Кезінде ұлтымыздың Ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсарин: «Өнер, білім – бәрі де оқуменен табылған», – деп, оқудың, әсіресе кітап оқудың маңыздылығын ерекше атап өтсе, артынан Ыбырайдың ізбасары Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімнің бас құралы – кітап», – деп нақтылап кеткен болатын. Сәйкестік пе? Әлде, әлдебір күштің ықпалы ма, белгісіз. Астанада «Алматыкітап баспасының» «Ыбырай Алтынсарин атындағы Кітап үйінің» ашылуы Ахмет Байтұрсыновтың туған күнімен тұспа-тұс түсіпті. Іс-шараға елордада әкімі Жеңіс Махмудұлы Қасымбек, Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары Тимур Мұхаметұлы Чудров, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы Сенғазиев, Білім жіне ғылым экс-министрі, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ басқармасының экс-төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ басқармасы төрайымының экс-орынбасары Светлана Испусинова, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мәдина Ағланқызы Тыныбаева, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Әділханұлы Қаратабанов, балалар жазушысы Зәуре Төрехан және Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, жазушылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, еліміздегі беделді бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпарат агенттіктері келді. Бұл заманауи кітап дүкенінің қабырғасы «Алматыкітап баспасы» Директорлар кеңесінің төрайымы Элеонора Нығметқызы Баталованың бастамасымен қаланды. Нысан Астана қаласының сол жағалауда, ЭКСПО – 2017 кешені мен «Нұр Астана» мешітінің ортасында орналасқан.
Елорданың рухани келбетіне айналар Кітап үйіне ұлтымыздың Ұлы ұстазының есімі берілуі де бекер емес. Баспа басшылығының айтуы бойынша, «Алматыкітап баспасы» – оқу-әдістемелік кешендерді шығаратын қазақстандық үш ірі кәсіпорынның бірі, балалар әдебиетін шығаратын баспалардың көшбасшысы. Сондықтан да сан жылдар оқу-ағарту жүйесімен тығыз байланыста. Отыз жылдан астам тарихында балалар әдебиетінің дамуы мен таралуына, отандық оқулықтарды құрастыратын авторлар құрамын жасақтауға өзіндік үлесін қосуда. Баспа Алматыдағы Кітап үйіне Ұлы тұлға – Абайдың есімін берсе, күні кеше есігін айқара ашқан Астанадағы нысанды ұлт ұстазы Ыбырайдың атымен айшықтауды әу бастан кесіп түйген.
Ыбырай Алтынсарин атындағы Кітап үйі – заманауи кітап дүкені ғана емес, жаңа кітаптардың тұсаукесері, қаламгерлермен кездесу, балаларға арналған шеберлік сабақтар мен түрлі мәдени-ағартушылық, ғылыми-танымдық іс-шаралар өткізілетін әдеби салон. Жаңа Кітап үйі көптеген мемлекеттерге көз тартар көркемдігі мен ерекше дизайны арқылы танымал болған, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы конкурсында «Үздік кітап дүкені» атағын иеленген Алматы қаласындағы Абай атындағы Кітап үйінің өзінше бір үздік нұсқасы. Өйткені екі ғимараттың да дизайнері – Айжан Оспанова.
Ыбырай атындағы Кітап үйі – екі қабатты ғимарат. Ол ерекше дизайны мен стильді интерьерімен ерекшеленеді. Бірінші қабатында ұлттық құндылығымызды насихаттар түрлі түсті топтамалар мен «Менің Қазақстаным» сериясы бойынша жарық көрген кітаптар молынан қойылыпты. Барлығы 6000-нан астам кітап атауы ұсынылған. Бұл жерде ұлы тұлғалар сериясымен танысып қана қоймай, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин туралы әдеби оқулықтар мен олардың шығармашылығының заманауи үлгісін көресіз.Ғимараттың іші кітапсүйер қауым кітаппен асықпай таныса алатындай ыңғайлы, жарық әрі жайлы етіп жасалған. Сонымен қатар, «TopIQ» веб-платформасына арналған бұрыш пен оқытушылар мен оқушыларды жаттықтыратын Тренинг орталық та бар. Екінші қабатта сыйлық ретінде беруге болатын кітаптардың мол қоры орналастырылыпты. Мұнда ұнаған дүниеңді асықпай отырып ақтарып шығуға ыңғайлы екен. Кітап үйінің қонақтарын таңқалдырар ең бір қайталанбас тұсы – ұлы тұлғалардың ұлағатты сөздері жазылған тақтайшалары мен Ыбырайдың кітаптан құралған ерекше портреті. Мәселен, ғимаратқа кірген бетте сізді «Кел, балалар, оқылық!», «Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге» сынды ғажап қанатты сөздер қарсы алады. Бұл да өскелең ұрпаққа кітап пен оқудың маңыздылығын нұқсауға үлес қосатыны сөзсіз.
Енді осы Кітап үйінің ашылу салтанатына тоқталып өтсек. Іс-шара 5 қыркүйек, төл тіліміз бен жоғарыда айтып өткеніміздей, Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне тура келіпті. Бұл да бір жақсы істің жақсы күнге ұласқандығының дәлелі шығар. Көз тартар көркем ғимаратқа Астана әкімінен бөлек, көпшілікке танымал тұлғалар да жиналыпты. Қонақтарды ұлттық киімдегі «Жастар» театрының актерлері мен жүргізушілері қарсы алды. Ал баспаның басшылық құрамы: Гаухар Айтжанқызы мен Элеонора Нығметқызы Кітап үйіне экскурсия жүргізді. Артынан Тренинг орталықта биылғы «Leader TopIQ – 2023» конкурсының «Білімді ер» номинациясы бойынша жеңімпазы, Атырау облысы Индер ауданы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қайырбек Кенжеәлиев пен осы конкурстың «Жас маман» бойынша жеңімпазы, Астана қаласындағы Д.Қонаев атындағы №66 гимназияның информатика пәні мұғалімі Асылбекова Алтынай 6-сынып оқушыларымен бірге шеберлік сабақтарын көрсетіп, өздеріне тиесілі ақшалай сертификаттары мен дипломдарына да ие болды. Шашу шашылды.Тілек айту рәсімі басталды. Құттықтау сөздер легін жобаның идеялық дем берушісі Эленора Баталова өзі бастады. Оның «Кітап үйі елордамыздың көрнекті жеріне айналатынына сенемін. Осы жобаны жүзеге асыруға көмектескендердің барлығына алғысымды білдіремін және елорда тұрғындары мен қонақтарын осы кітап ордасына шақырамын. Бұл жерде мұғалімдер мен оқушыларды жаттықтыру орталығы жұмыс істейді, баспагерлермен және жазушылармен кездесулер өткізіледі», – деген сөзін, Білім және ғылым экс-министрі, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ басқармасының экс-төрайымы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова «Алтынсарин деген есімді естіген бойда, ұстаздар қауымы бұл үйдің жанынан жай өтіп кете алмайды. Бұл жерге олар міндетті түрде кіреді. Оларды «Алтынсариннен бір құнды дүниелер бар ма екен? Жұмысыма қажет материалдарды алып кетемін бе?» деген ойлар мен мақсаттар жетелеп алып келеді», – деп жалғастырды.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Әділханұлы Қаратабанов: «Қазір қазақ жастары қазақ интеллигенциясын, Алаш зиялыларын, ұлттың мүддесін қорғап жүрген бабалары жайлы жақсы білу керек. Бұл жерде кітаптардың басым бөлігі қазақ тілінде екен. Оның ішінде бәрі өте әдемі безендірілген. Қазақ авторларымен қоса әлемдік авторлардың да кітаптары көп екен. Өзім автор ретінде айтатын болсам, «Алматыкітап баспасы» барлық авторларға шығармашылық еркіндік береді. Ешбір шаблон, шектеу қоймайды», – деп, баспа мен жаңадан ашылған Кітап үйінің ерекшелігіне тоқталып өтті. Ашылу салтанатының соңы әдеттегідей естелік суретке түсумен аяқталды.
Сол күні есігі енді ғана ашылған Кітап үйіне ағылған адамдар легін көріп, «Алматыкітап баспасының» рухани мекені астаналық тұрғындардың сүйікті орнына айналар деген ой мен сенім туды.
ГҮЛМАРАЛ ҚАБДОЛАШЕВА