Хаканның Қытайға сапарынан не өзгереді?

Хаканның  Қытайға  сапарынан  не өзгереді?

Түркияның СІМ Хакан Фидан Қытай Сыртқы істер министрі Ван Идың ресми шақыруымен Бейжіңге барды. Ол 3-5 маусым аралығында бірқатар маңызды кездесулер өткізеді деп жоспарланған. Фиданның сапары туралы толық мәлімет таратқан түрік сайттары оның Бейжіңде «Қытай және жаһандану орталығы» сараптамалық басқармасының бағдарламасына қатысып, «Өзгерген әлем тәртібіндегі Түркия-Қытай қарым-қатынастары» туралы баяндама жасағандығын айтып жатыр.

Министр Фидан бұдан кейін Қытай Коммунистік партиясы (ҚКП) Орталық Комитеті Саяси және құқықтық мәселелер комиссиясы төрағасы Чин Вынчингпен кездесті. Бұдан бөлек Фиданның ҚКП Орталық Комитеті Саяси және құқықтық істер комиссиясы төрағасы Чинмен кездескені хабарланды. Хакан Фидан бұдан бөлек бірнеше маңызды саяси тұлғалармен кездесіп, екіжақтылы қарым-қатынас, сауда-экономикалық мәселелер төңірегінде келіссөздер жүргізіп, өзара сауданың теңгерімі, сондай-ақ Қытайдан Түркияға жаңа технологиялар саласына инвестиция салуын көздейтін бірқатар ұсыныстарды ортаға салған. Министр Фидан кездесуінде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стратегиясының жүзеге асырылуы мен жаһандық шиеленістердің өршіп тұрған шағындағы жаңа жолдар, атап айтқанда, Каспий арқылы шығыс-батыс орталық дәлізін жолға қою бастамаларын үйлестіру туралы да пікір алмасқан. Сонымен қоса Түркияның елшілігінде түрік кәсіпкерлерімен кездесу өткізген. 

 

Сапардың тағы бір маңызды тұсы Түркия СІМ-нің Шыңжаң ұйғыр автономиясының орталығы Үрімжі қаласы мен оңтүстіктегі маңызды аймақ есептелетін Қашқар қаласына сапарлай баратындығы болып отыр. Түрік сайттары министрдің ұйғырлар қоныстанған өңірге баратындығына айрықша екпін беріп жазып жатыр. Әрі бұл сапар барысында «ұйғыр түріктерінің негізгі құқығы мен бостандығын қорғау және Қытайда еркін өмір сүруін қамтамасыз етудің маңыздылығын да күн тәртібіне қойып отыр» дейді. 

Бұл туралы Қытайдың ресми сайттары қысқа хабарлар таратып жатыр. Онда: «ҚКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван И Бейжіңде Түркия Сыртқы істер министрі Фиданмен келіссөздер жүргізді.

Ван И: «Төраға Си Цзиньпин мен Президент Ердоғанның маңызды нұсқауларына сай Қытай-Түркия стратегиялық ынтымақтастық қарым-қатынастарында даму қарқынын сақтап, кемел келешекке беттеп келеді. Қытай Түркияның Қытайдың егемендігі, қауіпсіздігі және аумақтық тұтастығына қатысты негізгі мүдделері бойынша Қытайдың заңды ұстанымдарына түсіністік танытып, қолдау көрсетіп келе жатқандығын жоғары бағалайды және Түркиямен жан-жақтылы қарым-қатынастарын ілгерілетіп, ынтымақтастық салаларын кеңейтуге дайын», – деді.

Сөз кезегінде Фидан Түркия үкіметінің Қытаймен қарым-қатынасқа үлкен мән беріп, бір Қытай принципін ұстанатынын айтып: «Түркия ешбір күштің Түркия аумағында Қытайдың егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекеттерге баруына жол бермейді. Түркия Қытайдың Украина және Таяу Шығыс сияқты мәселелердегі әділ ұстанымын жоғары бағалайды», – деген. 

Шетелдегі қытайтілді сайттар түркиялық баспасөзге сүйене отырып, ұйғырлар мәселесі талқыға түседі дегенді хабарлап жатыр. Сонымен қоса Хаканның Шыңжаңға сапарына тоқталған. Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен кездескендердің қатарында Қытай Коммунистік партиясы Саяси бюросының мүшесі, Саяси-құқықтық комитеттің хатшысы Чен Вэнцин де болған. Ол 22-26 мамыр аралығында Үрімжі, Қашқар, Қорғас қатарлы қалаларға барған. Сол сапарында Бейжіңнен келген саяси тұлға жергілікті орындардағы «терроризммен күрес науқанын босаңсытпай, қарсылықты «реттеу» және «қалпына келтіру» жұмыстарын жалғастыра беруге үндеген. Жоғарыдағы қытайтілді сайттар бұны Түркияның СІМ келудің алдында жасалған дайындық деп бағалап отыр.

Бұл сапар жайында АҚШ-тан хабар тарататын «Еркін Азия радиосының» ұйғыртілді арнасы шағын сараптама жасаған. Журналист түрік саясаткерлерімен сұхбаттасып, Фиданның Шыңжаңға барып, ол жақта құқықтары тапталып жатқан ұйғырлар туралы қытайлық әріптестерімен келіссөздер жүргізу мүмкіндігіне үңіліп көріпті. Белгілі комментатор Ердан Зантүрік бұл мәселеге қатысты пікірін білдіріп, былай депті: 

«Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның 4-5 маусымда Шығыс Түркістанға, яғни қытайлар «Шыңжаң ұйғыр автономиясы» деп атайтын нәзік аймаққа баруы өте маңызды сапар. Бұл үлкен дипломатиялық жетістік деп айтар едім. Мен үкіметтің жетістіктерін құптаймын, бірақ оның сәтсіздіктерін де жасырған емеспін. Қытай Сыртқы істер министрі Ван И 2023 жылы шілдеде Түркияға сапарлай барған. Ол Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен кездескеннен кейін Президент Режеп Тайып Ердоғанның қабылдауында болды. Ван И кездесуден кейінгі мәлімдемесінде Қытайдың Түркияны «стратегиялық серіктес» ретінде қарастыратындығына тоқталған. Ал Хакан Фидан бұл кездесуде ұйғырлар мәселесінің де талқыға түскендігін айтып еді».

Ердан Зантүрік мырза Хакан Фиданның Үрімжі мен Қашқарға сапарының маңыздылығына тоқталған. 

«Бұл мәселеге қатысты менің жеке пікірім: қытайлар Хакан Фиданның көзін бояуға тырысады. Мұны қытайлықтар жақсы біледі. Бұрын мұсылман елдерінен келген ғалымдар тобын Қашқар мен Үрімжіде жақсы қарсы алған еді. Бұл адамдар кезекті сапардан кейін не айтса да, ешкім ұйғырлардың қырғынға ұшырап жатқандығына күмәнданған жоқ. Менің ойымша, Хакан Фидан сияқты кәнігі барлаушының екі күнде көзбен көргендері өте маңызды. Ол ұзақ жылдар барлау бюросын басқарған. Сондықтан Шығыс Түркістандағы ауыр жағдайды түсіне білетін адам деп ойлаймын. Хакан Фидан Шығыс Түркістаннан алған әсерін ашық айтпауы мүмкін. Бірақ Түркияның Қытайға қатысты саясатының болашағы қандай болмақ? Бұл жағы қайтып оралғанда ашылады», – дейді ол.

Түркия 2023 жылы Қытайдан 40 млрд доллардан астам сомаға тауар импорттаған. Сарапшылар екі ел арасындағы сауда қатынасында үлкен теңсіздіктердің орын алып жатқандығын айтады. Кейбір сайттар түрік саясаткерлерінің пікірлерін мысалға келтірген. Онда: «Бір белдеу, бір жол» стратегиясында Түркия айрықша маңызды рөл атқарады, тіпті Түркияның қатысуынсыз Еуропаға жалғасуы мүмкін емес. Сондықтан жан-жақтылы мүдделерді таразыға сала отырып, құқықтары тапталып жатқан ұйғырлар мәселесін де алға шығаруымыз керек», – деген көзқарастарын білдіріпті.

Шыңжаңдағы ұйғырлар мәселесіне келгенде Түркия дипломаттары наразылықтарын жасырған емес. Осы тақырып екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастарында нәзік мәселе ретінде қарастырылады. Бұл Қытайда ерекше сақтықпен қарастырылатын тақырып. Кейбір дереккөздер қазіргі таңда Түркияда 300-350 мыңдай ұйғырдың өмір сүріп жатқандығын айтады. Ал Шыңжаңдағы ұйғырлар Түркиядан үлкен қолдау мен үміт күтетіндіктерін жасырған емес. Дегенмен соңғы жылдары Шыңжаңдағы ұйғырлар тақырыбында ресми Анкара түсініксіз мінездер көрсетіп келеді. 

Режеп Тайып Ердоған 2012 жылы Түркияның Премьер-министрі болып тұрған кезінде Қытайға сапары аясында Шыңжаңға барған еді. Бірақ Ердоғанның Үрімжіге барғанынан Қытайдың аймақтағы қатаң саясаты мен тәртібі өзгерген жоқ. Ал Ердоғанның 2019 жылы 2 шілде күні Бейжіңге сапары кезінде сөйлеген сөзі біраз шу болғаны есімізде. Онда Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің ресми шақыртуымен сапарлай келген Түркия Президенті екі елдің қарым-қатынасын ілгерілету, ынтымақтастықты тереңдету туралы айта келіп, «Шыңжаң мәселесі – Қытайдың ішкі ісі» дегені бар. Бұл сөз қытай тіліне осылай аударылып таратылған еді. Ал түрік баспасөзі болса «аудармашы қателесті» деп түсінік беріп «Ердоғанды екі сөйлетіп» ақталғандай болған. 

Бұдан бөлек Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің (World Uyghur Congress) төрағасы Толқын Иса 2021 жылы шілдеде Германиядан Түркияға келген сапарында, Анкарадағы Есенбұға әуежайында кеденшілер тарапынан тосқауылға ұшырап, Германияға қайтарылды. Түрік билігі оны «ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірді» деген желеумен 2008 жылдан бері елге кіргізбей отыр. 1997 жылы Қытай үкіметінің өтініші бойынша Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) Толқын Исаны тергеген. Міне, содан бері көптеген мемлекеттер оны елге кіргізуден бас тартқан. Бұл қатарға 2008 жылы Түркия да қосылған. Алайда Анкара әкімшілік соты Толқынға қатысты шектеу шараларының күшін жою туралы шешім қабылдағанына қарамастан, Түркия көші-қон мекемесі оның елге кіруіне рұқсат бермей келеді. Бұл мәселеге қарата халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары «Түркия Бейжіңнің өтінішін орындап отыр» деп сын айтқан еді.

PS: Бұл сапар барысында алдағы уақытта Си Цзиньпиннің Түркияға сапары туралы мәселелер де талқыланған болуы мүмкін дейді ақпарат көздері. Бұдан екі елдің байланысының жыл өткен сайын тереңдеп келе жатқандығын аңғару қиын емес. 2023 жылы Қытай мен Түркия арасындағы екіжақтылы тауар айналымының көлемі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 030,7738 миллион долларға артып, 41 млрд 287 млн долларға жеткен. Олардың ішінде: Қытайдың Түркияға экспортының жалпы құны 37 млрд 336 млн долларға жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 10 млрд 283 млн долларға артқан.  Ал Қытайдың Түркиядан импортының жалпы құны 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,9356 миллион АҚШ долларына өскен. 2022 жылы екі ел арасындағы сауда айналымының көлемі 38 млрд доллар болыпты. Соңғы жылдардың қорытындысы осылай. Әрине, бұл жерде Черчилльдің «Англияның мәңгілік досы да, мәңгілік жауы да жоқ, тек мәңгілік мүддесі ғана бар» деген сөзін еске алғанда Хаканның Қытайға сапарының ол жақтағы ұйғырларға елеулі ықпалы бола қоюы екіталай дер едік.

 

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ   

 

10.06.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 1757
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 1246
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 2675
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 2252
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 3450