Вейптің зияны және заң жобасы

Вейптің зияны және заң жобасы

Вейп қоғамның күрмеуі қиын күрделі түйткіліне айналып бара жатқан сияқты. Жасының да, жасамысының да аузынан будақ-будақ өріп, қолқаңды қауып, кеудеңді қысатын «тәтті түтінге» бойымыз үйренгелі қашан.

 Бастапқыда халық арасында никотинсіз темекіні алмастыру құралы ретінде жарнамаланып, сыналап енген «түтінсіз темекінің» кесірі әлден-ақ көріне бастады. Дәл осы вейптің салдарынан адамдар көз жұмып, тіпті олардың саны артып келе жатқанын айтып, әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары дабыл қағуда.

Ең қорқыныштысы да сол, вейп салдарынан науқасқа ұшырағандардың орта жасы небәрі 24-ті құрайды. Ал Қазақстанда 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 9,8%-ы вейптарды үнемі тұтынатындығын дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылғы зерттеу нәтижелері көрсеткен.

Жуырда мәжіліс депутаттары ұзақ уақыттық талқы мен тартыстан кейін ақыры Темекі өнімдерін тұтынуды шектеу нормалары қарастырылған заң жобасын қабылдады. Ендігіде вейптарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады. Түзетулердің келесі кезеңі сенатта қаралып, президентке қол қоюға жіберіледі.

Заң күшіне енсе, вейп сатқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оны сатқандар үшін ең жоғары айыппұл – 50 тәулікке дейін қамауға алу болса, әкелгендер мен таратқандар 2 жылға, ал қылмыстық топ немесе аса iрi мөлшерде бiрнеше рет жасағандар 5 жылға дейiн бас бостандығынан айырылатын болады.

Бірақ бұл қолданушыларға қалай әсер етеді? Кәмелетке толмаған балаларға қандай шара қолданылмақ? Осы тұс бұлыңғыр. Қала мектептерінің бірінде болып істейтін атын атамауды өтінген тәрбиешінің айтуынша, мектеп оқушыларының вейп қолданатындығына жиі куә болады екен. Ондай оқушыларға мектеп әкімшілігі тарапынан бірнеше рет ескерту беріліп, тіпті мектептен шығарып жіберген жағдайлар да болған көрінеді. Алайда бұдан балалардың зиянды әдетінің сап тыйыла қалуы неғайбыл дейді. Шынымен вейптің құрамындағы никотин тәуелділікті пайда болдырады. Мұндай жағдайда бала вейпті қолданбады дегеннің өзінде, тыйымнан тысқары қалған IQOS, GLO немесе кәдімгі темекі өнімдеріне әуес болып кетуі мүмкін. Вейпингпен айналысатын жасөспірімдердің кейін жанғыш темекіні пайдалану ықтималдығы да 3,6 есе жоғары болатындығы туралы «Миссури» медициналық журналы жазған еді. Осы тұста психолог-аддиктолог Дәден Сәлімжан мәселеге әлеуметтік факторлардың да әсер ететіндігін айтады.

Дәден Сәлімжан, психолог-аддиктолог:

«Бұған негізінен жас балалардың ересек болып көрінуге ұмтылуы, мұндай жағымсыз әдеттердің әлеуметтік ортада сәнге айналуы себеп болады. Мен кейде мектептерге лекциялар жүргізіп тұрамын. Сонда синтетикалық наркотиктер, темекі өнімдері туралы балалар көп нәрсе білетіндігін, тіпті менен артық ажырататындығын байқаймын. Мұндай елеусіз әдеттер көбінесе басқа да зиянды әдеттердің пайда болуына жол ашады. Енді заң мақұлданса, жағдай біршама түзелер деп үміттенеміз. Дегенмен тәрбиенің ошағы бәрібір де отбасыдан басталуы керек. Ата-ананың баламен тығыз қарым-қатынаста болуы, үнемі сөйлесіп тұруы маңызды. 

Дәруі жоқ дерт

ДДСҰ-ның деректері бойынша, қазір 33 елде никотинді тұтынудың электрондық жүйелері мен вейптерді сатуға тыйым салынған. Ал 79 елде қоғамдық орындарда пайдалануды, жарнамалауды, насихаттауды шектейді. Вейптер әу баста «никотинсіз темекі» ретінде жарнамаланған болса, қазірде оның құрамында одан бөлек те глицерин, пропиленгликоль сияқты 31 қауіпті қоспалардың бар екені анықталып жатыр. Оның үстіне вейптер сұйықтықтары қолдан жасалып, нарықта контрафак өнімдер пайда болған. Мұндайда оның құрамын толық тексеру де қиынға соғады.

Жуырда Guardian басылымына жарияланған Inter Scientific ұсынған аналитикалық сынақтар Англия мен Уельс дүкендеріндегі никотинсіз деп көрсетілген ондаған вейп брендтерінің құрамында тәуелділік тудыратын қоспалардың болғандығын анықтады. Деректер бойынша дүкендерде шамадан тыс күшті вейптердің заңсыз сатылатыны мәлім болған. 52 өнімге жасалған зертханалық талдау, олардың 73%-ы 2 мл электронды темекі ыдысының заңды сыйымдылығынан асып түскенін және көпшілігінде шамамен 20 мг/мл никотин бар екенін көрсеткен.

Мамандардың айтуынша, нарықта ұзақ болмағандықтан, мұндай құрылғылардың, әсіресе электронды темекіні пайдаланудың ұзақ мерзімді салдары әлі белгісіз. Және денсаулыққа тигізетін әсерінің толық ауқымын түсіну үшін деректер де жеткіліксіз. Дегенмен көптеген электронды сигареттердің аэрозольдеріне улы химикаттар, соның ішінде никотин және қатерлі ісік тудыратын заттар қосылатындығы туралы нақты деректер бар. Вейп жүрек-қан тамырлары аурулары мен өкпенің бұзылу қаупін арттырып, жүктілік кезінде ұрықтың дамуына жағымсыз әсер етеді.

2020 жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша электронды темекі немесе вейпинг өнімдерін қолдануға байланысты өкпе жарақатының 2807 жағдайы тіркеліп, салдарынан 68 адам көз жұмған. Ғалымдар бұл ауруды EVALI атап жүр (E-cigarette and Vaping use-Associated Lung Injury немесе электронды сигареттер-вейптер тартудың кесірінен өкпенің зақымдалуы). АҚШ-та 2019 жылдан бері тіркеле бастаған бұл ауруға шалдыққандардың 90%-ы госпитализацияланған. Қазақстанда бұл аурудың клиникалық хаттамасы болмағандықтан, ресми тіркелмей, басқа диагнозбен кетеді.

Іргеден енген тілсіз жауды ауыздықтау үшін заңдық тұрғыда тыйымның болуы маңызды. Себебі ұлт саулығы – ұрпақ саулығынан басталады. Біздегі тіркеліп отырған деректердің өзінен бұл зиянды әдеттің қоғамда қаншалықты белең алып кеткенін аңғарамыз. Бірақ баланың жасырын әдетін үйдегі ата-анасы мен мектептегі тәрбиешілер байқай алмаған болса, біз келтірген статистиканың да көлеңке тұсында қаншалықты ірі сандардың, ушықты мәселенің жатқанын бағамдай беруге болады.

Жанұзақова Дильназ
14.06.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 30
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 63
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 22
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 26
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 31
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 28
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 59
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 63
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 262
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 258
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 880

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8956
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8350
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11576
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9334
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10560