Қазақ тілінің тағдыры – бір ғана тіл мәселесі емес. Бұл – мемлекеттің, ұлттың, тәуелсіздіктің тағдыры. Ал бұл тағдырмен ойнауға ешкімнің құқығы жоқ.
Соңғы уақытта елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесі жиі тапталып жүр. Соның нақты бір көрінісі – «Magnum» желісінің қазақ тіліне деген көзқарасы. Қазақ елінде жұмыс істей тұра, қазақ тілін елемеу, оны кемсіту – жай ғана немқұрайлылық емес. Бұл – отаншылдыққа, ұлттық бірлікке жасалған тікелей шабуыл.
Жарнамалар орысша, жазбалар орысша, қызметкерлердің басым көпшілігі қазақша сөйлеуден бас тартады. Қазақша сұрасаң, кекесінмен қарайды немесе түсінбеген кейіп танытады. Бұл құбылыс кездейсоқтық емес. Бұл – жүйелі түрде қалыптасқан, тұтынушының тілдік құқығын аяққа таптау.
Әлеуметтік желілерде, қоғамда, баспасөзде бұған қарсылық күшейіп келеді. Ең бастысы – халық үнсіз қалмай, өз үнін жеткізуде. Бұл бейжай қарауға болмайтын, ауқымды азаматтық қозғалысқа айналып барады. Бұл — бойкоттан да биік дүние, яғни намыстың жаңғыруы.
Біз өз елімізде өгей ұлт болып өмір сүре алмаймыз. Қазақ тілін менсінбеу қазақ халқын менсінбеумен тең. Қазақты кемсітуге енді жол жоқ! Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асты, ал мемлекеттік тіл әлі де мемлекеттік мекемелерде емес, халықтың ғана жүрегінде өмір сүріп келеді. Бірақ енді бұлай жалғаспайды. Халықтың шыдамы шегіне жетті.
Қазақ тілін менсінбеген әрбір мекеме, әрбір компания, әрбір қызмет көрсету орны жауапқа тартылуы тиіс. Біз тұтынушымыз. Бірақ біз ұлтпыз. Осы елдің иесіміз. Біз өз елімізде өз тілімізде қызмет сұрауға міндетті емеспіз, құқылымыз.
Тіл үшін күрес – әділет үшін күрес. Бүгін «Magnum», ертең басқа компаниялар… Бәрі бір нәрсені түсінуі керек: қазақ тіліне орын жоқ жерде, бизнеске де орын жоқ. Қазақ тілін менсінбегенге бір тиыныңды да берме, қазағым!
Бүгінгі бойкот бір күндік эмоция емес. Жылдар бойы жиналған реніштің, тілдік қысымның, билік елемей келген әділетсіздіктің сыртқа шыққан түрі. Қазір халық «Magnum»-ға ғана емес, сол секілді мемлекеттік тілді елемейтін кез келген мекемеге қарсы сөзін ашық айтып отыр. Бұл үнсіз төзімнің заманы аяқталғанын білдіреді. Қазақ халқы енді өз ана тілінің құқығын сұрап емес, талап етіп отыр. Қазақ тілі – Қазақ мемлекетінің заңмен бекітілген мемлекеттік тілі. Бұл – мемлекеттің іргетасы, ұлттың болмыс-бітімі, рухани тірегі.
«Magnum» қазақша сөйлемесе, демек, ол Қазақстанда жұмыс істеуге лайық емес. Халық өз қаржысымен өз тіліне қарсы саясатты қолдап отыра алмайды. Бұл тұтынушының таңдау еркіндігі ғана емес, ұлттық ар-намыстың мәселесі.
Мемлекеттен миллиардтап жеңілдік алып, нарықта монополияға айналған компаниялар ең алдымен халықтың мүддесін көздеуі тиіс. Әлеуметтік жауапкершілік деген тек арзандатылған тауар ұсыну емес. Ол – сол елдің мәдениетін, тілін, құндылығын мойындау.
Біз «Magnum»-ға қарата айтамыз: қазақ тілін менсінбегенге бір тиыныңды да берме!
Бұл – жай ғана ұран емес, бүгінгі күннің әділетті талабы.
Халық үнсіз қалмайды. Қазақ тілін талап еткен әр азамат – еліміздің нағыз патриоты. Себебі тілсіз ел болмайды. Тілге жасалған қиянат – ұлтқа жасалған қиянат.
Бүгін «Magnum», ертең тағы біреуі… Бірақ бір нәрсе анық: бұл елде қазақ тіліне орын жоқ жерде бизнеске де орын жоқ. Біз енді өз тіліміз үшін аянып қалмаймыз. Қазақ тілін қорғау – өз болашағымызды қорғау.
Қазақ елі қазақ тілімен биік. Халық үнсіз қалмайды. Тіл тірі болса, ұлт та тірі. Ендеше, ұлтты өлтірмейік!
Көптеген бизнес өкілдері қазақ тілін «коммерциялық тұрғыдан тиімсіз» деп қабылдайды. Бұл – түбегейлі қате түсінік. Қазақ тіліне сұраныс жоқ емес, сұранысты елемейтіндер бар. Ел халқының басым көпшілігі – қазақтілділер. Олар күнделікті өмірде мемлекеттік тілді тұтынады, түсінеді, қолданады. Ендеше, бұл – нарық. Бұл – аудитория. Бірақ, өкінішке қарай, көп бизнес құрылымдары орыс тілін ғана қолдануды тиімді деп санайды. Себебі олар қазақ тілін тек заңдық міндет немесе формалдылық деп біледі. Нақты контентті, сапалы аударманы, қызмет көрсету мәдениетін қазақ тілінде қалыптастыруға құлықсыз.
Осы жерде сұрақ туады: Бизнес пен тіл арасында тепе-теңдік қайда?
Бизнес – қоғамның бір бөлшегі. Ол мемлекеттің ішінде, халықтың ортасында жұмыс істейді. Демек, оның да ұлттық мүддеге бейжай қарауға қақысы жоқ. Қоғамның өзегінде тіл болса, бизнес те сол өзекті ескеруге тиіс.
Қазақ тілі – бизнеске кедергі емес, үлкен мүмкіндік. Ол – сенімді аудитория, ұлттық имидж, терең сенім мен адалдықтың кепілі. Қазақ тілінде сөйлейтін бизнес – халыққа жақын, жүрекке жылы, шынайы бизнес.
Тіл мен табыс бір-біріне қарсы ұғым емес. Керісінше, тіл – сенімнің көпірі. Ал сенім бар жерде тұрақты тұтынушы, сапалы бренд, ұлттық бедел бар.
Ендеше, қазіргі бойкот бизнеске бір-ақ нәрсені ұғындыруы тиіс: бүгін тілге бет бұрмаған компания ертең тұтынушысынан айырылады. Бұл нарық заңы ғана емес, әділет заңы.
Іңкәр БИТИМОВА