Ақтоғай айшықтары
Қарағанды мен Ақтоғай арасындағы жолдың жағдайы жақсы екен. Бекзат Қомарұлы мен Назарбек Бекбатыров жолдағы барлық елді мекендердің жағдайын жатқа білетіндей. Әр ауылдың тұрмыс-тіршілігі, кешегісі мен бүгінін салыстыра отырып әңгіменің тиегін ағытып келеді. Биылғы көктем жайма-шуақ қалпымен келген. Ақтоғайдың ауылдары қарғын судың қаупінен аман екен. Жер кеберси бастаған. Баяу ғана ағып жатқан Тоқырауынның майда толқындары жанға тыныштық сыйлайтындай. Арнасы аса бір айдынды болмаса да, 300 шақырымға жуық жол басып, Балқашқа жете барып «жығылатын» Тоқырауын өзені Ақтоғайлықтар үшін Ақжайықтан кем емес екен.
Ақтоғай – жері шаруашылыққа қолайлы аймақ. Әсіресе мұнда мал өсіруге мүмкіндік мол. Бір «әттеген-айы» қойнауы құт, адырлы аймағы төрт түлікке барынша қолайлы Ақтоғайда қазір бар болғаны 17000-нан астам ғана адам тұрады екен...
Шағын тобымыз Ақтоғайға жеткенде алдымыздан аудан әкімі Абылай Аманжоловтың өзі күтіп алды. Абылай Базылұлы – осы өңірдің тумасы. Алғашқы еңбек жолын 2005 жылы аудан әкімшілігінде маман болып бастаған Абылай, 2017 жылдан бері аудан әкімінің орынбасары болып қызмет етіпті. Былтыр тамыздағы науқан кезінде сайлаушылардың басым дауысына ие болып, әкімдік қызметке кіріскен.
Біз аудандағы сапарымызды ең алдымен орталықтағы Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековтардың еңселі ескерткішіне тағзым етуден бастадық. Ары қарай ауданның тыныс-тіршілігі мен келешек жоспарлары туралы Абылай әкімнің әңгімесіне құлақ түрдік.
Тиімді жоба, тыңғылықты істер
Елімізде ауылшаруашылығы саласын дамытуға бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бұлардың кейбіреуі өзінің тиімділігін дәлелдеп шықса, кейбіреуінің қысқа мерзіммен аяқталғаны бар. Дегенмен мемлекеттің қолдауы жыл өткен сайын толысып, кемелденіп келеді. Қазір ауылда кәсіп бастаймын, бизнесімді ашамын деген адамға қолдау көп. Солардың бірі – ҚазАгро институттары арқылы ауылшаруашылық саласын микрокредиттеу мемлекеттік бағдарламасы.
Ақтоғай ауданы бойынша 2024 жылы «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ арқылы ауылшаруашылығы саласын микрокредиттеу мемлекеттік бағдарламалары арқылы барлығы 91 жоба мақұлданып, 1 725,5 млн теңге несие қаражаты алыныпты. Атап айтқанда:
- «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 1 681,4 млн теңгеге 89 жоба. «Кең дала» бағдарламасы арқылы 1 жоба, жалпы сомасы 35,0 млн теңгеге, «Іскер» бағдарламасы арқылы 1 жоба, жалпы сомасы 9,1 млн теңге қаржы игерілген екен.
Жалпы ҚазАгро институттары арқылы 210 жобаны жүзеге асыру мақсатында 2 млрд 894 млн 300 мың теңге игеріліпті.
Ал Ақтоғай ауданы бойынша ауыл халқының табысын арттыру жобасы бойынша былтырдан бері біраз шаруалардың басы қайырылған. Бұлардың қатарында 2024 жылға «Ауыл Аманаты» жобасы бойынша 19 кооператив және 197 ауыл тұрғындары өз бизнестерін ашу үшін жалпы сомасы 2 млрд 424 млн теңге несие алуға ниет білдірген екен.
– «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша тек 2023 жылдың қалған құжаттары мен ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтеріне несие беру қарастырылғандықтан, аудан бойынша 10 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтері 226,7 млн теңгеге құжаттарын тапсырған. Бүгінгі күнге 9 жобалар мақұлданып, 6 кооператив 152,4 млн теңге, 3 жеке кәсіпкер 17 млн теңге несие қаражатын алды. Сонымен қатар, 2024 жылы қосымша барлығы 44,9 млн теңге несиеге құжаттарын өткізген 3 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтерінің бірінші кезекте несие қаражатын алып, өз жұмыстарын бастау бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деді Абылай Базылұлы.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бастамалардың бірі жер қатынастарын ретке салу болған еді. Осы негізде «Жер аманаты» атты жоба өмірге келген. Қазір пайдаланылмай жатқан бос жерлер қайтадан мемлекет меншігіне өтіп, жерге мұқтаждығы бар, жоспары айқын іскер азаматтарға пайдалануға беріліп жатыр. Осыған орай Ақтоғай ауданында да бірқатар жұмыстар атқарылған екен.
Ақтоғай ауданының жалпы жер көлемі 5 190,9 мың га құрайды. Бұған ауылшаруашылығы жерлері, жайылымдар, шабындықтар, егістіктер, орман алқаптары кіреді. Осыған орай, 2024 жылы аудан көлемінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде 162 мың гектар жерді пайдаланбай отырған 10 жер иеленуші анықталып, тиісті шара қолдану үшін «Жер ресурстарын басқару» департаментінің қарауына жолданыпты. Қазіргі уақытта 33 жер иеленушіге тиесілі болып отырған 89 мың гектар жерге мониторинг жүргізіліп жатыр екен. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 24,2 мың гектар жер телімі аудандық босалқы жер қорына кайтарылған. Биыл 25 мың га жер телімі жоспарға қойылып, қатысты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыпты.
Инвестициялық жобалар да бар
Аудан бойынша іске асырылатын облыстық жол картасына енгізілген инвестициялық жобалар туралы біраз мәліметтерге қанықтық. Облыстық инвестициялық жобалар картасына 2024 жылы Ақтоғай ауданының Сарытерек ауылдық округі бойынша «SAQ NS» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі енгізілген. Кооперативпен жеке қаражаты есебінен 35 млн теңге көлемінде инвестиция салынған.
Сарытерек ауылында тәулігіне 5 тонна мал шаруашылығы өнімі төрт түліктің еттерін өңдеуге арналған мал сою цехы ашылыпты. Мал сою цехының ғимараты жөндеуден өткізіліп, қажетті құрал-жабдықтар алыныпты. Бұдан бөлек «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ет өнімдерін тасымалдауға арналған авторефережатор көлігі алынған. Енді жылдың кез келген мезгілінде ет өнімдерін алаңсыз тасымалдай беруге болады деген сөз. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылы аудан бойынша ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер мен тұрғылықты халықтан Балқаш және Қарағанды қалаларына көтерме бағамен түліктің барлық түрінің еттерін жөнелткен, тіпті Атырау қаласына 150 тонна көлемінде ет жіберіпті.
– Аудан бойынша агроөнеркәсіп кешені саласын дамыту мақсатында кент, ауыл, ауылдық округтер бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары нақтыланды. 2025-2028 жылдарға барлығы 3 300,0 млн теңгеге 5 үлкен жоба іске асыру көзделген. Жоспарға сәйкес 98 жұмыс орны ашылады деп күтіп отырмыз. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығы бойынша 1 жоба (құны – 500,0 млн теңге). Суармалы егіншілікті дамыта отырып, 120 гектар егіске жарамды жерді айналымға қосу. Мал шаруашылығын дамыту бойынша 4 жоба 2 800,0 млн теңге, мұнда ашылатын жұмыс орны саны 96 адам, – дейді Абылай Аманжолов.
Абылай әкімнің айтқандарынан биыл ауылшаруашылығы саласында іске асырылатын бірнеше инвестициялық жобалардың дерегін білдік. Оларды қысқаша тізбелей кетсек, былай болып шығады.
1. Кежек ауылдық округі «QAZAQ MEAT» ЖШС «120 гектар суармалы жерді айналымға қосу». Жоба мақсаты: «120 гектар түбірінен жақсартылған егіске жарамды жерді айналымға қосу», жоба құны – 500,0 млн теңге, қуаттылығы 600 гектар жерді игеру. Іске асыру мерзімі – 2025 жыл.
2. Ақтоғай ауылы жеке кәсіпкер «Искаков». Жоба мақсаты – «500 бас ірі қара малын бордақылау, тәулігіне 5 тонна ет өңдейтін мал сою пунктін ашу», жоба құны – 100,0 млн теңге, іске асыру мерзімі – 2025 жыл.
3. Қараменде би ауылдық округі, «Ертілек» шаруа қожалығы. Жоба мақсаты – «Асылтұқымды «ангус» ірі қара малын өсіріп, өндіруші шаруашылық құру», жоба құны – 60,0 млн теңге, қуаттылығы – 80 бас асылтұқымды аналық ірі қара малын өсіру.
Бұдан бөлек алдағы уақыттарға жоспарланған инвестициялық жобалары да бар екен.
«Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы
Аталмыш жоба аясында аудан аумағындағы 4 тірек (Ақтоғай ауылы, Сәуле ауылы және Шашубай, Сарышаған кенттері жатады), 2 спутниктік ауылдық елді мекендердегі (Үшарал және Шабанбай би ауылдары белгіленген) әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін жөндеу, салу және реконструкциялау бойынша жұмыстар жүргізілген. Бұл жұмыс ары қарай да жалғасын таппақ. Белгіленген Жобалар аясында тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2024 жылы 1 млрд 488,5 млн теңге, 2025 жылға 690,1 млн теңге қарастырылған.
Жобалар бөлінісінде:
1. Сарышаған кентінде 150 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Жобаның сметалық құны – 1 млрд 001 млн 251 мың теңге. Іске асыру мерзімі – 2023-2024 жж.
2. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Сарышаған кентіндегі тазарту қондырғылары бар сорғы станциясын кеңейту. Жобаның сметалық құны – 902 млн 102 мың теңге. Іске асыру мерзімі – 2024-2025 жж.
3. Сарышаған кентінің Энергетиков көшесі бойындағы кентішілік жолды орташа жөндеу. Жобаны іске асыру мерзімі – 2024-2025 жж.
4. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Шашубай кентінде қуаттылығы – 10 МВт болатын қазандық салу. Жобаның сметалық құны – 795 млн 545 мың теңге. Іске асыру мерзімі – 2025 ж.
5. Шабанбай би ауылының кентішілік жолын орташа жөндеу. Жобаны іске асыру мерзімі – 2025 ж.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде аудан бойынша бірнеше түрлі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда екен.
PS: Жоғарыда біраз сандық мәліметтер мен нақты жобаларға арнайы тоқтала кетуді жөн көрдік. Дәлел-дәйегі толық, есеп-қисабы анық жобалардың барлығы да әкімшіліктің жіті бақылауында жүзеге асырылып жатыр екен. Әрине, жоспарлардың барлығы да ойдағыдай орындалып, ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігі жақсарып, әл-ауқаты арта түссе деп тіледік.
Ақтоғай – талай тарихи тұлғалардың кіндік қаны тамған киелі өлке. Ән бұлбұлы Әсет Найманбайұлы қазіргі Қызыл арайда туып, Шығыс Түркістан жерінде мәңгілік мекен тапты. Шағын мақалада тұлғаларды түгендеу мақсатымыз емес. Дегенмен Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековтардың өнегелі өмірін жаттап өскен азат елдің өр рухты ұландары аман тұрғанда Ақтоғайдағы ағайынның шаруасы шалқып, даласы малға, ауылы жанға толатын кемел келешегі алыс емес деп сенеміз!
Бөгенайы бөлек Бұқар жырау
Біз сапарымыздың екінші күні аттың басын Қарағанды қаласының іргесінде жатқан Бұқар жырау ауданына бұрдық. Бұқар жырау – 1997 жылы Тельман, Ульянов деген екі ауданды біріктіру арқылы қайта құрылған аудан. Әлеуеті зор, логистикасы өте қолайлы аймақта жатқан бұл ауданда қазір 60-тан астам елді мекен, 5 ауылдық, 3 кенттік әкімдік пен 21 ауылдық округ бар екен. Аудан орталығы Ботақараға таяу жерде Нұра өзені шалқып ағып жатыр. Биыл Арқада қыс жайлы болды да, көктемде қарғын судың қаупі аса білінген жоқ. Дегенмен былтырғыдан секем алып қалған ағайын онсызда сақ отыр екен. Ботақараға жете бере алдымыздан «АMANAT» партиясы Бұқар жырау аудандық филиалының төрайымы Анар Бозаева күтіп алып, бірден әкімшілікке бастады.
Аудан әкімі Ерлан Бейсембайұлы қарбалас жұмыстарына қарамастан бізді жылы қабылдады. Ерлан Құсайынов облыстық әкімшілікте Ішкі саясат басқармасында және облыс әкімінің орынбасары қызметінде жүргенде де қазақ тілі мен мәдениетінің жанашыры ретінде көптеген жұмыстарға қолдау көрсеткендігін білетін едік. Әңгімеміз бірден жарасып сала берді. Қазіргі қазақ баспасөзінің жағдайынан да жақсы хабардар екен. Сөз арасында билік пен халық арасында алтын көпір болып жүрген санаулы қазақ газеттерінің бірі ретінде Халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің өзіндік қолтаңбасы бар басылым екендігін айта келіп, ауылдарға дейін экспедиция жасап барып, халықтың жағдайын көзімен көріп жүретін Бас директорымыз Сәуле Мешітбайқызының қажырлы еңбегін айтып, бір марқайтып тастады. Онан ары қарай ауданның жалпы жағдайы, қолға алып жатқан жобалар мен әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жұмыстардың жай-жапсарын зерделеуге көштік.
Өнеркәсібі өркендеп келе жатқан аудан
Бұқар жырау ауданы Қарағанды облысындағы әлеуеті мығым, іргелі аудандардың қатарына жатады. Қазіргі күнде бұл өңірде өнеркəсіп, ауылшаруашылығы да, сонымен қатар өзге де маңызды экономикалық салалар қатар дамып келе жатыр екен. Осының ішінде біраз өнеркәсіптік жобаларға аудан әкімі айрықша тоқталып өтті.
– Бұқар жырау өңірінің тұрақты дамуының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі – өнеркәсіп. Стратегиялық орналасуы мен инвестицияны белсенді тартудың арқасында аудан инновациялық өндіріс пен технологиялық прогрестің орталығына айналуда. Ауданда озық технологиялармен жабдықталған заманауи өндіріс орындары бар, бұл ішкі сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, өнімді облыстан тыс жерлерге де шығаруға мүмкіндік береді. Аудан аумағында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы орналасқан. 3 көмір шахтасы жұмыс істейді («Сәткөмір ГРК» АҚ, «Разрез» ЖШС Кузнецкий, ТОО ГПП «Куучек»). Соңғы бір жылда облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындары өндіріс көлемін тұрақты түрде арттырып келеді. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 90,5 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың деңгейінен (79,5 млрд теңге) 13,8%-ға артық. Тау-кен өнеркәсібінің көлемі 23,6 млрд теңгені құрап, 16,8%-ға өсті (2023 ж. – 20,2 млрд теңге). Өңдеу өнеркәсібі – 66,2 млрд теңге, 13,7%-ға өсті (2023 ж. – 58,2 млрд теңге). Сондай-ақ, өткен жылы өңдеу өнеркәсібінің экспорты өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда (2023 ж. – 10,0 млрд теңге) 22%-ға артып, 12,2 млрд теңгені құрады. Өнімдерді келесі кәсіпорындар экспорттайды: «Seven Refractories Asia» ТОО, «Бемер арматура» ТОО, «ГРК СатКөмір» АҚ, «Изоплюс Орталық Азия» ТОО. Облыс өнімдері Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерге экспортталады. Өңірде экспорттық әлеуетті одан әрі кеңейту үшін барлық жағдай жасалып отыр, – деді Ерлан Бейсембайұлы.
Бұдан бөлек 2025 жылы «Сарыарқа» АЭА аумағында экспортқа бағытталған екі кәсіпорынды іске асыру жоспарланып отыр екен. Атап айтар болсақ, «Қарағанды Пауэр Силикон» ЖШС, кешенді қорытпалар шығаратын зауыт және «Power Blast» ЖШС химиялық өнімдер, жарылғыш және пиротехникалық заттар шығаратын зауыт екен. Той-думанды, мереке-мейрамды айрықша атап өтетін біздің ел осы пиротехникалық заттарға келгенде көрші Қытайға қыруар ақшасын беріп жатқанын ескерсек, алдағы уақытта мерекелердің сәнін Бұқар жырау ауданында жасалған отшашулар келтіруі бек мүмкін...
Инвестиция көлемі артқан
Қазіргі таңда Бұқар жырау ауданы инвестициялық саясаты бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауға, инновациялық жобаларды қолдауға жəне экономиканың негізгі салаларына капитал тартуға бағытталған. Бұл ретте, негізгі капиталға тартылған инвестиция көліме 48 млрд теңге шамасында екен. Инвестициялар қолданыстағы кəсіпорындарды жаңғыртуға, құрылыс-монтаж жұмыстарына, машиналар мен жабдықтарды сатып алуға бағытталған. Нақты мысалдары да жоқ емес. Атап айтар болсақ: «Қарағанды Пауэр Силикон» ЖШС – 12 млрд теңге, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС (Нұрқазған) – 18 млрд теңге, «ҚазАвтоЖол» – 2,9 млрд теңге, «Пауэр Бласт» ЖШС – 900 млн теңге, «Полимет Солюшен» ЖШС – 551,7 млн теңге... болып жалғаса береді.
2025 жылы «Сарыарқа» еркін экономикалық аумағында жалпы құны 21,8 млрд теңгеге 4 жобаны іске асыру жоспарланып отыр екен. Қазіргі таңда жұмыс қарқынды түрде жүріп жатқан секілді. Осының ішінде «Silumin of Qazaqstan» ЖШС алюминий жəне биметалл радиаторларын өндіруді жоспарлап отыр екен. Аумағы 6 гектар зауыт аймағында қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұл да шетелге тәуелділіктен аз да болса құтқаратын жоба екен деп ойладық ішімізден.
Қарағанды өңірі тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, мұнда теміржол саласы мен өнеркәсібін дамытуға мүмкіндіктер мол. Оған Теміртаудың танымал кәсіпорындарын қосқанда, бұл өнеркәсіпті аймаққа серпін беретін қозғаушы күш дер едік. Соның бір мысалы – аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан теміржол техникасына арналған қосалқы бөлшектер өндіретін «Arcus Инвест» ЖШС. Ауданда бұдан бөлек өндіріс саласына бағытталған тағы да бірталай кәсіпорындар құрылып жатыр екен. Біз ақжолтай жаңалықтарды алдағы уақытта оқырман қауымға жеткізіп отыратындығымызды еске саламыз.
Ауданда сонымен қатар шағын және орта бизнес саласы да жандана бастапты. Мұнда мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қолға алынған жобалардың үлесі зор екен. Қазіргі таңда аудан көлемінде 4000-ға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейтін көрінеді. Бұл өз кезегінде 8 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ауылшаруашылығы саласында да жаңалықтар көп
Ауылшаруашылығы – Бұқар жырау ауданы экономикасының негізгі тірегі. Соңғы жылдары аграрлық сектор өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығында оң динамика, бірқатар нəтижелер көрсеткен. Бұқар жырау ауданында дәнді дақылдар, көкөністің алуан түрі өсіріледі екен. Бұдан бөлек ет, сүт өндірісі де ойдағыдай дамып келеді. Ауылшаруашылығындағы негізгі бағыттардың бірі – құс шаруашылығын дамыту. Қазіргі таңда аудан көлемінде 7 құс фабрикасы жұмыс істейді. Айрықша айта кетерлігі – жұмыртқа өндірісінде облыс бойынша қажеттіліктің жартысынан астамын осы ауданның құс фабрикалары өтеп тұр екен.
Бұдан бөлек «Ауыл аманаты» жобасы бойынша да бірқатар ілкімді істер жасалған.
Жобаны жүзеге асыра бастаған уақыттан бері (2023-2024 жж.) 800 млн теңгеге 94 несие беріліп, 180 жаңа жұмыс орны құрылыпты. Бұқар жырау ауданы Қарағанды облысы бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру бойынша «пилоттық» деп жарияланған екен.
– Аталмыш жоба аясында сонымен қатар Қызылорда жəне Батыс Қазақстан облыстарының тəжірибесін ескере отырып, ағымдағы жылы қайта өңдеу жобаларын жəне ауылшаруашылығы бағытындағы өзге де жобаларды қаржыландыруға баса назар аударылатын болады. Бұны əлеуметтік кəсіпкерлік кооператив құру арқылы жүзеге асырамыз. Осы бағытта 9 жобаны іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда: сүт бағыты бойынша 2 жоба, жемшөп өндірісі бойынша 1 жоба, өсімдік шаруашылығы бойынша 2 жоба, ет құс шаруашылығы бағытында 1 жоба, қайта өңдеу саласы бойынша 1 жоба, балық шаруашылығында 1 жоба, қызмет көрсету саласы бойынша 1 жоба, яғни Үштөбе ауылында балаларға арналған Иппотерапия жобасын іске асыру жоспарланған, – дейді Ерлан Құсайынов.
Ауылшаруашылығы саласын реттеу мақсатында, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жер аманаты» жобасы біраз мәселені ретке келтіргені белгілі. Соңғы жылдары аудандағы шаруалар мен жеке тұлғалар тарапынан пайдаланылмай жəне игерілмей жатқан ауылшаруашылығы жерлерін қайтару жұмысы жүргізіліп, мемлекет меншігіне 26,6 мың гектар жер қайтарылып алыныпты. 2025 жылы конкурстық негізде 15 мың гектар жерді аудан қорынан ауылшаруашылығы айналымына тарту жоспарланған екен.
PS: Біз аудан әкімінің айтқан деректерінен біразын оқырман назарына ұсындық. Жоғарыдағы айтылғандардан бөлек, Бұқар жырау ауданының экономикасында құрылыс негізгі орын алады екен. Соңғы жылдары тұрғын үй, сондай-ақ әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар белсенді түрде дами бастапты. Сонымен қоса жол жабындарының сапасын жақсартуға, негізгі магистральдарды салуға және жөндеуге айтарлықтай көңіл бөліне бастапты. Ал, халыққа аса қажетті ауызсу мәселесі бұл ауданда жақсы жолға қойылған.
«Бүгінгі таңда аудандағы 63 елді мекен немесе аудан халқының 99 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Біздің міндетіміз – бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу», – дейді аудан әкімі Ерлан Құсайынов.
Біз сапарымыздың жалғасында аудан көлеміндегі кейбір нысандарды аралап көрдік. Ауылшаруашылығы саласында, өнеркәсіп пен айрықша тиімділігі бар Бұқар жырау ауданының келешегі шынымен де жарқын боларына сенім мол еді. Газетіміздің бір бағыты ауылдағы ағайынның жай-күйінен арнайы материалдар дайындау екенін ескергенде, алдағы уақытта Бұқар жырау ауданының талай жаңалықтарын бізден оқитындықтарыңызға күмәндарыңыз болмаса екен дейміз.