ТӨРТІНШІ БЕЛЕС БИІГІНДЕ

ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Жас басшы Нұрлыбек Мәшбекұлының өмір-қызмет жолына, еңбекте өсіп-өрлеу, қайраткерлік бел-белестеріне келсек, бейқам, бейтарап қала алмайсыз. Бәлкім мемлекеттік биік талап тұрғысынан сынауға, даттауға болар, алайда іле ойлануға, райыңнан қайтуға тура келеді. Бірақ жақсы істері, мол, мінез-құлығы мәрт екенін көріп, жақтай жөнелсең әділдікке саяр. Мақтасаң да артық емес. Алайда оның күрделі мәселені шешіп, уәдені кесіп айтқанын көріп, осыған дейін адал атқарған, жапырып-жайқалтып бітірген істерін көріп, соңында қалдырған мыңдаған ірі, іргелі, өшпейтін іздерін көріп,  мақтануға болар. Өйткені ол атқарып, жүзеге асырған мұндай ірі, ізгі істерге, қазір де жанып тұрған жарық іздерге мысал өте көп. 

 

Алаш арыстары мен Еңбек ерлері көп аудандағы  мерейлі шақ

Бірінші кезекте оның Шиелі ауданына 2008 жылдың қазан айында 31 жасында әкім болып тағайындалып, 2013 жылдың қазанына дейін атқарған 5 жыл ішінде осы ауданды, оның орталығын қалай дамытып, көркейткенін айтуға болады. Ол келгенде Шиелі қандай болды, ол 2013 жылдың күзінде жаңа жетекшіге қандай ауданды, кентті тапсырды?! Ашығын айтсақ, жер мен көктей. Мен көршілес Жаңақорған ауданының тумасы болғандықтан және осында қиыспас қос досым – Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың филология факультетін бірге оқып бітірген ақын дос, ұстаз ауыл әкімі Дәулетбек Байдрахманұлы, құрдас жан досымыз, тіс дәрігері Аманкелді Әбдірахманов тұратындықтан жиі келетіндіктен, балаққа оралған олқылықтар мен жылт еткен жақсылық-жаңалықтарды қалт жібермей көріп, біліп отырамын. Осынау 5 жыл ішінде аудан артта қалудан құтылды, облыстағы озық аудандар екеу болса біріне, жалғыз болса өзіне айналды. Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың кетпені арқасында атағы дүркіреген Шиелінің ақ маржаны қайта еске түсіп жаңғырып, халықтың сүйікті асына айналды. Мол өнімнің арқасында. Шалғай ауылдарға апаратын жолдарға тас төселіп, жаңа мектеп, балабақшалар салынды. Шиелі көшелерінің дені асфальттанып, көшелердің бәрінде Ильчтің емес, тәуелсіздік шамдары жарқырап, қара түні ақ түнге ұласып, шырайланып, жасанған қыздай құлпырды. Туған ауданым Жаңақорғанда көп боламын. Жүдеулеу түрін, ойдым-ойдым жолдарын көріп жабығып кететінімді несіне жасырайын. Аспанында нұр айналған, шырайланған Шиелі шаң қаптырып кетті. Осыны көргенде «Нұрлыбек Нәлібаев біздің ауданда әкім болғанда ғой» деп армандағаным да ақиқат. 

Меніңше, Шиелідегі әкімдік кезеңі – Нұрлыбек Нәлібаев ғұмырының шырайлы да шуақты кезеңі. Ол өзі айтпай, куә көрермен біздер көлденең тартар жайттар жеткілікті. Сол алғашқы 2008 жылы ауыл тұрғындарымен жүздесу үшін Алмалыға келгенде жас әкім осындағы ел ағасы Дәулетбек Байдрахманұлының үйіне ат басын тіреп, дастарқанынан дәм татып, арқалы ақынның ақ батасын алғаны Алмалы тұрғындарының әлі есінде. Бүгінде ақын Дәулетбек те, оның жары Бөкен де бақилық болған, бірақ жүректен туған ақ бата – әкім көңілінде қалған ақ тілек ұмытылар ма?!

Сол бір жылдары аудан еңбеккерлері де тынымсыз табысты еңбек етіпті. Кеңес өкіметімен қоса құлаған кәсіп көздерін, нәсіп орындарын шағын бизнестерін қалпына келтірген халық та серпіле, арайлы келешекке сенімі нығайып, жиын-терім аяқталған алтын күзде той-мерекелер дүрілдеп өтетін. Маңдайалды мамандар, кәсіпкерлер марапатталады, ауданның Алашқа аты мәшһүр, заты мәлім асыл арыстары мүшеліне орай ардақталады. Даңғайыр диқан, екі рет социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев, батыр ана, кәміл күріші Шырынкүл Қазанбаева, алып қайраткер, ғұлама ғалым Шаһмардан Есенов, алаш ақындарының ағасы, өзі бір жырдария Әбділда Тәжібаев, Сыр бойының Нартайы... Жомарт Қырман несібесі сөз-думан жүлдесіне ұласады. Және шиеліліктер бұл мейрамдарды өздері ғана тойлап қоймай, Алматы, Астанадан атақты қонақтарды шақырады. Алтыншаш Жағанова, Қойшығара Салғараұлы, Мәжіліс депутаттары, журналист қаламгерлер. Мен бір жолы саралап қарасам, бір Алтын Күз мерекесі аясында бірнеше торқалы той тамаша атап өтіліпті. Осындай мағлұматтар сүйсінтіп, «Қазақ Елі» газетінде «Алаштың төрт тойы» атты мақала жазыппын. Бүгінде сол бір жылдары  өсіріліп жиналған ақ күріші қамбада қалмаған. Алайда осы уақытта пісірілген тәтті тоқаш-нандар Шиелі көгінде ән болып қалықтап жүр. Сол бір жылдары тарланбоз жазушы Оразбек Сәрсенбаев, Төлен Әбдіковтер бүгінде тұсауын кескен жаңа мектеп, балабақшалар бүгінде ескірмеген, оларда жаңа жас өркендер оқып жатыр. Сол 2008-2013 жылдары  жас әкім қаржы тауып, жауапкершіліктен қашпай шешкен көп күрделі мәселелер қазірде іргесі берік «жаңа» үйлер, халық көңіліне көрікті із қалдырған күйлер. Айталық, ауданның 80 жылдығы қарсаңында жарық көрген шоң күнтізбелік кітап – «Шиелі жұлдыздары» әлі жарқырап тұр.

Басқасының бәрін қойып, ауылшаруашылығы, өндіріс, орта және шағын бизнес, білім, мәдениет саласында көштен қалмайтын Шиелі ауданы әкімшілігінің барлық өзге аудандарға өнеге-үлгі тұғыр бір-ақ парасатты дәстүрін қағыс қалдырмаумен лебізімізді тамамдайықшы. Ол – әрбір жаңа кезекті Алтын күзде «баяғы» меймандарынан жыл сайын ұмытпай шақыруы. Ауданы басқа ғой, маңдайы қасқа ғой деп алаламайды. Әкім – жаңа, алайда қонақтары қадірін білер бұрынғылар. Мәселен, менің туған ауданым «құрметті Азаматы» бола тұра әлдеқашан ұмытып кеткен, ұмытуларында біздердің де кінәміз баршылық шығар. Алайда Шиелі 2005 жылдардың басынан өздерінікі болып келе жатқан, бізді неге ұмытпайды. Әрине, бұлардың мәдениеттірек екені шындық, десек те әкім Нұрлыбек Нәлібаев кезінде қалыптасқан дәстүрді үзбеуі – әділеттілік, жаңа Қазақстанға лайық болудың да белгісі болар.

Шиеліде осындай өмір мектебінен, Сыр жерін тану, халықтың төл перзентіндей болып қызмет ету, қайрат жігеріңді жану, қияға қанат қағу, қоғамнан өз орныңды табу көктемінен өткен Нұрлыбек Нәлібаев 2013 жылдың сәуір айында Қызылорда қаласының әкімі болып бекітіледі. «Қоғамнан өз орныңды табу көктемінен өткен» деп жатқаныммен – ол бұл шақта үш мүшелдік белеске – 37 жасқа толған-ды. 

 

Сыр елін құлпыртып, өңір берекесін тасытудағы айшықты қолтаңбалар

Нұрлыбек Мәшбекұлы Қызылорда қаласын 8 жыл бойы басқарды. Әрбір жылы жарқын жемістер берген, жаңа жеңістер еншілеткен жылдар. Ең басты нәтиже – Қызылорда қаласы жадаулықтан құтылып, Сыр бойының сәнді, жасанған орталығына айналды. Өз басым осы қалада студент атанып, қанат қаққандықтан, жыл құрғатпай барып жүргендіктен Қызылорда қаласының өсіп-өркендеуі, қалай өзгергені, жасарып-жайнағаны  көз алдымда. Осынау жарты ғасырдай уақыт ішінде шаһарға ерен, ерекше еңбек сіңірген екі әкім есте қалыпты. Біріншісі – өр мінезді Қожахмет Баймаханов, екіншісі – ер мінезді Нұрлыбек Нәлібаев. 

Біз бұл жайларды неге айтып отырмыз? Мұның басты себебі – үлкен қызметтердің тұтқасын ұстаған жаңа басшылардың негізгі міндеті – Мемлекет басшысының жүктелген тапсырмаларын қызметкер ретінде нақты қалтқысыз орындап қана қоймай, жеке басының жасампаз қайраткерлік танытуы. Бұл деген – не? Әрбір айтылған сөз бен атқарылған іс пен із қалдыру, нұр жандыру. Ең бастысы – осы тағдырайрық оқиғадан кейін, яғни 2022 жылдың 7 сәуірінде Қызылорда облысының жаңа әкімі болып тағайындалған Нұрлыбек Нәлібаев, міне, осыны жақсы түсінеді. Бұдан да игісі – ол мұны бұған дейін ақ Шиелі ауданында, Қызылорда қаласында басшылық қызмет атқарып жүргенде-ақ түсініп қоймай, барлық қадамында дерлік жүзеге асырған. Мұның себебі – Алла бермеген нәрсе адамда болмайды. Абзал адамгершілікке адым аттау, азаматтыққа беттеу бала кезден басталса, оның үстіне Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов атқа мінген кезінде-ақ «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп білсе, осы бітім, тағылым, шарапаттардан Нұрлыбек қай кезеңде де кенде, кедей емес-ті. Ә.Бөкейханов айтқан сөзден білім керек еместігі ұғылмаса, Нұрлыбек біз білмей тұрып, біз білгелі кесіп айтатын, шешіп істейтін мінез иесі-тін. Ал адам өсіп ержетіп, ел ағасына айналып, жетілген сайын ақылы молықса, тәжірибесі толықса, жүрегі жарық пен жылуға толып, қайраты артып, халқына еселене қызмет етеді емес пе? Сыр халқы алдындағы жауапкершілікті сезіну, Президент сенімін ақтау үшін «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрегің» (Абай) жылуын жұмсап еңбек ету. Біз, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың 1922-1923 жылдар мен үстіміздегі 2024 жылдың алғашқы айлары нәтижелерінен нақ осыны көреміз.

Дәйекті дәл, айғақты мысалдар керек пе? Жеткілікті. Әңгімемізді «бірінші байлық – денсаулыққа» қатысты бастасақ, тарихи Көккесене Қонысының іргесінен, күрежол Батыс Қытай – Еуропа магистралінің бойынан 150 орындық жаңа шипажай ашылды. «Жанарай» кешеніне қосылатын бұл емдеу-сауықтыру мекемесі Жаңақорған ауданының 95 жылдығына тарту болатын. Іске қосқан – қарапайым заттар экономикасы бағдарламасына қатысып, жеңілдетілген несие ала отырып, өз қаржысын қоса жұмсаған танымал кәсіпкер Бақдәулет Мақашев. Даму жоқ, мұнда енді Қожамберді ауылының 50 тұрғыны еңбек етіп, нәпақа табатын болады. 2023 жылдың 15 қазанында кіндігі кесілген қазір Сыр бойы халқының мыңдаған өкілдерінің «бірінші байлығын» нығайтып үлгерді. 

Бұл бір аудан көлеміндегі жақсы мысал болса, өткен 2023 жылдың жемісін шолып, жаңа басталған үстіміздегі 2024 жылдың алғашқы екі айында біткен іс пен алдағы бітер істерді сәл ғана барласақ, көз «көріп» көңілді көркейтер емхана, шипажай, басқа да түрлі аурудың алдын алар, сауықтырар ғимараттар тізбегінде, іске айналған, жүзеге асар шаралар керуеніне куә болар едік. Мәселен, 2023 жылдың 25 желтоқсан күні Шиелі ауданындағы облыс әкімі түске дейін Талаптан, Ақтоған ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория нысандары ашылуына қатысса, түстен кейін Қарғалы, Бұланбай бауы елді мекендеріндегі дәрігерлік амбулаторияның пайдалануға берілуіне қатысқан. Көріп отырсыз, бір күнде 4 дәрігерлік нысан қызмет көрсетуге кіріскен. Бұл Президенттің бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтаудан жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған емдік мекемелер болса, осы жоба ауқымында 27 осындай нысан салынып жатыр екен. Оның 15-і жыл соңына дейін қатарға қосылыпты. Қызылорда қаласында құны 36 миллиард 400 миллион теңгелік бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталса, құны 200 миллиард 900 миллион теңгелік Қан орталығы пайдалануға берілді. Оған қоса 9 емдік нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның  жылу жүйесі газбен жылытылатын болды. Жал соңына дейін облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық ашылса, қалаға қарасты Досан елді мекенінде, Жаңақорғанда көпбейінді аудандық аурухана базасында балаларға арналған Қамқорлық, оңалту орталығы ашылмақ.

Біз әдетте «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейміз. Халқымыз науқастанбай тұрып-ақ денсаулығын күтетін озық ұлттар қатарына ілінуді мақсат етсе, ауруханалар саны өспес еді. Бұған жетудің басты жолы құралы денешынықтыру, спортпен шұғылдану екені мәлім. Сол себепті кейінгі жылдары елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше назар аударылып келеді, бұқаралық спортты өрістетуге қатты көңіл бөлініп отыр. Мұның жарқын нышандарын Қызылорда облысынан да көрер едік. Соның негізгі айғағы – облыс бойынша бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындар үлесі 58 пайызды құрауы, яғни 328 597 адам салауатты өмір салтын ұстанып отыр. Мұны облыс орталығындағы 7 мың орындық стадион, жабық бассейні бар денешынықтыру-сауықтыру кешені қамтамасыз етпекші. Аудандарда 2,6 миллиард теңгелік 11 денешынықтыру кешені салынып жатса, соның 6-уы жыл соңында сапқа тұрды, қалғандары да көп ұзамай іске қосылмақшы. 

Ал жалпы денсаулықтың мықты болуы спорт саласындағы табыстардың мол болуына жол ашуы заңды. Нақ осы тұрғыдан келсек, өткен 2023 жылы Сыр бойы саңлақтары еліміз чемпионаттары мен жарыстарында жиын 1158 медаль, яғни 376 алтын медальға, 358 күміс, 424 қола медальға қол жеткізді. Бұған қоса әлем және Азия чемпионаттарында 94 алтын, 71 күміс, 80 қола медальды еншіледі. Мұны нақты тарқатар болсақ, Қытайдың Хуанжоу қаласында өткен 19-шы жазғы Азия ойындарында 6 спортшы, 4-ші жазғы параАзия ойындарында 3 спортшы алғы жүлделерді иеленсе, Будапеште өткен әлем чемпионатында Мөлдір Жаңбырбай каратеден, самбодан жасөспірімдер арасында Нұржан Тумырзаев жеңімпаз атанды.

 

Президент арнайы келіп, бағасын және батасын берген

Біз «бірінші байлықты» молайтып жатқан оң істер мен жүзеге асқан шараларды қамтумен осымен доғарып, халқымыз айтқан «екінші байлық – ақ жаулық», «үшінші байлық – он саулық» салаларын жемістері мен жеңістерімен танысуға шамалы тоқтағымыз келеді. Бұл ретте аймақта мыңдаған жастар бас қосып, махаббатқа бөленген отбасылар шаңырағын көтеріп жатуы, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Алматыға, Астанаға т.б. қаласы өңірлеріне ағылған көш тоқтап, облыс халқының үнемі өсіп отыруы негізгі нәтиже десек, жақында ғана 1 миллиард 600 миллион теңгеге салынып бітіп, келушілерге есігін айқара ашқан Отбасы орталығы көз тойдырып, көңіл қуантты. Осымен бірге өткен 2023 жыл аяғында, яғни 24 қараша күні республикамыздың Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің вице-министірі Тимур Қарақойшин арнайы келіп, ел көлеміндегі осы салаларға қатысты облыстық әкімдер орынбасарлары, басқарма басшылары, алуан мамандар қатысып, өткізілген кеңесте Қызылорда облысының өнеркәсіп пен құрылыс салалары бойынша көш басында екені мойындалып, оң тәжірибесі күллі Қазақстанға таратылуы да бекер болмаса керек. Мұның алдында 1 ай бұрын еліміздің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, жоғары баға бергені де осының айғағы. Президентімізді қандай нәтижелер қанағаттандырды десек, бұл тұрғыда 2023 жылы облыс көлемінде 41108 пәтерлік 300 тұрғын үй ғимараты салынып жатқаны, жаңа электр жылу орталығының іргетасы қалануы. Тәуелсіздігіміздің 30 жылында Қазақстан экономикасы тек қағаз-сан жүзінде өсіп, еліміздегі энергетика мен жылу жүйелері әбден тозғанын ескерсек, Қызылорда қаласындағы мына үлкен жоба сырттан электр тогын әкелуді тоқтатып қана қоймай, өңірдің өзін-өзі қамтамасыз етуінен артылып, көршілес аймақтарға электр-жылу қуатын сатуға да мүмкіндік береді. Сондай-ақ Президенттің «Жайлы мектеп» тапсырмасына сәйкес 21 мектеп салынады. Жоба құны – 98 миллиард теңге. Қазір 10 мектептің құрылысы қызу жүргізілсе, үстіміздегі 2024 жылы қалған 11 мектепті тұрғызу қолға алынып отыр. Келесі 2025 жылы бұлардың барлығы шәкірттер еншісіне тиіп, бұған «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында 400 орындық оқу ғимараты және 300 орындық жатақханасы бар арнайы Физика-математика бағытындағы мектеп-интернат бой көтеріп жатқанын қоса айтып кетейік. Тағы да 4 іргелі мектеп жанынан 2 мың балаға арналған қосымша ғимараттар салынды. Осылайша балалар жақын, ыңғайлы білім ошақтарына барып, елеулі қаржы да үнемделді.

Осы жолдарды жазып отырып мен құрмалас сөйлемдегі соңғы ақпаратқа қатты риза болғанымды алға тарта кетейін. Біздің елімізде қаржыны үнемдеу ұғымы жойылғалы қашан, оны халықтың игілігі деп есептеу келмеске кеткен. Асхананы, баспананы айтпағанда, темірді де кеміреміз, тас жолдан да жейміз. Басқа елдерде 5 жылда мызғымайтын жолдар бізде бір жылда быт-шыты шығады. Алып сарайларды қойып, 600 оқушылық мектептердің өзі 6 жыл бойы салынады. Себебі, қомақты қаржы бөлушілердің 20 пайыз сыбағасы беріледі, одан қалғанынан аталмыш құрылыс мердігерлері өз сыбағасын асағанда жетер-жетпес ақша жұмсалмай ма? Міне, осы себептен де Қазақстанның шығысында да, батысында да «сақалды» мектептер көп.  Уақытында бітпегендіктен және инфляция кесірінен әрбір келесі жылда да құрылыс материалдары бағасы да өседі, еңбекақы да көтеріледі. Сондықтан Жаңа қомақты қаржы қарастырылмаса, мектеп қайдан қатарға тұрсын. Ал, болашағымыз – жас жеткіншектердің білім-тәрбиесіне қысастық жасағаны және бар. Қуанышқа қарай, Қызылорда облысында ахуал бұл айтылған ауру-сырқаттан аман. Мұның басты көрінісі – жоғарыда айтылғандай, алды салынып біткен және соңы көп ұзамай салынып бітетін 21 мектепке қоса Арал, Қазалы, Жаңақорған, Сырдария аудандарында 400-дей баспана халық игілігіне берілсе, 27 желтоқсан күні Қармақшы ауданында 51 отбасы жаңа қоныс тойын тойлаған. Хан түгіл (бүгінгі Президентіміз бұл дерттен аман екенін арнайы айта кетелік) халықты да шырмаған бұл кесел-кесепаттан Сыр бойы елінің бүгінгі басшылары сау болғандықтан да шығар, аймақта оқушылар 3 ауысым түгіл 2 ауысымда оқымайды.  Мұның өзі озықтық, аз емес жетістік  екенін айтпағанда, 2025 жыл ішінде түгелдей дерлік «Жайлы мектептерде» оқиды десек, асыра айтпаспыз. 

«Үшінші байлық – он саулық» дей отырсақ та, бүгінгі таңда оған өндіріс те, құрылыс та, мәдениет үйлері де, «Сыр сұлуы» ескерткіші мен жаңадан ашылған мың адамдық өнер, руханият орталығы да кіретіні көп дәлел тілемес. Десек те, халық үшін бірінші кезекте ол – баспана. Бұл тұрғыда жоғарыда келтірілген республикалық кеңесте баяндалғандай, облыс көш басында. Екі-үш-ақ мысалмен тұздықтасақ, өткен 2023 жылы облыс орталығында 2500 пәтер  пайдалануға беріліп, 11 мыңнан астам шаһар тұрғыны жеке үйлі болғанын атап айтуға болады. 

Жер жүзіндегі озық, мәдениетті, парасатты ұлттардың бірегейіне айналуы қиын емес-ақ. Қасиетті Сыр бойында осы тамыры үзілуге шақ қалған, ортасын құрт ойып жегендіктен қауқиған, көп бұтақ-жапырақтары осы төртінші байлығымыз – рухани Бәйтерегімізді қайта көгертіп, гүлдендіру үшін де көп жұмыс атқарылыпты. Бұл ретте облыс әкімі болған кейінгі 2 жылдық үлесі де, үрдісі де ерекше. Құны 1 миллиард 700 мың теңгелік «Анаға тағзым» орталығы ашылып, құны 1 миллиард 500 миллион теңгелік Отбасы орталығы өз жұмысын бастады. Сыр өңірінің брендіне, реңіне айналған Шірік Рабат сақ жауынгері мен Сығанақ ханшайымының алтындатқан мүсіндері облыстық, өлкетану мұражайы ажарын ашып, халықты тәнті етуде. Алдағы уақытта тарихшылардың ғылыми негіздемелеріне және археологиялық қазбалар нәтижелеріне сүйеніп Алтын киімді Түгіскен көсемі, Жетіасар ақсүйек әйелі қалпына келтіріліп, көрермендер көзайымына айналмақшы. Сондай-ақ шетелдерде сақталған, бізге беймәлім болып келген бағалы жәдігерлер көшірмелері де ел игілігіне ұсынылады. Бұл айтылғандар басталған жаңа 2024 жылдың мәшһүр, игі жаңалықтары болса, мұны күн мен түн теңелген, шын мәніндегі өлі-тірі табиғаттың шын Жаңа жылы – наурыздың 22-сі – Ұлы күнінен Руханият жылы кіндік кесіп, билік жүргізбекші. Оның аясында неше түрлі мәдени-көпшілік шаралармен қатар жаңа ауқымды, жасампаздық жобалар жүзеге асырылмақшы. Айталық, былтыр үзіліп қалған 10 жыл бұрынғы дәстүр жаңғыртылып, мәдениет саласын дамытуға үлкен үлес қосқан «Тұран» арнайы сыйлығы табысталды. Тұңғыш рет 50-ден аса кәсіби музыканттардан жасақталған симфониялық оркестр құрылды. Өткен жылғы желтоқсан айында Астана қаласының 25 жылдығына орай Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері өтіп, бас қаланың тұрғындары Сыр өнерпаздарының өнеріне, кәсіби шеберліктерін биік бағаласа, биыл нақ осындай күндер оңтүстіктегі астана Алматы қаласында сәуір айында өткізілмек. Ақпан айы басында облыс орталығында Жыраулар үйі ашылды. Барлық аудандар орталықтарында неке қию залы, кітапхана, мұражай, архив (мұрағат), жастар сарайы, Ардагерлер мен Аналар үйі орналасатын Руханият орталықтары бой көтермекші. Бұл үшін облыстық бюджеттен 11 миллиард 500 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы шыңдау мақсатында Қызылорда Шығармашылық академиясы салынады. Бұған қоса мемлекет басшысының «Адал адам» концепциясы аясында Сыр бойындағы барлық елді мекендердегі Мәдениет үйлері мен құлыптарында «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары халықпен жүздеспекші.

 

Төрт байлық қазынаны молайтқан  тастүлек  азаматтың алар биігі қомақты

Таяуда Атырауда өткен ұлттық құрылтайда Жошы ұлысының мерейлі мүшелін – 800 жылдығын халық назарына салып, «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» мұнда іс жүзінде де Жаңа әділетті Қазақстан құрудың негіздемесі мен құнары жатыр десек, артық айту емес қой. Алайда біздің еліміздегі бүгінгі күні ең басты проблема – билік пен бұқараның бірдей надандығы, яғни жалған сөзді жүндей сабап, ұрлық-қарлықпен баюды, табыс табуды басты кәсіп-нәсіпке айналдырып, ел келешегі, ұлт болашағы ұрпақ қамын ойласуды «ұмытып», жетектемесе жұмыс істей алмайтын обырлықпен тобырлыққа белшесінен батуы. Қанағат жоқ. Парасат кем. Президенттің 2022 жылдың қаңтарынан бері қайта-қайта айтып келе жатқаны – нақ осындай өзекті де өткір мәселелер. Ахуал да, ақиқат та осыған сайса, біздің бұқарадан да, басшылардан да бірінші күтеріміз – өзі біліп, бастамашылдық танытып, Адал адам – адал еңбек – адал табыс мақсат-міндетіне жетуді, жүзеге асыруды жалғастырып әкетуі. Бұл орайда бірінші кезекте Абайды танып, құрал ету тұр десек асыра айтпаймыз. Абайды тану, ақыл-кеңесін алу – Адал адам болудың басты шарты. «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – ойлап қой. Бес асыл іс көнсеңіз». Мен сондықтан да Қызылорда облысындағы мәдениет, өнер руханият саласындағы ірі істерге, ізгі іздерге қатты қуана отырып, әдебиетті түзеу – әлеуметті түзеу жағы әлі кемшін екенін айтқым келеді. «Өнер алды – қызыл тіл» екенін бүгін де мойындасақ, әлемде бірінші жаралған нәрсе сөз екенін, орасан апаттар болып, Алтын Ордалар құлап, қағанаттар мен жеке халықтар жер бетінен құрып жатса да, қасиетті сөз – тарихи әдеби жазулар қалып, мәңгілік жасайтыны біздің байламымызға бұлтартпас дәлел емес пе?! Бұдан 5 мың жыл бұрын жасаған Шумер елінен не қалды? Гилгамеш эпосы (дұрысы – Билгамеш) көк түрік қағанатынан не қалды? Күлтегін жазуы. Тарихи ахуал да, мәңгілік ақиқат та осыған сайса, қадым замандардан жеткен ұлы тарих – нұр, содан бері жасап келе құралы жыр елі болғандықтан да «Алаштың Анасы бола алғалы енді басты кезекте, үш бірдей: оғыздар астанасы – Жанкент, қазақ хандығы астанасы – Сығанақ, коммунистер иемденіп кеткенмен, Алаш арыстары ізбасары – Сұлтанбек Қожанұлы бастамасымен Кеңестік қазақ республикасы астанасы салтанат құрған Сыр елінде әдебиет бой көтерсе, онда  туған әдебиетіміз алаш арыстары – Ақындар ағасы Әбділда Тәжібаев, қазақ қара сөзінің қара нары Әбдіжәміл Нұрпейісов, туған әдебиет сынымыз сардары Мұқаметжан Қаратаев, қазақ драматургиясының көшбасшысы Қалтай Мұхамеджанов кітап-қолжазбалары, мұрасы жинақталса құба-құп. Қалың Сыр сүлейлері, Нұртуған, Нартай, Асқар Тоқмағанбетов, Қалмақан Әбдіқадыров, Әбдіраштың Жарасқаны, Сейсен Мұқтарұлы, тағы басқалардың тыс қалмасы түсінікті. 

Мен, дау жоқ, Қызылорда жерінде Жыраулар үйі, балалар мен өспірімдерге арналған шығармашылық академиясы ашылғанына қуаныштымын. Десек те жас ұрпағымыз Гарри Поттер, Шректерден біздің мәңгілік өмір үшін күрескен жер жүзіндегі алғашқы абыз күйші Қорқыт ата, Ер Төстіктер мен Таусоғарларының артық екенін ұқпай, Абайды, Мағжанды, Тахауи Ақтановты, Тынымбай Нұрмағанбетовтерді оқымай, болашағымыз нұрлы, жырлы бола алмайды. Ана тіліміз балабақшадан бастап жалпы оқытылмай, орталау және жоғары сыныптарды қазақ әдебиеті пәні АҚШ пен Батыс кеудемсоқ орыс, араб мүддесінен, толық азат етіліп, Алаш арыстары мақсат-мұраттары негізінде төл ұлттық тәрбиеміз өзегіне айналдырып оқытылмай, тәуелсіздігіміз баянды болмайды, заманауи Қазақ елін құра алмасақ керек. Бұл жолдағы оң өзгеріс пен адал еңбек Алаштың анасы болып қана қалмай, панасы да болған, болуға да тиіс Сыр елінен сабақталып жатса абзал. Тоқсан ауыз сөзімізді түйіндей келгенде тоқтар тұжырымымыз – «Алаштың анасы – Сыр, ал Сырдың панасы – «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» иелері – Ерлер. Соның бірі ғана емес бірегейі – Нәзір Төреқұлов, Темірбек Жүргенов, Исатай Әбдікәрімов, Бердібек Сапарбаев, Қырымбек Көшербаев жолын қуып, елі үшін еселі еңбек етіп келе жатқан Нұрлыбек Нәлібаев. Ол ежелгі Сыр бойындағы төрт байлық қазынаны да молайтып, өз өмірінің төртінші мүшел – биік белесіне абыроймен көтеріліп, қашанда қайраткерлік тұғырынан табаны таймасына кәміл сенеміз. 

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері
21.12.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЛАР ЖАЛҒАСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 60
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 115
 ОТЫРАРЛЫҚ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРҒА ДУБАЙҒА ЖОЛДАМА ТАБЫСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 28
ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 63
ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 62
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 115
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 148
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 152
Жарқын жобаның жемісті жалғасы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 140
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 146
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 154
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 147

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11275
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10211
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 13457
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 12411
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 17419