Ерлік те үлкен жүректен шығады
Қоғам қайраткері, белгілі журналист, ұлағатты ұстаз Сәуле Мешітбайқызының өмірде жасаған ерліктері көп
Жұбанов мектебіндегі шайқас
Ахмет Жұбанов атындағы қазақ саз мектебін өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Дінмұхамбет Қонаев ашты. Бұл мектепте ауылдағы өнерлі, әнге, сазға бейімі бар балаларды шам алып, іздеп тауып оқытуға арналған арнаулы саз мектебі. Алғашқы жылдары осы тамаша ой ол кісінің тікелей қамқорлығымен жүзеге асты. Бірақ кейін мектепке көбінесе қала балалары алына бастады. Мұның басты себебі, мектепке орыстардың, орысшылардың келуіне байланысты еді. Мектептен қазақ рухы, тәрбиесі, салт-дәстүрі кете бастады. Тіптен қобызы, домбырасы жетімнің күйін кешті. Міне осы басқыншылыққа директордың орынбасары Сәуле тәтей бастаған топ қарсы бас көтерді. Мұхтар Шаханов тәрізді ұлт зиялылары да республикадағы жалғыз қазақ саз мектебіне жат үннің келуіне қарсы күресті. «Лениншіл жас» газетінде дабыл қаға шыққан өткір мақала қалың елді дүр сілкіндірді. Шайқас басталып, бұған жоғары жақ араласты. Сол майданның қызу ортасында Сәуле тәтей жүрді. Оның аяғы ол кісіні, оның жақтастарын қуғындаумен шектелді. Айтыс-тартыс, соттасу басталды. Қарсы жақ көп еді. Мәскеудің өзінен нәр алған орысшылдар қазақтың қайсар қызын тұқыртып, өз дегендеріне жүргізгісі, көндіргісі келді. Оларға бұл кісі бас имеді. Әрине, бас исе, ұлттық мүддеден бас тартса, Сәуле тәтейде жақсы қызмет те, көп ақша да, мамыражай тыныштық та болатын еді. Бірақ ол ұлттық мүдде үшін әрі қарай шайқасуға бел буды. Алма-кезек жеңіс пен жеңіліс он шақты жылға созылды. Бұл Сәуле тәтейді әбден титықтатты, денсаулығы нашарлады. Тіптен кейде ес-түссіз халде ауруханаға түскен кездері де болды.
Ол кісі әрине, жалғыз емес еді. Ата-аналардың ішінде ұлттық рух үшін жанын беретін адамдар Сәуле тәтейді үнемі қолдап отырды. «Мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылыпты» дегендей мектепке Бибігүл Төлегенова деген бір ауыз қазақша білмейтін директор келіп, жағдай одан сайын ушықты. Ақшаға құныққан ол тілін ғана сатпай, дінін де сатты. Мектепті діни секталардың ордасына айналдырды.
Міне, осы кезде мен Сәуле тәтеймен таныстым. Тәтейдің айтуымен мектеп өміріне етене ендім. Таныстым да шошыдым. Құйтақандай талантты қазақ балаларының рухани жағдайына, болашағына балта шабылып жатқанын білдім. Оларды қорғамасақ, ертең кеш қалатынымызды ұқтық. Сөйтіп «Ана тілі» газетіне ащы мақала жаздым. Бұл мақала тек мектептің орысы мен еврейіне, орыс тілділерге ғана емес, өзге де қазақты жек көрушілердің шымбайына қатты батты да, бізге дүр етіп қарсы лап қойды. «Караван», КТК тәрізді газет пен телеарнаны мінбер етіп бізді қаралауға тырысты, жаншып тастағысы келді. Осы кезде Сәуле тәтенің, оның жақтастарының, тіптен 12 сыныпта оқитын балаларының қайсарлығына тәнті болдық. Қасиетті тіліміздің осы жерде киесі барын білдік. Біз газетіміздің әр нөмірінен Жұбанов мектебінде болып жатқан оқиғалардан хабардар етіп отырдық. Қалың ел ғана емес, бұған билік тарапынан да зор назар аударылды. Әрине, сол кезде (2001 жылы) болған қым-қиғаш оқиғаларды талдап жазсақ, ол бұл мақалаға сыймайтыны анық. Біз бүгін айтайын дегеніміз, қазақтың қарапайым әйелі, анасы Сәуле тәтейдің осындай қиын-қыстау шақта елі, ұлты үшін нағыз батырларша шайқасуын, шексіз қайсарлық көрсетуін, ерлігін жеткізу еді. Ақыры жеңдік. Орыс тілді мектеп директоры жұмыстан кетті. Бірақ мектеп өмірі қалыпты жағдайға түскенмен нағыз «қасқырларды» кетіре алмадық. Ол жаңа келген директор да, әлгілерде Сәуле тәтейді мектепке жақындатпады. Қазақ тілді директордың іші де орыс жанды болып шықты. Күрес қайта басталды...
Жүздеген балалардың панасы болған ана
«Мұның артында да бір қайыр бар» дегендей, мен мектептегі осы жағдай арқылы ғажайып адаммен таныстым. Үлкен жүректі тәтемді таптым. Біз ол кісінің отбасымен араластық. Бауыр болдық. Тәтемді неғұрлым жақын танығаннан кейін ол кісінің адамгершілігі, ішкі имани болмысы күндей жарқырай берді. Сәуле тәтейдің ұлтын жанындай сүйетін қасиеті, адамдарды магниттей өзіне тарта білетіні, ұйымдастырушылық қабілеті, қайсар мінезі, сабырлылығы өзгелерге де, маған да үлгі-өнеге болды. Сәуле тәтей біраз жыл жұмыссыз болып, үйде отырып қалды. Жүрегі нәзік тәтеміз бар ауыртпалықты өзі қабылдаған соң ба, қатты ауырды да. Осындай қиын кезеңде ол кісінің сағы сынған жоқ. Адамдар, тіптен балалар ол кісінің үйіне іздеп баратын. Бір ғажайыбы қырық жыл ұстаздық еткен Сәуле тәтейдің өзінің төрт ботақанының сыртында жүздеген сүйкімді балалары да бар еді. Олар талантты да үлкен жүректі азаматтар болатын. Ауылдан келген, қорғанышы жоқ балалар апайларының бойынан аналық мейірімді тапты. Олар апайларын анасындай көрді. Апайларының басына бұлт үйірілгенде, оның қасында қасқайып тұрды. Мен оның тірі куәсімін. Қазір ол балалардың барлығы да өмір-өнер әлемінде жұлдыз болып жанып тұр!
Алып компаниядағы мемлекеттік тілдің аясын кеңейткен
Жаулары оны қанша тұқыртқысы келсе де Сәуле тәтей үнемі өсті, шыңдалды, биікке өрмеледі. Міне, соның бір айғағы «Қазақтелеком» компаниясында істеген кездерінде жарқырап көрінді. Бұл жерде де Сәуле тәте ерекше қырымен, ұйымдастырушылығымен жарқ етті. Шынын айтқанда аузын айға білеген «Қазақтелеком» сияқты алып компаниялар түгілі мемлекеттік мекемелерде де осы күнге дейін мемлекеттік тілдің жағдайы мәз емес екенін жақсы білеміз. Міне, осындай алып компанияға келген тәтеміз мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде ұлан-асыр еңбек етті, тер төкті. Тәтейіміздің екінші арналы тынысы ашылды. Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі алыс байланыс нүктелеріне ерінбей барып, қазақ тілінің шырағын жағып кететін. Осындай тынымсыздығы, білімі мен білігі, адамдармен жылы қарым-қатынасы компанияда ерекше рөл атқарды. «Қазақтелеком» компаниясы мемлекеттік тілді қолдану жөнінен республика бойынша үлгі етерлік ордаға айналды. Бұл Сәуле тәтейдің мен білетін екінші ерлігі еді.
Жүректе 63 жыл бұққан талант
Төртінші билік атанған қасиетті журналистика әлемінің табалдырығынан кез келген адам аттай алмайды. Оның қазанында қайнаған таланттылар ғана осы әлемде өмір сүреді, қаламымен елді өзіне қаратады. «Қазақтелеком» компаниясынан зейнет демалысына шыққан Сәуле тәтейдің аяғын жерге тигізбестен, «Қазақстан-Zaman» газетіне қызметке алдық. Жас та болса алыстан көре білетін, кадр тани білетін біздің бас директорымыз, баhадүр жігіт Ахмет Аляз ол кісіні өзінің бірінші орынбасарлығына таңдады. Сондай-ақ астанамыздағы штабымыздың бастығы етті. Көп адамдар бұған күмәнмен қарады. Бірақ Сәуле тәтейіміз бұл жерден де жарқырап жол тапты. Ұйымдастырушылық қабілетін бұлай қойғанда ол кісінің іште бұғып жатқан қаламгерлік, журналистік таланты-өткір мақалалары газет беттерінде шыға бастады. Меніңше, бұл тәтеміздің үшінші ерлігі дер едім. «Тіпә-тіпә» тіл-көзден сақтасын!
«Біз жалындап жанбасақ!»
Тәтеміздің әу бастан ту қылып ұстап келе жатқан өзіндік ұраны бар: «Сен жалындап жанбасаң, мен жалындап жанбасам, ол жалындап жанбаса...»
Тәтеміздің төртінші ерлігін білгісі келіп тағатсызданған оқырманға айтар ойымыз тым биік те еңселі екенін жеткізелік. Тәуелсіздігіміз арқасында жарқырап келіп, өмірімізді мән мен сәнге бөлеген төл дінімізге халқымыз шөлдеп қалғанын жазып та, айтып та жүрміз. Сәуле тәтеміз аяқ астынан (бәлкім бұған бұрыннан да дайындалып жүрген болуы мүмкін) өз шешімін айтқанда мен таңқалдым. «Мен намазға құласам деп шештім. Бұған не дейсің, бала?» деп тәтем төтесінен бірақ қойды. Әрине, бұған мен қатты қуандым да қолдадым. Бұл қалай болар екен?» деп дүдамал ойға да берілгенім рас. Жоқ, көп ұзамай тәтеміз намазға құлады. Мен мұны ерлікке баладым. Себебі кеңес өкіметінің тәрбиесін көрген ақсақалдарымыз бен қарасақалдарымыздың өздері әлі де бойларына сіңген удан арыла алмай жүр. 2013 жылы үлкен қажылыққа осылай барып келдік. Сапар десе жанып сала беретін қажы тәтеміздің бір қасиетін айта кетейін. Мәселен «Қазақтелекомда» жүргенде бір жылда 90 күн іссапарда болып, мұны қызметтестері «Гиннес рекордына кіргізейік»» деп әзіл тастапты. «Қазақстан-Zaman»-ға келген соң да Сәуле тәтеміз екеуіміз жиі іссапарларда болдық. Мұндай кездері тәтеміз тіпә-тіпә, ауру түгілі шаршау дегенді білмейді. Кейде ұзақ жол қажытқан мен машинада қалғып кетемін. Ал ол кісі міз бақпай, қалғымайтын да, шаршамайтын да.
«Дат, тақсыр!» деп Президентке тайсалмай шықты
Бұл ерлік пе, әлде басқа ма оны өзіңіз бағамдай беріңіз, осыдан екі-үш жыл бұрын сырттағы бауырларымыздың атажұртқа оралуы, азаматтық алуы қиынға соғып қалды. Оларға атажұртқа келген соң бес жылдан кейін ғана азаматтық берілетіні жайлы заңды парламент бекітті, Президентіміз қол қойды. Міне, осындай қиын шақта өздерінен ат үркетін арда азаматтарымыз үндемей қалғанда Сәуле тәтейіміз майдан қыл суырғандай етіп бұл жөнінде газетімізге «Дат, тақсыр!» айдары аясында мақала жариялады. Халық қолдады. Он мыңдаған адам қолдаған бұл өтініш Президент тарапынан қолдау тауып, азаматтық алу тәртібі бір жыл болып қайта бекітілді.
Анамыз қараусыз қалған үш жетімге үй әперді
Журналист ретінде, үлкен жүректі ана ретінде Сәуле тәтей жағдайы жоқ, мұқтаж адамдарға үнемі көмектесіп тұрады. Тәтеміздің ғажап қасиеті қолына бір іс алдыма одан қайткенде де қорытынды шығармай қоймайды. Ондай мысалдар көп. Екі мысал келтіре кетейік. Шымкент қаласында Алға деген азамат бар. Оны үш баласымен әйелі тастап кетеді. Екі бүйрегі бірде істеп, бірде істемейтін Алға үш баласымен пәтер жалдап тұрады. Осы жігіттің бұл мүшкіл хәлі туралы талай телеарна, талай басылым көтерді. Бірақ нәтиже, пайда жоқ. Ал Сәуле тәтей білекті сыбанып Алға үшін қала әкіміне кірді. Ерінбей сол үшін Шымкентке бірнеше рет сапарлады. Ақыры Алғаның отбасы жаңа үй алып, зор қуанышқа кенелді. Ол – ол ма, Алғаға квота әпергізіп, Алматыда ота жасатып, оған бүйрек салғызуға мұрындық болды. Міне, адамгершілік, міне, ерлік!
Жылап тұрған Айғаным анамыздың басын көтерген
Ал Айғаным анамызды білмейтін қазақ жоқ. Сол қасиетті анамыздың қабірін өрт шалып, елеусіз, ескерусіз күйде қалған. Тәтейіміз бірнеше жыл қатарынан осы мәселемен бармаған жері жоқ. Ақыры асыл анамыздың басында ескерткіш асқақтап тұрды.
Бір жылда 52 мақала
Журналистиканы балбұлаққа теңесек, Сәуле тәтеміз ұзақ жылдар бойы әбден шөлдеп келіп, бас қойған жолаушы іспеттес. Рас, алғашқы тырнақалды мақалаларында селкеулік болды. Мені ол кісі «ұстазымсың» деп әспеттейді. «Ұстаздық еткен жалықпас...» дегендей тәжірибесіздіктен туындаған кемшіліктерді қолымнан келгенше түзедім. Ол кісінің көптеген ғажайып мінездері, қасиеттері бар. Соның бірі де бірегейі намысшылдық. Содан кейін оған еңбекқорлықты, қайсарлықты қосыңыз. Міне осы қасиеттер менің шәкіртімді журналистика айдынына әкелді. Осы күндері «Сәуле Мешітбайқызы» деген алтыннан жазуы бар алып кеме айдында еркін жүзіп жүр. Өзінің бет бедері, қолтаңбасы, бағдары, биігі, арманы, ең бастысы қалам деген айбарлы, атом сынды қаруы бар. Бір жылда газетімізде «шөлдеген» Сәуле Мешітбайқызының 52 мақаласы үзбестен шықты. Әрқайсысының атан түйе тарта алмас салмағы бар мақалалар. Оларға қаншама қажыр, қайрат, еңбек керек десеңізші! Мен мұны зор ерлікке баладым!
Мойындату
Алғашқыда 63 жасында келіп қалам тербеген Сәуле тәтейдің бұл талабына кәнігі журналисттер күлді. Қатты күлді! «Қой!» деп айтсаңшы тәтеңе!» дегендер де болды. Мен ол кісіге қой деп айта алмадым. Айтқым келмеді. Себебі шәкіртіме сендім. Уақыт өткен сайын «жас» журналист Сәуле Мешітбайқызының шабысы түзеліп келе жатты. Уақыт талабынан, тынысынан туындаған мақалалары бірінен соң бірі шығып жатты. Мықтылар, мүйізі қарағайдай журналистер амал жоқ ол кісінің жазғанын мойындады. Бұрынғыдай күлмейтін болды. Қайта жымиып қойып, бастарын шайқап сүйсіне айтып жатқандарын көргенде мерейім тасыды. Шабыт тұлпарын сыйлай қамшылап, Сәуле тәтейіміз жүрісінен жаңылмай келеді. Тіпә, тіпә, осы ширақ жүрісіңнен танба, шәкіртім!
Билік көз жасыңа қарамайды
Иә, билік қорыққанын сыйлайды. Менің ұзақ жылғы тәжірибемде осыған көзім жетті. Журналистің қаруы қалам дейміз ғой. Бірақ қалам қаһарлы болу үшін журналистің жазғаны өткір, батыл болып, тиген жерін осып, ойып түспесе бәрі бекер. Сәуле тәтейіміздің болмысында қайсарлық бар. Сөздері мірдің оғындай. Айтатын ақиқатын бетің бар, жүзің бар демей кесіп-кесіп жеткізетін тәтемізден небір мықтылардың жуасып, ығып жүре бергенін талай көрдім. Ал ғаламтордың «королевасы» Сәуле Мешітбайқызын қазір танымайтын, мойындамайтын басшы жоқ деп білемін. Тәтемізді сондай-ақ небір әлеуметтік желінің мықтылары да, жұлдыздары да таныйды. Сәуле тәтейіміз өзінің қаламының құдіретімен, хас шеберлігімен зор тұлғалардың жүздерін өзіне қаратты. Олардың дені «Сәуле Мешітбайқызы» деген атты естісе бір дір ете қалатыны сөзсіз. Бұл нешінші ерлік? Өзіңіз есептей беріңіз!
Әлеуметтік желінің зұлымдығымен аяусыз күрескен
Әлеуметтік желінің пайдасы да, зияны да шаш етектен екені дәлелденді. Талайлар оның құрбандығына айналып, орны толмас қасіретке ұшырап жатқанын көріп те естіп те жүрміз. Оны құрықтамаса мұндай көңілге кірбің ұялататын оқыс жағдайлар көп болатыны жөнінде Сәуле тәтейдің оншақты материалдары шықты. Тіптен жеке адамдар, отбасылар жөнінде ірі-ірі материалдарды жариялап, оларға араша да түсті. Мәселен, «Сымбат Құлжағарованың өліміне кім кінәлі?» деген оның мақаласы талайларды дүр сілкіндірді. Марқұм Аягүлдің өлімінің себеп-салдарын ашқан мақаласы да елді елеңдетті. «Жазықсыз жапа шеккен Әлібиге араша!» мақаласын тек жазып қана қоймай, еліміздің бас прокуратурасына дейін дабыл қағып, ақиқаттың салтанат құруына барлық жан-тәнін салып жүр. Міне, нағыз журналист осындай болса игі!
Басу айта білу көсемдіктің белгісі
Қоғамның бүлкілдеген тамырын тап басып табу барда, оны тіліп-тіліп жазу мыңдардың бірінің ғана қолынан келеді. Ана ақсақал ретінде баға беру, басу айта білу, буырқанып, бұрсанып тұрған қоғамды, халықты тыныштандырып өзіне қарату да кім көрінгеннің қолынан келе бермейтіні анық. Сәуле тәтей мақалаларында ақиқатты ащы айта отырып, жөн жобаны да жеткізуді ұмытпайды. Оны билік те көріп, бағалап отыр. Мәселен, «Халық сенген депутаттар, рухсыз, намыссыз болса қасірет! деп қатты айтты. Қордайдағы оқиғаны тек қана жазып қоймай, қарапайым халықпен етене араласып кетті, проблемаларын да шешті. Арыстағы, Жамбылдағы оқиғалардың ортасында жүріп, халқының көз жасын сүртті. Мұны ерлік демей көріңіз!
Отбасы шуағы
Әрине, Сәуле тәтей айтылғаны, айтылмағаны бар мұның барлығын ерлік жасайын, атым шықсын деп жасамайды. Мерейін өсірейін деп айта қалсаң «Мұндай жақсылықты кез келген адам жасайды деп ойлаймын. Ол ерлік емес. Менің табиғатым сол мұқтаж, ділгір жандарға қолымнан келгенше көмектескім келіп тұрады» дейді.
Шындығында да жүрегінде рухы, намысы, иманы жоқ адам ерлік жасай алмайды. Ал рухты, намысты, иманды адам жасаған ерлігін жәй іске балайды. Сәуле тәтейімізде осындай ізгі жан. Адамға мейірімі түссе күн болып шуағын төгетін, жауына шамырқанса найзағай ойнататын мінезді тәтеміз 75 жасқа аяқ басса да бір Аллаға шүкіршілік, еліне, ұлтына әлі де берері мол. Күш-қуаты да жетеді. Тәтейімізге тағы бір ерекше күш-қуат беретін нәрсе отбасының, әулетінің шуағы. Үлкен әулет анасы Сәуле тәтейдің ұл-қыздары елге, әлемге танымал тұлғалар. Ұлы Ернар Мыңтаев қазақтың атын әлемге танытып жүрген Мемлекеттік шекті аспаптар квартетінің жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері. Немерелері, шөберелері қаумалаған Сәуле тәтейге алдағы уақытта да Аллам ұзақ ғұмыр, зор денсаулық берсін деп тілейміз.
Жалғасы бар "Qazaqstan Dauiri" газетінен