Соғыстың жаңа бейнесі, Ресейді кімдер қолдайды? Неге?
Бұл сұрақтарға мына бірнеше түйіндерге назар аудара отырып жауап іздеп көрдік.
1. Ресей НАТО-ға қарсы жаңа шарт қойды: енді Ресей газы үшін төленетін ақша тек рубльмен жүруі тиіс. Оның үстіне газдың бағасын 25%-ға өсірген. Еуропа елдері алдағы бірнеше жылда Ресей газынан толық бас тарта алмайды. Яғни Ресей олардың талмау жерінен ұстады.
2. Иран мен Сауд Арабиясы батыс елдерінің қойған шартынан бас тартқан. Оған себеп АҚШ Иранның генералын өткен жылы өлтірген болатын, әрі Сауд Арабиясы елін де адамдық құқық мәселесі бойынша үнемі айыптап келеді. Сауд Арабиясы журналисі Стамбұлдағы Сауд Арабиясы елшілігінде өлтірілгеннен кейін наразылықтар көбейе түсті.
3. Қытай арбаны да сындырмайды, өгізді де өлтірмейді. Батыс елдеріне түлкібұлтақ көрсетіп отыр. Шын мәнінде Ресейге жақтасатыны белгілі.
4. НАТО мүшесі бола тұра Түркия Батыс елдерімен де, Ресеймен де жақсы қарым-қатынаста. Ердоған: «Батыс елдері Ресейге санкция салғанмен мәселе шешілмейді. Сондықтан санкцияны қолдамаймын» деп ашық айтты. Түркияның маңына топтасқан мұсылман елдері осылайша АҚШ бастаған елдердің шарттарын қабылдамай жатыр немесе сүле соқ қарап отыр.
Соңғы аптада осы Сауд Арабиясы, Иран, Қытай және Түркия елдері батыстың тепкісімен күресу үшін өзара ымыраға келген сыңайлы. Әрине «өгізге туған күн бұзауға да туады» деген қағидамен бірін-бірі қолдауға көшті. Олардың ендігі жерде Ресейге қарсы шараларға бармайтыны белгілі.
Міне бұдан Украинадағы соғыстың әлемде қалыптасқан екі үйектің соғысына айналғанын көруге болады.
Ресей экономикалық, өндірістік, техникалық жақтан, технологиялық тұрғыдан ауыр жағдайда тұр. Алайда Ресей халқы тамақтан, киім-кешектен тарықпайды. Өйткені әлем бойынша ең үлкен аграрлық ел. Байлығы мен мүмкіндігі мол. Әрине Ресей элитасы ауыр зиян шеккенімен, қайрат таныта алса, жаңа бір технологиялық әлем құруға мүмкіндік туып отыр. Оның үстіне Ресейдің сол байлығы Қытай, Иран, Сауд Арабиясы секілді елдерге өте керек. Бірінің жоғын бірі толықтауы әбден мүмкін.
Жаңа жүйе, жаңа одақтастардың төбесі көрініп келеді
Қытай ешқашан өз уәдесін орындамайтын ел. «Сіздікі жөн деп қойып, өз ойлағанын іске асырып жатыр». Ресей секілді әскери күшпен басып кірмей-ақ Шыңжаңды басты. Миллиондаған адамды өлтірді, құлдыққа жекті. Із-тозсыз жоғалтты... Енді міне Ресей мен Иран, Сауд Арабиясы елдері секілді одақтастары арзан шикізат көзіне айналды. Ал оларға керек заттар Қытайдан суша ағылады. Яғни, Батыс елдеріне тәуелсіз.
Дегенмен бұл ескі де жаңа Одақ үшін жаңа қаржылық және технологиялық платформа керек. Қазір бұған әлемдік өркениеттен ажыраған Ресей кірісіп кетті. Осылайша АҚШ долларымен қатар, юань мен рубльдің рөлі көтерілуі мүмкін. Яғни, ЕАЭО мен Қытай және басқа да елдерге сауда-саттық долларсыз және еуросыз жүргізілмек. Әлдеқашан келісім жасалды. Осылайша ұрыны қарақшы тонаған заман келді. Ендеше Украинадағы соғыста кім ұтады?
Бұған бір ауыз сөзбен, ешкім де ұтпайды деп жауап берер едік. Себебі соғыс АҚШ бастаған елдер мен Ресей жақтастарының мүдделік тартысы. Украина жәй ғана құрбандық. Сол үшін «екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» дегендегі шыбын секілді болмай, айнала жұртпен тіл табысып, саптаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған абзал болмақ. Ең маңыздысы біреулердің құрбандығы болып кетуден сақтанғаннан басқа амал жоқ.
Бұл соғыста кім ұтылды?
Енді соғысқа оралайық. Қазіргі таңда Зеленскийді көзсіз батыр, стратег ретінде бағалап жатқандар бар. Егер ол шынымен де әккі саясаткер болса, неге соғысқа апармайтын жол таба алмады? Есесіне пәле іздеген Путинмен, әккі АҚШ-тың тұзағына түсті. Демек дипломатиялық саясатты дұрыс жүргізбеді деген баға лайықты секілді.
Ресей он мыңдаған әскерінен айырылды. Мыңдаған отбасы азаматтарынан айырылып, қан жылап қалды. Яғни Ресей де қанды қырғынсыз жаулап алудың жолын таба алмады деген сөз. Ендеше Путин – қатігез басшы, шын мәнінде, басқыншы деген атқа лайықты болып шықты. Украина жерінен айырылды, халқынан айырылды. Ал Ресей ше? Ол жеріне жер қосты, еліне ел қосты. Әрине сол үшін жауыздық жолды таңдады.
Еуропа үшін бұл саяси ойын ғана. Өз мүдделері үшін Украинаға көмекті аяған жоқ. Қазіргі таңда Украинаның ержүрек халқы басқыншылармен өліспей беріспейтін соғыс жүргізіп жатыр. Еуропа мен Ресей бір-біріне әскер кіргізбей, өзге жерде соғысып жатыр.
Ресейдің армиясының тұмсығы тасқа тисе де қайтар емес. Өйткені өлетіндер жай адамдар – әскерлер. Екі жақ та соғысты тоқтатуға мүдделі болмай тұр. Қулық-сұмдықтың сан түрін көріп отырмыз. Екінші дүниежүзілік соғыста миллиондаған адам өлді. Ал жаңа ғасырдағы Еуропа даласында болып жатқан қырғыншылықта, ажал құшқан мыңдаған адамдардың өмірі тирандар үшін түкке тұрғысыз сияқты.
Ресей әскер жинап алғы шепке айдап салып жатыр. Не өледі не тұтқынға түседі, қашса сотталады. Барар жері жоқ бейшаралар бұйрықты орындайды.
Қазірше Украина ырықты орынға ақырындап шықты. Басып алған жерлерді тартып ала ма? Ол үшін НАТО әскер кіргізуі мүмкін бе? Мәселе осында. Егер соғыс ұзаққа созылса не болмақ?
Тағы да ұтылатын бейуаз украиндар мен майданда жүрген әскерлер болмақ. Украинаға әскер кіргізе алмай отырған НАТО Ресейге мүлдем әскер кіргізбейді. Міне атом қаруы мен биологиялық қарудан қорыққан әлемнің қауқары Қазірше осындай.
Біз Қаңтар оқиғасында шаңымыз шыққанмен, әупірімдеп оңалу ныспы көрінген Отанымыз үшін жаңа идеологиялық және парламенттік өзгеріс керек-ақ!