Ұзақ Саурықов: …бала өлгенше, шал өлсін!

Ұзақ Саурықов: …бала өлгенше, шал өлсін!

«Бұратаналарды» ашындырған бұйрық

XX ғасырдың бірінші жартысы қазақ халқының ұзақ та күрделі тарихындағы аса ауыр кезеңдердің бірі болғаны тарихи шындық.
1916 жылғы маусым, шілде, тамыз айларында Қазақстанда Ұлт-азаттық көтеріліс болды. Бұл көтеріліс қазақ елінің барлық аймақтарын қамтыды деуге болады.
Қарқара-Албан көтерілісінің тарихи шындығы халқымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің 1928 жылы Қызылордада төте жазумен жарық көрген «Қилы заман» атты повесінде алғаш рет баяндалды. Сондай құнды тарихи еңбектердің бірі – майдангер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сейдәлім Нысанбайұлы Тәнекеевтің 1916 жыл «Ереуілтөбе әсерлері» деген кітабы. Алматыда 1994 жылы «Атамұра-Қазақстан» баспасынан жарық көрген. Қайраткер жазушы бұл кітабын «1916 Қарқара-Албан көтерілісі» деген атпен 2014 жылы Алматы «Ан Арыс» баспасынан толықтырып қайтадан шығарды.
Жазушы бұл зерттеу еңбегінде көтерілістің басталуын, барысын, аяқталуын тарихи деректер мен құжаттарға сүйене отырып дәл баяндайды.
Бірінші дүниежүзілік соғыста майданда көп шығынға батқан Ресей патшасы II Николай «Бұратана халықтардың(туземцы) адамдарын қан майдандағы қара жұмысқа алу» туралы үкімге 1916 жылғы 25 маусым күні қол қойғаны тарихтан белгілі. Шілде айының басында осы бұйрықты іске асыру туралы тиісті, шенді, жауапты адамдарға нұсқау беріледі.Жоғарыда аталаған кітаптың мәліметіне сүйенсек, Жаркент уезінің Нарынқол-Шарын бөлімшесінің бастығы А.Подворков уезд бастығынан нұсқауды шілденің 2-cі күні алған. Онда 19-31 жас арасындағы әскерге шақыруға жататындардың (рабочие призывного возраста делінген) тізімін жасауды және сол тізімнің рас-өтірігін тексеру болыс старшындары мен елубасыларға жүктелген. Шілденің 2-сі күні патшаның үкімін орындауға байланысты уезд начальниктеріне жіберген телеграммасында Жетісу облысының губернаторы Фольбаум жоғарыдан келген нұсқауды тез орындауды талап етті. Бұл бұйрық Подгорное приставына да келіп жетті (бастығы хорунжий Подворков) еді. Оған Шарынның шығыс бетіндегі Ілеге шейінгі тау бөктері, Қарқара және Жалаңаш өңірі бағындырылған болатын, орталығы Подгорное (қазіргі Қырғызсай) ауылы.
Албан елі бұл үкімге қарсылыған, наразылығын ұйымдасқан түрде білдіру әрекетіне көшті. Ресей патшасының июнь (маусым) жарлығы онсыз да орыс отаршыларының озбырлығынан, зорлық-зомбылығынан зардап шегіп келе жатқан қазақ халқының ашу-ызасына тиді.Тарихшы ғалымдардың зерттеулері мен деректеріне жүгінсек, Қазақстанның барлық аймақтарында бұл жарлыққа қарсы наразылықтар басталды. Қазақ халқы өзінің ұлттық намысы мен саяси бостандығы, ұлттық құқығы үшін қолына қару алып, отаршылдарға қарсы күреске шықты.
Жаркенттің уезд начальнигі подполковник Ступин шілденің 7-сі күні Алматыға генерал-губернатордың атына Жаркенттен жіберген телеграммасында: «Настроение туземного населения тревожное. Убежден рабочих придется брать войнской силой» – деп жазған. (Қараңыз: Қазақстан Орталық Мемлекеттік архиві 44- қор, 23- іс, 16-қағаз).
1916 жылы 10 шілдеде Қабанқарағай деген жайлауда Құрман болысының ықпалды адамы Ұзақ Саурықовтың ауылында Албан елінің басшылары мен бас көтерер азаматтары бас қосып, кеңес құрған еді. Оған Құрман, Мерке, Шілік, Торайғыр, Сарытоғай, Қоңырбөрік, Қожбанбет, Бөдеті, Иванов, Айт, Алжан болыстарының бастықтары мен беделді адамдары түгел қатысқан. Қараңыз: (Қ.Р. О.М.А. 109 – қор, 6- іс, 1-тізім).
Барлық естеліктер мен куәліктерде кеңесті Жәмеңке Мәмбетұлы басқарғанын көрсетеді. Оның сөзін бірінші болып Ұзақ Саурықов қолдаған екен. Кеңесте Байқұлақ Ұлтарбеков, Тұрлығожа Жансеркин, Бекдайыр Сұлтанқұлов, Жаңабай Құдайбергенов, Диқанбай Жанпейісов, Қазыбек Шорманов, Жанпейіс Отыншин, Құрман Әділбеков, Абдыхалық Байсүгіров, Айтбай Дәркембаев, Әубәкір Сұлтанбековтер сөз сөйлепті. Шілік болысының бастығы Серікбай Қанаевтың жиынға үлгеріп келе алмай қалғаны айтылып, оның бала бермеу туралы жазған хаты жарияланды. Қараңыз: О.М.А. «Жандарм басқармасының қоры» №6-іс 78-81 бет.)
Осы жиында қалың ел жағдайының қиындығы жан-жақты талқыланып, пікірлер ортаға салынып, бір тоқтамға келеді. Ол шешім – майданға бала бермеу, ақ патшаның бұйрығына қарсы шығу. Ұзақ батырдың «Берсек, бала өледі, бермесек шал өледі. Бала өлгенше шал өлсін» деген бір ауыз аталы сөзі қалың елдің арасына тез тарады да, ұранға айналды. Ол ұран ертесіне-ақ уезд начальнигі мен Нарынқол – Шарын бөлімшесі бастығының әр болысқа сайлап қойған писарлар мен тыңшылары арқылы ресми үкімет орындарына белгілі болады. Елінің жоғын жоқтап жүрген беделді адамдар аттарына мініп, Подворковтың кеңсесіне қарай бет алғанда қалың көпшілік түнерген бұлттай қаулап, соңдарынан арқан бойы ілесе жүрген. Сонымен, 1916 жыл 11 шілде – Жетісу облысын тіпті өлкені дүр сілкіндірген Қарқара өңірінде, Албан елінің ұлт-азаттық көтерілісінің туы көтеріліп, оты жанған тарихи күн болды. Сол күні түске қарай Ереуілтөбенің басына жиылған қалың жұрт ел ағаларына ілесіп Қарқара жәрмеңкесінің ортасынан орын тепкен уезд бөлімшесінің кеңсесінің алдына келгенде, қасында жиырма шақты шендер мен солдаты ерген А.Подворков алдарынан шыққанда, елдің басшылары дүрсе қоя берді: – Олар: «Қазақ баласын майданға бере алмайды! Ақпатшаның қазақтан өз жерінен тыс, ата – анасынан ажыратып соғысқа бала алмаймын деген уәдесі бар емес пе еді. Хан екі сөйлемес болар! Біз баланы алысқа соғысқа жіберіп үйренбеген елміз», – деп мәлімдейді. (Қараңыз: Қ.Р. О.М.А. 6-қор 8-тізім) Сонымен (архив деректеріне жүгінсек) бірінші болып көтерілістің 3 басшысы Жәмеңке Мәмбетов, Ұзақ Саурықов және Әубәкір Сұлтанбеков 22.07.1916ж. қамауға алынған еді. Ел басына туған қаралы да қанды кезең сол күні басталды. Әубәкірдің 1927 жылғы өз аузынан айтып отырып жаздырған естелігінде, үшеуін сол күні 10 солдат түнделетіп айдап, Прежевальск (Қарақол) түрмесіне апарып қамағаны айтылады (23.07.1916жыл). Тамыздың 3-і күні қауіпті қылмыскер ретінде қамауға алынған адамдардың екінші тобы – 13 адам Қарақолдың абақтысына жеткізілді.Сонымен Қарқара көтерілісі басшыларынан 16 адам Қарақол түрмесіне қамалды.
Төменде сол қамалғандардың тізімі:
1.Жәмеңке Мәмбетов 78 жаста
2.Ұзақ Саурықов 65 жаста
3.Нүке Ыстыбаев 64 жаста
4.Саза Топиев 54 жаста
5.Худаярбек Шотаманов 61 жаста
6.Жанпейіс Отыншин 62 жаста
7.Қазыбек Шорманов 55 жаста
8.Кәрібоз Қаңтаров 51 жаста
9.Тұрлығожа Жансеркин 53 жаста
10.Жаңабай Құдайбергенов 51 жаста
11.Бекдайыр Сұлтанқұлов 46 жаста
12.Сыбанқұл Арғынов 47 жаста
13.Құрман Әділбеков 29 жаста
14.Әбубәкір Сұлтанбеков 45 жаста
15.Біләл Разақов 37 жаста
16.Жайшыбек Бектенов 54 жаста
Бұлардың бәрі Жаркент уезінің 4 – бөлімше сотының қаулысы бойынша «өте қауіпті қылмыскерлер» қатарына жатқызылғандар еді.
Тамыздың 10-ы күні түрмеде Жәмеңкені у беріп өлтіргеннен кейін Қарқара көтерілісінің екінші, нағыз қанды кезеңі басталады. Сейдәлім Тәнекеевтің «1916 жыл Қарқара – Албан көтерілісі» деген кітабынан нақты дерек келтіретін болсақ, сол кездегі оқиғаны былай сипаттайды: «Түрмедегі жауыздық тамыздың 12-сінен 13-іне қараған түні болған еді. Түрме қызметкерлері облыс прокуратурасына берген куәліктерінде түрмеде жатқандарды ату түнгі сағат 2-мен 3-тің шамасында болғанын көрсетеді. Олар күзетші солдаттар үш-үштен бөлініп, түрме камераларының сығалайтын тесігінен кенет оқ жаудырды дейді Әубәкірдің естелігінде: «Түн ортасында қарауыл сығалайтын тесіктің қақпасы шиқылдап ашылғанынан оянып кеттік», – дейді. Жатарда күзетші солдаттар күнде есік жақта тұратын майшамды төрдегі бұрышқа қойған еді.Түрмедегілер содан секем алып, сақ ұйықтадық деп еске алады. «Сол сәтте дереу мылтық атылып, түрме гүрсілге толып кетті» дейді Біләл Разақов. Ол: «түрме қызметкерлері әр қапастың есігіне үш-үштен солдат қойып оқ жаудырды» деп көрсетеді. Әубәкір: «түрмеде отырғандар бірінен соң бірі оққа ұшып сұлап түсе бастады. Тірі қалғандары өре түрегеліп есікке қарай ұмтылды», – дейді.
Сол сәтте Ұзақ: «Ақыр өлетін болдық, ең болмаса жастығымызды ала жатайық!» – дейді де, төсектің төсеніш тақтайын қолына алып, жүгіріп келіп, бар күшімен есікті иығымен итеріп жібереді. «Тірі қалғандар жәрдемге келіп, жабыла қимылдап, есікті бұзып сыртқа шықтық. Тесіктен мылтық атып тұрған үш солдатты бас салдық. Осы кезде көршілес 4-камерада отырған қырғыз көсемдеріне де күзетшілер оқ жаудырып жатқан екен», – дейді Разақов.
Қарақол түрмесіндегі қанды қырғыннан жеңіл жараланып аман қалған Албан көтерілісінің үш ардагері – Әубәкір Сұлтанбеков (Мерке болысы), Тұрлығожа Жансеркин (Айт болысы), Біләл Разақов (Алжан болысы) еді.
Қарақара – Албан көтерілісі көсемдеріне, басшыларына Қарақол түрмесінде жауыздықпен қастандық жасалғанын естіген қалың ел сол күннің ертесіне-ақ қолына қару алып, ата жауына қарсы күреске шыққан еді.
Тамыздың 13-і күні көтерілісшілер қоршауда қалған Кравченконың қарулы күшіне шабуыл жасайды. 13-тамызда Верныйға телеграмма беріп дабыл қаққан. Тамыздың 16-сы күні Ступин Подгорное ауылына көтерлісшілер тарапынан тікелей қауіп төнді деген үрейлі хабар алады. Ол қасына 30 қарулы әскер алып Ташқарасуға келгенде, алдынан шыққан қызметкерлері оған Подгорное аулылын қазақтардың қоршап алғанын, ауылдан шығатын жолды торып, бақылауға алғанын баяндайды. Енді Ступин Подгорныйға жете алмайтынын түсініп, жақын жердегі Шарынға барып, Верныйға жағдайды хабарламақ болғанда, оған Қарақолдан қашып келген бір казак – орыс Қарқарада соғыс болғанын баяндап, онда 18 мұжық (ополченец) қаза тапты деген хабар айтады. Ступин бұл суық хабарды дереу губернаторға жеткізеді. (Қ.Р.О.М.А. 46-қор, 1-тізім)
Тамыздың 11-і күні көтерілісшілер Темірлік және Талдыбұлақ пошта станцияларына шабуыл жасайды. Шабуыл сәтті болып, Темірлік станциясының он шақты қаруланған қызметкері қарсылықсыз, қаруларын тастап берілуге мәжбүр болады. Темірлік почта станциясы Қарқара мен Подгорный кенттері жолының орта шенінде кішірек Темірлік өзенінің жағасында орналасқан еді. Осы айтылған оқиғалар Сейдәлім Тәнекеевтің кітабында архив деректеріне сүйене отырып, егжей-тегжейлі баяндалған. Автор бұл оқиғаларды былайша баяндайды: «Көтерілісшілер олардың бала-шағасына арба беріп, негізгі тұрағы Шонжы, Подгорное және Ташқарасу кенттеріне кетуіне мүмкіндік береді. Еркек қызметкерлерді тұтқындап, қару-жарақтарын тартып алды. Станцияның бастығы Стариков тергеу кезінде берген куәлігінде: «Арада үш күн өткен соң көтерілісшілер адамгершілік қатынас жасап, бала-шағаларын аман қалдырғанына ризашылық білдіріп, бізге де бостандық берді» – дейді. Көтерілісшілер жергілікті орыстарға адал, адамгершілік қатынас жасағаны белгілі. Мысалы, қару алып соғысқа шықпаймыз деп уәде берген соң, Подгорное кенті мен Шонжы кентінің тұрғындарына тиіспей, бірақ, пристав орталығы Подгорное кентін қоршап алған еді. Темірлік өзенінің бойындағы орналасқан почта станциясын түгелімен көтерілісшілер өртеп жібереді де, екі арадағы байланысты үзіп тастайды.
Жоғарыда айтылған Подгорное ауылын қазақ жасақтары қоршап алғанда олардың басым көпшілігі Қоңырбөрік және Сарытоғай болысының жігіттері болған. Қоңырбөрік болысының беделді адамының бірі Жылқыбай Есперұлы сол кезде отыздың ішіндегі жігіт екен. Ол Жаңабай Қарақол түрмесінде қаза тапқаннан кейін кек алуға өз ауылының жігіттерін ұйымдастырып, жауға тап бергендердің бірі.
Алматы облысы Албан еліндегі көкірегі дана шежіреші қарттар Нұрғожа (марқұм), Зәкір (марқұм), Асанбай (марқұм), Бейсенбек (марқұм), Мазақ (марқұм), Әлімжан, Ырысмұқамбет, Нұрасыл қариялардың айтуы бойынша Қоңырбөрік болысынан Қарақұл, Кешкіл, Майлы, Тама, Біте, Базар тағы басқа рулардың ат жалын тартып мінген азаматтары көтеріліске түгел қатысқан.

Бозбала-батыр  Кәрібозұлы Сәдуақас

XVIII ғасырда Жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен Татанұлы Қарақұл батыр туралы дастан жазған шежіреші, ақын Кәрібоз Сапақұлы Мазақтың шежіреші Ыдырысұлы Нұрасыл қарияның естеліктерінде көтеріліске шыққан қазақтардың ішінде ерекше батылдығымен көзге түскен, 17 жасқа жаңа толған жас батыр Кәрібозұлы Сәйдуақастың ерлігі ерекше айтылады. Мазақ атаның өз әкесі Сапақ қариядан естіп, көкірегіне түйіп алған әңгімесі бойынша жас батыр Сәйдуақас ұзын бойлы, жауырынды, аққұба, өңді сұсты жігіт болса керек. Сәйдуақас батыр Қоңырбөрік елінің жасағы құрылғаннан бастап, Жылқыбай Есперұлы, Көкімет Байәліұлы тағы басқа батырларға еріп, көтерілістің бел ортасында жүрген. Қоңырбөрік елінің жасағы тамыздың 16-сы күні Ресей отаршылдарының приставы орналасқан Подгорное ауылын қоршауға алады. Ауылдан шығатын жолдарды торып, бақылауға алады. Көтерілісшілер қантөгіске бармай, пристав қызметкерлеріне бейбіт талап, шарт қояды. Орыс отаршылдарының озбырлығына, үстемдігіне қарсы жүргізілген осы шабуылдардың бәрінде Сәйдуақас батыр жігіттерімен бірге алдыңғы шепте жүріп, көбірек көзге түскен. Кейін жазалау шаралары басталғанда алдыңғылардың бірі болып қамауға алынған.
Ұлт-азаттық көтерілістің тамыз айындағы жағдайын өзінің «Қарқара-Албан көтерілісі» деген кітабында Сейдәлім Тәнекеев: «Осындай жағдайда қылышынан қан тамған патша үкіметінің жергілікті орындары шексіз биліктің тізгінін қолдан шығарып алды да, жалпы жағдай күтпеген дәрежеде шиеленісіп кетті. Енді, үкіметке ұлт-азаттық көтерілісті тез басудың жан-жақты, нақты, көлемді шараларын жоспарлап, пәрменді жүзеге асыруға тура келді. Ол үшін патша үкіметі алғаш (14.08.1916ж.) Жетісу облысында, кейін (24.08.1916ж.) бүкіл Түркістан өлкесі бойыныша төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды.Сонымен тамыздың аяғында Қарқара өңірінде қоршауда қалған Подгорное ауылы мен Нарынқол приставының (ол кезде Охотничье деп аталған) қарулы қызметкерлерінен басқа патша үкіметінің қарулы адамы қалмады. Қазақтар осы екі приставтың бастықтарына елші жіберіп, келісімге келеді. Бұдан біз көтеріліске қатынасқандар, орынсыз қантөгіске бармай, қарапайым орыстарға зорлық-зомбылық істемегенін көреміз. Бұл әділеттілік емей немене?! Оған патша жендеттері күш жинап алғаннан кейін опасыздықпен жауап қайырды ғой. Фольбаум 20.08.1916ж. Жетісу облысының әскер басшыларына жіберген №33 бұйрығында барлық уездерде, жазалаушы отрядтарда корпустық соттың құқындағы дала сотын құру туралы, олардың шешіміне қарсы кассациялық арыз қабылдамай, үкімді дереу орындауды тапсырды. Қазақтың кең байтақ жері осы «Дала соты» аталған сұмдықтың айуандық қантөгісінің талай куәсі болды ғой. Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Куропаткин 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті басу үшін жүзеге асырылған ірі шаралардың бірі ретінде: «1917жылдың 1 ақпанына дейін Өлке бойынша 347 адам ату жазасына, 168 адам каторгалық жұмысқа (каторжные работы), 228 адам қамалуға, 129 адам түрмеге отыруға сотталды», – деп көрсетеді. Тек Албан көтерілісіне қатынасы бар деген сылтаумен оққа ұшқандардың санына іздеу салып көргенде шетіне шығу мүмкін болмады. Ел аузында жазалау кезінде қолға түскен жерде атып кеткен адамдар жүздеп саналады. Қарқара көтерілісіне қарсы нағыз жауыздық жазалау шаралары қыркүйектің 7-сі күні Гейцигтің күшейтілген қарулы күші Прежевальскіге келіп жеткеннен кейін басталды.Гейциг келе сала дайын тұрған Кравченконың күшейтілген отрядын Қарқара арқылы Нарынқол бағытына жіберді. Оның алдына Шәлкөде өңіріндегі ереуілге шыққан елді жазалау міндеті қойылды. Гейциг бұл күшті де жеткіліксіз деп тауып, Алматыдан шығып, Түптің бойына келіп тоқтаған құрамында 550-ге жуық қарулы адамы бар (казак-орыс жүздігі, ереуіл ротасы, пулемет командасы) әскери старшина Бычковтың отрядтарының бетін Қарқара арқылы Подгорное ауылына қарай бұрды. Бұл Волков пен Чадовтың отрядтарына жәрдем беретін қондықол жазалаушылар еді. Осылайша құрамында екі пулеметі бар, мың жарым адамға жуық, қарулы күш Сарытоғай, Қоңырбөрік, Бөдеті болыстарына бағынатын қазақтарға қарсы шабуылға шықты. Қалжат – Подгорное бағытына жіберілген жазалаушы отрядтарға тікелей басшылық жасау Жаркент уезінің начальнигі подполковник Ступинге тапсырылды. Әрбір жүздікте сол жүздік командирі төрелік ететін үш дала соты құрылды. Олар қолға түскен ереуілге қатынасқан қазақтарды атуға дейін құқық алды».
Қалжат-Подгорное бағытына жіберілген жазалаушы отряд басшысы Жаркент уезінің начальнигі подполковник Ступин ерекше қаталдығымен көзге түсті. Оның айқын дәлелі Подгорное приставы орналасқан ауылдағы әскери казарманың ауласына ереуілге қатысты деген айыппен қолға түскен қазақ жігіттерін қамайды. Қанша адамның қамалғаны жөнінде нақты дерек жоқ.Өйткені ел адамдарын ол жерге жолатпаған. Қазіргі Қырғызсай бұрын Подгорное аталған ауылдағы әскери казарма үйі қазір де бар.Іргетасын тастан биік етіп қалап таудың қарағайынан қиып жасаған бір қабатты ағаш үй. Шежіреші қариялардың айтуы бойынша осы әскери казармада түрме және морг (мәйітхана) болған. Бұл әскери казарма Қырғызсайдан Сүмбеге қарай шығатын үлкен жолдың бойында орналасқан. Аталарымыз Кәрібозұлы Әубәкірдің, Сапақ қарияның, Ыдырыс атамыздың айтып қалдырған естеліктері бойынша білетініміз төмендегідей:
Подполковник Ступиннің бұйрығымен әскери казарма ауласына қамалған жігіттерге дөрекілікпен, қатыгездікпен тергеу шаралары басталады. Қамауға алынған жігіттерді, арашалауға, қорғауға барған адамдарды қарулы әскерлер қуалап, шегіндіріп жолатпайды. Дана халқымыздың: «Жауды аяған жаралы болады» деген мақалы сол кезде расталғандай болды. Қолында билігі бар, қаруы бар жазалаушылар ақ-қарасына қарамады, ешкімді аяған жоқ. Айыпты деп танылып, атуға бұйырылғандар топтың алдына бір шетке шығарыла бастады. Солардың бірі 17 жасқа жаңа толған өрімдей жас жігіт Кәрібозұлы Сәйдуақас болатын. Аталарымыздың айтуынша, Сәйдуақасты тікелей нұсқап көрсетуші, сол әскери казармада кір жуушы болып істейтін орыс әйелі екен. Сонымен, нақты санын ешкім білмейді айыпты деп танылған бір топ адамды атуға үкім шығарады. Патша жендеттері атуға бұйырылған адамдарды (нақты саны белгісіз) Подгорное (Қырғызсай) аулының батыс жағында, екі-үш шақырым жердегі жарға апарып, жардың жиегіне тұрғызып қойып атып, жарды құлатып, жардың топырағымен бастырып тастаған. Жас батыр Кәрібозұлы Сәйдуақас өзінің мақсаты, тілегі бір азаттық жолында басын бәйгеге тіккен қарулас жолдастарымен бірге ел мен жер үшін қаза тапты. Осы бір қанды қырғын жазалау шараларының қысымынан ұрпақтарын аман сақтап қалу мақсатымен Албан елі көрші Қытай жеріне қоныс аударуға мәжбүр болады. «Ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен» ауыр да қиын заман Албан елінің басына осылай туып еді. Атамыз Кәрібозұлы Әубәкір, інісі Иманапас (Сапақ) тағы басқа туысқандарымен бірге, шекараның арғы бетіне қоныс аударады.
Мен, Кәрібоз Әбілмәжінұлы Дәулетхан 1960 жылы қыркүйек айында Подгорное (Қырғызсай) сегізжылдық мектебінің бірінші қазақ сыныбына оқуға қабылдандым. Менің атам Кәрібозұлы Әубәкір ол кезде жетпіс жастан асқан кісі еді. Атамның бейнесі әлі күнге көз алдымда. Ол кісі орта бойлы, толық денелі ақ сары өңді, көзі көкшілдеу ақ сақалды кісі еді. Жетпістен асса да қимылы ширақ адам еді. Арабша сауатты діндар адам болатын. Намаз оқитын Атамның емшілік қасиеті де бар болатын. Шөп дәрілерді жасап, емшілікпен де айналысатын. Теміршілік, ұсталық өнері де бар еді. Бүркіт ұстап, құс салатын. Әубәкір атамның молдалығы Албан елінің біраз жеріне мәлім еді. Қасиетті Құран кітабы болды. Құран аяттарымен науқас адамдарға дем салып, ішірткі жазып беретін. Ел-жұрт ол кісінің атын тура атамай, «Әукең молда» деп құрметтейтін. Әубәкір атам немерелерінің үлкендері Еркін, Дәкен және мені ертіп алып Қырғызсай ауылының батыс жағындағы боздақтар атылған жардың басына барып, ел үшін құрбан болған әруақтарға бағыштап Құран оқитын. Ол кезде атамыздың іс-әрекетіне толық түсініп мән бере алмасақ та, ол кісінің түнеріңкі, қиналған жүзінен, салқын үнінен бұрын осы арада бір қиыншылықтың болғанын сезетінбіз. Атам Құран оқып болған соң, біз де ол кісімен бірге кішкентай алақанымызбен бетімізді сипайтынбыз. Атам орыс тілін де жақсы білетін, өткір көзді, өңі суықтау адам еді. Немерелері, бізді, онша көп еркелете бермейтін. Кейде балалықпен тентектік жасап қойсақ, бізге орысша сөздерді де араластыратып ескерту жасайтын. Неге екенін білмеймін, атамның қолындағы таяғымен аяғымызға қарай нұқып айтқан «смотри» деген сөзі әлі күнге есімде қалыпты.
Атам, Кәрібозұлы Әубәкір молда 1961 жылы шілде айында Подгорное (Қырғызсай) ауылында қайтыс болды. Қырғызсай ауылынан оңтүстік батысқа қарай бес-алты шақырым қашықтықтағы атамекеніміз Сүмбе ауылындағы ескі зиратқа жерленді.
Биыл атам Кәрібозұлы Әубәкір молданың қайтыс болғанына 60 жыл, бірге туған кенже інісі 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске белсене қатысып, жазалаушылардың қолынан қаза тапқандар арасында жас батыр Кәрібозұлы Сәдуақастың дүниеден өткеніне 105 жыл толып отыр. Алла Тағала аталарымыздың топырағын торқа, иманын жолдас ете көрсін деп тілейміз. Батыр аталарымыздың ардақты есімдері елдің, ұрпақтарының есінде мәңгі сақталады деген сенімдеміз.

Карбоз Әбілмәжінұлы Дәулетхан, ардагер ұстаз, ақын
01.07.2021

Ұқсас жаңалықтар

САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 29
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 41
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 24
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 41
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 17
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 53
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 155
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 159
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 358
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 342
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 959

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9036
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8432
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11660
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9415
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10641