Ұлы дала – ұлтымыздың тарихы

 Ұлы дала – ұлтымыздың тарихы

Жақында ҚР Премьер-министр «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды. Түркістан қаласының рухани-мәдени және тарихи орталық ретінде қалыптасып, дамуына арналған бұл бастаманы қолдаймын. Заңның қабылдануы қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісі ретіндегі қорғау аумағында орналасқан ескерткіштерді, басқарудың, сақтаудың, олардың тұтастығын қолдаудың оңтайлы жүйесін құруға көмектеседі. Сонымен қатар, кесене аумағында ғылыми археологиялық зерттеулер жүргізіп, ғылыми-реставрациялау жұмыстарын атқаруға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, бұл заң жобасы қаладағы мәдени мұраларды сақтап, жаңғыртуды, дәстүрлі қолөнерді дамытуды, Түркістанды рухани-мәдени, тарихи және туристік орталық ретінде дамытуды көздейді. 

Түркістан қаласында «Ұлы Дала елі» орталығы жергілікті тұрғындармен қатар туристерге қызмет етіп, тарихи дүниелерді ел назарына ұсынумен айналысады. Түркі әлемінің рухани астанасының рухани өміріндегі маңызы орасан бұл орталық жайлы оның директоры, Мәдениет саласының үздігі, ҚР Құрметті азаматы Гүлжанат Дүйсенбиевадан сұраған болатынбыз. Төменде орталық директоры берген мәліметті ұсынып отырмыз. 

Түркістан қаласы қасиетті де киелі мекен. Өткен дәуірлерден бізге жеткен үлкен аманат. Ондағы тарихи-мәдени дүниелерді көзіміздің қарашығындай сақтау – бәрімізге міндет. 

Бүгінде Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала елі» орталығында «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақала негізінде жасалған «Түркі әлемінің генезисі» туристер мен отандастарымызға кеңінен насихатталуда. Мұндағы экспозиция Күлтегін ескерткішінен басталады. Түркістан қаласы түркі халқының рухани астанасы болғандықтан, онда Күлтегін ескерткіші арнайы қойылған. Ескерткіш 1889 жылы Моңғолиядағы Кокшин-Орхон өзені бойындағы Кошо-Цайдам ойпатынан табылған. Күлтегін Орталық Азиядағы үстемдікті қамтамасыз еткен батыр жауынгер, әскери қолбасшы ретінде танылған. Қалқанның бір жақ бетінде қаған таңбасы бейнеленген, екінші жағында қытай жазбалары мен ескерткіштің орнатылған күні «1 тамыз, 732 жыл» деп жазылған. Ескерткіштің алғашқы көшірмесі 2001 жылы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратына, тағы бір нұсқасы Ұлттық музейге, үшінші нұсқасы арнайы осы орталыққа қойылып отыр. 

Мұнан кейін орталыққа келушілер «Бәйтерекпен» танысады. Бәйтерек – ежелгі нанымдар бойынша «Өмір ағашы». Ата-бабаларымыз бұл ағашты «Киелі ағаш» немесе «Әулие ағаш» деген. Оны кесуге, сол секілді қандай да бір зиян келтіруге тыйым салынған. Бәйтерек үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде көрсетіледі. Бұл ағаштың тамыры жер асты әлемінде, ағаштың өзі, яғни діңі жерде, ал тәжі көкте деп саналады. 

Ал «Ұлы дала металлургиясында» қола дәуірден орта ғасырға дейінгі металл өңдеу өндірісі туралы ақпарат берілген. Ең алғаш рет Қазақстанның орталық, солтүстік және шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады. Экспозиция залындағы үлкен экранда Қазақстанда металды өңдеу, игеру кезеңдері баяндалады. Жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Қарағанды облысындағы Алап қонысынан б.з.д. XIII ғасырға жататын темір балқытуға арналған пеш табылған болатын. Біздің орталыққа арнап сол пештің реконструкциясы жасалды.

Қола дәуірі адамзат қоғамындағы тарихи-мәдени кезең болып есептеледі. Залда IV-VI ғасырларда тұрмыста қолданылған бұйымдар, ұста құралдары орын алған. Кентау өңірінің Тұрлан, Қарасай, Мырғалымсай кен орындарында өндірілетін рудалардың да 34 түрі келушілердің назарына ұсынылған. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қанжар, ақинақ және жебе ұштарын да осы жерден көруге болады. Күмістен жасалған зергерлік бұйымдардан өңіржиек, шолпы, сырға, жүзік, белдік қойылған. 

Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығының жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны туралы мағлұмат келесі залда баяндалады. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының алғаш рет Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдейді. Орталыққа келушілер бұл залда Ботай жылқысының сүйек қаңқасымен таныса алады. Оны археолог, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт реконструкциялаған.  

 Келесі жәдігерлер – сақ, ғұн, түркі және қазақ ер-тұрмандары. Бабаларымыз ат үстінде жүруге ыңғайлы болу үшін ойлап тапқан шалбар мен жұмсақ өкшелі саптама етіктің алғашқы түрі де біздің орталықта сақталған. Сонымен қатар, мұнда  жылқыға жегілген ат арбалар мен күймелердің бірнеше түрі қойылған. Ер-тоқымдардың өмілдірік, құйысқан, тартпа, қанжыға сынды бөліктері сақ дәуірінде пайдаланылған. Ер-тоқымды қазіргідей ағаштан шауып жасауды алғаш рет ғұндар бастаған. Экспозиция залына ат жабуының, торсықтың, қалқан мен қылыштың, шоқпардың, алтын және күміс металдармен безендірілген тобылғы сапты қамшылардың да түр-түрі қойылған. 

 Ал, «Ұлы Дала жауһарлары» залы 1969-2020 жылдар аралығында еліміздің территориясынан табылған 9 «Алтын адам» мен «Аң стиліне» арналған. Бұл залдан Есік қорғанынан табылған «Алтын адам», «Сармат көсемі», «Алтын ханшайым», «Ұлы Дала жауһары», «Елеке сазы» экспонаттары мен аң стиліндегі әшекей бұйымдарды тамашалауға болады. 

Орталықта Қазақстан территориясында баламасы жоқ зал салынған. «Түркі әлемі» деп аталған залдың ортасына түркілердің тарихында киелі ұғымға ие болған «Қанатты көк бөрі» қойылған. Келушілер бұл жерден сақ дәуірінен бастап қазақ хандығына дейінгі кезеңнің соғыс өнерін көрсететін экспонаттарды да көре алады.   

Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батысты байланыстырған трансконтинентальды платформа. Байырғы заманда жердің түкпір-түкпірінде тұратын адамдар бір-бірімен сауда байланысын жүргізген. Алғашында бұл зәру заттармен айырбас ретінде жүзеге асқан. Мысалы, адамдар бір-бірімен асыл тастар, алтын, күміс, тұз, шипалы өсімдіктер, мал, сәйгүлік аттар, қымбат бағалы аң терілері, қола мен темірден жасалған заттар, мата, азық-түлік және басқа да тауарлармен алмасқан. Кейіннен сауда-саттық ақша төлеу тәртібіне көшіп, көптеген елдер мен қалаларды байланыстырған орталықтар – базар, жәрмеңке, сауда жолдары ашылады. Ол жолдар шығыс пен батысқа, оңтүстік пен солтүстікке бағыт түзеп, көптеген жаңа аймақтарды қосты. Осылай б.з.б. II ғасырдың ортасында Еуропа мен Азияны біріктірген Ұлы Жібек жолы пайда болды. 

«Ұлы Жібек жолы» атауы 1877 жылы өмірге келген. Жолдың бұлай аталуына сауданың негізгі заты – Қытайдан шығарылатын жібек мата себеп болды. Сонау Еуропа мен Азияны біріктіріп жатқан бұл жол адамзатты ғажайып жетістіктерге жеткізді. Дамыған елдердің бір-бірімен сауда жасауына, ғылымның дамуына, діни және мәдени салт-дәстүрлердің қалыптасуына ықпал етті.

Ұлы Жібек жолы ежелгі Қазақстан жерімен де өткен. Ең негізгі сауда жолы Тянь-Шань тау сілемдерімен, Сырдария, Талас, Шу, Іле аңғарлары арқылы Қытайға ұласқан. Жолдың ендігі бір бөлігі Сырдария, Орал (Жайық) өзендерін жағалай өрлеп, Қаратеңіз маңы, Византия мен Батыс Еуропа жерлеріне дейін созылып жатты. Жібек жолының Қазақстандағы бағыты еліміз үшін географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Музейге келушілер Талхиз (Талғар), Тараз, Яссы, Отырар, Сауран, Сығанақ, Сарайшық сияқты қалалардың да ертеде қандай болғанын көре алады.  

Ұлы Дала тарихын толыққанды қамту мақсатында келушілерге Қазақ хандығының қалыптасу тарихы мен қазақ халқының ұлт болып бірігуіне үлес қосқан хандар жайлы сыр шертетін құнды дүниелерді де жәдігер ретінде ұсынғанбыз. Еліміздің өткені мен болашағына арналған «Уақыт пен кеңістік» деп аталатын зал да келушілерге қызмет көрсетеді. Айта кету керек, орталыққа келгендер Ұлы Даланың өткені мен бүгінін ғана біліп қоймай, болашағына да көз тастай алады. «Болашақ Қазақстан» залында ақылды қала, жасыл экономика, жасанды интеллект, қолжетімді медицина секілді бүгінгі күннің тақырыптары қамтылған.

Орталықтың ең соңғы нүктесі қызғалдақ пен алмаға арналады. Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыда әлдеқашан дәлелденген. Алма атаулының арғы атасы – Сиверс сорты Қазақстаннан бүкіл әлемге Жібек жолы арқылы тараған. 

Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі, оның 18-і «Қызыл кітапқа» енген, 12 сорты шетелге экспортталады. Орталыққа келушілер осындай тың ақпараттарға да қанығады.

 

10.06.2024

Ұқсас жаңалықтар

Төбет – қазақтың ұлттық бренді
Жасұлан АБДИҒҰЛОВ, Қуат НҰРҒАЛИЕВ, әуесқой итбегілер - 09.12.2024 85
  Алтын қолды дәрігер
Аяужан ЖАЙЛАУҚЫЗЫ, Алматы қаласы - 08.12.2024 31
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 94
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 97
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 104
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 97
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 104
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 94
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 90
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 87
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 102
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 98
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 95

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10376
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9356
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12596
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11568
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16579