Жарқын болашақтың басты кепілі береке мен бірлік екені әу бастан белгілі. Бір шаңырақтың астында тағдыр тоғыстырған еліміздегі әрбір ұлттың перзенті үшін татулық өткінші ұран емес, өмірлік ұстанымға айналған. Бірлігі мықты елдің алдында бағынбайтын белес, алынбайтын асу жоқ екені мемлекетіміздің даму жолындағы дара қағидасы. Осы ретте кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Қоғамдық келісім» ғимаратында аймақтағы этномәдени бірлестік өкілдерімен бас қосты.
– Өңірдегі халықтар достығы мен ауызбіршілігімізді сақтау, бірлігіміз бен ынтымағымызды нығайту аясында бас қосып отырғанымыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру бастамасында ел дамуына әрқайсымыз үлесімізді қосуымыз керек екенін айтты. Осы тұста өңіріміздің, еліміздің өркендеуіне өздеріңіздің де қосар үлестеріңіз зор, – деп шараны ашып берген аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы өңірде биыл татулықтың туын желбіреткен 724 іс-шара ұйымдастырылып, оған 42 мыңнан астам өзге ұлт өкілінің қамтылғанын, мұндай іс-шаралардың барлығы ел бірлігін нығайтуға септігін тигізетінін жеткізді.
Басқосу барысында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан сөз сөйлеп, 2022 жылдың 8 қарашасында Мемлекет басшысы Ассамблея жанынан ақсақалдар кеңесін құруды тапсырғанын, биыл наурызда 236 ақсақалдан құралған кеңестің өзге ұлт өкілдері тығыз орналасқан аймақтың сегіз ауданында жұмысын бастағанын жеткізді. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Гулам Умаров «Қоғамдық келісім» мекемесінің жан-жақты жұмысына тоқталып өтіп, оны қаржыландыру мен штат бірлігін арттыру туралы ұсынысын ортаға салды. М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов өзге елдерден өңірге келіп, ауқымды жобаларды жүзеге асыруды мақсат етіп отырған шетелдік инвесторлардың сұранысындағы мамандарды даярлау бойынша келісімдер жасалып жатқанын атап өтті. Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті Махметғали Сарыбеков Ассамблеяның әлеуметтік институт ретінде қоғамнан өз орнын тапқанын атап өтіп, дегенмен ассамблея жұмысы тек үлкен саяси науқанда ғана көрінбей, жаңа форматта жұмысты жүйелеу қажет екенін жеткізді. Бұл бағытта ассамблея жанынан қоғамдық негізде жұмыс істейтін ғылыми сараптамалық арнайы топ бар екенін, бірақ арнайы топтың соңғы екі-үш жылдағы зерттеу-зерделеу жұмыстары, сараптамалары мен ұсыныстары қараусыз жатқанын айрықша атап өтті. Облыс әкімдігі тарапынан қолдау болса, ол топқа білікті әлеуметтанушы мамандарды тартып, мәселелерді тереңінен зерделеуге болатынын тілге тиек етті.
Жүздесуде этномәдени бірлестік өкілдері ел бірлігін нығайтуға қатысты бұдан басқа да бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Айтылған мәселелер бойынша аймақ басшысы жан-жақты жауап беріп, ең бастысы арандатушылыққа жол бермей, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, жастарды жұмыспен қамту, бір үйдің баласындай өсіп-өнген ұрпақтың Отан алдындағы ортақ борышын абыроймен өтеуіне қатысты өз ойын айтып, жауаптыларға тапсырмалар берді.