2021 жылдың 25 шілдесінде елімізде былтырғы жаздың ең маңызды саяси оқиғасы – алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ұсынған болатын. «Халықтың мүддесі үшін барлық қажетті өзгерістерді жүзеге асыру керек», – деген Мемлекет басшысы бұл оқиға саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіретінін айтып, қазақстандықтарды ауыл әкімдерін сайлауға белсенді қатысуға шақырды. Еліміздегі халықтың 40 пайыздан астамы ауылдық жерде тұратынын ескерсек, бұл сайлаудың орны ерекше екені айқын еді.
ӘКІМ БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ…
Бұрын үміткерлерді аудан әкімі ұсынатын. Ол мәслихатта бірауыздан бекітіліп, бұл іс жүзінде тағайындау болғанын мойындауымыз керек. Енді талаптарға сәйке с келетін үміткерлер өзін өзі ұсына алады немесе оларды партиялар ұсынады. Саяси тұрғыдан үн қосып, ауыл тіршілігін жандандырғысы келетін жастар үшін де бұл тамаша мүмкіндік болғаны рас. Әкім болғысы келетін азаматтарға біршама талаптар да қойылды. Ең бастысы, ауыл әкімдері ұйқысынан оянып, жоғары жақтан гөрі төменге көбірек қарайды, халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейеді деген үміт басым болды. Әйтсе де, ауыл әкімі лауазымы – кәдімгі мемлекеттік қызмет. Ауылда жай жүріп, «мен де әкім болып көрейінші» дейтін әрекет болмау керектігі де ескерілді. Әкім боламын деген азамат үшін сайлаушының назарын аударатын бағдарлама әзірлеп, жергілікті тұрғындармен бетпе-бет кездесудің маңызы зор.
Жалпы, әкім сайлауында үміткерді халық көп жағдайда жақсы білетіндіктен, оның жеңіске жетуіне ықпал ететін шешуші фактор – олардың халық алдындағы беделі мен осыған дейін қол жеткізген табыстары деп болжауға болады. Ал халық сайлаған әкім әлеуметтік алдындағы жауапкершілікті сезініп, туған жердің қажеттілігіне көңіл аударатыны сөзсіз. Шын мәнінде солай ма?
Өткен жылы Сарысу ауданында ауылдық округтің 5 әкімі өз өкілеттіктерін тоқтатып, бірінші жартыжылдықта 2 жанама, екінші жартыжылдықта 3 тікелей сайлау өтті. 25 шілдеде Жаңаарық және Досбол ауылдық округтерінде, ал 28 қарашада Тоғызкентте тікелей әкім сайлауы өтіп, әр округтен сайлауға үш үміткерден түсті. Әділдігін айту керек, әкімді тікелей таңдауға мүмкіндік алған, расымен ауылының гүлденуін қалайтын сарысулықтар да әкім таңдауда шет қалмай, аймақтың дамуына серпін береді деген үмітте сайлау науқанында жоғары белсенділік танытты. Аталған үш округте сайлау құқығы бар ауылдықтардың 90-95 пайыздан астамы дауыс беруге қатысқаны осының дәлелі. Қорытындысында 814 сайлаушының 766 дауысына ие болған Қуандық Алдабергенов Жаңаарық ауылдық округінің әкімі болса, 2017 жылдан бері атқарып келген өкілеттілігі аяқталған соң тікелей сайлауға түскен Нұрлан Молдабеков 270 сайлаушының 260 дауысына ие болып, жерлестерінің қолдауымен Досбол ауылдық округіне қайта әкім болды. Ал Медет Күзембаев сайлаушылардың 90-нан астам дауысына ие болып, Тоғызкент ауылдық округінің әкімі атанды. Ең қызығы, тікелей сайлауда жеңіске жеткен 3 округтің әкімін де «Nur Otan» (қазіргі «Аmanat») партиясының аудандық филиалы ұсынған екен.
«Енді осы халықтың өзі басым дауысын беріп, «аттай қалап» сайлап алған ауыл әкімдері қазір қалай жұмыс істеп жатыр, халыққа берген уәдесі не болды, жалпы тұрғындардың олардың жұмысына көңілі тола ма, берер бағасы қандай?» деген сұрақтарға жауап іздеп, тікелей сайлау өткен үш ауылдық округке арнайы бардық, әкімдердің жұмысымен танысып, тұрғындармен тілдестік.
ЖАҢААРЫҚТА ЖАҚСЫ ІСТЕР КӨП
Аудан орталығына жақын орналасқан Жаңаарық ауылдық округіне Ұ.Сыздықбайұлы және Ақтоғай ауылдары қарайды. Мұнда 1600-ден астам халық тұрады. Округ әкімі Қуандық Алдабергеновті жұмыс орнында жолықтырып, ауылдың жай-күйін сұрадық. «Мен осы ауылдың азаматы ретінде тікелей әкім сайлауына түстім. Одан бері 8 айдан астам уақыт өтті. Жақында өткен жылы атқарған жұмыстарымыз туралы тұрғындарға есеп бердік. Енді осындай есепті әр тоқсан сайын беріп, тұрғындардың талап-тілегін біліп отырмақпыз. Халық осы аралықтағы жұмысымызға жақсы бағасын беріп, өзіміз сайладық, көмектесеміз деп сөзімен де, ісімен де қолдау білдіруде. Мәселен, өткен жылы «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» жобасы аясында кәсіпкерлеріміз ауылға 840,0 мың теңгеге демеушілік жасаса, тағы бір кәсіпкер А.Нұғыманов Ақтоғай ауылында өз техникасымен арық қазып берді. «Жомарт түлек» жобасымен мектептерге де демеушілік жасалып, кәсіпкер С.Айнабеков балалар алаңын салды. «Мейірім» жобасымен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетілді. Ақтоғайдағы Талдыбұлақ өзенінің тоғанына ауылдықтар өз күштерімен су реттегіш қондырғы (шлюз) орнатты. «Асарлатып үй салу» жобасымен Ақтоғай ауылында бір үй пайдалануға берілді. Осы істерді атқарған татулығы мен бірлігі, ынтымағы мен достық пейілі жарасқан ауыл азаматтарына алғысым зор», – дейді округ әкімі.
Округтегі 10 көшенің 9-ы түнгі диодты жарықшамдарға ауыстырылып, 1 көше ішінара жарықтандырылған екен. Көшелер асфальтталған. Ақтоғай ауылында балалар ойын алаңы салынып, сәндік ағаштар үшін «Жасыл белдеу» қоршауы әзірленіп, көшеттер отырғызылып, абаттандырылуда. Ауылдардағы әлеуметтік нысандардың жағдайы жақсы, бәрі жөндеуден өткен. Әкімнің айтуынша, кітапхана үшін сатып алынған қосымша ғимарат қана жөндеуді қажет етеді. Ауылдар үлкен жолдың бойында әрі аудан орталығына жақын орналасқандықтан күрделі мәселе жоқтың қасы дейді әкім де, пікірлескен тұрғындар да. Екі ауылда да ауыз су тәулік бойы беріледі, жарық бар, интернет байланысы жақсы. Ендігісі – газ десек, оған да қол жеткізетін күн алыс емес сияқты.
Әкім биылғы жоспарларымен де бөлісті. Ақтоғай ауылында Strit workaut спорттық алаңының, «Жастар саябағының» құрылысы жүргізілмек. Бір көшенің тау бөктеріне қиыршық тас төсеп, үлкен жол бойына және ауыл ішіне бейнебақылау қондырғысын орнату қолға алынады. Сонымен қатар ауыз су жүйесін толық жаңғырту мақсатында сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылыпты. Оң қорытынды алынса, бюджетке сұраныс берілмек. Бұдан бөлек ауыл ішіндегі өзеннің көпірлерін өз күштерімен жөндемек екен. Ал Ұ.Сыздықбайұлы ауылында бір көшені орташа жөндеу, балалар ойын алаңы, сондай-ақ, Strit workaut алаңы, «Жасыл белдеу», бейнебақылау қондырғыларын орнату жоспарланған. Сонымен қатар демеушілер есебінен салынып жатқан демалыс орнын аяқтау көзделген. Орталық көше бойына жасыл шырша отырғызу жоспары бар. Ауыл ішіндегі жол белгілері де жаңартуды және қосымша белгілер қоюды қажет етеді. Жалпы, биыл округте 10 жоба мақұлданып, іс басталып та кеткен. Мәселен, Ақтоғай ауылындағы Ш.Датқа көшесіне түнгі жарықшамдар қойылған. Жоспарланған жұмыстар жыл соңына дейін жалғасатын болады.
– Қазір есеп беру жиынында айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру жолдарын қарастырудамыз, – дейді Қ.Алдабергенов. – Елді мекендер мен арықтар тазартылды. Саябақтарға 300 түп, «Ысты-Тілік баба» аумағына 150 тал көшеті отырғызылды. «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабына 65 декоративті сәнді тал көшеті егілді. Егістік алқаптары үшін 37,0 тонна аммофос тыңайтқышы алынды. 230 гектарға күздік бидай егілді. Енді арпа, мақсары дақылдары мен жоңышқа егу үшін техникалар мен тыңайтқыштарды дайындап жатырмыз. Мұндағы халық негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Мал басы жыл сайын артып келеді. Қазіргі уақытта 47 шаруа қожалығы тіркелген, онда 98 адам еңбек етеді. 12 қожалық ірі қара мен қойды асылдандыру бойынша мемлекет тарапынан субсидия алуда. 7 кәсіпкер мал бордақылаумен айналысады. 11 қожалық егін егуді кәсіп етуде. Соңғы үш жылда «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 106 азамат мемлекеттік грантқа ие болды. Несие алып, шағын кәсібін бастап жатқандардың көбісі жастар. Төрт түлікті көбейту мақсатында 13 азамат «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан несие алуға құжат тапсырса, 10-ы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша құжат өткізді. Аудандағы «Еурохим», «Қазфосфат» сияқты ірі кәсіпорындар біздің округтің аумағында орналасқан. Оған қоса «Qazaq Soda»-ның үлкен цехы ашылып, Жел электр стансасының құрылысы басталса, ауылдықтардың жұмыспен қамтылуына оң ықпалы болары сөзсіз.
Әрине, әкімнің жұмысына баға беретін халық, біреуі мақтайды, енді біреуі риза болмауы мүмкін. Біз де бірнеше тұрғынның пікірін білмек болып, алдымен ауылдың сыйлы қариясы Жұмашбек Әділбеков ақсақалды сөзге тарттық. Ол кісі Ұ.Сыздықбайұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып шықты. «Менің жасым 87-де, 50 жылдай ұстаздық еттім. Азаматтардың сайлауға қатысып, әкім болуға ұмтылуы туған өлкенің тұрмысын түзетуге деген ізгі ниеті ғана емес, зор жауапкершілік. Сондықтан ісі мен сөзі үйлесетін азаматты сайлап, жұмысты талап еткеніміз дұрыс. Сайлауға түскен үш үміткердің арасынан өз дауысымды осы әкімге бердім. Бұл әкім бала көз алдымызда өсті, әке-шешесін оқытқанмын. Бұрынғы әкім де оқушым еді, оған да қолдау көрсетіп отырдық. Қазір де білген-көргенімізді айтып, көмектесуге дайынбыз. Жалпы билікке жастардың келгені жөн ғой, еңбектену керек, бәрін үйрену керек. Аяқ алысы тәуір, жақсы жұмыс істейді деп ойлаймын. Негізі, ауылымыздың жағдайы жаман емес, екі ауылда да мешіт бар. Көшесі асфальтталған, жарығы жарқырап тұр. Ауыл қарияларын да қоғамдық өмірге тартып жатыр. Жақында ардагерлер арасында спорттың 4 түрінен жарыс өткізіп, оған екі ауылдан 30 шақты қария қатыстық. Енді жастарымыз жалқаулықты қойып, ауыл шаруашылығына белсене қатысып, білімдерін еңбекпен ұштастыруы тиіс. Жер игеріп, мал шаруашылығына көңіл бөлсе деймін», – дейді ақсақал.
Округке қарасты Ақтоғай ауылының тұрғыны Құмаргүл Қапшағаеваның есеп беру жиынында айтылған «күл-қоқыс тастайтын орынның қақпасын ауыл жақ бетіне ауыстырса, себебі, қоқыс шығаратын көліктер қақпаның тау жақ бетінде орналасуына байланысты ішіне кірмей сыртына төгіп кетеді» деген ұсынысына ауыл әкімі бірден назар аударып, ол істің жақын арада шешілетінін жеткізген. Шаруа қожалығының төрағасы Елеубек Біркенов ұлттық спорт түрі «Көкпар» ойынын ауыл маңынан алшақ жерге ұйымдастырып, атшабар жерін заңдастырып берсе деген пікірін айтса, тағы бір ауыл тұрғыны Қайшыбек Мәдібеков әкімнің жұмысы қанағаттанарлық, алдағы уақытта бұдан да жақсы қызмет атқарады деген сенім білдірді. Сарысу орта мектебінің мұғалімі Қ.Қияшов ауылда жайылымдық жерлер ретке келтірілсе, орман қорының жерінен мал жайылатын жер берілуіне қол жеткізсе дей келе, ол да әкім жұмысына оң бағасын берді. «Округтің жерінде үлкен кәсіпорындар орналасқан, олардың экологияға әсері болады. Жел электр стансасының құрылысын әрі жылжыту қажет», деп есептейді ұстаз.
ҚАЙТА САЙЛАНҒАН ӘКІМНІҢ ҚАРҚЫНЫ ЖАҚСЫ
Келесі кезекте құрамына Досбол, Шағалалы, Үлкен Көкдала және Кіші Көкдала сияқты 643 тұрғыны бар ауылдар енетін аудандағы ең шағын округке келдік. Нұрлан Молдабеков осының алдында 4 жыл осы округте әкім болған азамат. Оның басшылығымен өткен жылы Досбол, Шағалалыда балалар ойын алаңдары, Strit workaut алаңшалары мен кіші футбол алаңы салынған. Досбол ауылына бейнебақылау қондырғылары, Үлкен Көкдала, Кіші Көкдала ауылдарының кіре берісіне ауыл атауы жазылған стелалар орнатылыпты. Округтегі 8 көшенің барлығы түнгі жарықпен қамтылып, толық LED-шамдарға ауыстырылды. Шағалалы, Досбол ауылдарында бес көше асфальтталып, екі көше ағымдағы жөндеуден өткен.
– Бұған дейін де осында әкім болған соң, ауылдың жағдайын жақсы білемін. Қазіргі күнде шешімін күтіп тұрған бірнеше өзекті мәселе бар. Соның бірі – Шағалалы ауылына газ құбырын тарту. Бұл бойынша 92 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаты дайындалып, енді қаржысының шешілуін күтіп отырмыз. Осы ауылға ауыз су жүйесін тарту қажет, оның да құжаты әзірленіп, сараптамадан өтуде. Бұл іске аудандық, облыстық бюджеттен қаржы бөлінуі қажет. Шағалалы–Досбол, Досбол–Үлкен Көкдала бағытындағы жолдарды жөндеу де облыстық деңгейде қаржы бөлуді қажет етіп отыр. 2020 жылы Досбол ауылына «Кcell» ұялы байланыс желісімен бірге 3G интернеті қойылған. Өткен жылдың соңына дейін Шағалалы ауылына қойылу керек болатын, алайда, «Кcell» АҚ тарапынан келісім орындалмай қалды. Ал Үлкен Көкдала, Кіші Көкдала ауылдарынан халық санының аздығына байланысты бас тартты. Тұрғындар санының тым аз болуына байланысты Шағалалы ауылына клуб соғу да мүмкін болмай отыр. Тағы бір өзекті мәселеміз, ол – Таластың суы. Биыл су келді де, шабындық, жайылымға жайылмай тоқтап қалды, – деген округ әкімі Нұрлан Молдабеков биыл ауыл халқының тұрмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік мәселелерді шешу бағытындағы жоспарымен бөлісті. Досбол ауылында бір көшені орта жөндеуден өткізу, Шағалалыға кіре беріске ауыл атауы жазылған стела орнату, Досбол ауылында клуб пен кіші футбол алаңын қоршау, бір көшені жарықтандыру, екі көшеге бейнебақылау қондырғысын орнату, Үлкен Көкдала ауылындағы көшелерді орта жөндеуден өткізу, балалар ойын алаңын салу жұмыстары күтіп тұр. Округтің халқы мал шаруашылығымен айналысатын болғандықтан, бұл сала да назардан тыс қалмайды. Бүгінде тіркелген 24 шаруа қожалығының 18-і жұмыс істейді. 5 шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады.
Шындығы керек, бұл әкімнің жұмысын да ауылдастары оң бағалады. Зейнеткер Пернебек Алтынбеков ақсақал: «Осы ауылда 1957 жылдан бері тұрамын, кезінде малшы болдым. Ауылымыздың жағдайы жаман емес. Өткен жылы бірнеше ауылдар тікелей сайлау арқылы жұмысқа қабілеті толық жететін, өңірдің мәселелерін жетік білетін азаматты таңдау мүмкіндігіне ие болды деп естідік. Біздің де өкілеттік мерзімі аяқталған әкіміміз әділ, таза жұмыс істеп, қолынан іс келетінін көрсеткен соң оны қайта сайлап, тағы сенім арттық. Жұмыс істеп жатыр. Шағалалыда ауыз су мәселесі бар еді, соны қолға алыпты деп естідік. Алда да ауылдың жағдайын жақсарту жолында еңбек етеді деп сенеміз», дейді. Мектепте жұмыс істейтін, ауылда 40 жылдан бері тұратын досболдық Жанат Исаеваның ойынша да әкім өз міндетін жақсы атқарып жатыр. «Өткенде жылдық есебін беріп, тұрғындардың оң бағасын алды. Тек жұмыс істесін, елдің сенімін ақтасын», деді қысқа қайырып.
Округ әкімі Нұрлан Молдабековтің өзі болса: «Тағайындалған әкім мен халық сайлаған әкімнің жұмысында не айырмашылық бар?» дегендерге айтарым: мен үшін ештеңе өзгерген жоқ. Бұрын төрт жыл қалай жұмыс істесем, қазір де солай өз жауапкершілігімді жақсы сезінемін. Елге берген уәдемде тұрсам, мен үшін сол абырой!», дейді.
ТОҒЫЗКЕНТ ӘКІМІН НЕ ТОЛҒАНДЫРАДЫ?
Тікелей сайлауға түсіп, туған өлкенің тұрмысын түзетуге бел шеше кіріскен тағы бір әкімді іздеп Тоғызкентке келдік.
Өткен жылы округте жеті жоба іске асқан. Мәселен, Әбілда ауылына спорт алаңшасы орнатылды. Тоғызкенттегі бір көшенің жабындысы жөнделіп, «Жасыл белдеу» алқабы қоршалды. Осы ауылда 4 көше жарықтандырылып, полигон қоршалды. Бейнебақылау қондырғысы, екі ауылдағы клуб үйлеріне модульдік қазандықтар орнатылды. Бұл туралы округ әкімі Медет Күзембаев баяндап берді. Әкімнің айтуынша, ауыл тұрғындары және шаруалар мемлекеттік бағдарламаларға белсенді ат салысуда. «Сыбаға» бағдарламасымен 3 шаруа қожалығы 14 миллион теңге алып, 2 қожалық лизинг арқылы техникасын жаңартқан. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 3 тұрғын 10,0 миллион теңге несие, тағы 32 азамат қайтарымсыз несие алып, кәсіптерін бастаған. Аудан әкімінің бастамасымен жұмысын бастаған «Байсейіт-Ата» шаруа қожалығының қауынқақ өндіретін цехы табиғи өнімдерін аудан, облысқа сатылымға шығаруда. Округте 46 шаруа қожалығы, «Тоғызкент» ЖШС, бір өндірістік кооперативі жұмыс істейді. «Жомарт түлек» жобасы аясында өткен жылы 2 жоба іске асып, «Сапақ Датқа» монументін орнату жұмыстары жүргізілуде. «Асарлатып үй салу» жобасымен соңғы екі жылда 2 үй пайдалануға берілген. Биыл округте 3 жоба іске асырылмақ. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әбілда ауылында медпункттің құрылысы басталады. Облыстық бюджеттен Тоғызкент ауылына дәрігерлік амбулатория салынып, Жанбай баба көшесіндегі саябақ абаттандырылады.
– Тұрғындардан Тоғызкент ауылында электр бағаналары мен желілерін ауыстыру, спорт-сауықтыру кешенін салу, Қарақыл арнасына суды реттейтін қондырғы орнату туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Ауылдықтарды ауыз су құбырының нашарлығы, Аса, Талас өзендерінің мәселесі толғандырады, – дейді округ әкімі М.Күзембаев. «Мен осы ауылда туып-өстім. 2010 жылдан бері мемлекеттік қызметтемін. Елмен етене араласып жүрген соң, ауылдың жағдайын, тұрғындардың мәселесін біркісідей білемін», деген әкім төрт жылдық сайлауалды бағдарламасын қалай жүзеге асыратынын айтып берді. Оның ішінде өрт сөндіру бекетін құру жоспары бар. «Ең жақын деген өрт сөндіру бекеті бізден 80 шақырымдағы Жаңатас қаласында. Жұмыс орны да ашылар еді. Ауылдың кіре берісі мен шыға берісіне екі жерден бейнебақылау қондырғысын орнаттық. Тағы да ауылды айналдыра осындай 8 қондырғы орнату жоспары бар. Бұл қылмыстың алдын алып, кездейсоқ қоқыс төгетіндерге тосқауыл болар еді. Біздің ауыл мал өсіруге қолайлы жер, сондықтан мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып, мал басын өсіруді көздеп отырмыз. Жолдарға орташа жөндеу жүргізбекпіз, 4 көшенің сметасы дайын тұр. Биыл бір көше жөнделеді. Тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылықтарын арттыру, ауылдан шыққан танымал тұлғалардың мәдени мұрасын насихаттау жоспары бар. Мен осы және басқа да мәселелерді шешудің жолдарын қарастырып, ауыл өмірін жақсартуға қызмет еткім келеді. Бұл үшін, әрине, тұрғындардың қолдауы аса қажет».
Тұрғындардың өздері сайлаған әкім туралы не айтатыны бізді де қызықтырды. Мәселен, зейнеткер Мешітбек Жолдасов ауылда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. «Тек ауылдағы электр бағаналары мен желілердің әбден тозығы жеткен, ауыстыруға немесе жөндеуге болмайды ма? Сәл ғана жел тұрса немесе жауын жауса, жарық сөніп қала береді», дейді ол. Тағы бір ардагер Жансерік Майровтың да ауылдың көрсеткіштеріне көңілі толады екен. Десе де, ауылда спорт кешенін салу шешімін таппай отырғанын айтып, ауыл іргесіндегі Қарақыл арнасына су бөлу қондырғысы орнатылса, оны бекіту арқылы қыста су жинап алуға болар еді деген ойын айтты. Механизатор Мәди Досаев ауыл басшысына сенім артып отырғанын білдірсе, клуб жұмысшысы Сәрсенбек Күзенбаевтың ойынша әр ауылдың өз әкімін сайлап алуы жақсы үрдіс, тек барлығы ашық әрі әділ өтсе болғаны. «Жаңа әкіміміз жұмыс істеп жатыр. Азанмен ауылды аралап жүргенін көреміз. Енді ауыз су мәселесі шешілсе дейміз, төменгі тұстарға жетіңкіремей жатады. Құбырлардың көбі шіріп біткен», дейді ол. Шаруа қожалығының төрайымы Сәрсенкүл Төленбекова да ауыл өміріне белсене араласып, өз үлесін қосып жүрген көпбалалы ана. Шаруа қожалығын басқарады. Халық қалаған әкім ауылдың мәселесін шешуде аянбайды деп сенім артып, қашанда тілекші екенін білдірді.
– Мен сайлауда бақылаушы болдым. Тұрғындардың 98 пайызы қатысқан сайлау әділ өтіп, қалаған әкімімізді сайлап алдық. Мүмкіндігіне қарай жұмыс істеп жатыр деп есептеймін. Тұрғындар да қолдау көрсетуі керек. Округте 14-29 жас аралығында 400-ден аса жас тұрады. Биыл әкімнен мемлекеттік бағдарламалар негізінде бөлінетін қайтарымсыз грантты жастарға көбірек бөлуді сұрадық. Сонда олар өз кәсібін ашып, ауылда тұрақтап қалар еді. Ендігі бір айтатын мәселеміз, ауылға спорт мектебі керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты М.Төлепберген, аудан әкімі М.Сұлтанғалиев қатысқан есеп беру жиынында да айтылды. Мектептің жобасы сызылып, сараптамадан өтіп дайын тұр, тек қаржы бөлінсе болғаны. Ауыл жастарының спортта жетістіктері де жоқ емес, – дейді жастар ісі жөніндегі инспектор Бауыржан Бұхарбеков.
«БҰЛ ҚАЙДАН КЕЛГЕН ӘКІМ?» ДЕГЕН СҰРАҚ ЖОҚ
Сапар барысында үш округтегі тұрғындардың барлығымен сөйлесудің мүмкін еместігіне байланысты жолай кездескен ауылдықтарды сөзге тартуға тырыстық. Сауал біреу: «Өздеріңіз сайлаған әкім қалай жұмыс істеп жатыр, жұмысына көңіліңіз тола ма?». Әрине, сайлаудан бері көп уақыт өткен жоқ, десе де атқарылған жұмыстар баршылық, жоспарда тұрғаны да жетерлік екен. Шындап келгенде, барлығы қаражатқа келіп тірелетіні тағы бар. Ең бастысы, әкімнің халық алдындағы өз жауапкершілігін сезінуі, ауылдың тұрмыс деңгейін көтеруге деген ынтасының болуы, артылған сенім үдесінен шығуға талпынуы дер едік. Халықтың да жастарға сенім артатыны, өз әкімдерін қолдайтыны (мүмкін бәрі емес) анық байқалады. Бұл жерде өздері сайлаған әкімнің «жақсысын асырып, жаманын жасыру» да болуы мүмкін. Ең бастысы, тұрғындар тарапынан «Бұл қайдан келген әкім?» деген сұрақ жоқ. Жергілікті атқарушы органның басшысы, яғни әкімдердің тарапынан да өз сайлаушылары алдындағы жауапкершілікті терең сезінетінін, бұл оның жұмысына оң әсер ететініне көз жеткізгендей болдық. Осылайша ауыл әкімінің халықтың қажеттіліктері мен мәселелеріне жедел ден қоюын арттырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік беретін күнге де жететін уақыт алыс емес сияқты.
– Мамыр айында аудандағы тағы бір округ әкімінің заңда белгіленген өкілеттік мерзімі аяқталады. Осыған орай 24 сәуірде Байқадам ауылдық округі әкімінің сайлауы жоспарланып отыр. Жалпы, әкімдерді тікелей сайлаудың артықшылықтары қандай дегенге келсек, біріншіден, сайланған әкімнің халық алдындағы жауапкершілігі артады. Халық сенім білдіріп сайлағандықтан, әкім жоғары тұрған билікке емес, енді жергілікті тұрғындарға тәуелді болады. Яғни халықтың жергілікті билікті қалыптастыруға ықпалы күшейеді. Әкімнің қызметіне бағаны тұрғындар беретіндіктен, алдағы уақытта олардың қызметі жанданып, мұның өзі ауылдың жағдайын жақсартуға септігін тигізбек. Екіншіден, тұрғындардың сайлау мәдениеті көтеріле түседі, өзі тікелей дауыс беретіндіктен, жергілікті басқару үдерісіне қатысу белсенділігі артатын болады. Бұған дейін ауыл әкімін мемлекеттік биліктің атқарушы тармағының өкілі деп қарастырып келсек, енді халықтың өкілі деп қарастыратын боламыз. Елімізде 2024 жылға қарай аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау жоспарланып отыр. Сол кезде былтыр басталып, биыл жалғасып жатқан ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі өте қажет болады, – дейді аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулетберді Шортанбаев.