Ұлт қасіреті шермен шығады

Ұлт қасіреті шермен шығады

Ұлт қасіреті шермен шығады, шермен шықпаса өнермен шығады. Ғасырлар легінде өлмей келе жатқан, қазақтың  өн бойына сіңген әдет ғұрпында «Жоқтау» айтудың орны ерекше. «Өлгеннің соңынан өлмек жоқ, өлгенге қайтып келмек жоқ» деген қазақ үшін бұл сарындағы шығармалардың қоғамдық рөлі бөлек болған. Бір шығарма бүтін бір халық мұңын арқалаған. Бұл психотерапия сияқты, іштегі мұңды шығару арқылы халық жанын емдеу дейді мамандар. Мысалы 1723-1727 жылдары «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» зобалаңы кезеңінде Қожаберген жырау «Елім-айлап» елдің мұңын мұңдады. Қазіргі зиялы қауымға, жазушылар мен өнер иелеріне бүгінгі күннің мәселелерін жазу міндеті тұр десек артық айтқандық болмас.

Өткен ақын-жырауларының шығармашылығына қарап  аза тұтқан жанды бекем болуға шақырып қана қоймай, адам (оқырман) жанына өзгеше әсері болған. Себебі сондай мұңға толы шығармалардың, жоқтаулардың, әсіресе көңіл айтудың сақталып, халық жадында жатталып қалғаны – үстіртін қарап өте шыққан адамға басу айту, көңіл айту ғана сияқты көрінеді. Менің бәрінен бұрын айтқым келетіні шығармалардың оқырманды катарсисқа әкелуі.  Мен Аристотельдің еңбектерінде катарсис – аяу, қайғыру арқылы адамның жан дүниесінің тазаруы. Мысалы б.з.б. V ғасырларда ежелгі грек халқының театр деңгейі мүлде өзгеше үдеріске түсе бастады. Яғни драма дамып, трагедиялық шығармалар өрістеді. Эсхил, Софокл, Еврипид шығармаларына қарасақ бәрі трагедия. Неліктен трагедия сол заманда да және қазіргі кездің өзінде де өлмей келе жатыр? Неліктен ақын-жыраулар шығармашылығындағы жұбату, көңіл айту жырлары қазақ халқының жүрегінде ерекше сақталған? Мысалы гректерге театр әдеттегі біз ойлаған спектакль көрсететін ғимарат ұғымынан ол кезде ада еді. Діни орын болғандықтан сол кездегі дәрежесі мұсылмандар үшін мешіт сияқты немесе христиандар үшін шіркеу сияқты еді. Дәл солай қазақ халқының мұңды сарындағы жоқтаулары тұла бойды шымырлатып, жүректерді елжіретіп, аяушылық тудырып, адамшылыққа бастаған деуге толық негіз бар. 

Мінекей қазақ халқының рухани құндылығына айналған әдеби мұраларындағы мұңды сарындағы жырлардың халық аузында айтылып, осы заманға дейін өлмей жеткеніне мен осындай түсініктеме берер едім. Қазтуған жыраудың Еділмен қоштасып айтқан «Алаң да алаң, алаң жұрт» атты жыры өлмей әлі күнге айтылып келеді.  Туған жерінен айрылған адамның мұңын сезініп катарсисқа түскен жан атамекеннің қадірін одан да артық түйсіне түсері анық. Өзінің туған жерін дәл Қазтуғандай жоқтаған ешкім жоқ. «Кіндік қаным тамған жер» деп, көзін ашқалы көрген елді тастап кетуден асқан қандай азап бар? Сол жырға қарасаңыз:

«...Жардай атан болған жер, 

Жатып қалып бір тоқты,

 Жайылып мың қой болған жер, 

Жарлысы мен байы тең, 

Жабысы мен тайы тең,

Жары менен сайы тең, 

Ботташығы бұзаудай, 

Боз сазаны тоқтыдай, 

Балығытайдай тулаған, 

Бақасы қойдай шулаған,

Шырмауығы шөккен түйе таптырмас, 

Балығы көлге жылқы жаптырмас, 

Бақасы мен шаяны

Кежідегі адамға

Түн ұйқысын таптырмас», – деп келеді. Бұған қарап біз сондай жұмақ мекенді тастап, Қазтуғанның жеке басының ғана қайғысын емес, сол кездегі шұрайлы жерінен, Жерұйық мекенінен айырылған күллі қазақтың қайғысын көреміз. Шығыста отырып, батыстағы жұрттың қайғысына қайманамыз. Туған жерге деген ыстық сезімнің тағы бір көрінісі жыр соңында айтылады. 

«...Қайран менің Еділім,

Мен салмадым, сен салдың, Қайырлы болсын сіздерге

Менен қалған мынау Еділ жұрт!..». Жырау бұл жұмақ мекеннің, туған жерінің басқа бір жұртқа да қайырлы болғанын тілеп отыр. Қарғыстың орнына, батасын берді. Бұл да бір қазақ әдебиетіндегі қасіретті жоқтаудың керемет бір үлгісі десек болар. Осыған қарап біз өнердегі жоқтаудың автордың емес, күллі қауымның қайғысын қоғамға алып шығып өзіне көрсететін рухани тазару, яғни катарсис деп қарауымызға әбден болады.

Мысалы әдебиет, сурет, музыка өнерлерінің ауқымын дүр сілкіндірген Исаны жоқтау тақырыбы неліктен ғасырлар бойы дүниежүзінде жалпы өнерде көрініс тауып келеді? (Мысалға Пьета мүсіні және Исаны жоқтау тақырыбындағы сансыз картиналар мен әдебиеттегі Исаның образдары). Бұл діни ұстанымды бекіту ғана емес, тіпті тек католиктік христиандардың ғана емес жалпы адамзаттың жүрегін тербеген ананың баласын жоқтауы десек болады. Сондықтан осы тақырыптар Жер шарындағы кімнің де болсын жүрегін тербеп, сондай биік деңгейде өнердің ерек үлгісі болып қала береді. Қазақ топырағындағы шығармалардың ондай әлемдік ауқымға жетпегенімен, мұңды эпостық шығармадан театр деңгейіне дейін көтерілгенін мойындау керек. Мысалы үлкен трагедия жанрындағы пьеса ретінде қазақ жерінде алғаш қойылған  «Еңлік – Кебек» дастаны.  Кеңес билігінің астындағы қазақ ұлтының да төл мәдениетін көрсетіп қана қоймай, оны сахналауда еңбек еткен М.Әуезовтің үлесі үлкен.

Мұңды шығармаларға келгенде  «Қыз Жібек» дастанын айтпай өтуге болмас. «Ромео мен Джульета» шығармасындай екі қарама-қарсы әулеттен шыққан жастардың оқиғасын білмейтін қазақ кемде кем. Өне бойы тұнған қазақтың салт-дәстүрі және осы көңіл-қос өлеңдері, жұбату, қоштасу т.б. жырлардың ең көп кездесетіні де осы «Қыз Жібек» жыры шығар. Мысалы Төлегеннің анасымен, бауыры Сансызбаймен қоштасуы, Төлегеннің көз жұмар алдындағы ішкі монологы және Бекежанның Қыз Жібекке қазаны естіртуі. Бұл фольклорлық жанрлардың поэтикалық деңгейін талдаған талай ақын-жазушыларымыз бар. Мен шығармадағы қоштасуға мысал келтіріп өтейін:

– Әуелеп ұшқан алты қаз,

Етің шекер, сорпаң баз,

Атайын десем оғым аз.

Қонар болсаң жануар,

Міне майдан, міне саз.

Өлмеген құлға Құдай-а,

Болып қапты енді жаз.

Әкемді айтып қайтейін,

Шешемді айтып қайтейін,

Мен кеткен соң, дариға,

Көкешім деп Сансызбай

Еркелеп кімге қылар наз?, – дейтін Төлегеннің ақтық демін алып қоштасуы  бар. Жерленбей ит-құсқа жем болып қалған ұланның өлімі композицияның шарықтау шегі десек болады.  Қазақ әдебиетіндегі жауһарға айналған бұл шығарма бүгінгі күннің өзінде қазақ мәдениетінің айнымас бөлшегіне айналып, үлкен сахналарда қойылып жатыр және әлі талай оқыла да айтыла беретініне шүбәм жоқ. Бұл мұңды жырдың фольклорлық маңызы өз алдына бір төбе. Мен басында айтып өткен катарсис жолына бүкіл қазақ оқырмандарын түсіріп, аяныш, күйініш сезімдері менелдің жандүниесіне кіріккен бірден бір туынды осы «Қыз Жібек». 

Осындай шығармаларды біз өткен ғасырдағы қазақтың басына төнген тауқыметтерді көрсеткенін білеміз. Алаштықтар бастаған зиялы қауымның өздері қаза болса да, артында халқына қалдырған мұрасы һәм елдің қайғысын айтып және көрсетіп кетті. Мағжанның:

«...Әлдеқайда Күн шығады, батады,

Сорлы тұтқын күңіреніп жатады.

Қарар болсаң терезеден темірлі,

Көздеп тұрған күзетшілер атады», – деген өлеңінен абақтыдағы оның халін және күллі қазақты күзетшідей дәлдеп тұрған басқыншылардың да бейнесі көз алдымыздан кетпейді. Ахмет Байтұрсыновтың :

«...Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес, дарға асқаны, атқаны,

Маған қиын осылардың бəрінен,

Өз аулыңның иттері үріп-қапқаны...» – деген өлеңінен сол кездегі қараңғы халықтың білместен, бәлкім өз қара басының қамын ойлағаннан қазақ зиялы қауымының қаймақтарын сатып, соларға арыз жазып, өздері соттатып, атылып кетуіне «жәрдемдескен» адамдардың болғанын көрсетпей ме?! Бұл да сол кездегі қазақтың қайғысы. Бірін-бірі көрсетіп, түтіп жеген халықтың алауыздығы, нақтысын айтсақ сауатсыздығы. 

Қазақта бұндай маңызды дастандар өте көп. Әрине қоғамдық пікірді қалыптастыруда сол кезеңдегі жыраулар поэзиясының орны ерекше болды. Менің ойымша бұл адами принциптер мен этикалық нормалар және осындай мұңды әрі жан дүниені тербейтін жырлардың өлмеуі қазіргі қарыштап дамыған замандағы қарбалас адамдардың сондай рухани дүниеге деген қажеттілігінен. Ал бүгінгі күннің проблемаларын көркемдік деңгейде жеткізу, мұңын мұңдап, жоғын жоқтау біздің парыз.

 

Абзал СҮЛЕЙМЕН
17.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 81
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 603
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 720
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 632
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 642

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8779
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8179
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11408
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9162
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10392