Мемлекет басшысы 24 қыркүйекте Ақордада Премьер-министр Олжас Бектеновты қабылдап, елдің әлеуметтік-экономикалық саласы мен кезекті науқандар төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндамасын тыңдады. Президент алдында есеп берген Үкімет басшысының сөзінен біраз жайды аңғарғандай болдық.
Президенттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта, кездесу барысында ортаға тасталған бірқатар мәселелер мен жетістіктер жайында нақты цифрларды келтірген екен. Үкімет басшысының сөзіне сенер болсақ, «биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығында экономиканың өсімі 3,7 пайызды құрады. Атап айтқанда, құрылыс (8,8%), көлік және қойма ісі (7,9%), байланыс (7,4%), сауда (5,5%), өңдеу өнеркәсібі (4,9%) секторларындағы көрсеткіш едәуір жақсарған. Ауылшаруашылығын жеңілдікпен қаржыландыру көлемі 3 есе ұлғайып, 580 миллиард теңгеге жетіпті. Бүгінде еліміз бойынша дәнді және бұршақты дақылдар алқабының 70,2 пайызы жиналып, 17,2 миллион тонна астық бастырылған. Диқандар арзан жанар-жағармаймен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілді», – дейді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар жылыту маусымына дайындығымыз тас-түйін екен. Еліміздің барлық өңірінде дайындық жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатқаны жөнінде баяндаған Премьер-министр нақты деректерді алға тартыпты. «Әлеуметтік нысандардың дайындығы жоғары деңгейде. Тұрғын үйлердің жылыту маусымына әзірлігі бойынша жұмыс 98,3 пайызға орындалды. Электр станцияларына жыл сайын 60 миллион тонна көмір қажет. Қазір оның қажетті қоры бар», – дейді Үкімет басшысы.
Биыл көктемдегі су тасқынының зардабын жою жөніндегі жұмысты Президенттің өзі тікелей қадағалап отырғаны белгілі. Бүгінгі кездесу барысында атқарылып жатқан жұмыстарды мұқият пысықтаған Қасым-Жомарт Кемелұлы, Үкімет басшысының атқарылған шаруалар мен келер жылға дайындық барысына қатысты есебіне риза болған сыңайлы. Таратылған ақпаратта: «Қасым-Жомарт Тоқаевқа су тасқыны салдарын жою жөніндегі бұған дейін берілген тапсырмаларының орындалу барысы мен келесі жылы су тасқыны жағдайының алдын алу шаралары туралы айтылды. Зардап шеккендердің барлығына әлеуметтік қолдау көрсетіліп, бүлінген дүние-мүлкі үшін өтемақы төленді. Баспанасынан айырылғандарға 5 767 тұрғын үй сатып алынды және 2576 жаңа үй салынды. Ақмола мен Батыс Қазақстан облыстарындағы 104 нысанда жұмыс аяқталуға жақын. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып жатыр», – делінген. Кездесу соңында Мемлекет басшысы еліміздің өнеркәсіп әлеуетін одан әрі арттыру және инфрақұрылымды жаңғырту жөнінде бірқатар тапсырма бергендігі айтылған екен.
Олжас Бектеновтың Президент алдындағы есебіне көз жүгірте отырып, жыл сайын қайталана беретін кейбір келеңсіздіктердің биыл ғана туылмағаны еске түсті. Ол диандарды әбігерге сала беретін науқан кезінде туылатын жанар-жағармай тапшылығы еді. Жасыратыны жоқ, осыдан бұрын қатарынан бірнеше жыл көктемгі егіс науқаны кезінде Шымкенттегі немесе Павлодардағы мұнай өңдеу зауытында күрделі жөндеу жұмыстары бастала қалатын. Ал мұндай кезде бағаның бүлкілдеп өсе бастайтыны белгілі. Сосын барып айқай-шу туындайтын еді. Тіпті кейбір облыстарда солярка мен бензиннің тапшылығын қолдан ұйымдастырып жатқандығы да айтылған болатын. Абырой болғанда мұндай келеңсіздіктер құзырлы мекемелердің қатаң бақылауына алынып, мәселе дер кезінде шешімін тапқаны есімізде. Міне, содан бері қарай науқан кезінде қайталана беретін «тұрақты сценарийді» Үкімет назарға алғалы жағдайдың беті бері қарады.
Президентпен кездесуден бұрын Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқыны салдарын жою жұмыстарын аяқтау мәселесі қаралған болатын. Бұған қатысты министрліктер мен облыс әкімдерінің баяндамасын тыңдап шыққан Үкімет басшысы кейбір мәселелерге айрықша тоқтала келіп, халықтың көңіл күйімен санаса отырып, қордаланған мәселелерді шешу керектігін жасырған жоқ.
– Қиын-қыстау кездегі адамдардың эмоцияларын түсінеміз. Кейбір тұрғындар тарапынан өтемақы сомасына, шығынды анықтау, баспана таңдау және жөндеу жұмыстарына қатысты сұрақтар туындады. Әр проблеманы жеке алып қарауға тырыстық. Қабылданып жатқан шаралар зардап шеккен әр отбасының пікірін барынша ескере отырып, іске асырылуда. Бүгінде кейбір азаматтарда сұрақтар мен проблемалар болуы мүмкін. Сондықтан әкімдіктерге «жедел желі» жұмысын тоқтатпай, жергілікті халықтың сұрақтарын шұғыл қарап, шешуді тапсырамын», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Осы отырыста бірқатар маңызды мәселелерді талқылай келе Үкімет басшысы министрлер кабинетіне бірқатар тапсырма берді.
«Өңір әкімдіктері мен мүдделі мемлекеттік органдар инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын толығымен аяқтауға тиіс. Су ресурстары министрлігі облыс әкімдерімен бірлесіп, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мен салуды белгіленген мерзімде аяқтасын. Цифрлық даму министрлігі 2025 жылғы ақпан айының соңына дейін министрліктер мен әкімдіктердегі мамандарды оқыта отырып, «Су тасқындарын болжау және модельдеу» ақпараттық жүйесін ендіруді қамтамасыз етуге тиіс. Төтенше жағдайлар және Экология министрліктері 2025 жылғы 20 қаңтарға дейін осы жүйені қажетті деректермен толықтыруды қамтамасыз етсін.
Өңір әкімдері биыл күздің соңына дейін елді мекендер айналасында топырақ үю, құбырлар мен арықтарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды тексеру және су жіберу каналдарын дайындау жұмыстарын жүргізу қажет», – делінген маңызды тапсырмада.