Пән мұғалімдерінің де оқушылар мен ата-аналар алдында беделі төмен екенін байқап, еңсесі түсіп кеткен еді. Соларға аяныштан ба, әлде ішіндегі буырқанған ызадан ба,  қанында намыс ойнап, енді өзінің орны сонда секілді сезініп, Абраменконың өтінішін қабыл алған. 

Уақыт дөнен желдей есіп, өтіп жатты. Жоғарғы класстың жыл қорытындысына ата-аналар әдеттегіден де көп жиналды. Жетекшілері есеп берді. Директордың орынбасары Мақсат Алтынова өз сөзінде жан-жақты тоқталды. Оқушылардың оқу үлгерімі пайызға шаққанда былтырғы көрсеткішінен әлдеқайда жоғары екенін, өкінішке қарай, ақсап жатқан жайлардың барын да көпшіліктен жасырып қалған жоқ. Ата-аналар тарапынан алғыс айтқан, алқына сөйлегендер де болды. Қазақ ата-ананың бірі:

 – Мақсат Шаймерденқызы, осы мектепке сіз келгелі өзіміздің кім екенімізді, Қазақстанда тұратынымызды сезіндік. Сіз біздің қорғанышымыз болдыңыз, – десе, еуропалық нәсілдегі енді бірі: 

– Мақсат Шаймерденқызы, сіз өте қаталсыз. Бірақ біз сізді өте жақсы көреміз. Несін жасырайық, бұрын кейде таңғы ұйқысын қимаған ұл-қыздарымызды сабаққа барғыза алмай қиналушы едік. Сіз келгелі бұл да жөнге келді. Қысқасы, балаларымызбен келісу, тәрбие жеңілдеді. Біздің ерке балаларымызға сіздей ұстаз қажет екенін енді-енді түсініп жүрген жайымыз бар. Сізге деген алғысымыз шексіз, – деді.

Мектепте диаспора өкілдерінің балалары көп. Жергілікті ұлттың оқушылары да аз емес. Мақсат Шаймерденқызы «Қазақ тілі» пәнінен сапалы сабақ беруді жолға қойған. Оқушылардың бұрынғыдай сабаққа келмей қалатыны да тыйылған. Мамырдың соңында 9-сынып оқушыларының мемлекеттік емтихан тапсыра бастаған кезі. Бейсенбек деген оқушы: «Мақсат Шаймерденқызы, біз өткен сегіз жылда орыс тілінен артық тіл жоқ деп мектепте де, үйде де солай қалыптасып кетіп едік. Өз ана тілімізді ұмытқанымыз қашан. Сіз келдіңіз де «Қазақ тілі» пәнін басқа пәндер секілді оқу керектігін айтып, барлық оқушыларға қатаң талап қойдыңыз. Өткен бір жылдың ішінде-ақ өзге ұлт оқушылары әзірге жатық болмаса да қазақ тілінде сөйлей бастады. Сіз ана тілімізді көтеріп, біз өзіміздің қадір-қасиетімізді енді тани бастадық. Сол үшін де сізді жақсы көріп кеттік», – деді. Шәкірттің шынайы жүрекжарды сөзі.

2009 жылы көктемде «Түрксіб» аудандық оқу бөліміндегі жиында Мекебай Қуанышбайұлы Бұзаубеков: 

– Апырай, мына № 74 аралас орта мектепке директор табылмады-ау. Алты айдан бері бос тұр. Кімдерге қолқа салмадық. Бәрі бастарын алып қашады, – деді өкінішті үнмен. 

Оның себебі бар. Мектеп аудан бойынша ең төменгі 25-орында тұр. Оқу ісі, әлеуметтік ахуал, күрделі жөндеу жұмыстары қожырап кеткен.

 Мұхтар Ілиясов орнынан тұрып: 

– Сіздер іздеп, таппай жүрген  жанды мен білемін. Мына №17 мектептегі директордың орынбасары Мақсат Шаймерденқызы Алтынова сол қызметке лайықты. Бұрын менің қарамағымда істеген. Өзі Мақаншыдағы қазақ мектебін бітірсе де, іскерлігі өте күшті. Кез келген қызметіңізді дөңгелетіп алып кетеді. Ауданда одан артықты шаммен іздесеңіз де таппайсыздар, – деді. Бұзаубеков таңданып: 

– Апырай, Андрей Геннадьевичтен сұрағанымызда бізде директорға лайықты жан жоқ деп еді ғой, – деді. Ілиясов: 

– Абраменко Алтыноваға әбден арқа сүйеп алған. Мектептің бар жұмысы соның мойнында. Ондай іскер маманнан кімнің айырылғысы келеді? – деді аптыға сөйлеп. Бұзаубеков: 

– Жарайды, қалалық деңгейде өтетін директорға лайықтыларды іріктеу конкурсына құжаттарын тапсырып, бағын сынап көрсін. Осы сәлемімді сіз Шаймерденқызына жеткізіңіз, – деп тапсырды.

Алтынова аудандық оқу бөлімі шақыртқан соң барған. 

Бұзаубеков: 

– Мақсат Шаймерденқызы, №74 мектепке директор болып баруға қалай қарайсыз? Әуелі ашып айтайын. Содан соң қалауыңыз болсын. Аралас мектептің жалпы жағдайы мүшкіл. Қазір көрсеткіштері аудан бойынша ең соңғы орында. Әсіресе, оқушылардың оқу үлгерімі өте төменгі деңгейде. Несін жасырайын, әлеуметтік ахуалы да оңып тұрған жоқ, – дей келіп, сөзінің соңында. – Сіз біздің ұсынысымызбен келісесіз бе? – Сұрақты төтесінен қойды.  

Жұрт Алтынова не айтар екен дегендей құлақтарын түріп, сілтідей тына қалған. «Педагогтық іс-тәжірибем жетеді. Жеңілді сағалағаным жоқ. Ауырды арқаммен көтердім. Неге қылшылдаған  қамал алар шағымда директор қызметінен бас тартуым керек? Қала берді Мемлекеттік тіл үшін күрестің бастауы мектепте ғой. Қиындықтан қашып, мұндай мүмкіндікті жіберіп алсам, кейін өкініштің үлкені сол болар. Ендеше, бұл іске де тас жұтып, тәуекел еттім». Ол басын бұрып:

 – Сіздер сенім артсаңыздар, мен қарсы емеспін, – деді сөзін салмақтап.  

Мектепте өткізген алғашқы педагогикалық жиында ол: 

– Қазақ не орыс сыныптары болсын мемлекеттік тілді білулері парыз. Орыс сыныбының оқушылары Республика Гимні мен Абайдың ең кем дегенде бір өлеңін жатқа айтуы керек. Қазақ  сыныптары мен орыс класстарындағы шәкірттеріміз «Қазақ тілі» олимпиадасында алдыңғы орындарды алмаса, пән мұғалімдерінің осалдығынан деп білемін. Басқа пәндерге де талабым солай, – деді.  

Мектептегі тәрбие-тәртіп жұмыстарын шұғыл қолға алып, жолға қойғанша біршама уақыт та өте шықты. Өзінің басшылық қызметін мемлекеттік тілде ықпалды жүргізу үшін ұжымның жиналыстарында көбірек қазақ тілінде сөйлеуді әдетке айналдырды. Бұйрықтарды да мемлекеттік тілде жазып, «ватцапқа» салып отырған. Алғашқыда түсінбегендер қазақ мұғалімдерінен сұрап алып, кейін өздері де төселіп кетті. Өзгелер мемлекеттік тілді осылай мойындай бастады. 

Оқушылардың оқу үлгерімі тоқсан сайын көтеріліп, ауданда көрсеткіштері жоғарылай берді. Үш жылдан соң алғашқы «Алтын белгі» таққан оқушы да топ жарды. Жылдар өте бұлардың да қатары көбейе түсті. Олардың басым бөлігі қазақ сыныптарынан шыққан. Тек «Қазақ тілінен» ғана емес, басқа да пәндерден озат оқушылар аудан, қалаға таныла бастады. Қазір мектеп жалпы көрсеткіш бойынша ауданда төртінші орында. Ең соңғы орындағы мектепті аз жылдардың ішінде осыншалық биікке көтеру, бұл Мақсат Шаймерденқызының жігерлі, қажырлы еңбегінің арқасында жеткен жетістік. Оның бұл толайым еңбегін Америка білім беру саласы арнаулы медальмен марапаттаған. Былтыр оны мектеп ұжымы зейнеткерлікке құрметпен шығарып салды.

 

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

 

07.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16517
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16369
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31544
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30163
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33756