Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне барынша назар аудару қажет. Қаражат тапшылығы жағдайында кәсіби спорт клубтарын толығымен мемлекет есебінен қолдаудың мағынасы жоқ. Мемлекеттік бюджеттен және мемлекеттік компаниялардан миллиардтаған қаражат тиімсіз жұмсалады. Бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және әрине, балалар спортына басымдық беру керек» деген сөзі бүгінде іске аспай отыр. Қымбатшылық қысып, елдің экономикасы тұралып тұрғанда елордалық «Барыс» хоккей клубы ойыншыларымен ерекше келісімшарт жасасып отыр. Бұл команданы ұлттық әл-ауқат қоры «Самұрық-Қазына» қаржыландыратынын да еске сала кетейік, ал қор, әрине, Үкіметке қарасты. Яғни ондағы қаржының сұрауы болуы тиіс. «Барыс» хоккей клубы Никита Михайлис деген ойыншыға жылына 401 млн теңге төлейміз деген шешім қабылдапты. Бұл аздай, енді Линдей Вей деген шетелдік ойыншыға бір жылдық шарт ұсынып, бір жылда ол 481 млн теңге жалақы алмақшы. Айына 40 млн теңге жалақы ұсынатындай, ол қыруар қаржыны демеуші өз қалтасынан шығарып отыр ма? Бұл тек қана 2 ойыншысы, ал хоккей клубында 30-дай ойыншы бар. Осыншама жалақы төлеп, «Барыс» хоккей клубы тамаша нәтиже көрсетсе бір жөн, олай болмай тұр ғой. Одан бөлек «Барыс» хоккей клубында бірде-бір қазақ ойыншысы жоқ, ойыншысы тұрмақ құрама айналасында жүрген жұмыскерлердің арасында қазақты таппайсыз. Қазақстан хоккей федерациясының президенті Асқар Мамин екенін де айтып кеткен жөн шығар осы тұста. Экс премьер-министр биліктен кетсе де, хоккейде билігін әлі жүргізіп жатқан секілді. Ұлтына махаббаты жоқ болса да, хоккейге деген махаббаты шарықтап тұр. Оны өзі де жасырған емес. Бұл жөнінде «Барыс» та, «Самұрық-Қазына» да не жоққа шығармайды, не растамайды, үн-түнсіз. Күні кеше ғана өткен «Қазақстан барысының» жеңімпазы маңдай терімен бір жылда 25 млн теңге алады. Ал шетелдік хоккейшілерге ай сайын 40 млн төлеп жатыр. Бұл не масқара?!